Әлеуметтің әлеуеті – басты назарда

Әлеуметтің әлеуеті – басты назарда

Әлеуметтің әлеуеті – басты назарда
ашық дереккөзі
«Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлмесінің есігі өтінішін айта келген азаматтар үшін әркез ашық. Мамандар жергілікті тұрғындардың талап-тілектеріне құлақ түріп, түйткілді мәселелерін заң аясында шешуге ықпал етіп келеді. 2018 жылдың 1 наурызындағы дерекке сүйенсек, партияның Алматы облыстық филиалына азаматтардан 781 өтініш түскен. Өңір тұрғындарын негізінен әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері толғандырады. Елімізде әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнамаларға оң өзгерістер енгізіліп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға барынша жағдай жасалып келеді. Дегенмен жұрттың барлығы заңдағы өзгерістер мен толықтырулар жайлы біле бермейді. Бұған жоғарыда айтылған өтініштердің 34 пайызының осы әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты екені дәлел. Сонымен бірге, жетісулық тұрғындарды баспанамен қамту және үй салуға арналған жер телімдеріне қол жеткізу де жиі мазалайтын көрінеді. Партияның қоғамдық қабылдауына түскен өтініштердің 15,2 пайызы пәтер мен баспанаға қатысты. Жаңа Еңбек кодексінің қабылдануы жұмысқа орналасу мен еңбек дауларына қатысты мәселелердің ушығуына әсер еткендей. Қоғамдық қабылдауға мұндай мәселемен 118 адам жүгінген. Денсаулық сақтауға қатысты 60 өтініш түссе, елді мекендердің инфрақұрылымы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша 64 адам партияға жүгініпті. Білім саласындағы проблемалар мазалаған 47 адам қоғамдық қабылдауға келген. Несиелендіру мен қайта қаржыландыруға қатысты түсінбестіктерге байланысты 11 өтініш тіркелсе, 15 адам түрлі ұсыныстармен шыққан. Азаматтық істер бойынша соттардың шешімдеріне келіспеушілік білдіргендерден 23 өтініш жасалса, 9 адам тікелей арызданған. Жедел телефон желісімен ақпараттық-анықтамалық және тағы басқа да мәселелер бойынша 16 адам хабарласыпты. Қоғамдық қабылдауға түскен өтініштердің барлығы мұқият қаралып, олардың 268-і бойынша оң шешім қабылданса, қалған 513 өтінішке қатысты заң тұрғысында түсініктемелер берілген. Негізінен, баспана мен жер телімдерін беру және еңбекке орналастыруға қатысты мәселелер шешімін таппапты. Мұны бүгінгі күні пәтер мен жер теліміне қатысты өтініштердің барлығы заң аясында, жылдар бойы қалыптасқан кезекке сай шешілетіндігімен байланыстыра отырып, тұрғындар бұл мәселелерге түсіністік танытқаны дұрыс деп ойлаймыз. Еңбек нарығындағы күрделі жағдай да біртіндеп шешімін табуда. Дегенмен мұндағы сұраныс кез келген жұмыссыздың көңілінен шыға беруі мүмкін еместігін де ескерген жөн. Алдын ала бекітілген кесте негізінде азаматтарды қабылдау тұрақты жүргізіледі. Мәселен, облыс әкімі – партия филиалының төрағасы тұрғындарды 8 рет қабылдаса, оның орынбасарлары азаматтармен 29 мәрте жүздескен. Барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттары тұрғындарды 142 рет қабылдаса, мемлекеттік органдар жетекшілері 278 мәрте, құқық қорғау органдарының басшылары 93 рет жұртшылықпен жолыққан. Партия филиалының заңгері 11 рет қабылдау жүргізсе, филиалда бұдан басқа да 56 қабылдау ұйымдастырылған. Сегіз акция, 7 рет тақырыптық қабылдау өткізілген.