Жазушылар ойланды, жаңа төраға сайланды

Жазушылар ойланды, жаңа төраға сайланды

Жазушылар ойланды, жаңа төраға сайланды
ашық дереккөзі
Жазушы – елдік мұраттың жыршысы. Жазушы болу – тағдырдан. Бала кезімізде әрқайсымыздың сүйіп оқитын жазушымыз болды. Сол балалық шақтан аты таныс қаламгерлермен алғаш жүзбе-жүз дидарласып, амандасқанда да жазушы деген қалың қауымның елге сыйлы, беделі зор екенін түсінетінбіз. Тіпті, ақын-жазушылардың құрылтайына қатысып, әдебиеттің мүддесі, болашағы жайында пікір естуге ынтық болғанымыз да сондықтан. Абай атындағы опера және балет театрына асыққан кейбір жастардың көзінен сондай үмітті көргеніміз рас.   Алматыдағы Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында өткен жиында Қазақстан жазушылар одағының мүшелерінің басым көпшілігі бас қосып, екі құрылтай аралығындағы атқарылған істермен танысты. Әуелі әнұран шырқалып, дәстүр бойынша екі құрылтай арасында өмірден өткен 131 қаламгерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Осы жиынға арнайы келген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып берді. «Ақын-жазушылардың басты миссиясы – елді рухани байлыққа кенелту, қастерлі құндылығымыз – Тәуелсіздікті нығайта түсуге игі ықпал ету. Бұл орайда бүгінде отандық қаламгерлердің көркем шығармаларына мемлекет тарапынан қаламақы төлеу мәселесі орнықты шешімін тауып, төл әдебиетіміздің бірегей туындылары әлемнің айтулы 6 тіліне аударылып жатқаны елеулі оқиға деп білемін. Бүгінгі Құрылтай отандық әдебиетке, сол арқылы еліміздің рухани әлеміне үлкен бетбұрыс әкеледі, сондай-ақ, Жазушылар одағының жұмысына жаңа леп, тың қарқын береді деп санаймын! Халқымыздың рухани болашағы туралы сүбелі сөздер мен ойлар айтылып, әдебиетіміздің даму бағдарын айқындайтын салмақты шешімдер қабылданады деп сенемін. Абыз жазушылар мен жас буынның арасындағы, қаламгер мен оқырманның арасындағы рухани сабақтастық нығая берсін», – делінген құттықтау хатында. Ал министр: «2017 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениет туралы» заңның кітап шығару бөлігінде тиісті өзгертулер мен түзетулер енгізді. Бұл түзетулер талай жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан қазақстандық авторларға қаламақы төлеу ісіне қатысты. Аталған заң қолына қалам ұстаған жазушыларға беріліп жатқан үлкен мүмкіндік, жаңа серпіліс», – деп атап өтті. Сондай-ақ, еліміздің облыстық, аудандық, қалалық, ауылдық кітапханаларын жаңа кітаптармен қамту мақсатында 2017 жылдан бастап кітап таралымы 5 000 данаға дейін ұлғайтылып, қаламақы беру процесі түбегейлі өзгергенін де қаперге салды. Жазушылар одағын 22 жыл бойы басқарған ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин баяндама жасап, одақтың 2012-2018 жылдар аралығында атқарған істері жайында есеп берді. Одан соң сөз алған одақтың тексеру комиссиясының төрағасы Ырым Кененбай одақтың соңғы алты жылдағы кірістері мен шығындарын жылдарға бөліп көрсетіп, нақты сандармен баяндап берді. «Бүгінде Жазушылар одағының 800-ден артық мүшесі бар, бірақ қатарымыз көбейгенімен, шығынымыз жылдан-жылға артып барады» деген Ы.Кененбай одақтың шығармашылық үйін жалға беруден және Әдебиетшілер үйі жанындағы қоғамдық тамақтану орнынан, сол сияқты мемлекеттік тендерден түскен қаражаттардың қайда жұмсалғанын толық баяндап берді. Одан кейін екі құрылтай арасында жарық көрген прозалық шығармалар туралы Нұрдәулет Ақыш, поэзиялық шығармалар туралы Әділғазы Қайырбеков, драмалық шығармалар туралы Сұлтанәлі Балғабаев, ұйғыр әдебиеті жайында Ахметжан Әшіри, орыс әдебиеті туралы Любовь Шашкова қысқа баяндама жасады. Бір өкініштісі, баяндамашылар өздеріне берілген уақыттың қысқалығына байланысты, негізінен, жанрлар бойынша жарық көрген кітаптардың аттарын атап шығумен ғана шектелді. Құрылтайды жүргізіп отырған Н.Оразалин мұны жиын өтіп жатқан театр ғимаратын тек бір күнге ғана жалға алынғанымен түсіндіріп, көпшілікті «баяндамалардың толық мәтінін «Қазақ әдебиеті» газетінен оқи аласыздар» деп жұбатты. Одан кейін жарыссөз басталды. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Сәбит Досанов: «Одақтың екі құрылтай арасында атқарған жұмысын қанағаттанарлық деп санаймын. Одақтың жаңа басшысы кім болса да, өз бауырымыз. Оған бәріміз қолдау жасауымыз керек. Қазір баяғыдай емес, ағалардың өзінен кейінгілерге қамқорлығы азайып барады. Сондықтан Жазушылар одағы жас қаламгерлерді көзден таса қылмай, олармен айналысуы керек», – деп, Қазақстан Жазушылар одағының осыған дейінгі жұмысына қанағаттанатынын айтса, мәдениеттанушы-ғалым Мұрат Әуезов: «Мен өзімді қазақ тілінің «оралманы» санаймын. Тілді білу арқылы әдебиет өркендейді. Екі үлкен елдің арасында отырған елміз, сондықтан тіліміздің сақталуы біз үшін өте маңызды. Ана тілімізде жарық көріп жатқан әдеби шығармаларды оқып, насихаттап отыру бәрімізге парыз. Қандай шығармалардың бар екенін білсек, талдап, танытып отырсақ – сонда бір-бірімізді терең тани түсеміз, ауызбіршілігіміз артады», – деп қаламгерлерді бірлікке шақырды. Ал Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Қабдеш Жұмаділов пен Мұхтар Шаханов одақ жұмысына көңілі толмайтынын айтты. Жеке басқа тиісіп, театр залын талас-тартыс орнына айналдыра жаздады. Шынын айту керек, жұрттың көз алдында болып жатқан бұл жағдайлар жиынға қатысушыларға жағымсыз әсер етті. Сыртынан зор тұтып, шығармаларын оқып – атын құрметтеп жүрген қаламгерлердің орынсыз қылығына жастар ұялып, үлкендер жағы ыңғайсызданып-ақ қалды. Содан кейін мінберге шыққан жазушы Смағұл Елубай: «Сөйлеймін деген ойым жоқ еді, тек қаламгерлер атынан Нұрлан Оразалиннің иығына шапан жауып, құрметпен шығарып салу рәсімін жасайын дегенмін. Дегенмен бір-екі ауыз пікірімді айтып өтейін», – деп сөз бастады. «Мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілде сөйлесе ғана қазақ тілінің мәртебесі артады. Бұл – бір. Екіншіден, Жазушылар одағының ғимаратын ешкім тартып ала алмайды деу қате пікір. Ол ғимараттың жылжымайтын мүлік ретінде төлейтін салығы бар. Оны төлей алмайтын жағдай болса, өкімет оны сол сәтте оп-оңай алып қояды. Сондықтан ғимаратты Алматының «Киелі мекені» тізіміне кіргізіп, жазушыларға мәңгіге берілуі керек. Сонда ғана оны сақтай аламыз. Содан кейін Қазақстан Жазушылар одағына қатардағы қоғамдық ұйымдардың бірі ретінде қарамай, мемлекет оған «Ерекше қоғамдық ұйым» статусын беріп, оның басшысы міндетті түрде парламент депутаты болып сайлануы қажет. Сонда ғана қаламгерлердің ел алдындағы беделі көтерілер еді», – деді. Сөйтіп, С.Елубай Н.Оразалиннің иығына шапан жауып, өз кезегінде сый-құрмет иесі де қаламгерлер қауымына ризашылығын білдірді.  width= Осыдан кейін сөз алған ақын Ғалым Жайлыбай: «Жазушы Смағұл Елубайдан Нұрлан Оразалинді Қазақстан Жазушылар одағының құрметті төрағасы етіп сайлау туралы ұсыныс келіп түсті. Соны қолдаймын дегендер қол көтеріп, дауыс берсе...», – деп еді, біреулер қол көтеріп, біреулер қарсы екенін білдіріп, залда қозғалыс пайда болды. Сол кезде мінберге асығыс шыққан Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Төлен Әбдік: «Құрметті төраға дегеннің статусы төрағадан жоғары болады. Ол одақтың қаржы-қаражат жағын уысында ұстайды, одақ төрағасының шешімдерін жоққа шығарады. Сондықтан оның қажеті жоқ», – деді. Т.Әбдіктің ізінше сөйлеген Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Дулат Исабековтің пікірі де осы бағытта болды. Бұдан кейін жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров жиын тізгінін қолына алып, жүргізіп отырды. Ол ең алдымен құрылтайдың күн тәртібін белгілеп алуды ұсынып, төрт мәселені алға тартты: 1.Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшелерін сайлау; 2.Жазушылар одағының жаңа төрағасын сайлау; 2.Ағалар алқасының құрамын бекіту; 4.Тексеру комиссиясын бекіту. Әлібек Асқаров «Жазушылар одағының жарғысы бойынша жалпы одақ мүшелерінің он пайызын басқарма мүшесі етіп сайлауымыз керек. Бірақ бұрынғы құрылтайда басқарма мүшелерінің саны 151 адам болған екен, біз де осы мөлшерді сақтағымыз келіп отыр», – деді. Бірақ бұнымен келіспегендер де болды. Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қажығали Мұқанбетқалиұлы мінберге көтеріліп: «Жарғыда қалай айтылса, соны орындауымыз керек. Егер жарғыда жалпы ұйым мүшелерінің он пайызы ғана басқарма мүшелері болуы тиіс болса, солай қалдырылғаны жөн. Өйтпеген жағдайда жарғыны өзгерту керек», – деп ескерту жасады. Мінберге шыққан жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржекеұлы сөйлей бастағанда микрофон өшіп қалып (құрылтай барысында мұндай жағдай бірнеше рет қайталанды), ол кісінің не дегенін ести алмай қалдық. Кейін белгілі болғандай, ол кісі басқарма мүшелеріне беделді қаламгерлерді ғана ұсыну керек деген екен. Осылайша улап-шулап басылған қаламгерлер жиыны, ақыры басқарма мүшелігіне тағы он шақты адамды қосып тынды. Құрамы 160-тан аса қаламгерден тұратын Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма мүшелері қазақстан Жазушылар одағының төрағасын сайлауға кірісті.  width= Ең алдымен мінберге көтерілген жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Төлен Әбдік Қазақстан Жазушылар одағының жаңа кезеңге қадам басқанын, алдағы уақытта оның жұмысын жаңа деңгейге көтеру – барлық қаламгерлердің парызы екенін айтып, одақтың жаңа төрағалығына белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулеттің кандидатурасын ұсынды. Бұдан кейін кезек-кезек мінберге шығып, Т.Әбдіктің ұсынысына орай пікірлерін айтқан қаламгерлер Ақұштап Бақтыгереева, Темірхан Медетбек, Мұхтар Шаханов, Шөмішбай Сариев, Қабдеш Жұмаділов, Несіпбек Айтов, Есенғали Раушанов ұсынылып отырған кандидатты қолдайтынын білдіріп, басқарма мүшелерін де қолдауға шақырды. Осылайша Қазақстан Жазушылар одағының 160-тан аса мүшесі Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы етіп Ұлықбек Есдәулетті бір ауыздан сайлады. Оның орынбасарлары болып Мереке Құлкенов, Бауыржан Жақып, Бақыт Беделхан, Ақберен Елгезек сайланса, Есенғали Раушанов Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы болып сайланды. Мінберден сөз сөйлеген жаңа төраға Ұлықбек Есдәулет: «Жазушылар одағының міндеті – жазушыға қолдан келгенше қолдау көрсету. Жазушылар одағының жұмысы жаңа дәуірде өзгеруі керек. Жаңа заманға байланысты жобалар керек. Біздің бақытымызға орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жарыққа шықты. Осыған байланысты жаңа жобалар жасап, жоғары жаққа ұсынсақ деген ойымыз бар. Соны жүзеге асыруға Жазушылар одағы барынша атсалысуы керек. Бірден қиратып тастаймыз, әдебиетті өркендетіп жібереміз деп айта алмаймын. Үлкен-үлкен, биік уәделерді бере алмаймын. «Арық айтып, семіз шық» деген сөз бар. Жазушылар одағы батып отырған шығындардан құтылуымыз керек. Алты ай бойы Жазушылар одағының қызметкерлері айлық дегенді көрген жоқ. Салық пен жалақыны төлей алмай отырған Жазушылар одағына мені төраға етіп сайлап, үлкен жауапкершілік жүктеп қойды. Бұған қатты қуанарлықтай жағдайым жоқ. Мен иығыма түскен ауыр жүкті сезіп тұрмын. Қаланың қақ ортасында қасқайып тұрған мына ғимаратты кезінде Ғабит Мүсірепов бар беделін салып, Орталық комитеттен Жазушылар одағына алып берген. Қаламгерлер содан бері құт-мекенге айналған шығармашылық одақ ішінде береке-бірлік орнағанын қалайды. Ендігі мақсат – Жазушылар одағының жағдайын түзету. Жазушылардың жағдайын жасау секілді мәселе сонымен қоса жүреді. Қалай болғанда да, бойымыздағы барлық күш-жігерімізді, бар талантымызды, тәжірибемізді, жастарымызда бар лапылдаған отты, олардың жаңаша ойлау қабілетін Жазушылар одағын жаңа деңгейге көтеруге жұмсаймыз. Әдебиеттің игілігі, дамуы үшін жұмыс істейміз», – деді. Әлібек Асқаров, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: – Нұрлан Оразалин басқарған 22 жылда еліміздің өмірінде де үлкен белесті өзгерістер болды. Нарыққа енген Жазушылар одағының, жазушылардың өмірінде де небір қиын жағдайлар, жетістікке толы табыстар орын алды. Алмағайып кезеңде кейбір елдердегі Жазушылар одағының басына қара бұлт төнді. Мәселен, Мәскеудегі Жазушылар одағы беске бөлінсе, Қырғызстанда жабылып қалды. Сол қиын-қыстау уақытта өзінің парасаттылығы, сабырлылығымен Нұрлан Оразалин Жазушылар одағын таратып алмай, бір ұйым ретінде ұстап келгеніне бәріміз куәміз. Мұны көзі соқыр, құлағы керең адам ғана білмейтін шығар. Бұл тұрғыда Оразалиннің еңбегі зор. Сондай-ақ, Ұлықбек Есдәулет те басшылыққа өте қиын кезеңде келіп отыр. Қазір одақтың қаржылық жағдайы мүшкіл халде. Бірнеше айлап жалақы алмай отырғаны тағы бар. Енді Ұлықбек Есдәулет өзінің күш-қуатын, беделін пайдаланып, одақтың ахуалын көтеруге білек сыбанып кіріседі. Оған мүмкіндігінше біз де көмектесуге дайынбыз. Әсіресе, Жазушылар одағы кейінгі буын – жастарға керек.  Смағұл Елубай, жазушы: – Жазушылардың ХV құрылтайы дәстүрлі болмысымен, дәстүрлі мінезімен, дәстүрлі айқай-шуымен өтті деп бағалау керек. Құрылтайдың негізі оқиғасы – 22 жыл бойы дауы көп одақтың ыстығына күйіп, суығына тоңған Оразалиннің демалысқа шығып, оның орнына талантты ақын Ұлықбек Есдәулеттің келуі болды. «Өлгенде көрген бір төбелес» депті ғой төбелескендерді ажыратып жүрген адамның қолын қаққан бір тентек. Сол сияқты өкпе-наз болмаса, бір-біріне тиіспесе, құрылтай бола ма? Кетіп бара жатқан төрағаға тиісу бұл құрылтайда да орын алды. Әрине, өмір болған соң, әдебиет майданында бақталастық, көреалмаушылық, жауластық болады. Бұл – табиғи заңдылық. Бұрын да болған, қазір де бар. Бірақ жеке бастың есебін әдебиеттің мүддесі айтылатын мінберге шығару – орынсыз. Жазушылардың баспасөз, телеарнаға шығып, бір-біріне тас лақтыруы өте келеңсіз, қажетсіз нәрсе. Өкінішке қарай, бұл пендешілік құрылтайда да орын алды. Оны аты дардай ағаларымыз жасады. Осындай жағдайлар болмаса, құрылтай өз мақсатына жеткен сияқты. P.S: Осыдан бірнеше жыл бұрын Жазушылар одағының кезекті құрылтайына қатысқан едік. Зиялы қауым өкілдері деп сыйлап, құрмет тұтқан кейбір қаламгерлердің ардың ісі деп саналған әдебиеттен гөрі, жеке басының қамын күйттеген әрекеттерін көріп, бас шайқағанымыз да рас. Араға жылдар салып әдебиетші қауымның құрылтайына тағы да бардық. Сол баяғы тартыс, баяғы айтыс. Бәлкім, бұл бәзбіреулер үшін демократияның айқын көрінісі шығар, кім білсін?! Бірақ бұл былайғы жұртқа жазушылар «бірін-бірі мойындағысы келмейтін, бір-бірінің пікірін сыйламайтын тобыр екен» деген түсінік қалыптастыратынын жасырып қайтеміз. Құрылтай бітті. Жаңа төраға сайланды. Есік жаққа қарай ағылған нөпірдің арасында қабырғалы жазушының бірі «Екі жұлдыз» әнін ыңылдап айтып келеді. Екі жұлдыз – екі бақыт көктегі, Төбемізде тұрып алды, кетпеді. Бар аспаннан екі жұлдыз көрдік біз, Біздер де екеу едік, жаным, өйткені, – деп ақырын күбірлегенін көргенде неге бұл әнді айтып келе жатқанын сұрағымыз келген. Бірақ көктегі екі жұлдыздың бірі – «Жазушылар одағының төрағасы, екіншісі «Құрметті төраға шығар» деген ой келді. Бәлкім, жазушының меңзегені де осы шығар... Ал Алматыда тағы да жаңбыр жауып тұрды.

Динара Мыңжасарқызы,

Ахмет Өмірзақ