Ұлық мерекені қалай тойлаймыз?

Ұлық мерекені қалай тойлаймыз?

Ұлық мерекені  қалай тойлаймыз?
ашық дереккөзі
 Барша қазақ жұртының ұлық мерекесі – Наурыз. Жылдың бастауы – Наурызды біз қалай тойлап жүрміз? Ұлы мерекемізді ұлықтай алып жүрміз бе? Наурыз мейрамы елімізде қалай тойланады? Бұл сауалдар жаны мен жүрегі қазақ деп соғатын әрбір азаматты мазалайтыны анық. Осы ретте, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы 21 ақпан күні «Егемен Қазақстан» басылымына берген сұхбатында Наурыз мейрамын жаңа үлгіде өткізу туралы ұсынысын білдірген болатын. Министрдің бұл ұсынысы қоғамда қызу талқыланып, көпшіліктің қолдауына ие болуда. Наурыз мерекесін ауқымды атап өту, ұлттық дәстүріміз бен құндылықтарымызды насихаттауға жол ашатын шаралар ұйымдастыруға шақырған министрдің бастамасын қоғам қайраткерлері, қазақ өнерінің шоқтығын биіктетіп жүрген азаматтар да қолдап отыр.  Есмұхан Обаев, Қазақстанның халық артисі, профессор: – Ұлттың ұлылығы тарихы мен мәдениетінің, дәстүрінің өміршеңдігімен өлшенеді. Әз наурыз ғасырлардан бері қазақтың ұлттық дүниетанымының бір бөлігіне айналып келе жатса, бүгінде ол жаңаша сипат алып, халықтық сипатта тойланатын болды. Мені осы түйін қуантады. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Егемен Қазақстан» газетінде биылғы наурыз мейрамын тойлау туралы өз тұжырымын ортаға салыпты. Деректі де, дәйекті айтылған ойлар екен. Министрдің сегіз түйінге бөлген ойынан сезінгенім, биылдан бастап наурызды мемлекеттік деңгейде тың бастамамен тойлайтын боламыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алға қойған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының түйіні – қазақтың жаһандану заманындағы ұлттық дүниетанымын қалыптастыру көзге ұсталған. Наурыз соның маңызды құрамдас бөлегіне жатады. Наурызды өз деңгейінде тойлау ұлт пен ұлыстың ынтымағын күшейтіп, мемлекеттік іргетасын нығайтуға барып саяды. Бұл мерекеге көп дүниені сіңіруге болады. Сондықтан министрдің бастамасын қолдаймын. Жаһандану дәуіріндегі Қазақстан өз тарихына терең бойлаған, дәстүрін жаңғыртқан, болашағынан үлкен үміт күтетін, жалынды да жарық ел болып танылса, ол әрбіріміздің мақтанышымыз деп ойлаймын. Жаңа бастамалар өріс алып, еліміздің мәдени-рухани саласына тың серпін берсін деген тілектемін. Асқар Бөрібаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының бас директоры, көркемдік жетекшісі: – Наурыз мейрамы тәрбиелік мәні зор қазақ халқының төл мерекесі болып саналады. Ұлыстың ұлы күні – әр қазақ азаматының бойына қуат беріп, санасын серпілтетін күн. Наурыз мейрамында ақ дастарқан жайып, қыстан кейін сағынысып қауышқан күн болып есептеледі. Наурыз айын қазақ халқы келер жылға көп үміт, мақсатпен қарайтын қасиетті ай деп санаған. Рухани құндылығымызды жалғастыра білейік!