Жаңалықтар

«7-20-25»: Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі шарттарын өзгертеді

ашық дереккөзі

«7-20-25»: Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі шарттарын өзгертеді

«7-20-25» бағдарламасы: Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі шарттарын өзгертеді. Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «7-20-25» ипотекалық бағдарламасына байланысты жинақтау жүйесінің шарттарын өзгертетін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Иә, біз барлық бизнес жоспарымызды қайта қарайтын боламыз. Алғашқы жарнаның көлемін де қайта қараймыз. Бұдан бөлек, кейбір шарттар бойынша несиенің мерзімі ұзаратын шығар. Соған басымдық береміз. Себебі тұрғын үй жинақ жүйесінің негізгі мақсаты да сол - ақшаны жинау. Белгілі бір сома жиналғанда несие беріледі. Ал алғашқы жарнаны азайту шарттары тек жаңа үйлерге қатысты болады. Қазір ескі үйлер нарығында баға түсіп, стагнация байқалады. Сондықтан ескі үйлерге қатысты шарттар өзгермейді», - деді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің төрайымы Ләззат Ибрагимова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында. Банк басшысының айтуынша, проценттік мөлшерлеме де өзгереді. Бірақ ол да жаңа үйлерді сатып алу несиелеріне ғана қатысты болады. Айта кетейік, Үкіметтің кешегі отырысында Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев «7-20-25» бағдарламасының жобасын таныстырды. Бас банкир 7 проценттік ипотеканың басты талабын да жариялады. Ал Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков арзан ипотеканың қай кезде берілетінін айтып берді.