Жаңалықтар

Елордада қар тазалауға 2 мыңға жуық жұмысшы жұмылдырылды

ашық дереккөзі

Елордада қар тазалауға 2 мыңға жуық жұмысшы жұмылдырылды

Астанада қардың қалың жауғанына байланысты қаланың коммуналдық қызметі күшейтілген режимдегі жұмыс істеуде. Астана әкімдігінің ресми сайтының хабарлауынша, қазір қала көшелерін 800 бірегей техника мен 2 мыңға жуық жұмысшы қардан тазалап жатыр. Сарыарқа ауданын қардан аршуға 569 жұмысшы мен 264 техника шықты. Есіл ауданының аумағына тазалауға 276 техника мен 738 жол жұмысшысы жұмылдырылды. Алматы ауданын тазалауға 296 техника мен жолды күреуге 588 адам кірісті. Әсіресе ең бірінші автобус аялдамалары мен жерасты өткел жолдары, көпір, өтпежол, халық көп жиналатын орындар, аурухана мен басқа да маңызды әлеуметтік нысандардың маңайы қардан тазартылды. Сондай-ақ, тепкішектерге қатқан мұздан жарақат алушылар санын азайту үшін көктайғаққа қарсы аула маңындағы жерлерге де көбірек көңіл бөлінуде. Ол үшін астанада көктайғаққа қарсы арнайы құралдың қоры сақталған. Ал шығарылған қарды арнайы қар төгетін полигонға жеткізеді. Қала билігі Астана тұрғындары мен қонақтарға қауіпсіздік шараларын сақтауда мұқият болуға шақырады. Көлікті басқаруда жылдамдықты азайтып, арақашықтықты сақтаумен қатар, шалт қимыл жасамау керектігін ескертеді. Бұдан басқа, жаяу жол жүргіншілері белгісіне де абай болу керек. Арғы бетке өту үшін тек жаяу жол жүргіншілерінен өтуі тиіс. Қала жолдарындағы арнайы жұмыс істеп жатқан техникалар көліктердің ары-бері жүру бағытын кішкене бәсеңдетуі мүмкін. Осыған байланысты алдын ала ертерек қалада жүретін бағдарыңызды жоспарлап алуыңыз қажет.