Ольга Гулина: Неміс халқының жауапкершілігі жоғары
Ольга Гулина: Неміс халқының жауапкершілігі жоғары
Берлин сапары туралы жарияланған жолжазбада Миграциялық саясат институтының директоры Ольга Гулинамен эксклюзивті сұхбат жариялауға уәде еткенбіз. «Біз расында саяси тақырыптарға сұхбат бермейміз» деген Ольга Гулина соңғы жылдарда Еуропалық одақтың мазасын қашырған, оның ішінде Германияда талай дау тудырған миграциялық мәселе туралы сақтана сөйледі. Өзінің айтуынша, ол еуропалық және ресейлік басылымдарда жариялап жүрген материалдарында саясат тақырыбында ой толғауға тартынбайды. Бізге берген сұхбатында біраз ресми көрсеткіштермен және кейбір ішкі мәселелерге деген көзқарасымен бөлісті.
– Германия 2016 жылға дейін Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстан 1,3 миллионнан аса босқын қабылдады деген дерек айтылып жүр. Қазір бұл елдегі босқындардың саны қанша?
– Бұл сұрақтың ішінде бірнеше мәселе бар. Рет-ретімен қарастырсақ. Біріншіден, Германияда гуманитарлық миграцияның, босқындарды қабылдаудың тарихының тамыры әріде жатыр. 1953 жылдан бастап Германияға 5,3 миллион адам пана сұрап келген, оның ішінде 4,7 миллионы 1990 жылдан кейін берілген өтінімдер. Босқын мәртебесін сұрағандар мен пана сұрағандардың санының күрт артқаны 2014-2016 жылдар еді.
Екіншіден, гуманитарлық миграция – тек босқындар емес. Босқындардан бөлек, субсидиарлы көмек алған, яғни Германияда босқын мәртебесінсіз қалуға рұқсат алғандар бар. Сонымен қатар ешқандай көмек не мәртебеге ие емес, тек осы елде қалуға құқық алатындар болады, мұны заң тілінде «елден шығаруға тыйым салынған» дейді.
Ал Германиядағы гуманитарлық мигранттардың қазіргі санына келсек, Федералды миграция мен босқындар агенттігінің дерегіне жүгінсек, 2014 жылы Германияда 202 834 адам босқын мәртебесін не пана сұрап, өтінім берген, 2015 жылы – 476 649, 2016 жылы – 745 545, 2017 жылы – 222 683, ал биылғы жылдың қаңтар айында – 15 077 өтінім түскен. Яғни, былтырдан бері пана сұраған, босқын мәртебесін алуға ниеттенгендер саны азайып келеді. Тек Германияда емес, Еуропалық одаққа мүше елдердің бәрінде осындай жағдай байқалады. Евростаттың мәліметтеріне жүгінсек, гуманитарлық мигранттар саны 55 пайызға азайған. Ал Германияда босқын мәртебесін не пана сұрағандар саны 2016 жылдан бері 70,1 пайызға азайды.
– Олардың санының азаю себептері неде?
– Біріншіден, Балқан және Жерорта теңізі бағыты бойынша келетін миграциялық толқынды реттеу шаралары жемісті болды деген сөз. Екіншіден, Еуроодақтың Түркиямен жасаған келісім-шарты адам құқығы тарапынан даулы болса да, ол да өз жемісін беріп жатыр. Үшіншіден, мигранттардың атамекеніндегі жағдайды реттеуге бағытталған шаралар одан әрі күшейтілуі тиіс. Осы шаралардың бәрі Еуропалық одақ елдерінде, оның ішінде Германияда гуманитарлы мигранттардың санының азаюына алып келді.
– Сонда бұрын келгендердің өз отандарына оралуы да әсер еткен болар?
– Гуманитарлық мигранттар санының азаюына әсер еткен факторлар көп. Оның ішінде, өтінім берушілер санының азаюы да бар. Мысалы, Балқан түбегінен келген азаматтар гуманитарлық емес, экономикалық мигрант деп танылғаннан кейін, олардың арасынан пана сұрап, құжат тапсырушылар саны күрт кеміді. Сондай-ақ, репатриация шараларының күшейтілуі, мысалы Ауғанстан сияқты елдердің азаматтарын өз елдеріне қайтару сияқты шаралар да тиімді болды. Бұдан бөлек, Дублин келісімдерінің ережесі бойынша, гуманитарлық мигрантты қабылдау ісімен сол азаматтың ең алғаш табаны тиген ел ғана айналысуы тиіс. Сондықтан 2016 жылы осы дублиндік ережелерге сүйене отырып, Еуроодақтың басқа елдеріне Германиядан 4 мыңнан аса гуманитарлық мигрантты қайтарды. Сонда гуманитарлық мигранттар санының азаюы ұзақ уақыттан бері жүзеге асқаны және түрлі шарттарға байланғаны көрінеді.
– Әйткенмен, Германияда гуманитарлық босқындардың саны қазір қанша? Олардың ішінде қай мемлекеттен көбірек келген?
– 2014 жылдың қаңтары мен 2017 жылдың желтоқсаны аралығында Германия 1 710 798 өтінім қабылдады, оның ішінде 2014 жылы 33 310 адамға босқын мәртебесі берілді. Ал 2015 жылы – 137 136 адам, 2016 жылы – 256 136 адам, 2017 жылы – 123 909 адам босқын мәртебесін алған. Субсидиарлы көмек алғандар саны әлдеқайда аз: 2014 жылы – 5 174, 2015 жылы – 1 707, 2016 жылы – 153 700, 2017 жылы – 98 074 адамға берілді. Ал елден шығарылуға тыйым салынғандардың саны бұдан да аз. Пана сұрап, босқын мәртебесін сұрап келгендер арасында сириялық азаматтар өте көп, шамамен 36,9 пайыз. Қалған 13,3 пайызы – Ирак, 17,6 пайызы – Ауғанстан, 3,7 пайызы – Иран, 2,6 пайызы – Эритрея, 1,8 пайызы – Нигерия және 1,5 пайызы – Ресей және басқа мемлекеттерден.
– Ал оларды орналастыру ісі қалай жүріп жатыр?
– Гуманитарлық мигранттарды орналастыру ісі Германияда Königsteiner Schlüssel деп аталатын құжат бойынша жүзеге асады, оған сәйкес, аймақтағы тұрғын халықтың саны мен салық салынатын базасы есепке алынады.
– Сонда қай аймақ ең көп гуманитарлық мигрант қабылдады?
– Жылдан жылға гуманитарлық мигранттарды ең көп қабылдайтын аймақтар – Германияның батыс жерлері, яғни Солүстік Рейн-Вестфалия, Бавария мен Баден-Вюртемберг екені белгілі. Ал Бремен және Саксония, Саксония-Анхальт және Бранденбург сияқты шығыс аймақтардағы гуманитарлық мигранттар саны өте аз. Бүгінгі таңда гуманитарлық мигранттарды қабылдауға бөлінген квотаның ең көп бөлігі – 21,14 пайызы Солтүстік Рейн-Вестфалия жеріне берілген.
– Ал Берлинде ше?
– 2017 жылғы деректерге қарасақ, Баден-Вютенбергке квотаның 12,96 пайызы, Баварияға – 15,5 пайызы, ал Берлинге тек 5 пайызы бөлінген.
– Жалпы, жергілікті тұрғындар мен сырттан келгендер арасындағы қарым-қатынас қандай? Олардың жергілікті ортаға сіңісуі қалай жүріп жатыр?
– Бұл сұраққа нақты жауап беру қиын. Ешкім жергілікті тұрғындар мен гуманитарлық мигранттар бір-бірін жақсы көреді деп айта алмас. Бүлік шығарғысы келгендер жоқ жерден бәле іздеп, даланың халқы мен тау халқын да ұрыстыра алады. Интеграция үш нәрседен тұрады: біріншіден, мигранттың өзіне көп нәрсе байланысты. Яғни, олардың осы мемлекеттің тілін меңгеріп, өз біліктілігін арттыруға құлшынысы болуы шарт. Екіншіден, қабылдаушы қоғамның мигранттарға деген көзқарасы, яғни, оларға жұмыс тауып беріп, тәжірибе жинақтауына, табыс табуына септесуге қаншалықты ынталы екені маңызды. Үшіншіден, мемлекеттің мүддесі болуы керек. Яғни, мемлекеттік бағдарламаларға қаржы бөлуге, мысалы, тілдік курстар ұйымдастыруға қаражаты жеткілікті ме деген мәселе. Мемлекет жергілікті халық пен сырттан келгендер арасында қарым-қатынасқа көпір болу үшін түрлі жобаларды қаржыландырады.
Мен саясаткер емеспін, зерттеушімін. Сондықтан қолда бар деректрге жүгініп сөйлеймін. Шығыс аймақтардағы интеграцияның деңгейі батыс аймақтарға қарағанда төмен. Бірақ мемлекеттік қолдау елдің бар аумағында бірдей. 2014 жылғы миграциялық толқын шарықтау шегіне жеткен кезде, федерация аймақтарға түрлі жобаларды жүзеге асыру үшін орасан көп қаржы бөлді. Қазір федералды бюджетте гуманитарлық мигранттарды біріктіруге арналған жобалар қарастырылған. Олардың өз қоғамдастығын құруға заңгер көмегі беріледі, мысалы сириялықтардың қоғамдастығы немесе ауған әйелдерінің қоғамдастығы секілді. Сондай-ақ, босқындардың балаларын сурет салуға үйрететін бағдарлама бар, босқындарға арналған футбол үйірмелері бар, тағысын тағы. Менің көңіліме жаққан бір жоба туралы айта кетейін, Берлиннің Кройцберг ауданында Таяу Шығыстан шыққан әйелдер тамақ пісіретін мейрамхана ашылған. Оған немістер де барып тамақ ішкенді жақсы көреді. Себебі бұл мейрамхананың тағамы өте дәмді әрі денсаулыққа пайдалы. Жалпы, Германияның халқы қайырымдылық жобаларын жақсы көреді, мысалы бір бөтелке шырын алсаңыз, 10 тиынын Африкадағы аш балаларды қамтамасыз ететін жобаға үлес қосасыз. Немесе белгілі бір тауар белгісі бар кофе сатып алсаңыз, оның құнының бір пайызы Индонезиядағы балаларға білім беру жобасына жұмсалады деген сияқты.
– Менің алдыңғы сұрағым сол мигранттардың іс-әрекетіне байланысты еді. Олар жаңа ортада өздерін қалай ұстайды? Расымен олардың арасында қылмысқа қатысы болғандар бар ма? Германияда жас қыздарға шабуыл жасалған оқиғалар есімізде. Кезінде бұл туралы ақпарат құралдарында әр түрлі қайшы деректер айтылды. Мұндай хабарлар жергілікті тұрғындарды одан әрі наразы еткені түсінікті.
– Иә, сіздің не туралы сұрап отырғаныңызды түсініп отырмын. Кельнде жаңа жылғы түнде болған оқиғаны топтанған акция деуге болады. Осыған ұқсас акциялар Финляндияда, Австрияда, Швецияда және Германияның басқа қалаларында болды. Бізде полиция мұндай оқиғаларға дайын болмай шықты.
Бұл акциялар Еуропаның көптеген қалаларында арнайы жоспарланған оқиғалар еді. Кельнде жаңа жылда болған жағдай дәл сол түнде Хельсинкидің орталық алаңында айнымастан қайталанды. 2016 жылдың басында фин полициясы жариялаған ресми есебіне жүгінсек, мыңға тарта ирактық азамат Хельсинкінің орталық вокзалына таяу метро маңына топтаса бастаған. Полиция бұл топтың қарасы көбеюін тез байқап, оларды қамауға ала бастағанда, жиналған топ бірден тарап кеткен. Қамауға алынғандардың ішінде бұрын қылмыстық істерге қатысы болған, құзыретті органдардың бақылауындағы ондаған адам бар екені белгілі болды. Фин полициясы жаппай тәртіп бұзушылықтың алдын алды, бірақ соның өзінде сол түнде қоғамдық орындарда жыныстық қатынасқа мәжбүрлеуге қатысты жеті бірдей қылмыстық іс тіркелген. Ал бізде полиция мұндай оқиғаларға дайын болмады.
– Сонда бұл акцияларды кімдер ұйымдастырған?
– Бұл сұрақты құзыретті органдар мен полицияға қою керек. Алайда осы тектес қылмыстардан зардап шеккен қыздар тек Кельннің тұрғындары емес. 2016 жылдың 14 қаңтарындағы мәліметке сәйкес, сол кезде 653 шағым түскен, оның 45 пайызы жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу қылмыстары. Осыған ұқсас қылмыстық «флешмоб» Гамбургте (53 шағым, оның 39-ы зорлық көрсетуге, 14-і – ұрлық-қарлыққа қатысты), Штуттгартте (31 шағым), Нюрнбергте қайталанды.
Бұл ұйымдастырылған акцияларға қылмыстық істермен басы шатылғандардың қатысқанын айта кету керек. Олар негізінен Германияға келіп, пана мен қорған сұрап, өтінім берген, бірақ талап арыздары бойынша оң шешім шықпаған мигранттар. Германияда қалуға қақысы болмаса да, осы елде біраз жылдан бері тұрақтап қалған. Германияда, АҚШ немесе Ресей сияқты басқа кез келген елде мұндай адамдардың ұзын-сонар тізімі бар, оларға елде қалуға рұқсат жоқ, бірақ елден шығару да қиын. Депортация жасауға кедергі көп, мысалы олардың туған мемлекеті бұл тұрғыда бірлесе әрекет етуге құлқысыз немесе олардың жеке басын анықтайтын құжаты жоқ. Полиция анықтағандай, жаппай тәртіпсіздік акцияларына қатысқан адамдардың көбісі осындай адамдар болатын.
Ал гуманитарлық мигранттар арасындағы қылмыстық істерге келсек, оның көрсеткіші жылдан жылға өзгеріссіз қалып отыр. Соғыстан не табиғи апаттардан қашқан адамдар өздерін қабылдап, пана берген мемлекетке келіп, кісі өлтірмейді. Ішкі істер министрлігінің дерегіне сәйкес, гуманитарлық мигранттар арасында қылмыстық іс бойынша ұсталып, сотталғандар саны соңғы жылдары өзгеріссіз қалуда.
– Германия басқа еуропалық мемлекеттерге қарағанда гуманитарлық мигранттарды неге көбірек қабылдады?
– Жақсы сұрақ. Өте философиялық сұрақ. Бұл тұрғыда Германияның тарихын, екінші дүниежүзілік соғыстың салдарларын еске алған жөн. Тарихи міндет деген ұғым бар. Немістер өздерін жауапты сезінеді деп айтуға болмас... бірақ олардың бойында қиындыққа тап болған адамдарға деген адами жанашырлық және осы елде, әлемде болып жатқан оқиғаларға деген жауапкершілік сезімі өте жоғары. Шынымды айтсам, бұл халықтың дәл осы қасиетіне сүйсінемін.
– Әсерлі әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Гүлбиғаш ОМАР