Жазушылар одағының XV Құрылтайы өтуде
Жазушылар одағының XV Құрылтайы өтуде
Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Қазақстан жазушыларының кезекті XV Құрылтайы өтуде. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Құрылтайды Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин ашты.
Жиынға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қатысып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып берді. Құттықтау хатында Елбасы Қазақстан Жазушылар Одағының ХV құрылтайының ашылуымен құттықтап, құрылтай жұмысына табыс тіледі.
"Ақын-жазушылардың басты миссиясы – елді рухани байлыққа кенелту, қастерлі құндылығымыз – Тәуелсіздікті нығайта түсуге игі ықпал ету. Бұл орайда бүгінде отандық қаламгерлердің көркем шығармаларына мемлекет тарапынан қаламақы төлеу мәселесі орнықты шешімін тауып, төл әдебиетіміздің бірегей туындылары әлемнің айтулы 6 тіліне аударылып жатқаны елеулі оқиға деп білемін. Бүгінгі Құрылтай отандық әдебиетке, сол арқылы еліміздің рухани әлеміне үлкен бетбұрыс әкеледі, сондай-ақ Жазушылар Одағының жұмысына жаңа леп, тың қарқын береді деп санаймын! Халқымыздың рухани болашағы туралы сүбелі сөздер мен ойлар айтылып, әдебиетіміздің даму бағдарын айқындайтын салмақты шешімдер қабылданады деп сенемін. Абыз жазушылар мен жас буынның арасындағы, қаламгер мен оқырманның арасындағы рухани сабақтастық нығая берсін", - делінген құттықтау хатында.
Құрылтайда Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының жаңа құрамасын, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының жаңа төрағасын, бақылау-тексеру комиссиясын сайлап, ағалар алқасының құрамын бекіту қарастырылған.
"2017 жылы ҚР Мәдениет және спорт Министрлігі "Мәдениет туралы" заңға кітап шығару бөлігінде тиісті өзгертулер мен түзетулер енгізді. Бұл түзетулер талай жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан қазақстандық авторларға қаламақы төлеу ісіне қатысты. Аталған заң қолына қалам ұстаған жазушыларға беріліп жатқан үлкен мүмкіндік, жаңа серпіліс" - деп атап өтті жиынған қатысқан Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Сондай-ақ, еліміздің облыстық, аудандық, қалалық, ауылдық кітапханаларын жаңа кітаптармен қамту мақсатында 2017 жылдан бастап кітап таралымы 5 000 данаға дейін ұлғайтылып, қаламақы беру процесі түбегейлі өзгерді.