Қыз жасауының жөні деп...

Қыз жасауының жөні деп...

Қыз жасауының жөні деп...
ашық дереккөзі
  «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» деген қазақ үкілеп өсірген қызын жасаусыз ұзатпаған. Тұрмыс-салттың өзгеруіне орай жасаудың да мөлшері мен мазмұны үнемі өзгеріске ұшырап келеді. Қыз жасауына ертеректе төсек-орын, ас үй заттары кірсе, қазір тұрмыстық техника және үй жабдығына қажетті құралдармен толыққан. Ұзатылған қызына дүние-мүліктен бөлек пәтер мен автокөліктің кілтін сыйлайтындарды да көріп жүрміз. Мұндай аста-төктікті көрген өзге ата-ана да перзентін қатар құрбысынан кем қылғысы келмей, қарызданып-қауғаланса да, жасауды жарқыратып апарсам деп жанын салады. Қымбат жасау – жастар бақытына кепіл бола ала ма? Қазақ «көрпесіне қарай көсілуді» қашан үйренеді? Халқымыз ертеден қыз жасауына ерекше көңіл бөлген. Ата-анасы ұзатылған қызының артынан күнделікті өмірге ең қажетті деген заттарды апаруға тырысқан. Тіпті, кейбір көреген аналар жасауға енетін бұйымдарды қызының кішкентай күнінен бастап жинай бастаған көрінеді. «Жасауды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді» деген тәмсіл содан шықса керек. Алайда қазір ақшаң болса, базарда керек-жарақтың бәрі дайын. Той-бизнес саласында қызмет көрсететін маман Илита Шапанованың айтуынша, қазір ұзатылатын қыздардың талғамы ұқсас. Олардың басым бөлімі жасауға сандықтар, тоқыма заттары, яғни көрпе-төсек, жастықтар, төсек-орын жабдықтары, жиһаз бен тұрмыстық техника, төрт маусымға арналған киім-кешек алады. «Біздің қызметімізге тапсырыс көбіне Оңтүстік Қазақстан облысы, Атырау, Ақтау, Қарағанды және Алматы қалалаларынан түседі. Ең жоғары сұранысқа ие сандық жиынтығының бағасы 100 мың ‒ 250 мың теңге аралығында. Оған көлемі әр түрлі үш сандық кіреді және сыйлық ретінде қобдиша беріледі. Баға сандық жасалған матаға, дизайнға байланысты», ‒ дейді маман. Илита Шапанова қыз жасауына енетін заттардың орташа бағасын айтып берді. «Көрпешенің бағасы 15 000 теңгеден, ал жастық 6500 теңгеден басталады. Бір сандықтың бағасы 50 мың ‒ 100 мың теңге арасында. Баға қалыңдықтың талғамына, яғни қандай дизайн мен көлем таңдайтынына байланысты өзгеріп отырады. Ал болашақ келіннің киім-кешегінің арасына міндетті түрде қосылуы тиіс халаттарды Түркиядан әкелеміз, сапасы өте жоғары. Бағасы 30 мың теңгеден басталады. Құдалар жаққа түрлі тәттілерді, жеміс-жидектерді салып апаруға арналған себеттердің құны 5 мың теңгеден жоғары», ‒ дейді маман. Төсек-орын, киім-кешектен бөлек, қыздың артынан үй жиһаздары, перде, кілем, тұрмыстық техника, ас үйге қажетті құралдар апарылатынын ескерсек, қызын ұзататын ата-ананың аз шығындалмайтынын шамалауға болады. Бұрындары жасау қалыңмал көлеміне шақталуы керек деген түсінік болса, қазір қыздың дүние-мүлкінің құны құдалар қалыңмал есебінде әкелген қаржыдан әлдеқайда асып түседі. Өйткені перзентінің барған жерде абыройлы болуын ойлайтын ата-ана мүліктің керегін де, керек емесін де түгендеп, астамшылыққа бой алдырғанын аңғармай қалып жатады. Төрт қыз ұзатқан ана, көпті көрген зейнеткер Айнагүл Қанапияқызы ысырапшылдықтың көбейгеніне қапалы. Ол қыз жасауын дайындағанда қаржыны қажетті-қажетсіз майда-шүйдеге жұмсағанша, жастарға баспана алуға көмектесу керек деп есептейді. «Қазір жастарға ең басты керегі – баспана. Жас отбасылардың көпшілігі үй-күйсіз жүр. Соңғы кезде ата-аналар қызының артынан кір жуатын, ыдыс жуатын, үй жинайтын машиналарды топырлатып алып жатады. Сол техниканы, төсек-орынды кіргізетін өз отаулары болмаса, бұл дүние кімге керек? Сондықтан әуелі қыз бен ұлдың ата-анасы бірігіп, жастардың үйлі болуына жағдай жасағандары жөн. Мәселен, жасауға жұмсалған бірнеше миллионды қаржылай берсе, үй алуларына көмек болар еді. Баспаналы болғаннан кейін отауларын дүние-мүлікке, әдемі жиһазға толтыруға өздері-ақ асығады емес пе?», ‒ дейді зейнеттегі ұстаз.

Күзен тоннан сүйретпеге дейін...

Айнагүл апайдың сөзінің жаны бар. Қазір қыз жасауына жұмсалатын қаражат той шығынынан кем түспейді. Буып-түйілген дүниенің арасында жас отбасының кәдесіне жарайтын бұйымдардан бөлек, музей экспонаты секілді құр жинаулы тұратын заттардың да аз болмасы анық. Десе де, «ұят болады», «ел не дейді» деп, арзан намыс буған төркіні алды-артына қарамай шығындалып, қалыңдықтың сандығын, шабадандарын аузы-мұрнына шығарып толтыруға асығады. Тіпті оңтүстікте тұрмысқа шығатын қыздың күзен тонынан бастап, үйге киетін сүйретпесіне дейін түгенделеді. Мәселен, өткен жылдың жазында тұрмысқа шыққан шымкенттік Жазира есімді ару жасауын дайындау үшін үш ай уақытын сарп етіпті. «Өзім де, күйеуім де Оңтүстік Қазақстан облысының тумасымыз. Біздің өңірде той дәстүрлеріне ерекше мән беріледі. Әсіресе, қыз жасауын дайындаудың ертеден келе жатқан қағидалары бар. Мәселен, қыздың артынан апарылатын киім-кешектің ішінде төрт мезгілге арналған киім түгел болуы керек. Мәселен, жазда ауыстырып киетін 2-3 көйлегің болуы керек, қыста киетін қалың көйлектердің де бірнешеуін сатып аласың. Үйге киетін халаттардың да саны мен сапасына жіті мән беріледі. Аяқ киімнің өзі жеке бір шабадан болады: қыстық, күздік етігің, биік өкшелі, өкшесіз туфлилер, жазда киетін жеңіл аяқ киімдер, тіпті үйге киетін сүйретпеңді де ұмытпайсың. Сырт киімдер «сыны» өз алдына. Шабаданыңда міндетті түрде күзен тон, қалың және жұқа күртелер, қыстық, күздік пальтолар, жеңіл плащ болуы шарт. Шабаданды немесе сандықты ашып, қыздың киім-кешегін көпшілікке таныстыру кезінде «сыншылар» мұның бәрін жіті қадағалап, кем-кетігін жіпке тізіп отырады. Кейбір әйелдер көңілдерінен шықпаса, «Күздік етігі қайда?», «Бас киімін көрмедік қой...» деп ескерту жасап отырады. Сондықтан елдің сөзіне қалмайық деп анам екеуміз барымызды салдық. Ата-анам жақсы қызметте істейтін табысты адамдар, жасауымды түгендегенде қаржы жағынан аса қинала қойған жоқпыз. Ал тұрмысы нашарлар несие алса да, біреудің «қорасына» кірсе де, әлгі заттардың бәрін сатып алуға мәжбүр. Халықтың түсінігі өзгеріп, бұл дәстүр ескінің естелігіне айналғанша әлі біраз уақыт керек сияқты», ‒ дейді Жазира. Жазираның ата-анасы киім-кешектен бөлек, төсек-орын, ыдыс-аяқ, бөлме жиһаздары, тұрмыстық техника сатып алуға да аз ақша жұмсамаған. «Жатын бөлменің жиһазын арнайы тапсырыспен 600 мың теңгеге жасаттық. Көрпе-жастықтар, перде, кілем, төсек жаймалары, сүлгі секілді ұсақ-түйектің өзіне 200 мың теңгеден астам қаржы жұмсалды. 12 адамға арналған ыдыс-аяқ жиынтығы, керамикалық ыдыстар, шанышқы-қасықтар, шәйнектер жиынтығын 150 мың теңгеге сатып алдық. Теледидар, кір жуатын машина, шаңсорғыш, үтік, нан пісіретін пеш – тұрмыстық техникаға 350 мың теңгеден астам қаражат кетті», ‒ дейді келіншек. Жазира күйеуімен бірге Алматыда тұрады. Екеуінің де жұмысы осында. Ал ата-енесі Шымкентте, ортаншы ұлының қолында. Жас отбасы әзірше пәтер жағалауға мәжбүр. Банктен депозит ашып, өз баспаналарына ақша жинауда. Бірақ нарық бағасына қарап, армандарының жақын арада орындаларына сенбейді. Қазір Жазира көптің көңілін аударуға асығып, жасауын жасарда астамшылыққа бой алдырғанына өкінеді. Өйткені артынан барған дүние-мүліктің бәрі Шымкенттегі қайын ағасының үйіндегі бір бөлмеде үюлі тұр. «Тұрмыстық техниканың қызығын абысыным көріп жүр. Оның бәрін Алматыға көтеріп келе алмадық, оның үстіне пәтерден-пәтерге тасып жүру де оңай емес. Кір жуатын машинаны да, нан пісіретін пеш те өзгелердің игілігіне қызмет етуде. Бөтен адамдар емес қой, мейлі дейсің. Бірақ ата-анаңның ақшасына сатып алынған дүниенің қызығын өзің көре алмаған соң, неге алдым деп өкінеді екенсің», ‒ деп қапаланады. «Қапаланатын несі бар, техника – темір ғой, пайдаланбасаң, құр тұрып-ақ тоз-тозы шығады» деп жұбатқың келеді, бірақ... Алматылық Әйгерім Асқарбекованың жасауы да өз қатарластарынан асып түспесе, кем болмаған. 2017 жылдың қазанында құтты орнына қонған арудың артынан апарылатын дүниелерді анасы қызы мектепте оқып жүргенде жинай бастаған. Көрпе-төсегін тігетін қымбат маталарды, қолға түскен хрусталь ыдыс-аяқтарды шетінен сатып ала беріпті. Қалған заттарын ұзатылар алдында түгендеген. «Қыз жасауы ретінде соңғы үлгідегі теледидар, тоңазытқыш, кір жуғыш машина алдық, жалпы тұрмыстық техникаға 500 мың теңге жұмсалды. Барлық ыдыс-аяқты түгендедік. Асхана заттары түгелімен Аura компаниясынан сатып алынды. Оған шамамен 80 мың теңге жұмсалды. Су тазалауға арналған фильтр – 300 мың теңге. Көрпе-төсекті тапсырыспен Бішкекте тіктірдік: 10 көрпе және 5 жастық, 5 төсек-орын жабдығы. Қорғасқа барып, 310 мың теңгеге күзен тон, 60 мың теңгеге құндыз бөрік алдық. Италиядан тапсырыспен 300 мың теңгеге етік алдырдық. Қалған заттар – көйлек, шалбар, іш киім, аяқкиім, спорттық киімге дейін Түркиядан алынды», ‒ дейді Әйгерім. Жасауының жалпы құны 4 млн теңгені маңайлаған. Дәулетті отбасының қызы мұны көп шығын көрмеген тәрізді. Оның үстіне, жас отбасының үш бөлмелі пәтері бар екен. Жасау ретінде апарылған бұйымның бәрі өз орнын, қолданысын тапқан. Қысқасы, құда да, құдағи да мәз.

«Керек-жарағымызды үй  алғаннан кейін түгендейміз»

Көктемде Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірін тәмамдайтын Әсия Сұлтанғалиева да жуырда өзге шаңырақтың табалдырығын аттамақ. Өзі Жамбыл облысының тумасы, болашақ жары – Жетісудың жігіті. «Екі өңірдің той дәстүрлерінде өзгешелік көп. Мәселен, біз жақта ұзатылатын қыздың қалыңмалының қомақты болуына ерекше мән беріледі. Қыздың шыққан тегі, алған білімі, құдалардың атақ-абыройына қарай берісі 500 мың теңгеден басталып, арысы 1 миллион, 1,5 миллион теңгеге дейін барады. Егер қалыңмал көлемі көңілдегідей болып жатса, қыздың ата-анасы да жолынан жығылмай жасауды, құдаларға апарылатын киітті барынша жарқыратып апаруға тырысады. Ал Алматы облысында қалыңмал көлемі тұрақты – бір жылқының құны. Байдың да, кедейдің де апаратыны сол. Ертең екі жақта түсініспеушілік тумас үшін жуырда анам мен болашақ жарымның анасы кездесіп, жөн-жоралғыларды қалай жасайтындарын ақылдасты. Біздің өтінішіміз бойынша шығынды барынша азайтып, тек ең маңызды дәстүрлерді жасауға келісті. Екі жақтың да құдалығы киітсіз өтетін болды. Құдалар бір-бірінің туған-туыстарына тегіс тарту-таралғы жасамайды. Тек ата-аналарымыз бір-біріне ғана сый дайындайды. Қыз жасауын ақшалай беретін болды. Өйткені үйленген соң алғашқы салымын құйып, ипотекалық несиеге бір бөлмелі пәтер алмақшымыз. Ата-анамыз ұсақ-түйекке ақша жұмсағанша, жастарға тезірек үй алуға көмектескеніміз дұрыс деп шешті. Анам қызымның алдындағы парызым деп көрпе-төсегімді тіктіруде. Қалған керек-жарағымызды үй алғаннан кейін түгендейміз. Қазір ақырындап пәтер қарап жүрміз. Баспана бағасы күннен күнге қымбаттап барады. Тойды абыроймен өткергеннен кейін, өзіміздің жиғанымызды, ата-анамыздың бергенін қосып, бірден депозитке құямыз», – дейді Әсия. Қыздың бәрі Әсиядай ақылды болса дейсің, шіркін. Қонақ деп төріне шығарып, аялап өсірген ұясын ойлайтын қыз қияға ұшарда «ананы әпер, мынаны әпер» деп ата-анасын қарызға батырып кетпесе керек-ті. Олай болмас үшін әке-шеше баласының бойына кішкентайынан қарапайымдылық пен қанағатшылдықты сіңіріп өсіргені абзал. Осы орайда, қарт Қаратаудағы Келіншектау туралы аңыз ойға оралады. «Ертеде бiр дәулеттi кiсi қызын ұядан ұшырарда оның ыдыс-аяғын түгелдей алтыннан жасатыпты. Алайда, итаяғына келгенде алтын таусылып қалған көрiнедi. «Итаяғым алтыннан емес» деп жылаған қызына әкесi қатты налып, «тас бол!» деген екен. Содан әке қарғысы қабыл болып, ұзатылып бара жатқан қалыңдық жасауымен бiрге тасқа айналып кетiптi. Келiншектау атауының шығу тегi осындай» дейдi көнекөз қариялар. Ел аузындағы бұл аңыз ертең өзге отауға ұзатылар әрбiр қыз балаға ой салуы тиіс. Айкүміс Пазылбекова, зейнеттегі дәрігер: – Басы артық шығынға батып, ысырапшылдыққа бой бермес үшін халқымыз қызына санаулы төсек көрпесі мен ыдыс-аяғын ғана берген. Бұл үнемшілдіктің астарында үлкен тәрбиелік мән жатыр. Ата-әжелеріміз екі жас бас қосқаннан кейін қалған дүние мүлкін өздері еңбекпен, өмірдің ащы-тұщысын бірге көре жүріп табатын болса, олардың отбасының іргесі берік болатынын айтады. Яғни, жастар арасында сыйластық, ынтымақ орнап, «еңбекпен тапқан нанның» қадірін тереңірек ұғынады екен. Ал ата-аналары дүниесін түгелдей алып берген, еш нәрсеге мұқтаж емес жұп мұны ұғына қоюы екіталай. Оның үстіне, қыз жасауының қарапайым болуы отбасындағы ауызбіршілікті сақтауға себепші. Бағасы қымбат жиһазды, сол үйдегі еркетотай жиендер мен немерелер бүлдірмей қоймайды. Отбасындағы кикілжің, ұрыстың басы осыдан басталады. Ал оған түсіністікпен қарайтын келіндер сирек. Сондықтан жасауын берерде ата-анасы осыны да ескеріп, қызының барған жерінде тіл табысып кетуін ойлағаны дұрыс. Бұрын ата-бабаларымыз қыз ұзатқанда төсек көрпе, қонақ көрпе, қонақ күтуге арналған ыдыс-аяқтар мен сандығын ғана берген. Ойлап қарасаңыз, мұның астарында үлкен мән-мағына жатыр. Гүлім Кемелбекқызы, тәрбиеші: – Тұрмыс құратын қыз баланың артынан не апарса да жарасады деп ойлаймын. Қызы бір-ақ рет ұзатылатындықтан, ата-ана шығынды көпсінбей, тарылмай, жас отауға керекті дүниенің бәрін бергені жөн. Қыз жасауы – ананың қызына арнаған аманаты. Ұзатылған қыз артынан келген әрбір бұйымды анамның әпергені деп көзінің қарашығындай сақтап, ұқыпты пайдаланады. Содан болар, басқа заттарға қарағанда қыз жасауымен бірге келген бұйымдар отбасыға ұзақ қызмет етеді. Жасы ұлғайып, ене, әже атанса да «анамның көзі» деп үйдегі кей бұйымдарын әлі күнге дейін ерекше ықыласпен қолданатын кісілер бар. Мәселен, анамның берген термелi алашасын пайдаланып келе жатқаныма 30 жылдың жүзі болды. Өйткені ол маған өте ыстық. Оның қалай жасалғанын да өз көзiммен көргенмiн. Бүгінге дейін өңiн де берген емес. Халқымыз «Шеше көрген тон пiшер» деген сөздi тектен-тек айтқан жоқ. Қазiргi уақытта ешкiм қолдан киiз басып, кiлем тоқымайды. Тіпті, көрпені де тікпейді. Перзентiн ұядан ұшырарда ата-ананың қалтасы қағылатыны да сондықтан.