Болат Шакиров: Наурыз көженің дәмін ұмытқан емеспін

Болат Шакиров: Наурыз көженің дәмін ұмытқан емеспін

Болат Шакиров:  Наурыз көженің дәмін ұмытқан емеспін
ашық дереккөзі
  Әу баста Болат Шакировтың аты-жөнін естігенде «қазақ шығар» дегеніміз рас. Дереу интернетті ақтарып, мәліметтерге көз жүгірттік. Өмірбаянында да ұлты туралы дерек жоқ. Сөйтіп, Фэйсбуктегі парақшасында хат алмасып, ұлты татар екенін білдік. Бұл азаматқа қызығушылық неге артты дейсіз бе? Болат Шакиров Ресейдегі жас кәсіпкерлер тізімінің көш басында. Бұған дейін бірқатар белді компанияларда жауапты қызмет атқарған ол бүгінде Ресей Сауда орталықтары кеңесінің президенті. Біз де табыстың кілтін тапқан кәсіпкер Болат Шакировпен аз-кем тілдескенді жөн санадық. – Болат мырза, сізге не үшін хабарласқаным қызық болып тұрған шығар. Әу баста «Ресейдің бизнес саласын бағындырып жүрген қазақтың қай баласы екен?» деген қызығушылық пайда болды. Бірақ өзіңіз білетін шығарсыз, қазаққа татар халқы да жат емес. Біздің ежелден түп-тамырымыз бір емес пе?! – Иә, сіздің неше күннен бері хат жазып, тыным таппай жүргеніңізден-ақ түсіндім. «Бұл кісі мені «қазақ» деп ойлады-ау» деген ой сол кезде келген еді. Әрі Қазақстаннан тілші хабарласып, сонау Ресейдегі бауырлас азаматтарын іздеп жатқанға қуанып қалдым. Сіздер мені қазаққа балап, жетістігіме тәнті болсаңыздар, соның өзіне мың алғыс. Қазақ пен татар бағзыдан туысқан халық. Көп жағдайда өмір сүру салтымыз да, бала тәрбиелеу мәдениетіміз де ұқсас. – Ал кәсіпкерлік салада талай биікті бағындырып жүрген Болат Шакировтың мансап баспалдағы неден басталды? – Өзім Мәскеуде туып-өстім. Әке-шешем Қазан қаласында тұрады. Мәскеудегі Заң институтын құқықтанушы-заңгер мамандығы бойынша тәмамдадым. Институтты қызыл дипломмен бітірген соң, осы салада біраз қызмет атқардым. Атап айтқанда, Ресейдегі Интерпол ұлттық орталық бюросында заңнамалық мәселелер бойынша жұмыс істеуім еңбек жолымда табысқа жетеледі. – Білуімше, Интерполда табан аудармай бес жыл жұмыс істеген екенсіз. Жалпы, құпия құжаттарды ақтару, оның қыр-сырын ашу да қызық шығар... – Жоғары оқу орнын бітірген соң, келісімшарт бойынша міндетті түрде құқық қорғау саласында 5 жыл жұмыс істеуіме тура келді. Оның үстіне үздік студенттің бірі ретінде Интерпол мені өзі тауып, ұсыныс жасады. Мұндай аты дардай мекемеге шақырып тұрса, неге бармасқа?! Әрі тәжірибе жинақтауға таптырмайтын жұмыс. Шынымды айтсам, Интерполда жұмыс істеудің өз қызығы да, қиындығы да бар. Былайғы жұрттың Интерпол туралы түсінігі көмескі. Интерпол –  «International polіcie» сөзінің күрделі қысқартылуынан құрылған. Алғаш 1914 жылы сәуір айында 14 елдің сарапшы-заңгерлері мен полиция офицерлері Монакода криминалды полицияның бірінші Халықаралық конференциясына жиналғаны тарихтан белгілі. Бұл 1923 жылы құрылған қылмыстық полицияның халықаралық ұйымы ретінде танымал. Штаб-пәтері 1972 жылдан бері Францияның Лион қаласында орналасқан. Әр мемлекетте ұлттық орталық бюросы бар. Интерпол ұйымының мақсаты – елдердің қолданыстағы заңдары шегінде қылмыстық полицияның барлық органдарының өзара ынтымақтасуын қамтамасыз ету, жалпы қылмыстық істермен күресудің алдын алуға тиімді көмектесетін мекемелерді құру және дамыту. Бүгінде Интерпол қылмыскерлерді тіркеудің халықаралық орталығы ретінде әрекет етеді, сондай-ақ, қылмыскерлерді, күдікті, хабар-ошарсыз жоғалған адамдарды, ұрланған құндылықтарды халықаралық іздестіру жұмысын үйлестіруді жүзеге асырады. Қазіргі уақытта Интерпол 190 елдің өкілдерінен, әлемнің барлық елдерінің полиция офицерлері жұмыс істейтін Бас хатшылықтан тұрады. Тағы бір айта кетерлік жайт, Интерпол қызметі әр елдің аса қауіпті қылмыскерлерін іздеу барысында олардың тізімін жаңартып отырады. Қылмыс әлемінде аты шыққан баукеспелерге де халықаралық полиция іздеу салады. Интерполға мүше мемлекеттердің құқық қорғау органдарының халық­аралық сипаттағы қылмыстармен күресте қызметін ұйымдастыру және үйлестіру мәселелері бойынша үздіксіз жұмыс жүргізіледі. Әрине, осы істің бәрін мейлінше жүйелі түрде атқарып отырған Интерполдың еңбегі зор. Ал өзім зерттеген, ақтарған құжаттар туралы айтпай-ақ қояйын. Мұның бәрі бізде құпия сақталады. Көптеген қызықты жобалармен шұғылдандым. Жүктелген тапсырманы орындау үшін шетелге жиі шығып тұрдым. Шынымды айтсам, Интерполда жұмыс істегенімнің арқасында талай жайтқа қаныға түстім. – Интерполда жүріп, жылжымайтын мүлік нарығына қалай тап болдыңыз? – Коммерциялық жылжымайтын мүлік саласына кеткен себебім, отбасылы болып, тұңғышым өмір есігін ашты. Бұрынғыдай шетел асып, іссапарға шығуды азайтуға тура келді. Оның үстіне сол жылдары Интерпол құқық қорғау органы Ресейде айтарлықтай қолдауға ие болмады. «Іздегенге – сұраған» демекші, жақсы танитын ағылшын досым Стив Лидстоун шақырды. Ол сол кезде Ресейдегі IKEA компаниясының дамуымен айналысып жүрген еді. Әуелгіде Ресей нарығына жаңадан келіп жатқан IKEA компаниясында менеджер болдым. Сауда орталықтары мен дүкендер ашумен айналыстым. Сол уақытта компанияның Мәскеуде жалғыз дүкені болды. Кейін біртіндеп сауда орталықтары ашыла бастады. Осы компанияда 6 жыл жемісті жұмыс істеппін. Жалпы, өзім бизнес саласындағы жұмысымды сауда орталықтары индустриясынан бастадым. Оған дәлел ретінде «Мега» бренді аясында алғашқы сауда орталығын аштым. Бұл саладағы тәжірибем сауда орталықтарын дамытудан және басқарудан басталды. – Бұл «Меганың» Қазақстандағы «Мега» сауда ойын-сауық орталықтарына қатысы жоқ па? – Алматыда және Қазақстанның басқа қалаларында «Мега» сауда орталықтары бар екенін білемін. Бірақ бұл атауы жағынан сәйкестік қана. – Сіз Praktika Development компаниясының бас директоры, Optima Development компаниясының вице-президенті қызметін де атқарыпсыз. Біраз жылдан бері жас кәсіпкер ретінде танымалсыз. Адамға алға қойған мақсатына жету үшін не қажет? – Дұрыс айтасыз. 39 жасыма дейін талай жерде жұмыс істедім. Бұл жетістікке оңай жеткен жоқпын. Өзімді жас кәсіпкер сезінсем де, қазір менен де жас кәсіпкерлер жетерлік. Меніңше, өмірде өз жолыңды табу үшін ең алдымен сапалы жоғары білім алу керек. Және кез келген жұмыста еңбекқор болу қажет. Жас кезде бәрін білуге, үйренуге талпыну көңіліңе қанат бітіреді. Мұның нәтижесін жылдар өткен сайын кәсіби түрде түсінетін болады. Ал аянбай еңбек еткен маман сөзсіз жетістікке жетеді. Қымбат маркада шыққан соңғы көлікті сатып алу, қымбат сағаттардан коллекция жинау жаныма жат. Үнемшіл әрі демократия жағынан ашық IKEA компаниясында жұмыс істей жүріп ысыраптың не екенін білдім. Бірде осы компанияның негізін қалаушы Ингвар Кампрадпен пікір алмасқанда таңғалдым. Ол алып империяны аяқтан тұрғызып, қожайыны атанса да, өте қарапайым. Себебі оған осылай өмір сүру ыңғайлы. – Ресей Сауда орталықтары кеңесінің президенті ретінде айтыңызшы, мұндай мекемені басқару қиын емес пе? Жалпы, өз бойыңыздан көшбасшылық қасиетті көресіз бе? – Қазір бұл кеңесті басқарып отырғаныма 3 жыл болды. Қоғамдық ұйым Ресейдегі девелоперлерді, құрылыс компанияларын, құрылысшыларды, сауда орталықтары саласындағы басқару компанияларын біріктіреді. Біз негізінен коммерциялық секторда жұмыс істейміз. Әрине, осыншама компанияларды бір арнаға тоғыстыру үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өз бойымда көшбасшылық қасиет бала кезімнен бар сияқты. Мектепте, одан кейін жоғары оқу орнында ұйымдастыру жұмыстарын атқаруға жақын болдым. – Ал коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығындағы жағдай туралы не айтасыз? Маман ретінде қандай болжам жасар едіңіз? – Қазіргі жалпы ахуал жақсы деп айта алмаймын. Халықтың сатып алу мүмкіндігі төмендеп барады. Соған қарамастан, сауда орталықтарына тұрғындардың келуі бәсеңдеген жоқ. Тіпті, кейбір сауда орындары адамнан үзілген емес. Шын мәнінде, соңғы кезде халық тауар түрі мен сапасынан бөлек, бағасына да мән беретін болды. Бұл нені білдіреді? Яғни, халықтың тұтыну қабілеті төмен деген сөз. Бұл жағдай жақын арада түзеледі дей алмаймын. Себебі қазір Ресей жан-жақтан қыспаққа алған санкцияның астында қалды. Оның үстіне доллар мен еуроның рубльді ығыстыруы да коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығының қарқын алуына кедергі келтіруде. Жалпы, жағдай біртіндеп дұрысталатын шығар, бәлкім 3-5 жылдан кейін түзеліп қалар деген ойым бар. – Санкция деп қалдыңыз ғой. Бұл санкцияның Ресей бизнесіне кері әсері қаншалықты байқалуда? – Бір емес, бірнеше рет жарияланған санкция Ресей бизнесіне әжептәуір салқынын тигізді. Бұған дейін Ресей нарығына кіріп алған еуропалық, америкалық компаниялар ғана даму үстінде. Ал алып мемлекеттің нарығына басын сұға алмай жүргендері қаншама?! Соның салдарынан жаңа танымал компаниялар бизнесін бастау үшін тәуекелге бара алмай, тығырыққа тірелді. – Қазір Мәскеу тұлғалары ішіндегі рейтингте 4404, ал Бас директорлар рейтингінде 512 орында тұр екенсіз. 150 миллионға жуық халқы бар Ресейде татар ұлы мұндай жетістікке қалай жетті? – Шынымды айтсам, сондай рейтинг көрсеткіштеріне мән бермеппін. Және сол тізімде нешінші болып тұрғаныма да қызықпаппын. Қарамайтын да шығармын. Бар болғаны өз ісімді кәсіби тұрғыда білемін, сол бойынша еңбек етіп келемін. Маған компания жылдан жылға дамыса, мүдделес, серіктес әріптестермен бірге алға қойған мақсатқа жетсек, бұдан артық жетістік жоқ. – Қазақ Болат деген есімді балаға мықты және алдынан шыққан жауына қарсы тұра алатын, яғни,  құрыш білекті, болаттай берік болсын деп қояды. Сондықтан бұл есім қазақтар арасында кең тараған. Сол себептен де сізді іштартқан едік... Енді?!. – Әке-шешемнің қойған атына қашан да құрметпен қараймын. «Болат» деген есімнің өзі қашан да «болаттай берік бол!» дегенге шақырып тұрады. Сондықтан маған босаңсуға, мүлт кетуге болмайды. Анам – дәрігер, әкем – бұрынғы әскери қызметкер. Менен кейін қарындасым бар. Ал өзімнің бір ұл, бір қызым бар. Ұлым Бақтияр – 14 жаста, қызым Алина – 8 жаста. Әйелім де – дәрігер. Жалпы, қазақ пен татарды байланыстыратын дүние көп. Біздің есімдеріміз де ұқсас, салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз да етене жақын. Түркітілдес халық болғандықтан, тәрбие жағынан да алыс емеспіз. Бауырлас, туысқан ұлт ретінде қазақ пен татар бір-бірін алыстан таниды. Екі ұлттың арасында мәдени-тарихи жағынан да үзілмейтін тамыр бар. Бұрын қазақ пен татар біртұтас халық саналды. Оларды біріктіріп тұрған ерекше күш – түркітілдес халықтың рухы деп білемін. – Татар ұлтының өкілі ретінде салт-дәстүрді ұстанасыз ба? – Әрине, шамам келгенше ұмытпауға тырысамын. Түркітілдес халықтың өкілі ретінде бұл жағынан сіз бен біз өте жақын шығармыз. Екі ұлтқа ортақ дүниенің бірі – ұлттық мейрам, жыл басы – Наурызды атап өту емес пе?! Жеті дәмнен тұратын Наурыз көженің дәмін ұмытқан емеспін. Мәскеуде де түркітілдес ұлт өкілдері жиналып, Наурыз мерекесін тойлап, наурыз көже пісіреді. Үнемі сырттай ауызбірліктеріне тәнті боламын.  – Қазақстандық компаниялар және кәсіпкерлермен әріптестік байланыс бар ма? Қазақстанға келіп тұрасыз ба? – Қазақтардың ішінде достарым көп. Дәл қазір қандай да бір келіссөз орнамаса да, Қазақстанда сауда орталығы және коммерциялық жылжымайтын мүлік нарығымен айналысатын әріптестерім жетерлік. Кейде пікір алмасып тұрамын. Алматы мен Астанаға жиі жолым түседі. Маған Алматы да, Астана да қатты ұнайды. Екеуінің ауа-райы бөлек, табиғаты да басқаша. Сондықтан екі қала да өзінше әдемі. – Әңгімеңізге рахмет! Табысты болыңыз!  

Әңгімелескен

Динара Мыңжасарқызы