Жаңалықтар

Көлікті ұршықша үйірген ханымдар

ашық дереккөзі

Көлікті ұршықша үйірген ханымдар

Қоғамның әр саласында еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер көп. Әсіресе, ердің ісін әйел атқарған бүгінгі заманда бұған таңдану да өрескел. Біздің бүгінгі екі кейіпкер де – нағыз батыр. Бірі – троллейбус жүргізушісі, екіншісі – ауыр КамАЗ-дың тізгіндеушісі. Біз 8 наурыз әйелдердің халықаралық мейрамына орай, елге қызмет етіп жүрген ханымдарды құттықтаған едік. Сәуле Қаражігітова, троллейбус жүргізушісі:

Осы мерекеде нәзікжанды екенімізді сезінеміз

– Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы, Құм­өзек ауылында туып-өстім. Жасым 52-де. Екі оқу орнын бітірдім. 9-сыныпты бітірген соң Алматы облысы, Қаскелеңде мәдени ағарту мамандығын, сосын ЖенПИ-дің музыка факультетін тәмамдадым. Бірақ мамандық бойынша жұмыс істемедім. Өмір маған көп нәрсені үйретті. Әуелі жеңіл машинаны жүргізуді оқыдым да, бірден Газель көлігін айдап кеттім. 2000 жылдары несиеге ақша алып, КамАЗ-ды сатып алдым. «Алтын орда» базары ашылып жатқан кез. Су жаңа Камаз-ды тізгіндеп, еліміздің басқа өңірлеріне тауар тасуға бел будым. Ештеңеден қорыққаным жоқ. Ауыр көлікті жүргізу өмірдің сан алуан қиындығының қасында түк те емес. Қазақ «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» дейді ғой. Бала-шағаны бағу үшін бәріне тәуекелге барады екенсің. 32 жасымнан бері Кам­АЗ жүргізіп, ыстық-суығына бойым үйреніп алды. Қазір 20 жыл болды. Қазақстанның түкпір-түкпіріне тауар тасымалдаймын. Өзім үшін жұмыс істеймін. Барған жеріме байланыс нөмірлерімді қалдырып кетемін. Құдайға шүкір, клиенттерім бар. Бәрі де келісуге байланысты ғой. Кейде ақша қажет болып тұрса, саудаласпай-ақ жолға шыға беремін. Кез келген затты жеткізіп беруге дайынмын. 2000 жылдары Ташкенттен мата, Бішкектен киім-кешек, кілем, т.б. тауарлар тасыдым. Көктем келіп, ел-жұрт қыбырлай бастаса, біз де жұмысқа кірісеміз. Содан күзге дейін тыным жоқ. Әу баста осы көлікті сатып аларда күйеуім қарсы болды. Ол жеңіл көлік, ал өзім ауыр машинаны жүргіздім. «Ел-жұрт не дейді?!» деп намыстанады. «Гауһар, осы тірлігіңді қойсаңшы, басқа да жұмыс табылады ғой», – деп ақыл айтпақ болады. Ақшадан тарығып жүріп, жеңіл көлікте әдемі боп отырғаннан не пайда? Қысқасы, «Ауырдың асты, жеңілдің үстімен» жүргісі келді. Жасыратын несі бар, қазіргі ер азаматтардың біразы осындай. Содан осы жағдай бар, басқа да себептер пайда болып, екеуміз екі жолмен кеттік. Екі ұлымды өсіру, жетілдіру өз мойныма артылды. Бұрынғыдан да көп жауапкершілік жүктелді. Құдайға шүкір, осы көліктің арқасында үй салдым, джип сатып алдым. Тіпті, ұлдарым кішкентай кезінде жанымнан қалмайтын. Қазір өсті, есейді. Кейде кенже ұлым: «Мама, шаршадың ғой, КамАЗ-ды сатайықшы», – дейді жаны ашып. «Қой балам, әлі сендерді оқытып, үйлендіріп, баспана сатып алу керек. Енді 5-6 жыл жүргізейін, сосын бұл жұмысымды қоямын», – деймін. Адамның істегенін адам істейді. Өзім жылқы жылы өмірге келген соң, үнемі жарысып жүргенді жақсы көремін. Құрбы-құрдастарымның арасында газель айдап жүрген қыз-келіншектер көп. Солардың бәрі еріккендіктен емес, бала-шағаны асыраудың қамымен жүр.

Бес минутта 10 шақырым жүгіргенмін

Әуелгіде МАИ қызметкерлері құжат тексеруге тоқтатқанда таңқалатын. Бірақ «әйел екен ғой» деп жеңілдік жасайтындары саусақпен санарлық. «Ставкаңызды қалдырыңыз да, жүре беріңіз», – дейді бетіңе бағжия қарап. Ілуде біреуі ғана «О-о, апай, сіз бе?! Жолыңыз болсын!», – деп сәт-сапар тілейді. Ал өзім жол ережесін бұзып, МАИ қызметкеріне ұсталған емеспін. Жол үстінде жүретіндіктен қызық жайттарға да тап боласың. Бірде түнде еңіс жолдан құлдилап келе жатқанда тежегіш майы ағып кетіп, алдымдағы көліктерге «қашыңдар» деп қол бұлғап, сигнал беріп, әрең тоқтатқаным бар. Әсіресе, асудан құлдилап түскенде қорқынышты. Егер жүгің ауыр болса, бірқалыпты жылдамдықпен жүруге тура келеді. КамАЗ-ды жаңадан жүргізіп жүрген кезім. Екі жігіт: «150 шақырым жерден заттар әкелу керек еді», – деп көлікті жалдады. Сөйтсем, 250-300 шақырым екен. Дәл сол кезде мотордың бір жерінен май ағып жүрген. Бір уақытта таудың басына шығып кеттік. Көлігімнің даусы ғыр-ғыр етіп, жөнді тартпайды. Моторды ашсам, май бітіп қапты. Бір құты майым түк болмады. Сосын әлгі екі жігітке: «Сендер қала беріңдер. Дереу төменге түсіп, май алып келейін», – деп тас жолмен жаяу тарттым. Әлгі биік еңіс пен тас жолға дейінгі арақашықтық 10 шақырым екен. Сізге өтірік, маған шын, артымнан қасқыр ма, шибөрі ме, білмеймін, бір жыртқыш аң қуды. Жанұшыра жүгіріп, 5 минутта 8 шақырымға безілдеп, мал бағатын ауылдан бір-ақ шықтым. Қайта жаз мезгілі еді. Кешкі сағат 10 шамасында бір үйге барып, қонып, таңертең ерте май тауып алып, көлігіме әрең жеткенім есімде. Ұзын жолда тұрған адамның жанына тоқтай қалып: «Қайда барасыз? Отырыңыз» десем ерекше таңқалыспен қарайды. Әйел болған соң, айдалада адасып қалды ма екен деп тоқтаймын ғой баяғы. Ал кейбіреуі «Сағаттап қол бұлғасақ та, КамАЗ тұрмақ, жеңіл көлік әрең тоқтайды ғой» – деп, күледі. «КамАЗ-дың даусынан шаршамайсыз ба?» дейтіндер көп. Мұндайда жауабым дап-дайын. «Керісінше, көлігімнің даусын естімесем, өзімді қоярға жер таппай, сағынып қаламын. Енді кем дегенде 5 жыл, әрі кетсе 10 жыл жүргізетін шығармын.