Құшағы гүлге толы арулар

Құшағы гүлге толы арулар

Құшағы гүлге толы арулар
ашық дереккөзі
Көктемді қыз-келіншектер айрықша күтеді. Тотыдайын таранып, Жер-Анамен бірге жасанып, жадырап шыға келетін арулар жылдың осы мезгілінде ерекше сұлу. Өйткені көктем – мерекенің, думанды мейрамдардың қызар шағы. 1 наурыз – Алғыс айту күні болса, бүгін – халықаралық аналар мен қыздар мерекесі, 22 наурыз – қазақша жыл басы. Осы мерекелерге орай елімізде гүл саудасы қыза түседі. Құлпырған қызғалдақтар, раушандар, мамыргүлдер мен лалагүлдер қала атаулыны шырайландырып, көше біткеннің көркін кіргізеді. Сағындырып жеткен көктемнің жаршысындай болып жайқалған гүлдер Алматының да ажарын аша түскен.

Бір жылға азық болар бір күн

Елімізде гүл бизнесі жылдың өзге мезгілдерінде сылбыр болғанымен, көктемде, әсіресе, 8 наурыз мерекесі қарсаңында ерекше дөңгелейді. Өйткені халықаралық әйелдер күнінде ер азаматтар аналарына, сүйікті жарларына, қалыңдықтарына «тосынсыйдың төресі» – гүл сыйлауға асығады. Арулардың талғамы әр түрлі болғанымен, сыйлыққа гүл алғанды ұнатпайтын қыз-келіншек жоқ. Мереке күні құшақ-құшақ қызғалдақ, раушан құшақтап, жүзі бал-бұл жайнаған әйелдер қауымы айналаның бәрін нұрландырып, жарқыратып жіберетіндей. 8 наурыздың басқа мейрамдардан ерекшелігі де – сол. Аяулыларын қуантуға асыққан ер азаматтармен бірге мейрам қарсаңында біз де гүл дүкендерін аралауға шықтық. Ондағы ойымыз – гүл саудасының аңысын аңду. Мейрам уақытында айрықша көбейіп, көздің жауын алатын гүлдердің қайдан жеткізілетінін, бағасы қалай құбылатынын, қандай гүлдерге сұраныс жоғары болатынын, оларға күтім қалай жасалатынын білу. Қысқасы, гүл бизнесінің айналасындағы көпті қызықтырған барлық сұрақтарға жауап алмақпыз. Әуелгі аялдағанымыз – «Сарыарқа» базары. Базардың сырт жағында төрт гүл дүкені қаз-қатар орналасыпты. Төртеуіне кезек бас сұққанда байқағанымыз – дүкендердің ұсынар тауары да, бағасы да бірдей. Мереке кезінде жоғары сұранысқа ие болатын қызғалдақ гүлінің бір талы – 500 теңге болса, раушан гүлінің бір данасы 600 теңгеден сатылуда. Ең шеткі дүкеннің сатушысын сөзге тарттық. Алдыңғы үш дүкеннің сатушысы да, егде тартқан бұл әйел де – орыс. Аты Галина екен. Кірген бойда асты-үстімізге түсіп, гүлді кімге алмақшы екенімізді, бағасы қандай шамада болуы керегін тәптіштеп сұрай бастады. Мен анамды, құрбым ұстазын қуантқысы келетінін айттық. Зыр жүгіріп, тауарының ішінен ең таңдаулыларын көрсетті. Алдын-ала дайындалып, көркем безендірілген гүл шоқтарының ең арзаны 2500 теңгеден басталып, 18 мың теңгеге дейін барады екен. Егер гүл шоғын өз талғамыңызға қарай будырып-түйгізгіңіз келсе, мархабат. Орайтын қағазына, буатын бауына, таңдаған гүліңіздің түр-түсіне, санына байланысты баға да құбыла береді. Ең қарапайым қағазбен оралып, артық ұсақ-түйексіз безендірілген бес тал раушан гүлінің бағасы – 3500 теңге. Ал дәл солай буылған қызғалдақ шоғының бағасы 3000 теңге. Екі гүл шоғын алатынымыз үшін Галя апай жалпы сомадан 500 теңге жеңілдік жасауға дайын екенін айтты. Бір-бірімізге, содан кейін әмиянымызға қарадық та, ақшамыз аздық етіп тұрған кейіп таныттық. Сатушының уақытын текке алғанымыз үшін өзімізді айыпты сезініп, кешірім сұрадық та, жөнімізге, яғни журналистік жолымызға қайта түстік. Ы.Алтынсарин көшесінің «Сарыарқа» базарына қарама-қарсы бетінде де гүл саудасы қызу. Шағын үстелдердің үстіне раушан мен қызғалдақтарды бір талдан орап, қаз-қатар тізіп қойған саудагерлер әр үш-төрт қадам сайын қадалып отыр. Дүкендерден гөрі, осы сатушылардың маңына жиналған жұрттың қарасы көбірек. Өйткені олардың тауарының бағасы дүкендегіден әлдеқайда арзан. Мәселен, қызғалдақтың бір талы 350, 400 теңгеден болса, раушан гүлін 500 теңгеден сатуда. Сатушылар зыр қағып-ақ тұр. «Сауда – сақал сипағанша». Бірақ мереке күндері бақылауды күшейтетін тәртіп сақшыларының көзіне түссе, заңсыз бизнестерін тоқтатуға тура келеді. Жүгін жинап, тым-тырақай қашқан кейбірі жауапкершіліктен сытылып кеткенімен, із суытып үлгермегені айыппұл арқалайды. Келесі бас сұққанымыз – Төле би және Момышұлы көшелерінің қиылысындағы шағын гүл дүкені. Отыздар шамасындағы бойшаң жігіт гүл таңдап тұр екен. Бағасы 8 мың теңге тұратын гүл шоғының ақысын төлеп, мекенжайын жазып беріп кетті. Жақын маңда тұратын секілді. Гүлді мереке күні таңертең үйіне жеткізіп беруді өтінді. Келіншегіне тосынсый жасамақшы екен. Сатушы жеткізіп беру қызметі үшін қосымша ақы алып, гүл шоғын келіскен уақытта апарып беруге уәде берді. Әлгі жігіт жөніне кеткен соң Анна ханым (сатушы) бізге қызмет көрсетуге кірісті. Гүлдердің бағаларын сұрастырып жатырмыз. Алдыңғы барған дүкендерде көзіміз шалмаған қызғалдақтың ерекше түрлері бар екен. Олардың қалай аталатынын, қайдан жеткізілетінін сұрастырдық. «Бұрын бастығым (дүкен иесі) раушан, қызғалдақтың ерекше сұрыптарын Голландиядан тапсырыспен алдыратын. Бірақ олар шекараның ар жағынан жеткенше бүлінбей, солмай жетеріне кепілдік жоқ. Шығынға батқан кездеріміз де болды. Бірақ сатып алушылар голландиялық гүл бар ма деп жиі сұрайтындықтан, жеткізу машақатына көз жұма қарайтынбыз. Қазір елімізде гүл өсіретін жылыжайлар жетерлік. Алматының маңайында да бірнешеуі бар. Солармен жұмыс істейміз. Олар гүл көшеттерін Голландиядан әкеліп отырғызатындықтан, алынған өнімнің голландиялық гүлдерден еш айырмашылығы жоқ. Өзіміздің өнім десең, менсінбей қарайтын кейбір сатып алушыларға Голландиядан әкелінген деп ұялмай сата береміз», ‒ деп сатушы маркетингтік құпиясын ашты. Анна ханымның айтуынша, гүл дүкендерінің жылдық табысының негізгі бөлігі Халықаралық әйелдер күнгі саудадан түседі. Сондықтан бизнестің осы түрімен айналысатын кәсіпкерлер 8 наурызға айрықша дайындалады. «Кей жылдары 8 наурыз күнгі табысымыз бір жыл бойғы тапқан қаржымыздан асып түскен. Өйткені мереке қарсаңында жекелеген азаматтардан бөлек, кәсіпорындардан, мекемелерден ірі көлемде тапсырыс түседі. 50, 100 тал гүлге дейін тапсырыс беретіндер бар. Мәселен, екі күн бұрын қаладағы ірі компаниялардың бірі 150 тал раушан гүлін сатып алды. Олар саудаласып жатпайды ғой, сұраған бағаңа алады да кетеді», ‒ дейді ол.

Жылыжайдағы жылы шырай

Анна ханыммен қоштасарда өздері тұрақты жұмыс істейтін жылыжайдың мекенжайын, байланыс деректерін сұрап алдық. Ендігі бағытымыз – сатушы нұсқаған Glory Way жылыжай шаруашылығы. Алматының іргесінде орналасқан бұл шаруашылықтың қожайыны – Вячеслав Бурыкин. Гүл сатушылар арасында «гүл патшасы» атанып кеткен кәсіпкердің бұл істі кәсіп еткеніне бірнеше жылдың жүзі болған. Жылыжайдың бір гектарынан күніне бірнеше мың раушан гүлі жиналады. Яғни, шаруашылық қаланың гүлге деген сұранысының жартысын қанағаттандыруға қауқарлы. Алайда көктем мерекелері кезінде, әсіресе, 8 наурыз қарсаңында гүлге тапсырыс бірнеше есе өсетіндіктен, бұл мезгілде жылыжай қызметкерлерінің жұмысы қызады. «8 наурыз – гүл өсірушілерді жыл бойы асырайтын күн» дейді олар әзіл-шынын араластырып. Вячеслав Васильевичтің гүлге, әсіресе, раушан гүліне деген құмарлығы ертеде оянған. Ол – химия маманы, ұзақ уақыт бойы қорғаныс өндірісінде қызмет еткен, жоғары оқу орындарында сабақ берген. Ал гүл өсіру – хоббидан тұрақты кәсібіне айналған іс. 1990 жылдары күнкөріс қиындаған тұста отбасын асыраудың түрлі амалын іздеген Вячеслав Бурыкин өз сяажайында парник тұрғызады. Алғашқы гүлдері жақсы өнім беріп, оларды сатқан ақшаға тағы бір парник тұрғызған. Шаруасы дөңгелей бастаған соң 2008 жылы несие алып, голланд технологиясы бойынша үлкен жылыжай құрылысын қолға алады. Бүгінде несиесін толық өтеген кәсіпкер кәсібінің нәсібін көріп отыр. Вячеслав Бурыкиннің айтуынша, қала маңында, облыста бүгінде жеміс-жидек, көк­өністен бөлек, гүл өсіретін жылыжайлар көбейген. Десе де, Алматыға Нидерландтар елінен гүл экспорттау кемімеген. Кәсіпкер жуырда қалаға бірнеше жүк көлігімен раушан, қызғалдақ гүлдері жеткізілгенін айтып қалды. Алайда олардың сапасы көңіл көншітпейтін көрінеді. «Голландияда үл­­­­­ккен аукциондар ұйымдастырылып тұрады. Онда әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген гүлдер үлкен партиялармен сатылады. Сатып алушылар ең таңдаулы гүлдерді іріктеп, сатып алады. Ал аукционда сатылмай қалған қалдық гүлдер бізге жіберіледі. Айшылық алыс жерден бізге жеткенше олардың жағдайы не боларын топшылай беріңіз. Тасымалдаушылар экспорттық гүлдердің «есін жиғызып», сауда нүктелеріне таратады. Олар елімізде өсірілген гүлдер сияқты ұзақ тұрмайды, өңін тез жоғалтады. Өйткені бізге дейін бірнеше апта мұздатқыштарда сақталады», ‒ дейді гүл өсіруші. Кәсіпкерден гүл өсірудің қыр-сыры, машақаты жайлы сұрадық. Айтуынша, гүл жылыжайларының өнімділігі су, жарық пен жылудан бөлек, көшеттердің сапасына байланысты. «Көшет таңдауда қателесуге болмайды», ‒ дейді Вячеслав мырза. Аумағы бір гектар жылыжайға гүл отырғызу үшін көшеттерге бірнеше мың еуро жұмсалады екен. Өйткені Голландия мен Германиядан әкелінетін таңдаулы көшеттердің бағасы қымбат. Есесіне, гүл шоғырларының орташа өмір сүру ұзақтығы жоғары болады – шамамен 4 жылдай. Яғни, олар төрт жылға дейін қысы-жазы өнім беріп тұрады. «Бірінші жыл көшеттердің құны ақталса, екінші жылдан бастап таза табыс түсе бастайды», ‒ дейді Вячеслав Бурыкин. Жылыжайдағы раушандар жоғары сұрыпты әрі өсімтал болғанына қарамастан, жеткілікті көңіл бөлінбесе, өсімі баяулап, өңі солғын тарта бастайтын көрінеді. Сондықтан жылыжайда ерлерден гөрі әйелдердің саны басым. 20 қызметкердің 15-і – нәзік жанды. Әйелдердің гүлдерге деген ықыласы өзгеше екенін білетін Вячеслав Васильевич өз шаруашылығында арулардың көп болғанын құп көрген. Әйелдер қауымы гүлдерді күтіп-баптаумен айналысса, ерлер жылыжай кешеніндегі техникалық құралдардың қалыпты жұмыс істеуіне, қауіпсіздіктің сақталуына жауапты. Жылыжай иесі жұмыстың ауыры нәзік жандылардың мойнында екенін мойындайды. Гүлдерді қай кезде кесу керегін анықтайтын да, мезгілі жеткенде кесетін де – әйелдер. Гүл кесудің өз ережесі бар дейді олар. Кесілген гүлдер сұрыптауға жіберіледі. Оларды сабағының ұзындығына қарай іріктейді. Ұзындарының бағасы қымбатырақ болса, сабағы қысқа гүлдер сәл арзандау сатылады. Сұрыптаудан кейін гүлдер бірнеше қабат қағазбен қапталып, бірнеше күн «пісіп-жетілуге» жіберіледі. Оларды арнайы ванналары бар арбаларға салып, мұздатқышқа орналастырылады. Мұздатқыш ауаны +5-7 градусқа дейін салқындатады, мұз қатырмайды. Жаңа кесілген гүлдердің бойынан ылғал тез жоғалатындықтан, мұнда жеткілікті ылғал сіңіруге жағдай жасалған. Мұздатқышта кемі 3-4 күн тұрғаннан кейін ғана гүлдер сауда нүктелеріне жол тартады. Сондықтан сатушылар дүкендегі раушанды бүгін кесілген деп жарнамасын асырып жатса, сенбей-ақ қойғаныңыз жөн. Жаңа кесілген гүлдер ұзақ тұрмайды, тек бойына жеткілікті ылғал сіңірген гүлдер ғана көпке шыдайды.

Экспорт қашан азаяды?

Вячеслав Бурыкин секілді жылыжай шаруашылығын дөңгелеткен кәсіпкерлердің қатары жылдан-жылға көбейіп келе жатқанымен, отандық нарықта шетелдік гүлдердің үлесі әлі де басым. Сатушылардың айтуынша, Қазақстан қалаларында сатылып жатқан гүлдердің 70 пайыздан астамы – шетел өнімі. Елімізге жыл сайын 154 млн доллардың гүлі тасымалданатын көрінеді. Арысы – Голландия, Германия, Австрия, Таиланд, Иран, Эквадор, Түркия, берісі – Өзбекстан, Қытайдан келіп жатқан гүлдер де көп. Бір қызығы, Нидерландтар корольдігінен тасымалданатын гүлдердің басым бөлігін біз ойлағандай раушангүл емес, мамыргүл құрайды екен. Тек 2015 жылдың өзінде Қазақстанға 3,4 млн долларға 549,4 тонна мамыргүл әкелінген. Ал раушангүлдің небәрі 863,9 мың долларға 57,6 тоннасы келген. 2016 жылы 3,8 миллион долларға 652 тонна мамыргүл, 237,6 мың долларға 42,8 тонна раушангүл сатып алынған. 2016 жылы раушангүлдер негізінен Түркиядан жеткізілгендіктен, оның көлемі біраз төмендегені байқалып отыр. Былтыр Түркиядан 193,7 мың долларға 50,2 тонна раушангүл әкелінген. Өзбекстаннан 145,6 мың долларға 57 тонна жеткізіліпті. 2015 жылы көрші елден 603,4 мың долларға 123,7 тонна раушангүл импортталған. Голландия шағын ел болғанымен ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп өнімін өндіру жағынан тәжірибесі мол. Сол өнімдерін экспорттауда әлемде АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұр. Олардағы экономикалық ашықтық кәсіпкерлік саласын дамытуға да серпін беруде. Сондықтан бұл елдің инвесторлары әлемнің әр түкпірінде өз мүмкіндігін жүзеге асырып келеді. «Шындап келгенде, мемлекетіміздің аумағы сіздерден әлдеқайда кіші. Бірақ өндірістің өркендеуіне ерекше назар аударылған. Әсіресе, жылыжай шаруашылығын дамытуға ден қойылған. Осы мақсатта 10 мың гектар жер бөлініп, 5 мың гектарына көкөніс, қалғанына гүл өсірудеміз. Озық технологияның арқасында жыл сайын мол пайда тауып отырмыз», – дейді Нидерланд корольдігі елшілігінің ауылшаруашылық мәселелері бойынша кеңесшісі Меруес Брауэр. Өткен жылы бұл елден әлемге танымал «Bilancia», «Ctltic Koeling», «Dalcem», «Enza Zaden», «EuroFood congsulting», «Hoogendooren», «MacAgro», «Oldenhuic & Pirincen», «Philips» сияқты 14 компаниясының жетекшілері Жетісуға келіп, аграрлық секторда жан-жақты байланыс орнатуға ұсыныс білдірген еді. Бірі шұрайлы өлкенің соқа тісі тимеген шұрайлы жеріне жылыжай салуға ұсыныс білдірсе, енді бірі көп өнім беретін сапалы тұқымын саудаламақшы, үшіншісі, бақша өнімдерін өсіруге қолданылатын дәрі-дәрмек түрін ұсына келіпті. Тоңазытқыш орнатып, жарықтандыру, суландыру жүйесін жаңарту бағытындағы озық тәжірибесін таныстырғандары да бар. Жергілікті дихандарға бар білгенімізді үйретеміз деп ағынан жарылды. Әлемдік экспорт көшін бастап тұрған шағын елден үйренеріміз көп-ақ. Ынтымақтастықтан ырысымыз ортаймасы да талассыз. Алайда голландиялықтар қазақтың жерін гүлдендіруге келді дегенге сену қиын. Байлық, береке атаулыны жерден іздеп, нәсібін жерден терген халықты өз ұрпағынан басқа ешкім ұшпаққа шығара алмайтынын ұмытпағанымыз жөн.