"Қазақ елінің" жаңа саны Шерағаңа арналды
"Қазақ елінің" жаңа саны Шерағаңа арналды
Түркиядағы қазақ диаспорасының қолдауымен жарық көретін «Қазақ елі» алманағының шыға бастағанына бір жыл толды. Басылым былтыр наурыз айында 2500 данамен қазақ және түрік тілінде оқырманға жол тартқан болатын. Журналдың кезекті саны Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның шығармашылығына арналды.
Ыстамбұл қаласынан шығатын журнал түркі әлемі мен Қазақстан тарихын, мәдениетін, тұрмыс-салтын насихаттауды көздейді. Сондай-ақ, екі ел арасындағы рухани, бауырластық байланыстарды тереңдету мақсатында қолға алынған. «Жер бетінде ұлттық құндылықтарын қастерлемей өркендеп кеткен ешқандай ұлт жоқ. Өз мәдениетін, тарихын, тілін қадірлемеген ұлттың тағдыры не болмақ? Қазіргі таңда ұлттық құндылықтарын қорғап, болашақ ұрпаққа жеткізуді көздеген елдер бұл мәселеге өте мұқият қарап, тиісті шараларды жоспар бойынша жүзеге асыруы тиіс. Біз де өз мемлекетіміздің ұлттық құндылықтарын сақтап қалу үшін міндеттерімізді мұқият орындап, қолымыздан келген шаруаны істеуіміз керек. Ата-бабаларымыз тілімізді, дінімізді және ұлтымызды сақтап қалу үшін қоныс аударуға мәжбүр болғаны мәлім. Оларды және олардың жасаған талпыныстарын ешқашан ұмытпауымыз қажет. Біз әлеуметтік сананы жаңғыртып, білімге мән беріп, мәдени мұраларымызды сақтап қалу үшін күш салуға міндеттіміз. Бұл үшін барлық тиісті мекемелер толыққанды жауапкершілікті арқалауы қажет. Қазақ-nүрік білім және зерттеу қауымдастығы да жүзеге асырып жатқан істерін осы мақсатпен атқаруға тырысады. Журналды осындай игі мақсатпен шығарып отырмыз. Тарихымызды танытатын кітаптар шығарып, тарихи тұлғаларымыз туралы кішігірім және халықаралық конференциялар өткізумен айналысамыз. Мекемелермен қатар отбасылардың алдында да үлкен жауапкершілік тұр. Тәрбие – от басынан басталады. Мектепте берілген білім жеке тұлғалардың кәсіптік мансабын жобалап, жол көрсетеді, ал отбасында алған тәрбие адамның адамгершілігінің деңгейін қалыптастыруда маңызды болып табылады. Жеке тұлғалардың өз ұлтын танып, қоғамға пайдалы болуы үшін отбасында көрсетілетін бағыт-бағдардың маңызы зор. Өз ұлтына пайдалы болуға ұмтылмаған адамның сол ұлттың ыстығы мен суығына төзеді деп күтудің қажеті жоқ. Біздер жоғарыда қойған сұрағымызды өзімізге де жиі қоямыз және де сол таныммен әрекет етеміз.
Құрылған күннен бастап жүзеге асырған шараларымызға қолдау көрсетіп келе жатқан Қазақстанның Түркиядағы елшілігіне үлкен алғыс айтамыз, – дейді Қазақ-Түрік білім және зерттеу қауымдастығының басқарушы кеңесінің төрағасы Шабан Серкан Динчтүрк.
«Қазақ елі» журналының кезекті санында Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың «Ұлы дала ұлағаттары» атты еңбегінің екінші бөлімі, «Қазақтың ою өнері», «Домбыра өнері», «Алыптар – Қожайайла жайлауында кездесті», «Қытайдағы жаңа салынған тыйымдар» сияқты танымдық мақалалар да топтастырылған. Сонымен қатар, жазушы Шерхан Мұртазаның қысқаша өмірбаяны мен «Ай мен Айша» романы туралы түрік жазушысы Әмірұллаһ Өздемирдің «Түркіге ортақ туынды» мақаласы екі тілде жарияланған. Редакциялық кеңес төрағасы және жауапты шығарушы-редакторы Ертолқын Гайретуллах өз сөзін Зия Пашаның «Адамның жасаған жұмысы – оның айнасы, бұны айтудың қажеті жоқ. Өйткені адамның ақыл-ойының деңгейі ол істеген іс арқылы анықталады» деген тәмсілімен бастап, журналдың үнемі шығып тұруы үшін қолдау көрсеткен заңды және жеке тұлғаларға, оқырмандарға ризашылығын жеткізіпті.
– Жаңа нөмірімізде жазушы Шерхан Мұртазаның өмірбаяны мен «Ай мен Айша» романын оқырманға етене таныстыруды мақсат еттік. Бұдан бөлек, «Қазақ елі» журналының редакциялық кеңесінің мүшесі журналист, жазушы Қызырбек Гайретуллах жылқы малының атауларын, түрлерін сұрыптап, талдап беріп отыр. Ұлтымыздың мақтанышы Қотырақ батыр туралы Желал Демиркол мырза ой толғаса, қазақтың ұлттық ою өнерін Павлодар мемлекеттік университетінің оқытушылары баяндады. Евразия-Түрік Ассоциациялар Федерациясының мүшесі ретінде қатысқан Бурсаның Қожайайла жайлауында өткен Түркі халықтарының ұлттық спорт түрлері фестивалі туралы да әңгімеледік. Қытайда қысым көрген Шығыс Түркістандық қандастарымыздың жан айқайы, қазіргі жағдайларын қолға алуға тырыстық. Білімді де білікті жас қандасымыз, марқұм Халифа Алтайдың немересі, биотехнология саласындағы зерттеулерін жалғастырып жатқан Мұрат Тунабойлумен жүргізген сұхбатымызды жарияладық. Қазақтың ұлттық аспаптарының ішінде ең маңыздысы және кең тарағаны домбыра және домбыра жасайтын шебер туралы мәлімет беріп, Ақсарайдағы Сұлтанханы ауданындағы түркістандықтар көбірек шоғырланған жердегі түркістандықтар мешіті туралы жаздық. Сонымен қатар, қалыптасқан үрдіс бойынша Қазақ-Түрік білім және зерттеу қауымдастығы тарапынан жүзеге асырылған іс-шаралар туралы мәліметтер бердік. Оқырманға қызмет ету үшін алдағы уақытта да танымдық дүниелер мен зерттеу мақалалар дайындауды жалғастыратын боламыз, – дейді Ертолқын Гайретуллах.
Әмірұллах Өздемир өз пікірінде:
– Шебер жазушы, әлем әдебиетінің классигі Шерхан Мұртазаның қаламынан туған «Ай мен Айша» романының Түркиядағы ең алғашқы оқырманымын. Өйткені түрік тіліне аударылған алғашқы нұсқасын редакциялау бақытына ие болдым. Қазақ елінде «Халық жазушысы» атанған осындай ұлы ұстаздың, заңғар ойшылдың, түрік тілінде енді ғана жарық көріп отырған үлкен шығарманың әрі оқырманы, әрі редакторы болу мен үшін мақтаныш, баға жетпес байлық. Тұтас бір дәуірді, сол дәуірде өмір сүрген қалың халықтың өмірін бейнелеген «Ай мен Айша» романы туралы сөз етпестен бұрын, Тұран аймағында туған осындай шебер жазушыларды таныған сайын шексіз қуанатындығымды және мақтаныш ететіндігімді білдіргім келеді. Тіпті адамның көңілін толқытып, ой салатын жоғары шеберлікпен жазылған шынайы шығарманы оқып, «Әттең, автормен бұдан бұрын неге таныс болмадым?» деп көкірекке өкініш сезімі ұялады. Ортақ рухани мұраға ие болып отырған біздердің әсіресе, әдебиет пен өнер саласындағы кешеуілдеген жағдайымыз мені қаншалықты қапаландырған болса да, болашақта «Ай мен Айша» сынды ірі туындылардың сол кем-кетігімізді жамайтындығына, болашақ ұрпақ алдындағы пендешілігімізді жасыратындығына кәміл сенемін.
«Ай мен Айша» романын оқу мен үшін естен кетпес, ерекше оқиға болды. Жан дүниемді тебірентті. Тәлім алдым, тәжірибе алмастым. Шеберліктің шыңына жеткен Шерхан Мұртазаның шынайы да шұрайлы тілі алғашқы бетінен-ақ өзіне тартып әкетті. Бақсам, романның бас кейіпкері Барсханның туған ауылы Мыңбұлақтағы, құбыламызға айналған Тәңіртаудың етегіндегі қыстың аяусыз аязы бетімді қариды. Жазушы ретінде қалам тербеткен шығармаларымда оқырманның назарын тартуды, шытырман оқиғаның куәсі болғанындай сезім оятуды мақсат еткендіктен, оқып отырған туындыларда да осы әсерді еріксіз іздейсің. Таланттан ғана туатын «Ай мен Айша» атты романының әрбір жолында, әрбір сөйлемінде осыны сезіп отырасың, әрбір оқиғаның куәгері ретінде бастан кешіресің. Кей жерлерде Барсханның әкесі, Бердімбеттің ұрпағы Мұртазаға «есіктің түйенің көзіндей тесігінен» қарадым. Кей тұстарда дәуірдің ауыртпалығын арқалаған Айшамен бірге қызылшаға барып, қолхоздың жұмысына араластым. Кейде қолхоз бастығы Жуанқұл мен тастан жаралған бригадир Тасбетке ашуландым, ашуым басылмай айқай салдым, зұлымдықтарын көріп қарғыс айттым. Яғни, сол бір сәтте бүкіл әлемге соғыстың кезінде өмір сүрген балауса балғын шағындағы баланың – Барсханның көзімен қарай бастадым. Ашығын айтқанда, мен үшін азапты да мұңға толған сапар болды. Лап еткен лаңкестіктің, алапат соғыстың өрті қазақ даласына қалай жеткендігін көрдім. Халықтан басқа иесі жоқ, Құдайдан басқа киесі жоқ Қазақ елінің тауқымет тартып, түрлі қиындықтарға дұшар болғанын көру оңайға соқпады.
Өткен шақты баланың көзімен жазудың қаншалықты қиын екендігін жақсы білемін. Баланың көңілі арқылы, көзі арқылы жаза білу үшін сол балалықтан қалған бейкүнә сезім жазушының жан дүниесінде сақталуы керек. Ал ересек адамға осы кіршіксіз таза көңілмен табиғи түрде жеткізу үшін үлкен қабілет, талант пен шеберлік қажет. Қаламы жүйрік жазушыны, кәсіби талант иесін құр сөзбен мақтау артық болар, алайда Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» атты романында осы қасиеттерді үлкен шеберлікпен алып шыққандығын, терең ойшылдығымен шығарманы биікке көтергендігін және ішкі тазалығы мен сүйіспеншілік сезімі арқылы туындының көркемдік деңгейін биіктетіп, поэтикалық сарынын байытып, эстетикалық табиғатын сақтағандығын айта кеткен жөн.
Сонымен қатар романда маған қатты әсер еткен кейіпкер Айша болды. Қатал тағдырға мойымаған Айшаның мығым болмысына, ана ретінде Тәңіртаудың жартасындай алып тұлғасына таңғаласың. Ол-ол ма, балалары Барсхан, Батырхан және Құрмаш үшін сонау алапат соғыс кезінде жанталаса күресіп, ар-намысынан айырылмай, абырой-беделін сақтап қалғандығы айрықша әсер етті. Қазақ әйелінің образын, Айшаның бет-бейнесін көз алдыма елестетіп отырғанымда, Тұмар ханшайымының ғибратқа толған ғұмыры мен парсы патшасына қарсы жүргізген күресі еріксіз еске түседі. «Томирис» деп аталатын романымның басты кейіпкері Тұмар патшайымы еді. Міне, Тұмар хатун мыңдаған жылдан кейін Айша арқылы қайта өмірге келген сияқты сезіледі. Бір аймақта ғұмыр кешкен асыл аналарымыздың рухани болмысы мен жан дүниесінің бүгінгі күнде де сақталғандығын көру қандай бақыт! Соңғы күндерде Тәңіртаудың етегінде қолхоздың қызылшасын жинап жүрген Айшаның қайталап айтатын сөзі есімнен кетпейді.
«Ай мен Айша» романы – бүгінгі ұрпақ үшін сөзсіз ғибратты туынды, энциклопедия деуге болады. Қаншама өсімдіктердің есімдері аталған десеңізші?! Бір ғажап дүние! Аймақтардың атаулары, тарихи аңыздар мен әфсаналар, ауыздан ауызға жеткен ертегілер, мақал мен мәтелдер, айта берсең көп. Сөзді айтсаңызшы, кәдімді қазақтың сөзін, түркіден қалған терминология. Мысалы, романда «бөле» деген сөзді көргенімде, кәдімгідей толқыдым. Қазіргі түрік тілінде ұмыт болған сөз. Бүгінгі ұрпақ оның орнына ағылшын тілінен енген «кузен» дегенді қолданады. Алайда баяғыда біздің ауылда нағашыларымның балалары бір-біріне «бөле» дейтін. «Ай мен Айша» романын оқымай тұрып, бұл сөзді ауылдық диалектика деп ұғып келдім. Енді шебер жазушының түрік тіліне аударылған шығармасының арқасында көңілге жақын, ұлттық санамызға жақын бұл сөздің түгел түркі жұртынан қалған ортақ мұраның бір бөлшегі екендігіне көз жеткіздім. Демек, «Ай мен Айша» атты роман – түгел түркіге ортақ, түркі әдебиетінде орнын ойып алатын үлкен шығарма, баға жетпес туынды. Әуелі, «Ай мен Айша» атты романды түрік тілінде шебер сөйлеткен жазушы Мәлік Отарбаевқа және кітаптың жарыққа шығуына атсалысқан барлық иманды азаматтарға оқырман ретінде және Тұранға ғашық болған қаламгер ретінде шын көңілден алғыс айтамын. Әрине, ең үлкен алғыс ұлағатты ұстаз, классик жазушы Шерхан Мұртазаға арналады.
Әлем әдебиетіне және Тұранға дәл осындай теңдессіз туындыны сыйға тартқаныңыз үшін бар болыңыз, сау-саламатты болыңыз. Ғалам айналғанша есіміңіз мәңгі жасасын! – делінген.