Өскеменнің «өлермендері» немесе тағы да ономастика дауы
Өскеменнің «өлермендері» немесе тағы да ономастика дауы
1
Атам заманда саясаттану мамандығын аттай екі жыл оқысам да, саясатпен айналыспаған екенмін. «Саясатпен сен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген Түсіпхан құрдастың сөзі шынға айналды... Халықаралық «Түркістан» газетіндегі «Ономастика – мемлекеттік мүдденің мәселесі. Өскеменде мемлекеттік тілді менсінбейтіндер күш алған сияқты...» деген атаумен шыққан мақаланы оқып шыққан сәтте сол «мен айналыспаған саясат менімен айналыса» бастағанын сезейін. Өйткені өзім он бес ғұмырымды арнаған жандай жақсы көретін Алтай жақта тағы да «жаңа бір күш» бас көтере бастапты. Бір кездері менің жолдас-жора, қаламдас достарымның жанын жаралаған сол күш енді жаңа өспірім жас балаларға ауыз сала бастапты. Бір кездері, яғни тәуелсіздіктің бастауында қазақ тілінің жанашырлары Серік Ғабдуллин, Мұрат Тастаған, Әлібек Қаңтарбайға қыр көрсеткен сол күш енді кеңестік дәуірдің тәлімінен ада өрімтал балаларға азу тісін көрсете бастаған жайы бар... Олай болса басынан бастайық. Қалай болып еді өзі?.. Алдымен менің осыдан он бес жыл бұрын Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінде, артынан республикалық «Ана тілі» газетінде жарық көрген мына бір элегиямнан қысқаша үзінді... « ... Бір топ жазушы облыс әкімі Талғатбек Абайдильдиннің қабылдауына бардық. Қабылдауға идеологияға қатысы бар департамент басшылары түгелге жуық шақыртылған екен. Талғатбектің бізге, жазушыларға бүйрегі бұрып тұратынын білем, бөлімшенің есебін беріп болған соң, жазушылардың мұң-мұқтажын тізбелей жөнелдім. Соңынан Киров атындағы орталық демалыс паркінен жер бөліп беруін сұрадым. – Небәрі бір сотық жер... Жазушылар аллеясын жасаймыз... – Қаржы жағы қалай болады?.. – Көп қаржының қажеті жоқ. Әр қаламгерге екі жүз мыңнан... Ұзын ырғасы он-он бес адам... Оралхан Бөкей мен Павел Васильев, Тұрғазы Нұқай мен Михаил Чистяков қарама-қарсы қасқиып тұратын болады... – Ал сен өзің қай жерде тұрасың, Секе?.. – деді облыстық газеттің редакторы Жұмәділ Әділбаев. – Мен қасыма найманның бір топ қызын ертіп алып... Тұрағаңның жанында... темекіні бұрқыратып тұрамын... – Бұл әзіл айтатын жер емес, жігіттер... – деді әкім басу айтып. – Ойларың жазушылардың атын ұлықтау болса, мәселенің басын осы бастан ашып алғанымыз дұрыс... – Ақыры Өскеменнің орысы біржола көшіп кетпейтін болған соң... көшелер өзара қиылысып жатса деп ем... Мысалы... Абай мен Михаэлис... Ақтамберді мен Гребенщиков... Тұрғазы Нұқай мен Павел Васильев... – Бұлай кете берсе, Өскеменде мына Мүсілім екеуіңе ат қалмайды ғой... Тұрғазы ағаңа қандай көшені ұсынар едің?.. – деді Жұмәділ тағы да қарап отырмай. – Тұрағаңа Тракторный көшесінің атын береміз. Артында іздеушісі жоқ жансыз тракторды ағамызға қиятын шығарсыздар?.. Оның үстіне ағамыздың ең соңғы жұмыс орны да сол көшенің бойында болатын... – Тұрағаңа қарсылық жоқ. Ал Ғабдуллаұлының атына қандай көшені ұсынар едің?.. – Солнечный көшесін... – Ойбай-ау, Секеңнің үйі мен Солнечныйдың арасын Ертіс өзені бөліп тұр емес пе?.. Ал өзіңе ше? – Өзіме... Өзіме Грейдерный көшесі де жетіп жатыр... Жиынды облыс әкімі қорытындылады. Көше атын беру жөніндегі ұсыныс жалпылай алғанда дұрыс, бірақ ономастикалық комиссияның ұсынысы мен облыстық кеңестің шешімі керек екен. Ал демалыс паркіне бюст орнату мәселесін тек республикалық комиссия шешеді. – Тәке, құлдан да бір сөз... – деп, әкімнің сөзін бөлдім. – Сол Киров паркіне соңғы рет қашан барып едіңіз?.. Парктің батыс шетінде есекке мінген тазша бала мен маймылдың бюсті тұр... Тазша баланы қайдам, менің Тұрғазы ағам маймыл ғұрам болмағаны ма?.. Жиналыс біткен соң, үшеуміз оңаша қалдық. – Сенің анда-санда тауып сөйлейтінің бар.., – деді Секең. – Әсіресе, Ғабдуллинге Солнечный көшесін береміз дегенің қатып кетті... – Біздің бала дәнішпан деп айттым ғой, – деді Мүсекең. – Тракторный көшесінің болашақта айналмалы үлкен жолға айналатынын біліп тұр. Ал Грейдерныйға келсек, түптің түбінде вокзал мен Ленин даңғылының арасын қосатын проспекті сол... Өй, дәнішпаным менің...» ... Содан бері де талай жыл өтіпті. Екі арада облыстың төрт әкімі, қаланың бес әкімі ауысты. Ал ономастикалық комиссия басшыларының атынан жаңылдық. Әкімдер өзгерген сайын көшелердің де аты өзгеріп жатыр. Тек Өскеменнің шығыс жақ бетіндегі оншақты үйлі Тракторный мен Грейдерный көшелерінің ғана аты ауыспай тұр...» Міне, солай... «Ауыспай тұр...» Әділ Қаратайдың Мұратхан Кенжеханұлына шырылдап ара түскеніне ырзалығымды білдіре отырып... аздаған ғана қосып-аларым бар...2
...Өскемендегі ономастикалық комиссияның әңгімесі тек осымен бітпейді, Әділ бауырым. Шындап келгенде, сен айтып отырған жеті жүз көшенің ең бастылары өз арамыздан шыққан « өз бастыларымыздың» атымен аталады. Сол көшелердің әрбірінің атын өзгерту үшін өскемендік азаматтардың осыдан он бес жыл бұрын қандай азапқа түскенін білсең ғой... Білмесең, менің осыдан он бес жыл бұрын айтқандарымды қарап шық... («Қазақ әдебиеті» газетінің сұрақтарына жауап: «Әркімнің өз Шындық шекарасы бар екеніне көзім жетеді») « – «Сырт көз – сыншы» депді ғой. Семей облысының оңтайландыру кезінде Шығыс Қазақстанға қосылғаны көптің көңілінен шыға қоймаған-ды. Оңтайландырудан қос облыс тұрғындарының ұтқан тұсы бар ма? –Мен өзімді Шығыс Қазақстанға «сырт көз» деп санамаймын, санаған да емеспін... Екіншіден, қазақ жеріндегі қалалардың ішінде Семейдің жөні бір бөлек деп есептеймін. Егер біздің Елбасы қазақ ұлтына екі жақсылық жасаған болса, бірі – орталықты Астанаға көшіруі, екіншісі – Семейді Шығыс Қазақстан облысына қосуы дер едім. Арыға барсақ, – Преднестровье, беріге келсек, – Аджария мен Оңтүстік Осетия оқиғалары осының дәлелі. Тоқсан екінің жазында Өскемендегі басты көпірді басып алып, азуын айға білеген, республиқалық бюджетке ақша төлеуден бас тартқан «ағайын» мен бүгінгі «ағайынды» салыстыруға болар ма? «Кержақтың» соңы «ар жақ пен бер жаққа» апара жатқан кезде Өскеменге ұшып келіп, бәрін орын-орнына қойған Елбасының ерлігін (иә, ерлігін!) мұндағы қазақтар ұмыта қойған жоқ. «Орысы мол» деп жүрген Өскеменде небәрі оншақты жыл ішінде ұзын саны он үш пайыздан жиырма алты пайызға көтерілген «қазақтың исі» шығып жатса несі жаман?.. Біздің Өскеменде Ертістің көпірінен өткен соң, Ушанов көшесімен жүріп отырып, Орджонокидзе көшесіне түсесің. Одан ары Ленин даңғылы арқылы Бажов көшесін қуалап, қалалық әуежайға жетесің. Егер төтелей салғың келсе, Потанин көшесі тиіп тұр. Ал қалалық вокзалға сол Ленин даңғылынан Грейдерный көшесі арқылы, немесе Тракторный деп аталар айналма жолмен тура шығып кетуге болады... Шыны осы... Ал ономастикалық комиссияға келсек, бұл комиссияның кеңесші орған екенін өзіңіз де біліп отырсыз. Ал қоғамдық ұйымдарға келсек, біз, әрине, қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Ұсыныстар, ұсыныс болғанда ақылға сиятын, ұлттар достығына бастайтын ұсыныстар жасадық. Мысалы Абай мен Михаэлис көшелері өзара қиылысады. Алдағы кезде Георгий Гребенщиков пен Оралхан Бөкей көшелері, Ақтамберді мен Васильев көшелері қиылысып жатса, несі айып... Әйтпесе қазаққа қарсы соғысқан Ермак көшесіне фашистерге қарсы соғысқан Кокорин атын берсек, қалалық атқару комитетін басқарған Ушанов көшесін қазақ елінің премьер-министрі болған Қабанбай атымен ауыстырсақ, ақылға сиымды емес пе? Осындай ұсыныстардың жақын күнде жүзеге асатынына өз басым сенімдімін...» Иә, біз ол кездері қазақтың рухани астанасы Семеймен қосылған соң Өскеменде қазақ тілінің, қазақ рухының мәртебесі жоғары боларына сенімді едік. Өйткені сол жылдары облысты басқарған Талғатбек Абайдильдин, Жәнібек Кәріпжанов, «күйеу бала» Виктор Храпунов, бертінде Бердібек Сапабаев тарапынан қолдау боларына сенімді едік. «Ономастикалық комиссия» секілді оттың басына ара ағайын (орыс емес) ұлттардың өкілдерін отырғызып қойып, сырттай қарауыл қараған сол ағайындардың бір білгені бар еді... «...Ономастикалық комиссияның әр отырысына бару мен үшін шет елдің шытырман оқиғалы киносына барумен тең. Өйткені» «орысы мол» Өскемен мен «қазағы қалың» Семейдің басын «біріктіріп» отырған өлкеде көше атауы мен жер атауынан үлкен мәселе жоқ. Мұндайда құйтырқысы мол саясаттан аулақтау жүретін «ақкөңіл» ақындар мен «жылауық» жазушылардың атын алға салсаңыз, жолыңыз оңғарылды дей беріңіз. Бұл жолы да солай болды. Осыдан бес жыл бұрын қайтыс болған ақын досым Тұрғазы Нұқай мәселесінде оңбай сүрініп, Қабанбай атын ұлықтау кезінде ит жығыс түскен соң, әңгіме менің «жоқ іздеген жолаушым» Георгий Гребенщиковке келіп тірелген. Пікір талас кезінде «халық ағарту ісінің майын ішкен» қадірменді ағамыз күтпеген жерден: «Күшті жазушыны ұлықтау қажет екеніне түсінем, қалқам... Бірақ, өзімізден қалам ұстаған қайраткер шықпағандай, неге ұлы халықтың өкіліне бүйрегің бұра беретініне түсінбеймін» деп қарап тұр. «Гребенщиковтің қазақ екенін, қазақ болғанда өзіміздің найман руынан екенін білмейтін бе едіңіз?..» деймін мен де қарап тұрмай. «Білмеген у ішеді» деген сол, «ағарту ісінің майын қалқып ішкенмен», жер тануда Алматы мен Астананың төңірегінен, ел тануда Абай мен Әуезовтің айналасынан ұзап шықпаған ағамыз аңырып қалыпты. Ономастикалық комиссияға аннан-мыннан жиналған «ақсақал, қарасақал» ағалар да, саясатқа келгенде «болашағынан үміт күттіретін белсенді» бауырлар да аң-таң. Сөз аяғының сұйылып бара жатқанын сезген болар, әңгімеге комиссия төрағасы араласты. «Көпшілікке таныс емес адамдардың атын ұлықтау үшін алдымен баспасөз бетінде насихаттап, қоғамдық пікір тудыруымыз керек. «Сондықтан бұл мәселені алға апарып, жазушының атын насихаттау жағын жазу-сызудың маңайында жүрген жазушылардың өздеріне тапсырамыз» «Әркім өз қотырын өзі қасуы қажет» екенін білмейтін бала емеспін. Биліктің талай «тапсырмасын» орындап ығырым шыққан, дегенмен мына «шұғыл тапсырма» қолайыма жағып, оңтайыма келіп тұрғанын несіне жасырайын...» Бұл да он бес жыл бұрын болған оқиға еді. Жоғарыдағы жазбалар менің «Жоқ іздеген жолаушы» атты хикаятымнан алынған. Байқап отырған боларсыз, сонымен менің алдымда екі мақсат тұрды. Біріншісі – «ұлы халық өкілі» Гребенщиковтің қазаққа қатыстылығын дәлелдеу. Мені қойшы, ұлт рухын ту етіп ұстаған алтайлық қаламгерлердің жанкештілігін айтсаңшы. Мысалы мен «Кеңестер одағының батыры Кокорин есімін беру керек» деп компромистік ұсыныс жасаған Ермак Тимофеевич атындағы көшенің атын қазақтың тұңғыш әскери ұшқышы Малдыбаев есіміне ауыстыру үшін алтайдың белді қаламгері Айтан Қасымұлы бауырдың қанша шашы ағарғанын білсең ғой... Сол күні түнде Жармақ аты өзгерген көшеде орнатылған ескерткіш белгінің тас-талқаны шыққанын көрсең ғой... «Үлкен ағайының» ұраны Жармақпен салыстырғанда Өскемендегі ең үлкен көшелердің – Қаныш пен өзіңнің Қабанбай батыр атына өзгерту оншалық қиындыққа түспегенін сезіп отырған шығарсың... Иә, осыдан он бес жыл бұрын біраз көшелердің аты ауысты. Оны жасау оңай болған жоқ, әрине.Өйткені ол кездегі әкімдердің «төбесі тесік» болатын. Ал енді бүгінгі әкімнің қай жері тесік екенін мен қайдан білейін... Адамда арман таусылған ба? Ушанов алаңының атын өткен ғасырдың басында аядай ғана шағын қала – Өскеменнің атқару комитетінің төрағасы болған Ушановтан алып, қазақ елінің премьер министрі болған Қабанбай атына ауыстыру арманының жүзеге аспай қалғаны басқа бір үлкен әңгіменің желісі. Әйтпегенде деймін-ау, бүгінде қайран да қайран Қабекең Қубас аттың үстінен Өскеменге кіре беріс көпірдің жанындағы биіктің басынан қасқая қарап тұрмас па еді? Осы бір арман жартылай болса да өскемендік батыр азаматтардың арқасында жүзеге асқанына шүкіршілік етеміз...3
Мәселе Тракторный мен Грейдерный көшесіне тіреліп тұрған жоқ, Әділ бауырым. Оны Өскеменге тиіп тұрған Қалбатау мен Айыртаудың қойнауындағы найман ауылдарынан Өскеменнің Меновной – «айырбас базарына» мал тасыған аталарымыз біледі. «Тас қараңғыда базарға жетіп алып... малымызды саудалаған соң, тымақтың құлағын тастай байлап, тонымыздың жағасын көтеріп алып ызғытып береміз... Жол бойы екі жағымыздан көк көз балалардың тасы жауып тұрады...» дегенді айтқан аталарымыз, сосын... «үлкен ұлттың» таяғын көрген жазушы Жұмағазы мен Көпен ақын, суретші досым Ғазиз біледі... сосын... қала сыртындағы үйлеріне бару үшін тас қараңғыда тұрып, Ертістің жағалауындағы сай-сайды қуалап «тастақты таулардың құйылысындағы» қаланың сыртына әрең деп жетіп жүріп... «адам болған» – қойшы балаларына арналған қазақ тілді жалғыз оқу орны – Жамбыл интернатын бітірген аға ұрпақ біледі... Облыс орталығы Өскеменге көшкен жылдың қысы ауыр болды. Бәлкім, суықтан қашып... бәлкім Семеймен қосылған орталыққа үміт дүниесін арқалап... облыс орталығына көшкен Марқакөл мен Күршімнің, Тарбағатай мен Катон-Қарағайдың қалың найманы, Қалбатау мен Шұбартаудың қалың керейі... ара-арасында Семейден Абай ата ұрпағы көшіп келе бастаған соң жағдай біршама өзгерген секілді еді... Қайтейін... Мәселе... бір ғана Мұратхан баламда немесе өзім бірге жұмыс істеген моп-момақан Якунина ханымда емес. Мәселе ... басқасында... Мұратхан бауырдың басына тиген таяқ Айтанның да, Әлібектің де, Мүраттың да басына тиген... Әділ Қаратай бауыр өз жазбасында: «... Паравоз, Трактор сынды мән-мағынасы жоқ көшелердің орнына Әлихан Бөкейханов, Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімхан, Серік Ғабдуллин, Ғалым Байбатыров, Мүсілім Құмарбеков, Қанипа Бітібаева, Рүстем Есдәулетов секілді еліміз бен өңірге еңбегі сіңген тұлғалардың есімі берілсе» деген ұсыныс жасаған екен. Әлиханды қоспағанда аты аталған есімдер менің ең жақындарым еді. Бұған өз тарапымнан Алтай өңіріне еңбегі сіңген өз аталастарымызды былай қойғанда, басқа да ұлт өкілдері барын қосқым келеді. Басқа – басқа, қазаққа сіңген қалмақ бауырымыз, аты әлемге әйгілі Георгий Гребенщиков пен Алтай жазушыларының көшбасшысы болған башқұрт Михаил Чистяковты, халықшыл ұлы ақын Павел Васильевті, Абай шығармаларын аударған, өз қиялында Абай боп тірлік кешкен Евгений Курдаковты қайда қоямыз... Өйткені олар да Алтайдың өз тумалары ғой... «Жаман айтпай – жақсы жоқ», айдың күннің аманында арандап қалмасақ, түптің түбінде жеңіс біз жағында болады. Тек, «сумен бірге баланы да төгіп алып жүрмейік» дегенім ғой... Бүгінде уақыт шіркін қазақтың жағында екенін сеземін. «Үй артында кісі бар», сондықтан... иә, иә, арандап қалмайық, арандап... Сап көңілім, сап көңілім!...Серік БАЙХОНОВ