Алматы облысында үйлерін су басқан тұрғындарға өтемақы төленеді

Алматы облысында үйлерін су басқан тұрғындарға өтемақы төленеді

Алматы облысында үйлерін су басқан тұрғындарға өтемақы төленеді
ашық дереккөзі
Алматы облысында қызыл судан зардап шеккендерге өтемақы төленеді. 
Өңірдегі 5 ауданда ақпан айының ортасынан бері аулаларды су басу дерегі тіркелді. Соңғы мәліметтерге сүйенер болсақ, аймақта жалпы саны 300-ден астам үйдің ауласына су жайылған. Төтенше жағдайдың алдын алуға 300-ден астам адам мен 100-ге тарта техника жұмылдырылды. Талғар мен Жамбыл аудандарында жарияланған төтенше жағдай режимі әлі алынған жоқ. Сондықтан арқаны кеңге салуға болмайды. «Өйткені Жетісу жерінде көктемгі су тасқынының алғашқы кезеңі ақпан айының соңы мен наурыздың басында қардың еруіне байланысты өтсе, мамыр айында тау өзендері қауіп төндіреді», – дейді мамандар. Осыдан бірер күн бұрын Ескелді ауданының Қарабұлақ, Ешкіөлмес ауылдарындағы 13 үйдің ауласын су басқан болатын. Себебі бау-бақша суғаратын су болмағандықтан, көшелердегі арық жүйесі 10 жылдан бері пайдаланылмаған. Сондықтан тұрғындар оны тазарту жұмыстарын ескерусіз қалдырған. Қазір жағдай тұрақталды. Дегенмен күн күрт жылынып, жауын-шашын толастамай тұр. Жетісу өңірінде қыс қатты болғандықтан, жердің тоңы 1 метрге дейін жетті. Ол әлі жіби қойған жоқ. Жерге су сіңіп үлгермей жатыр. Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының гидрометеорологиялық болжамдары негізінде бүгін тағы дауылды ескерту жариялады. «Еліміздің бұл өңірінде наурыз айының 5-7 аралығында күн жауын-шашынды болады. Бүгін тікұшақпен Текелінің тауларын әуеден бақылап қайттық. Тауға қар қалың түскен. Сол себепті тұрғындардан ауа райының қолайсыздығына түсіністікпен қарап, кез келген төтенше жағдайға дайын болуын сұраймыз», – дейді төтеншеліктер.