«ПАРТИЯ ҚҰРУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ»
«ПАРТИЯ ҚҰРУДЫҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ»
Ауылшаруашылығы саласында жүрген мамандар арасында қызу пікірталас өрбіді. Басты тақырып – аграрлық сектордың саналуан проблемасын қамтитын және оларды шешумен айналысатын партия құру.
Қазақстандағы Фермерлер одағы ассосациясының төрағасы Әуезхан Дарынов «Саясат» интернет сайтына берген сұхбатында (16 қаңтар 2015 жыл) ауыл шаруашылығы саласына қатысты мәселелермен айналысатын партия құруға ұсыныс айтқан еді. Оның бұл ұсынысына әркім әртүрлі пікір айтты. Осы мәселеге орай, аграрлық салада бірнеше жылдан бері тер төгіп келе жатқан Клара Омарова ханым да өз пікірін білдіруге ниеттеніпті:
«Мен 1993 жылдан Қарағанды облысында облыстық «АГРО» шаруа-фермерлік қауымдастығына, 1992 жылдан жеке шаруа қожалығы құрлымына да басшылық етіп келемін. Сонымен қатар, 2004 жылдан басшылары әйел адамдар болып есептелетін шаруа қожалықтары негізінде ұйымдастырылған «Ауыл-сервис-центр» жабдықтау-сервистік серіктестігіне де жетекшілік жасаймын. Бүгінде, егеменді елімізде әр азаматтың өз қалауынша, қоғам мүдесіне қайшы келмейтін қандай кәсіппен болса да, оның ішінде саясатпен де айналысуына құқығы бар қой. Бірақ ұзақ уақыттан бері ауыл шаруашылығы өндірісінің әр қилы ерекшеліктерімен таныс болып келе жатқан маған А.Даринов мырзаның Қазақстанда тиісті қоғамдық ұйымдар бар болса да (шет елдерде санаулы саяси париялар негізінде бір саланың емес, бүкіл ел бойынша мәселелерді реттестіріп отырған жоқ па?), партия құру арқылы ауыл проблемаларын шешемін деуі түсініксіз болып отыр.
Шынын айтқанда, А. Дариновтың пікірінше бүгінде қоғамдық ұымдар, еліміз Парламенті депудаттары мен үкімет тараптарынан ауыл шаруашылығы саласына ешқандай да айтарлықтай көңіл бөлінбей отырғанға ұқсайды. Әрине, ауыл шаруашылығы саласының , еліміздің басқа экономика салаларына қарағанда бүгінде күрделі қиындықтарға кезігіп отырғанын жасыруға болмайды. Дегенмен де, соңғы жылдарда мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына ауқымды қаржылай да, материальдық та көмектердің жасалып және жылдан –жылға олардың ауқымының да артып келе жатқанын байқамау мүмкін емес. Әрине , бұнда бәрі ойдағыдай жетімді , тиімді, кемістіксіз болып отыр деп те айтуға болмайтын шығар, бірақ та қай уақытта экономика салаларының қайсысында болса да кемістіксіз жағдайлар тәжірибеде болып еді. Қазақта, «көш жүре түзеледі» деген мақал да бар емес пе, бүгінде құр айқаймен мәселе шешетін уақыт емес қой, ептеп шыдымдылық пен төзімділік те жасау керек сияқты.
Сонымен қатар, бүгінде ауыл шаруашылығы мұңын жырлайтын дегендей, мәселелерін тұрақты көтеріп жүрген, Республикалық социал-демократиялық «Ауыл» саяси да, кәсіби де партиясы бар, оған басшылықты басынан өзі құрған, еліміздің ұлттық ғылым академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының президенті, белгілі ғалым – экономист Ғ.Ә.Қалиев жасап келеді. Бұл парияның басқарушы органдары мен мүшелігінде еліміздің ауыл шаруашылығы саласының белді ғалымдары мен білікті мамандарының басым бөлігі, қоғамдық негізде тұрақты қызметтер атқарады. Атап айтқанда, осы «Ауыл» партиясының тікелей араласуымен нарықтық жағдайда ауыл шаруашлығы өнімдер өндіруші құрлымдар шаруашылық жүргізу жүйелерін жетілдіру, қызметтері тиімділігін арттыру, кооперациялық тетіктерді ауыл шаруашылығы өндірісі ерекшелігіне сай қалыптастыру сияқты көптеген көкейтесті мәселелер бойынша пікірлер айтылып, олардың негізінде өкілетті органдарға тиісті құжаттар жобасы ұсынылып келеді.
Елбасымыз да бірнеше мәрте «өндірістің қай саласында болсын ғылыми ізденістер жүргізбей, ғылыми жетістіктерді өндірісте тиімді пайдаланбай қарқынды даму мүмкін емес деп айқан жоқ па? . Мен , осы тұрғыдан келгенде Республикалық социал-демократиялық «Ауыл» партиясы тарапынан атқарылып жатқан іс-шараларды қолдаймын және оның келешегіне сенемін. Сонымен қатар, таяуда құрылған Еліміздің ұлттық кәсіпкерлер Палатасы тарапын да ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері үшін тиімді іс-шаралар бар екенін де ескеру керек сияқты, бүгіннің өзінде ауыл шаруашылығы жерлері мәселелерін реттеуде бұл құрлымның беделі артып келеді. Осы жоғарыда аталған жәйттерге байланысты А. Даринов мырзаға айтарым: бұнсыз да бүгінде түрлі қиындықтарды біртіндеп жеңіп, нарықтық жағдай ерекшеліктеріне енді-енді бейімделіп келе жатқан ауыл еңбеккерлерін негізсіз дүрліктірмей, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып дегендей, бар мүмкіндіктер аясында ауылдағы ағайындар жағдайын жақсартуға бірлесе әрекеттер жасайық. Елім, халқым деген азаматқа билік биігіне шықсам қызмет етем деуден гөрі халқына біліктілік, сауаттылық негізінде игі істер атқару әлде қайда жарасымды емес пе!».