Қыз-қызғалдақ өз жеріне сән берсе...

Қыз-қызғалдақ өз жеріне сән берсе...

Қыз-қызғалдақ өз жеріне сән берсе...
ашық дереккөзі
  Қазіргі қоғамда айтыс та, тартыс та көп. Өтпелі заманда бұрыннан шешімі табылмай келе жатқан түйткілге жаңасы қосылып жататыны себепті, түрлі талас-тартыстың өршіп жататыны жасырын емес. Демек, қазір айтамын деген адамға әңгіме молынан табылары хақ. Кейде сол әңгімелердің дені қоғамдағы ілгерілетуге қызмет етудің орнына елдің тұтастығына, ұрпақтың санасын биіктетуге кедергі болар кертартпа күшке айналса – сақтанбасқа болмайды. Бүгінде заман ағымына сай пікір айтатын орта да, оның жария болуы да және айтыс-тартыстың түрі де өзгеріп жатыр. Интернет дәуірінде – әлеуметтік желілер күш алып тұрған заманда оны қолданушылар арасында тартыстың түр-түрі бар. Соның ішінде көзге көп түсетіні – кейінгі кезде ерлер бір жақ, әйелдер бір жақ болып айтысу құбылысы күшейіп келеді. Яғни, кез келген мәселеде әйелдер өз тұрғысынан, еркектер өз тұрғысынан пікір айтып, баға беріп жатады. Бұл қалыпты құбылыс десек те, барьердің екі жағында тұрып айтысып, әркім өз шындығын алға тарта беретін жағдайда – мәселеге обьективті көзқарас болмайтыны мәлім. Демек, оның ақ-қарасын анықтау үшін екі жаққа да теңдей қарау қажет. Қазірге кездегі еркек бір жақ, әйел бір жақ болып айтысатын тақырыптың бірі – өз жұбын шетелден тауып жатқан қазақ қыздарының мәселесі. Әрине, байтақ мемлекеттің негізін құрап отырған қазақ халқының ұлттық демографиясы сол халықтың өкіліне де, осы мемлекеттің азаматымын дейтін кез келген адамға да ой салатын мәселе. Алайда сол түйткілді қалай шешіп жатырмыз? Оның әлеуметтік құбылыс ретінде түп-тамырына үңіліп көрдік пе? Біздіңше, бұл тарапта жел сөз көп те, нақты атқарылып жатқан шара аз. Тәуелсіздік алғаннан бергі жерде бұрын санамызды тұмшалап келген кеңестік саясаттың пердесі сырылып, алыс-жақын шетелге шығу, көру, танысу мүмкіндігі пайда болғалы азаматтарымыздың шет елдегі өмірге, сол елдегі адамдарға деген көзқарасы түбегейлі өзгерді. Қазақ «Қыз – жатжұрттық» дегенмен, басқа ұлтқа қыз беруге о бастан ықыласты емес. Алда-жалда сондай болып жатса, «Қыз дұшпанға да кетеді» деп өзін жұбатқан. Ал «жатжұрттық» ұғымы, негізінен, жеті атаға келгенше руласынан қыз алыспайтын халқымыздың генетикалық фондының ерекше таза болуына өлшеусіз үлес қосты. Сондықтан қызды қазақ ерекше аялап, жақсы тәрбие беріп – барған жерінде үлгілі отбасын құруына жағдай жасаған. Қазақ үшін өмірдің қызығы той-думан десек, соның ең құрметті қонағы – құда-құдағилар. Ал ол кісілер – түсірген келіннің, ұзатылған қыздың болашағына тірек болатын жақыныңа айналатын туыспаған туыстар. Демек бетінен қақпай мәпелеп қыз өсірген халқымыз ұзатылған қызын кеңейген өріске теңегенде тек жақсылықтан ғана үмітті болған. Ал бүгін ше? Бүгінде қазақтың құда-құдағиы тек қана қазақ бола бермейтін жағдайға жетті. Өйтпегенде ше... Қазір қазақтың қызы күйеуге шықпаған өзге елдер аз десек, қателеспейміз. Мынау жақындағы көршілерімізді былай қойғанда, анау алыстағы Америка мен Африка құрлығында біздің қыздар еңкейіп келін болмаған ел қалмады. Бұның себебі не? Кемшілік қайдан кетіп жатыр, тәлім-тәрбиенің әсері неге аз? Әлде балаларымызды тым еркінсітіп жібердік пе? Сұрақ көп, жауап болар сылтау да аз емес. Әңгіменің анығын айтар болсақ, елімізде кімнің кімге күйеуге шығатынына немесе кімнің қай елден әйел алатынына заң жүзінде шектеу жоқ, болмайды да! Ендеше біздің бұл сөзіміз не? Ненің жыртысын жыртып, кімді қорғамақшы болып отырмыз? Егер ұлттық таным, ұлттық тәлім-тәрбие, салт-дәстүр деген ұғымдар бізді ұлт ретінде зиянды түсініктер мен залалды әрекеттерден қорғайтын аура десек, бүгінде ол аура біраз бүлінген. Жаһандану дәуірінде сырттың мәдени экспанциясы шұрқ-тесік қылған біздің ұлттық иммунитетіміздің қабықтай іргесінен батыстан ескен жел уілдеп соғып тұр. Содан жаурайтынымыз сонша, әлгі қабықты лақтырып тастап, басқа біреудің киімін киіп алғымыз келеді. Біз неге сондаймыз? Ең бастысы, бізді жауратқан жайлардың негізіне неге зер салмаймыз? Бір нәрсені ескеру керек, үйрек бір мезгілде аспанға ұшып, суда жүзе алмайды. Себебі жаратылыс заңы оған мүмкіндік бермейді. Біздің де ұлттық қасиетпен бірге шектен тыс өркениет адамы бола алмайтынымыздың сыры сол. Әрине, жаңалықсыз дүниеде даму жоқ, бірақ көрген-білгеніміздің бәрін жаңалық деп қабылдап, салт-дәстүрді күресінге лақтыра салу да жетіскендік емес. Біздің ұлдар мен қыздар дәстүрлі отбасылық құндылыққа бағынғысы келмей, батыстық түсінікте ерсі саналмайтын, бір-бірін әбден біліп, түсінісіп алғанша азаматтық некеде (дініміз бұны зинақорлыққа теңейді) тұруды қалыпты жағдай деп санаса, немесе дәстүрі мен діні, өмір сүру салты мүлде басқа елдің азаматтарымен отау құру өзінің болашақ өміріне қиындық тудырмайды деп ойласа – ол өз ұлтының өткені мен бүгінінен мүлде хабарсыз екенінен дерек береді. Ол, қалай айтсақ та, маргиналдық әрекет, космополиттік болмыс. Адам жас кезінде аңқау болатыны, бұрын өзіне бейтаныс боп келген әлемді жақын көргенде елігетіні анық нәрсе. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында жатжұрттықтармен некелесу үрдісі басында елді таңдандырса, қазір оған жұрттың құлағы үйрене бастады... Халыққа танымал адамдардың қателігі – оны пір тұтып алғандарға өнеге секілді көрінетіні анық. Мысалы, 90-жылдардың басында қазақтың бірқатар танымал қыздарының шетелдіктерге тұрмысқа шығуы үлкендерді қынжылтқанмен, жастарды еліктіріп әкеткенін мойындағымыз келмейді. «Балық басынан шіриді» демекші, бүгінде түйткілге айналып отырған осы әлеуметтік мәселе кезінде халқы алақанға салған арулардың ойланбай жасаған әрекетінен басталмады ма екен деп күмәнданасың кейде. Әрине, көзі ашық адам ретінде заңға қарсы жасалмаған әрекеттің қылмыс емес екенін түсінеміз, алайда демографиялық жақтан сыртқы әсерге жұтылу қаупі бар елдің әрбір саналы азаматы өз елінің адам ресурсын молайтуды өзіне парыз санаса – қазақтың саны бүгінгіден әлдеқайда көп болар еді-ау... Шынын айту керек, бізде қазір қыздардың шетелдіктерге тұрмысқа шығуы жөніндегі пікірталаста қоғам екіге жарылған. Бірі – бұл құбылысты нәзік жандылардың көпшілігі ұлттық тамырдан ажырауынан көрсе, екіншілері, оны қазір қыздарымыздың көзі ашық және зайырлы қоғам үшін бұл қалыпты жағдай деп санайды. Әрине, әр пікірдің өзінің дәлелі бар. Бірақ осыларды сараптай келе қайсысының қазақ қоғамын дамытуға, рухани бірлік тұрғысынан күшейтуге себі тиетінін ойлауға тиіспіз. БАҚ-тарда және әлеуметтік желілерде көп әңгіме болатын бұл мәселе жөнінде пікір айтушылардың арасында да пікірлер әр алуан. Бірақ бір нәрсенің басы ашық, шетелге, өзге ұлт өкілдеріне күйеуге шыққан қыздардың бақытты болып кетуінен гөрі, олардың барған жерінде түрлі қиындыққа тап  болып – зорлық-зомбылыққа ұшырауы, күйеулерінен ажырасып, елге оралуы көбірек айтылып жатады. Ол, әсіресе, түрік, араб елдерінен бақытын іздеген қыздарда жиі кездеседі екен. Бүгінгі қыз – болашақ ана десек, осынша байтақ мекенді бауырына басқан елдің халқын көбейтетіндер де солар екенін естен шығармауға тиіспіз. Демографиялық саясат мемлекеттің бір тірегі десек, шетке кеткен әрбір қыз – біздің бүк түскеніміз. Қыздарымыздың жатжұрттықтармен некелесуі: шетелдіктердің еліміздің азаматтығын алуына; дені сау ұрпақ өрбітуге қабілетті аналардың азаюына; тұрмысында келіспеушілік болған жағдайда ол тұрған ел мен мемлекетіміздің арасында дипломатиялық қиындықтар тууына т.б. жағдайларға душар етеді. Демек, бұны әлі де заңмен реттеуді жетілдіре түсу қажеттігі  көрініп тұр. Халық расында бұндай құбылысқа эмоциялық тұрғыдан қарап, мәселені шешу үшін қаталдау ұсыныс жасап жатқандар да аз емес. Соның бірі – шетелдікке тұрмысқа шыққан қызды автоматты түрде Қазақстан азаматтығынан айыру. Бұл ұсыныс болашақта іске асып, заң аясында орындалатын бола ма, болмай ма – ол әлі белгісіз, бірақ өзге елдердің заңдарында осыған ұқсас жайлар қаралғанын білеміз. Мәселен, Түркіменстанда түркімен қызына үйлену үшін шетелдік азамат сол елдің қазынасына 50 мың АҚШ долларын төлеуі керек. Біз әрине, қыздарымызға құн белгілеп, одан пайда көрмей-ақ қояйық, бірақ оларды сақтаудың, жат елге жұтылып кетпеуінің алдын алу шараларын жасауға тиіспіз. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» дегендей, қаракөздеріміз сырттан бақытын іздеп жатса, оның себебін біліп, салдарының алдын алуға әрекет ету – өз болашағымызды ойлаудан басқа ештеңе емес. Кейінгі кезде ел ішінде көп айтылып жүрген әңгіменің бірі – қыздарымыздың қытайлықтарға тұрмысқа шығуы. Оны әркім әртүрлі айтады. Мысалы бір ақын ағамыз «екі жүз мыңнан астам қазақ қызы қытайлықтарға әйел болды» деп кісі шошытарлық мәлімдеме жасап жібергенде – қазақтар көзімен жер шұқыған. Ол дегеніңіз кейбір облыс орталықтарының тұрғындарына тең адам емес пе?! Бірақ оны іліп әкетіп, отқа май құйғандар аз емес. Сондай әңгімелер бел алып кеткесін бе, ҚР ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев бұл туралы өзінің фейсбук парақшасына жазып, ресми деректерге сүйене отырып мәлімдеме жасады. Министрдің айтуына қарағанда, 2010 – 2016 жылдар аралығында ҚХР азаматтарына 253 қазақстандық тұрмысқа шыққан. Соның ішінде, 190 қазақ қызының жары Қытайда тұратын өз қандастарымыз (қазақтар) болса, 34 қазақ қызы ғана этникалық қытайлармен некелескен екен. Сол сияқты жоғарыда көрсетілген кезең ішінде Қазақстанның 277 азаматы қытайлық қыздарға үйленсе, оның 244-і – Қытайда тұратын қазақ қыздарын алған өзіміздің бауырлар болған.   P.S. Белгілі ақын Светқали Нұржан бір өлеңінде: Қызың, Жерiң, Ерiң едi – жатқа бермес ҮШ НАМЫСЫҢ, Үш Намыстан айырылған соң Бақ-Құсыңның ұшқаны шын!.. Үш Намыстан адалансаң – адамдықтың дұшпанысың, Қазынамды жиып па едiм кiл тозақы                                                                                                       мыстан үшiн?! Одан гөрi жанған дұрыс мәңгi өртенер                                                                         от-табытта, Қандай сыр бар, қандай құн бар Үш Намысы жоқ халықта?! – деп шамырқанғаны бар еді. Бұл бүгінгі – өзін саналымын дейтін әр қазақ баласының жадында жаңғырып тұрар қатал сауал. Ел мен жер ұлттығымыздың, мемлекеттігіміздің белгісі десек, ұл мен қызымыз сол елдің ұстыны. Қызғалдақтай қыздарымыз өз жерінде жайқалып, өз өлкесіне сән беріп тұрса – ол да бір ұлылығымыздың айғағы болса керек.