Жаңалықтар

Қажығали Мұханбетқалиұлы: Даңғазамен жүргендер ұлтқа үлгі болмайды

ашық дереккөзі

Қажығали Мұханбетқалиұлы: Даңғазамен жүргендер ұлтқа үлгі болмайды

Ол – қалам қадірін білетін талғампаз жазушы. Қазақ оқырманы оның «Жұлдызды түндер», «Тоғай сыбдыры», «Қайдасың сен, махаббат?», «Жалғыз жиен» кітаптарын құшырлана оқыды. Әңгімелері ә дегеннен-ақ жетектей жөнеледі. Өйткені тілі шұрайлы, ойы оралымды. Жазушының басқа шығармалары бір төбе болса, «Тар кезеңі» – бір төбе. Роман жарық көргенде жазушы Мархабат Байғұт «Егемен Қазақстан» газетіне «Жиырма жыл жоғалған жазушы» деген мақала жазды. Қажығали Мұханбетқалиұлының 20 жыл бойы әдебиет көкжиегінен көрінбей кеткені рас. Көтерген тақырыбын індете зерттеп, қилы кезеңнің көркем шежіресін жасау үшін жазушы осынша уақыт тер төкті. Қажырлы еңбектің жемісі лайықты бағаланды – Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Сұхбат барысында қаламгерден осынау айтулы марапатқа дейінгі және кейінгі шығармашылық ғұмырының айырмашылығын сұрадық. Айтуынша, өзгеріс бар және оның болуы – заңдылық. ‒ Әдетте, қаламгерлерге сұхбаттың соңында қойылатын дәстүрлі сұрақ бар. Соны әңгіменің басында қойғым келіп отыр: Не жазып жүрсіз? Жазу үстеліңізде іздеушіңізге дайындаған біраз дүние қатталып тұрған болар? ‒ Әлі бітпеген немесе аяқталмаған дүниең туралы алдын-ала хабардар қылу әдетімде жоқ еді. Сондықтан сабыр ете тұрайын. ‒ Құп. Бір байқағаным, Лев Толстой мен Максим Горькийді аузыңыздан тастамайсыз. Қазақ жазушыларынан Әбіш Кекілбаев пен Төлен Әбдіктің шығармашылығын жоғары бағалайтыныңыз аңғарылады. Ал жастардың жазғанына көз саласыз ба? ‒ «Лев Толстойды аузыңыздан тастамайсыз» дегеніңіз жөн болар. Бірақ Максим Горькийді кейбір желбуаз пікірлерден қорғаштаған кездерім болғанымен, ауыздан тастамай жүретін авторым емес. Дегенмен жас Горкийдің шығармаларын көп жұрттан жоғары бағалайтынымды ашық айтып жүремін. Әбіш пен Төлен туралы пікірлерім де өте жоғары екенін ешқашан жасырған емеспін. Ал жастар туралы айтуға келгенде, жекелеген шығармалар туралы көңіл қуантарлық жайлар болғанымен, тұтастай алғанда әлі де болса тәнті қыларлық туындылар аз екенін тілге тиек етпей өте алмайсыз. ‒ Сіздің атыңыз аталса, «Тар кезең» қоса аталады. Алғашқы тарауы 1992 жылы жазылып, соңғы нүктесі 2012 жылы қойылған роман лайықты бағасын алып, Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. 20 жыл бойы бір шығарманың соңына түсіп, кітапханада қонып, мұрағатта таң атырған күндерде бұл романның дәл осындай биіктен көрінерін сездіңіз бе? ‒ Кез келген қаламгер өзінің биік мұрат көздеген туындысының қандай екенін, қалай қиналып жазғанын жақсы біледі... Ал оның лайықты бағасын алу-алмауы екінші мәселе. Бұл ретте айтарым, «Тар кезең» романы ‒ осыған дейінгі шығармашылығымның ең биік табысы екені ғана. ‒ Әйгілі Фолкнер «Шығармаңызды үш мәрте оқып, түсінбеген адамға қандай кеңес берер едіңіз?» деген сұраққа «төртінші мәрте оқуды» деп жауап берген екен. «Тар кезең» де оқушысына бірден ақтарыла қоймайтын күрделі шығарма. Фолкнерге қойылған сауалға сіз қалай жауап берер едіңіз? ‒ Оқырмандар ғана шығарманы сынап қоймайды, шығарманың да оқырман ой-өрісін сынайтындары бар. Фолкнер дұрыс айтып отыр: зерделі оқырман ғана күрделі шығармаларды қайтара оқығанда өзі бұрын аңдамаған көп-көп жаңалықты байқайды. Сондықтан өзі ұнатқан, бірақ толық ұғынбаған туындыларын қайта оқыған, оралып соғып отырған оқырман тек қана ұтады деп ойлаймын. ‒ Қаламгерлік ғұмырыңызды Мемлекеттік сыйлыққа дейінгі және кейінгі деп екі кезеңге бөлсек, екеуінің айырмашылығы көп пе? Жалпы атақ, марапаттың өз иесіне айтарлықтай қысымы болады дегенді естиміз. Рас сөз бе? ‒ Расында да, қаламгерлік ғұмырды аса жоғары атақ алғанға дейінгі және кейінгі (мәселен, Мемлекеттік сыйлық алғанға дейінгі және кейінгі) деп екі кезеңге бөліп қарасаңыз, өз бойыңызда бұрынғыдан гөрі бір өзгешелік барын байқауға болады. Мысалы, өзің шыққан биіктен төмендемеу дегеннің жауапкершілігі тым ауыр екенін сезу – соның бір айқын көрінісі. Мұны, әсіресе, үстел басына жаңадан отырғанда айқынырақ сезінесің. ‒ «Тар кезең» орыс тілінде сөйлегенін білеміз. Г.Пряхиннің аудармасы көп әуреге салған жоқ па? ‒ Аударма мәселесі қазақ жазушылары үшін қай кезеңде де қиындық туғызып келе жатқан проблема. Өйткені түпнұсқадан өзге тілдерге бірден аударатын басқа ұлт жазушылары жоққа тән. Бұл ретте бақытты деп тек қана орыс жазушыларын айтуға болар. Неге десеңіз, КСРО кезінде орыс жазушыларын одақтас республикалардың жазушылары өз тілдеріне тікелей аударып отырды. Ал біздің қаламгерлер әуелі жолма-жол аударма жасататын да, орыс тіліне содан кейін тәржімаланатын. Әрине, бұдан шығарманың көркемдік сапасы көп зиян шегетінін айтпасақ та түсінікті шығар. Жағдай әлі де сол шамада екені әмбеге белгілі. «Тар кезең» романы да бұл бейнеттен қашып құтыла алған жоқ. Бірақ... менің романым екі рет «көркем аударма» ретінде тәржімаланғанын айта кеткенімнің артықтығы болмас. Бірінші рет талантты ақын, шығармаларын орыс тілінде жазатын қазақ қаламгері, ақтөбелік Амантай Өтегенов романды түпнұсқасынан бірден орыс тіліне көркем аударма ретінде дайындады. Әділін айту керек, Амантай бауырым романның мәтінін де, көркемдік кестесін де толық ұғып, барын салып аударды. Еңбегіне ризамын! Бірақ... аударманың қолжазбасын оқу үстінде екі жайтқа көңілім толмағанын ашық айтқаным жөн. Біріншіден, Амантай ақын болғандықтан, таза көркем прозаның күрделі сөз қолданыстарын толық игеру оған қиындау соққанын байқадым. Менің салаласып та, сабақтасып та жатқан сөйлемдерімнің ритмін бұзбай, ойды дәл де анық жеткізу ісінде көңілдегідей болмай жатты. Шығармашылық адамы ретінде өмірімде бірінші рет осы аударма тұсында ақындық пен прозашылықтың арасында қандай жақындық пен айырмашылықтың болатынын ұқтым. Ақындық сөз қолданыс пен қатал реалистік прозашының сөз қолданысында өте нәзік, бірақ айқын байқалатын өзгеше өрнек болатыны мені таңғалдырды. Қысқасы, Амантай қаншалықты жақсы ақын болғанымен, прозалық шығарманы прозашы аударуы керек екен деген ойға тірелдім. Екіншіден, өз шығармаларын орыс тілінде жазғанымен, қазақтың тілін өте жақсы білетін Амантай таза ұлттық сөз оралымдарын орысшаға аударғанда, «калька» жасайды демей-ақ қояйын, бірақ жолма-жол аудармаларға жақындатып жібереді екен. Әрине, ұлттық шығармаларды аударғанда мұның өзге ұлт шығармасы екенін сезіндіру үшін бәлкім солай еткен дұрыс та шығар, бірақ өзім қабылдаңқырай алмадым. Cонсоң... әрбір ұлттық прозада бір ойдан екінші бір сабақтас ойға немесе бір оқиғадан соң соның жанама жағдаяты секілді екінші бір оқиғаға көшерде жігін білдірмей жіберетін өткелектері (переходтары) аударма үстінде ақынға көп қиындық келтірген сияқты. Осындай «ұсақ-түйек» себептермен мен романды, біріншіден, таза прозашыға, екіншіден, орысша нұсқаны орыстың өз жазушысына аудартқым келді. «Білгіштердің» айтуымен «Тар кезең» «Художественная литература» баспасының президенті, академик Г.В. Пряхиннің қолына тиді. Бірақ ол Г.Пряхин менің романымды «өлімін салып» аударды деп айта алмаймын. Өйткені ол жіберген қолжазбалардың үстінен өзім редакциялаған, ескертпе жасаған жерлер аз емес. Соған байланысты роман аудармасының келесі басылымдарында «аударғандар» деген жерге Амантай Өтегеновтің де аты-жөнін көрсетсем, әділетке қиянат бола қоймас деген ойдамын. ‒ Өзіңіз де әлем әдебиетінің саңлақтарын қазақша сөйлеттіңіз. Орыс жазушыларын түпнұсқадан аударғаныңызбен, Р.Акутагава, С.Моэм, Ги де Моппассан сияқты жазушылардың шығармалары орысшадан тәржімаланды емес пе? Аударма түпқазықтан алыстап кетпеді ме деген қорқыныш болған жоқ па? ‒ Р.Акутагава, С.Моэм, Л.Толстой, С.Чубек, Л.Хонвано, Я.Брыль, Л.Колодезный, Дж.Одинаев, Х.Абдуллин сияқты жазушылардың жекелеген әңгімелерін қазақ тіліне аудардым. Ал түркімен жазушысы, Түркіменстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Т. Жұмагелдиевтің «Егес» атты повестер жинағын, орыс жазушысы А.Скалонның «Бақыттың алтайы түлкісі» атты әңгімелері мен повестер жинағын тұтастай аудардым. Әлем әдебиетінің классиктерін түпнұсқадан емес, әлдеқашан мойындалған, оқырманның көзі үйренген орысша нұсқасынан аудардым. Көркемдік бояуын барынша сақтауға, қаймағын бұзбай жеткізуге тырыстым. Өз шығармамнан кем көрген жоқпын, барымды салдым. Әсіресе, оқырман жата-жастана оқитын классикалық шығармаларды аударудың жауапкершілігі ерек. Өйткені оқырмандардың көпшілігі олардың түпнұсқасымен жете таныс, автордың сөзді қалай құбылтатынын, сөйлемді қалай құрайтынын жақсы біледі. Сауатты оқырман аудармашының қай жерді бұрмалағанын, неден мүлт кеткенін бірден түсінеді. Оларды алдау мүмкін емес. Ертең біреуі келіп қателігімді бетіме баспас үшін жүрдім-бардым аударуға қақым жоқ еді. – Қазір бәрін «заманауиландыру» үрдісі жүріп жатқанын аңғармау қиын. Көптің аузында жүрген «заманауи әдебиет» дегенді қалай түсінесіз? Заманауи шығарма қандай болуы керек? – «Заманауи» деген маған шартты ұғым секілді ғана көрінеді. Ал жұрт аузындағы сөз ләміне қарасаңыз, мұны біреулер «осы заманғы» өмірді жазу деп түсінсе, енді біреулер «мүлде жаңа көркемдік құралдары» арқылы «мүлде жаңа формада жазу» деп ұғады. Кім қалай жазса, солай жазсын, меніңше, ең бастысы – замандастарыңның күллі рухани сұраныстарына жауап бере аларлық шығарма болса екен деймін. – Әдебиетте әлімсақтан келе жатқан тізім деген нәрсе бар. Сыншылардың аузында да, оқырманның аузында да – сол тізімдегі ат төбеліндей қаламгер. Олардың жазғанын он орайтын шығарма жазса да, өзгелер әлгі тізімдегілермен иық тіресе алмайды. Жазушының аты емес, шығарманың аты алдыңғы орынға қашан шығады? – Өзіңіз айтып отырғандай, «тізім» атаулы әлімсақтан келе жатыр... Қасаң қағидалар төңірегінен шыға алмайтын сыншылар бұл үрдісті ұстана беретіні сөзсіз. Әлі де талай жалғасады. Осы ретте мен жапон әдебиетінде болып кеткен бір өзгеше үрдіс жөнінде әлдебір сұхбатымда айтқан едім. Ол үрдіс бойынша белгілі бір атақ-абыройға қолы жеткен жазушылар өзінің нақты аты-жөнін келесі кітабының мұқабасында көрсетпей, лақап атпен шығарады екен. Шын талантты шығарма ма, әлде «ата даңқымен қыз өткен, мата даңқымен бөз өткен» бұрынғы атышулы автордың ортаңқол дүниесі ме – осылай айқындайтын болыпты. «Жазушының аты емес, шығарманың аты мен заты алдыңғы орынға қашан шығады?» деген сауалды анықтау үшін, шіркін-ай, осы үрдісті біздің әдебиетте де орнықтырып көрсек, кімнің кім екені белгілі болар еді-ау деп мен де армандап қоямын... – «Қазақ әдебиетінің классикасы» деген айдар тағылған туындылар іріктеліп-сұрыпталмағалы талай жылдың жүзі болды. Оқушы қызығушылығын тудырмаса да, мектептегі әдебиет оқулықтарынан түспей келе жатқан шығармалар бар... – «Қазақ әдебиетінің классикасы» деген айдар тағылған туындылар бар екені баршаға мәлім. Бірақ айдары бар да, айтары шамалы шығармалар да соның қатарында жүргені еш құпия емес. Мұны кәсіби әдебиетшілерді былай қоя тұрып, сауатты оқырмандардың өзі жақсы біледі. Бірақ баяғы ескі инерция бойынша мектеп оқулықтарына еніп келе жатқаны тағы рас. Қайтерсіз, оқулықтарды шығарып отырғандардың арасында да пенделер... Әдебиет шекараға, тосқауылға бағынбайды. Ақиқатын айтатын болсақ, Сәбит Мұқановтың «Сырдариясын» осы күні кім оқиды? Ғабиден Мұстафиннің «Шығанағын», «Миллионерін» немесе «Қарағандысын» кім оқиды? Оқыса «Дауылдан кейінін» оқуы мүмкін... Ал біз оларды «әдебиетіміздің классиктері» деп дес бермей отырмыз. Мен осындай классиктердің талайын айта аламын. Ғабит Мүсірепов өмірінің соңғы жылдарында үш томдық шығармаларын шығарды. «Менен қалатын мұра осы үш том» деп өзі айтып кетті. «Қалған шығармаларды мұраларыма кіргізбеңдер» деді. Одан кейінгі басылымдарда ортаңқол дүниелерін кіргізіп жіберді. Мәселе қайда жатыр?! Мысал үшін, «Қазақ солдаты» деген шығарма бір кездері классикалық шығарма деп бағаланып, «Қазақ әдебиеті» газетінің бетін бермеді. Осы күні сол шығарманы кім оқиды? Оқымайды ешкім! Құдай кешірсін! Осындай түйткілдер көп бізде. Соның өзі кейде үлкен даумен қабылданады. Орыс әдебиеті осыны айтып, тазалау жүргізгеніне 25-30 жыл болып қалды. Баяғы нашар шығармаларды оқулықтарынан шығарып тастады. Біздің әдебиетіміздің «классикасы» әлі күнге сол қалпында. – Баспасөзге берген бір сұхбатыңызда «Соңғы 15-20 жылда Жазушылар одағының бірде-бір пленумы әдебиеттің проблемаларын көтерген жоқ» депсіз. Өзіңіз арнайы келіп қатысқан соңғы пленум жайлы ойыңызды білгім келеді. – Айтылған сөз – сөз! Көкіректе қордаланып қалған осындай сөздер ғой соңғы пленумда оқыс мәселелерді күн тәртібіне қойдырған. Егер қаламгерлер: «Құрылтай шақыру мерзімі тым ұзап кетті, 24 ақпанда съезд өткізу керек. Онда мынадай-мынадай мәселелер қаралсын!» десе, қатардағы қаламдастардың мұндай ұсыныстарынан еш оғаштық көрмес едім. Бірақ олай да бола қоймады. Негізі, пленум орнықты да байсалды шешім қабылдады деп есептеймін. ‒ Қазақ ПЕН-клубының құрылтай­шы­ларының бірі екеніңізді білеміз. Ұйыммен әлі де тығыз байланыстасыз ба? ‒ Алғашқы құрылған күнінен бастап ПЕН-клубтың жақсы атын да, жаман атын да арқалап келеміз. Жау көргендей жиырылғандар, бәле-жала жапқандар көп болды. «ПЕН-клуб қазақ жазушыларының арасына іріткі салғалы жатыр екен», «Жазушылар одағының ғимаратын тартып алмақшы, билігінен айырмақшы», «Қаламгерлердің қалтасын қағады» деген алыпқашпа әңгімелер гуледі. Шынтуайтына келгенде, ПЕН-клубтың Жазушылар одағымен де, еліміздегі өзге ұйымдармен де еш таласы жоқ. Бұл – халықаралық ұйымның еліміздегі бөлімшесі. Оның мақсат-мұраты – шығармашылық иелерінің ынтымағын арттыру, халықаралық әдеби қоғамдастыққа қатысу, қазақ әдебиетін, қазақ жазушыларын шетелдік оқырманға насихаттау. Ұйым біреудің бірдеңесін тартып алған жоқ, керісінше, шамасы келгенше жақсы шығармаларды өзге тілдерге аударып, оқырманын көбейтуге көмектесіп келеді. Жазушыларды ынталандырып, жыл сайын үздік шығармаларға 10 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйлық тағайындап тұрды. Халық­аралық ұйымның жиынына қатысып, қазақ жазушыларының атқарып жатқан шаруалары туралы есеп береді, өзге елдердің шығармашылық ұйымдарымен байланыс орнатады. Қайсыбір жылы сондай жиындардың біріне, Берлинде өткен Халықаралық ПЕН-клубтың кезекті кеңесіне Қазақ ПЕН-клубының төрағасы Әбдіжәміл Нұрпейісовпен бірге мен де барып қатыстым. Жиынға қатысып келгеннен кейін «Дүние дүбірі жазушылар жүрегінде» деген көлемді мақала жазып, көрген-білгенімді, кеңесте есеп берген өзге елдердің тәжірибесінен түйгенімді оқырмандарға тәптіштеп баяндадым. Бір түсінгенім – Батыс елдерімен шығармашылық байланысты мықтап жолға қойған мемлекеттердің әдебиеті айтарлықтай ілгерілеген. Өйткені шығармаларын ағылшын тіліне аудару жеңілдей түскен. Біз бұл шаруаны кештеу қолға алдық. Десе де, ПЕН-клубтың мұрындық болуымен Мұхтар Әуезовтің әңгімелер жинағы, Бердібек Соқпақбаевтың повестері, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдер жинағы, Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» кітабы, Герольд Бельгер, Смағұл Елубай, Дулат Исабековтің шығармалары ағылшын тіліне аударылды. Жазушылар одағы ПЕН-клуб атқарған істің біреуін де атқарған жоқ. Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыз бастаған толымды істерді кейінгі жастар жалғастырды. Бұл ұйым әлі де қазақ әдебиетінің игілігі үшін қызмет ете береді деп сенемін. – Қарап отырсақ, әдебиеттегі қарымды қаламгерлер, өміршең шығармалар саяси дүрбелеңдер тұсында туған екен. Сөзімізге Ахмет пен Міржақып, Мағжан ақындардың шығармашылығы, толқулар мен төңкерістер тұсында шыңдалған Гете, Шекспир, Байронның өлмес туындылары дәлел. Тұғырлы шығармалар тууы үшін біздің қоғамға да дүмпу керек пе? – Сұрағыңыздан-ақ, менің пікірлесім екеніңізге қуанып отырмын. Расында да, тауарихқа қарап отырсаңыз – аса көрнекті тарихи тұлғалар ғана емес, ірі-ірі қоғам қайраткерлері де, қаламгерлер де әйгілі әлеуметтік сілкіністер кезінде көбірек шыққанын байқар едіңіз. Өзіңіз айтып отырған Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев қана емес, күллі Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлер де соның айғағындай. Ал әр ғасырдағы біздің қандастардың басынан өткен хикметтерді еске алсаңыз, сондай үлкен әлеуметтік трагедиялардың тұсында Асан қайғы, Қазтуған, Шалкиіз, Доспанбет бір топ болып көз алдыңыздан өтсе, беріректегі Бұхар, Жиенбет, Ақтанберді, одан беріректе Махамбет, Абай, Зар заман жыраулары – Шортанбай, Дулат, Мұрат Мөңкеұлы сай-сүйегіңізді сырқыратады. Осылардың өлмес мұраларының қилы заманда тууы – қоғамдағы дүмпулердің ықпалы емей немене? Ал біздің қоғамның басынан өткен оқиғалар – «социализмнен» капитализмге, нарықтық экономикаға көшу тұсындағы зобалаңдар бір кішкентай халықтың басына аз трагедия ма? Ол жайлы тұғырлы шығармалар әлі туады, оған тек уақыт керек, қаламгерлер оның бәрін ой елегінен өткізулері керек. – Халық ақ пен қараны, жақсы мен жаманды айыра алмай дал болғанда зиялы қауымға, қалам ұстағандардың сөзіне жүгінетін еді. Ақын-жазушылар еліміздегі қоғамдық маңызы бар оқиғаларға үн қосып, қарашаға бас болудан қалған соң қазір елге даңғаза мен дақпырттың ортасында жүрген әнші-биші бағыт сілтеп жүр. Олар нұсқаған жол қазақты қайда апарып тірейді? – «Зиялы қауымның сөзіне жүгінетін еді...» ғана емес, бұдан былай да халық тек зиялы қауымның сөзіне ғана жүгіне бермек! Өйткені бұдан басқа жол жоқ! «Зиялы қауым» деген – қай халықтың да бетке ұстары, игі жақсысы, бары да сол, нары да сол! Ал даңғаза мен дақпырттың ортасында жүрген «секеңбайлар» ешқашан ұлттың бағдаршамы болған емес, бола алмайды да. – Қазір ғаламдық желінің тілін тапқан қаламгерлердің тасы өрде. Интернеттен сіздің шығармаларыңызды таба алмадық. Насихатқа көңіл бөлмейтіндердің қатарындасыз ба? – Біз өзін-өзі насихаттағанды – «өзін өзі мақтаған – өлімнің қара басы» деп тәрбиеленгендердің буынынанбыз. Сондықтан жарнамаға ұят жібермеді. Енді қарасақ, барыңды базарлағанның сөкеттігі жоқ сияқты ма, қалай... Ойлану керек сияқты. – Кітабы оқылмаған ақын-жазушылар «оқырманның талғамы төмен» дегенді жиі алға тартады. Талғамсыз оқырманның көбеюіне қаламгерлердің өздері кінәлі емес пе? – Бұл ретте, кәсіби қаламгерлердің пікіріне құлақ қойған жөн. Өйткені талғамсыз оқырманның көбеюіне кінәлі – қаламгерлер емес, ақша төлегендердің көр-жерін төпелеп шығарып жатқан баспалар. Ақшасын төлеп әкесі туралы, теңгесін төлеп тәтесі туралы халтураны бұрқыратып шығарып жүргендер – салдақы әйелдер секілді ақшаның құлына айналған кейбір баспагерлер. – Сыни пікірлеріңіз үшін көпке жақпай қалған кездеріңіз аз болмапты. «Егер осы уақытқа дейін менің шығармам туралы бір адам бір ауыз пікір білдірмей жүрсе, қыңыр мінезімнің әсерінен болуы мүмкін» дейсіз. Дей тұра, тек шындықты айту керек деген ұстанымды берік ұстанып келесіз. Ақиқатты айтқаныңыз үшін теріс айналғандардың көбейіп бара жатқанын көргенде сол ұстанымнан айнығыңыз келген сәттер болған жоқ па? – Құдайға шүкір, өзімнің білген жеріме дейін, ұстанымымнан еш айныған емеспін. Төлен Әбдіктің бір жерлесіне айтқан қызық сөзі бар. Анау жерлесі оған «Әй, Төлен, екеуміз бір жерде өстік, бір өзеннің суын бірге іштік қой», – деп жақындағысы келген ғой. Сонда Төкең: «Мен сенімен бір өзеннің суын ішпеймін», – деп қолын сілтеген. Әдебиетке осындай көзқараспен қарау керек. Әрине, кейбір қаламгерлер жақсы адам болуы мүмкін, бірақ шығармасы нашар болса, оны қалай мақтауға болады? Адам бір рет өтірік айтса, аузы солай қарай қисайып, үйреніп алады. Мен әдебиетте нашар шығармаларды өтірік мақтай салатын біраз жігіттерді білемін, олар өздері өте талантты адамдар. Бірақ бітпейтін бір қимастық бар осыларда. Ол қимастық авторға емес, шығармаға болу керек қой. Біздің әдебиетте тым жақсы келе жатқан жазушыларды өтірік мақтап, «жөн сілтеп» құртқан кездер талай болған. «Ойбай, мынау жаңалық екен, қазақ әдебиетінде жаңа бетбұрыс жасады» деп әркімді бір мақтадық. Шын мәнісінде, ол түкке тұрмайтын жаңалық еді. Сөйтіп, ақыр аяғында мақтауды көтере алмай, далаға лағып кеткен жазушылар болды. – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынғалы біраз уақыт болды. Ұраншылдыққа салынбай, ұқсата білсек, өшкенімізді тірілтуге, жоғалғанымызды түгендеуге мүмкіндік беретін жоба. Әдебиеттің әлеуетін көтеру үшін осы бағдарлама аясында атқарылуы тиіс ең маңызды 3 істі атап беріңізші... – Әдебиеттің әлеуетін көтеру үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылар маңызды үш іс, меніңше, мыналар: біріншіден, жазушылар жақсы шығармалар жазуы керек. Екіншіден, қоғамда тек қана жақсы шығармалар мен солардың авторлары ғана қолдауға ие болуы тиіс. Үшіншіден, мемлекет ұлт әдебиетінің озық деген туындыларын ғана іріктеп-сұрыптап, әлемге таныту үшін аудармадан ақша-қаражат аямауы тиіс. Ғабит Мүсірепов: «Әдебиет ұлы болмай, ұлт ұлы бола алмайды» деп тегін айтқан жоқ. – Қызылбұлақ жаққа ат басын бұрып тұрасыз ба? Ауылдағы ағайынның кешегі тіршілігі мен бүгінгі тынысында не өзгеріс бар? – Ақтөбе облысы, Қызылбұлақ селолық округы, Кемерши деген – туған жер болғандықтан, шүкір, елден қол үзіп көрген емеспін. Елдің қиналған кезін де көрдім, есін жиып алған кезіне де куәмін. Үкіметтің асырайтынынан үмітін үзген ел – «жетім қозы маңырар да отығар» деген – өз тірлігін өз қолына алған. Өз тағдырына өзі ие болу үшін арпалысуда. ‒ Алыстағы ауылдан Алматыға арман қуып келген бозбала неге дәл филологияны таңдады? ‒ Жергілікті кітапхананың арқасында бала жастан әдебиетке құмар болып өстік. Әдеби кітаптарды кемірдік. Қазақ әдебиеті пәнінен сабақ берген, ауданымыздағы жоғары білімді алғашқы мұғалімдердің бірі Ыбыраев Арыстанғали деген ұстазымыздың да осы жолды таңдауыма ықпалы зор болды. Сегізінші сыныптан бастап өлең жаздым. Жазғандарым аудандық, ара-тұра облыстық газетте жарияланып тұрды. Аты-жөнімді газеттен көргенде, төбем көкке жеткендей болатын еді. Сол кезде-ақ бағыт-бағдарым, қай салаға бейім екенім айқын еді. Кейіннен «Лениншіл жаста» (қазіргі «Жас Алаш») әңгімелерім жарық көрді. Содан бастап прозаға түбегейлі бетбұрдым. ‒ Жазушы болу арманы орындалмағанда, Қажығали Мұханбетқалиұлы кім болар еді? ‒ Жазушы болмасам, аңшы немесе орман, тоғайды мекендейтін қорықшы болар ма едім, кім білсін?!. Табиғатты жақсы көремін. Қолым қалт етсе, серуендеуге, балық аулауға шығып кетемін. Айналаң тым-тырыс, ойың тұнық. Өзіңмен-өзің отырып, қармақтың суға түскенін, оған балық ілінгенін бақылау – бір ғанибет. Жаның рахаттанады. ‒ Қағаз бен қаламды серік етсем дейтін, ғұмырын жазуға арнағысы келетін жастар көп. Оларға қандай ақыл айтар едіңіз? Жазу үстеліне енді ғана жайғасқан, бойында қорқыныш пен үміт арпалысқан жас неге асық, неден қашық болуы керек? ‒ Өзім әу бастан ақыл айтуды абыройлы іс көрмеймін. Қандай жолға түссе де, адам сол жолдың ыстығын да, суығын да бастан өткеруі керек. Біреудің ақылымен ешкім дарынды жазушы болып кетпейді. Әркім өзі ізденуі керек, жанына жақын жанрды, болмысына сай бағытты таңдауы қажет. Жазушы боламын, өмірімді әдебиетпен байланыстырамын дейтін адам ең әуелі туған әдебиетін жатқа білуі шарт. Одан кейін әлем әдебиетінің жауһарларынан толық хабардар болуы қажет. Әрине, шетел әдебиетінің барлық классиктерін оқып тауысу мүмкін емес, оған бір адамның ғұмыры жетпейді. Алайда әлемдік әдебиеттің басты заңдарын, тұғырлы шығармаларын білуі керек. Қарапайым қағидаларды, әбден тапталған жолдардың бұрылыс-бұралаңын жатқа білген соң ғана өз соқпағын салсын, қалаған экспериментін жасасын. – Әңгімеңізге рахмет! Жазарыңыз таусылмасын!  

Сұхбаттасқан

Анар ЛЕПЕСОВА