Қазақтар қонағына тұлпар тартқан..
Қазақтар қонағына тұлпар тартқан..
Шығыс мәдениетіне мейлінше ден қойып, тарихын ерекше құлшыныспен зерттеуге құлай берілген В.В. Вельяминов-Зерновты «Тарих-и Рашидиде» көтерілген өзіне беймәлім тың мәліметтердің молдығы, баяндау жүйесі, тарихи оқиғалардың хроникасы қатты қызықтырған. Сондықтан ол өз зерттеуінде Мұхаммед Хұсейіннің Шайбани ханның бұйрығымен 1508 жылы өлтірілгеніне, ал Сұлтан Сайд ханның 1533 жылы қайтыс болғаны туралы деректерге де тоқталып өтті. Мұхаммед Хайдардың 1509-1512 жылдары З.Бабырдың қолына барып, оның тәрбиесін алғанына да тоқталды. Мұның бәрі Мұхаммед Хайдардың өміріндегі ерекше кезең болатын. 1540 жылдан бастап Дулати өмірінің кашмирлік кезеңі басталды. Ол 1540 жылы Кашмир өлкесін Бабырдың баласы Хұмаюнның рұқсаты бойынша бейбіт жолмен алды. Осы өлкені он жылдан астам дербес билеп, 1551 жылы қастандықтың құрбандығына айналды. Бабыр да, Дулати да пайғамбар жасына жетпей қайтыс болған.
В.В. Вельяминов-Зернов «Тарих-и Рашиди» 1-кітабының 39-тарауынан үзінділер аударды. Бұл тарауда Есенбұға ханға әмірлердің қарсылық көрсетуі, Әбілқайыр ханның Жошы әулетінен тарайтын сұлтандарға шабуыл жасауы баяндалады. Қазақтарға қатысты тың мәліметтер! В.В. Вельяминов-Зерновке де ең керегі сол болатын, сондықтан ол бұл тарауды толық түрде емес, өзінің зерттеуіне қажетті-қажетті деген жерлерін парсы тілінен тікелей аударып алды. Жәнібек пен Керей сұлтандар Әбілқайыр ханның қысым көрсетуінен ығысып, Моғолстанға келді. Есенбұға бұларды жақсы қарсы алып, Моғолстанның батыс жағындағы Шу мен Қозыбасы деген жерді берді. Ғалым орысшасында: «Отвел им край Джу и Козы-Баши, которую составляет западную окраину Моголистана» (ІІ часть, стр. 139) деп аударды. Шуды Джу деп қате жазып, оның өзен екенін келтірмеген. Қазақ сұлтандарының дербес билік ету дәуірі 1465 жылдан басталады. Ал 1533 жылы қазақтар Өзбекстанның көп бөлігіне билігін жүргізді. Керей ханнан кейін Бұрындық хан болды, одан соң Жәнібек ханның баласы Қасым хан болды деп аударған. В.В. Вельяминов-Зернов Қасым ханның билігі бүкіл Дешті Қыпшаққа жүрді, қарауындағыларының саны миллионнан асты деп тәржімалаған. Одан кейін баласы Мамаш, одан соң Қасым ханның немере інісі Таһир хан билік етті, оның билігі кезінде қазақтар бытырап кетті, одан кейін оның інісі Бұйдаш хан кезінде қазақтар жиырма мыңдай болып қалды. «После 940 (1533,4) г. не стало и Буйдаш, и вслед за тем казаки совершенно исчезли», – (стр. 140) деп аударады. Шығыстанушы ғалым «Тарих-и Рашидидің» қазақтарға қатысты, қазақ хандарына байланысты жерлерін парсы тілінен дұрыс аударып, өз еңбегінде пайдаланған, оның осы парсы тілінен аударған материалдары кейіннен қазақ хандығын зерттеуші ғалымдар, тарихшылар үшін таптырмайтын құнды мәліметке айналды. Себебі Қазақ хандығына қатысты ең қажетті деректі «Тарих-и Рашидиден» парсы тілінен аударып берген алғашқы аудармашы осы В.В. Вельяминов-Зернов болатын. Қазақ тарихи ғылымы оның бұл еңбегіне қарыздар деп білеміз. Шығыстанушы ғалым 2-кітаптың 32-тарауын «О приключениях Султан Саид хана» деп аударған. Сұлтан Саид ханның саяси өмірінің бастапқы кезеңін, 1512 жылғы оқиғаны аударған. Одан кейін 33-тарауда «О казахах, их владельцах, причин почему им дано имя казак, и их падении» деп аударған. Парсы тілінен аударылған тексті қашқар тіліндегі аудармасымен салыстыра отырып, толықтырып тәржімалаған. Мәселен: «Гирей хан, Жанибек султан и другие, с небольшую толпою людей (в Кашгарском переводе слова: с небольшую толпою людей пропущены) бежали от Абулхайр хана в Моголистан» (стр. 151). Шығыстанушы ғалым бүкіл Дешті Қыпшаққа билігін жүргізген Әбілқайыр ханнан Жошы әулетінің кейбір сұлтандары қауіптене бастағанын былай аударған екен: «Некоторые султаны из рода Джучиева, опасаясь с его стороны беды для себя, решились заранее предотвратить ее» (стр. 151, ІІ часть). В.В.Вельяминов-Зернов Керей хан мен Жәнібек сұлтанның Әбілқайырдан жарыла көшуінің себебін нақтырақ аударып жеткізе білген. Бұл текст Ташкентте жарыққа шыққан 1996 жылғы орыс тіліндегі басылымда былайша тәржімаланыпты: «... то некоторые султаны из рода Джучи, которые учуяли носом проницательности запахи бед от него, решили его убрать» деп аударыпты (1996г., стр. 342). Осы текстің қазақша аудармасы: «Жошы әулетінен шыққан кейбір тіміскішіл сұлтандар одан келер бір пәленің исін сезіп қалып, оны орнынан тайдырмақ болды» (2003ж., 305-бет). Шынында бұл жерде сәл дұрыс аударылмағанын байқауға болады. В.В. Вельяминов-Зернов мүмкіндігінше парсылық нұсқадағы мазмұнын қарапайым етіп дәлірек бере білген. Біз 1996 жылғы Ташкент, 2003 жылғы қазақша басылымындағы «тіміскішіл» деген сөздің дәл берілмегенін ескеріп, «Жошы әулетінен шыққан кейбір сұлтандар өздерінің көрегендігімен бір бүліктің болар исін сезетін, ал [жұрт] одан келер бәленің ауыртпалығын барынша жеңілдету жолын ойлап қамығып жүретін», – деп аударған едік. («Тарих-и Рашиди», А., 2015. 382-бет).
Шығыстанушы ғалым мәтінді аудару үстінде сөздің мағынасын, семантикалық мәнін терең түсініп сезінгенін байқайсыз, соның нәтижесінде сөйлемдердің аударылу сапасы да жақсы әрі жатық. В.В. Вельяминов-Зернов өзі сөз етіп қозғап отырған мәселеге барынша жауапкершілік танытады, оқырмандардың, шығыстанушы ғалымдардың алдында еңбегінің абыройлы болуына барынша күш-жігер жұмсайды. Оның аудармасы еркін оқылады, себебі ол көп тілді жетік білді, әсіресе, шығыс тілдеріне өте жүйрік әрі сұңғыла, әрі стилист, сөйлемдері жатық болып келуі де заңдылық еді.
В.В. Вельяминов-Зернов қазақтарға қатысты материалды одан әрі аударуды мақсат етіп, «О событиях, случивщихся после битвы Суюнчик ханом, и о поездке Султан Сайд хана к Касим хану» деген тарауын аударады. Бұл 2-кітаптың 34-тарауы болатын. 1996 жылғы Ташкенттен шыққан орыс тіліндегі басылымда бұл тарауды «Глава 34. Упоминание о событиях, которые произошли после битвы Суинджик хана, об отъезде Султан Саид хана к Касим хану к казахам» деп аударыпты. Ал біздің жаңа аудармамызда бұл тарау парсы тілінен: «Сүйіншік (Сүйіндік) ханның шайқасынан кейінгі болған оқиғалар туралы. Сұлтан Саид ханның қазақтарға, Қасым ханның алдына баруы жайында әңгіме», – деп аударылды.
М.Х. Дулати 1513 (14) жылы Сайд ханның Қасым ханмен Шу бойында кездескенін осы тарауда баяндайды. Мұхаммед Хайдар сырқаттанып, бұл кездесуге қатыса алмай қалады. Бірақ Сайд ханның әңгімесінің желісі бойынша қазақ ханымен кездесуді «Тарих-и Рашидиде» тамаша етіп суреттеп жазады. Шын мәнінде бұл шағын тарауды қысқа новелла десе де болады. Мұхаммед Хайдар жазушылық шеберлікпен осы кездесу үстіндегі Қасым ханның келбет-кескінін, оның ішкі дүниесін, ірілігін, тау тұлғасын әдемі етіп сипаттайды. Қасым ханның Сайд ханға әңгіме үстінде айтқан сөзін В.В. Вельяминов-Зернов: «Касым, когда привели лошадей, обратился к хану и сказал: «Степнякам без коня жизнь не в жизнь; эти два коня для меня – самые надежные изо всех; обоих подарить не могу; но вы – дорогой гость, выберите себе любого, только другого оставьте мне». При этом Касим описал достоинства обоих лошадей», – деп жатық аударған (стр.166). Қазақ халқының қонақ күту салт-дәстүрін, жомарттығын Қасым хан бейнесі арқылы Дулати шебер суреттеген. Осы сөйлемді өзбекстандық аудармашылар: «Касим хан сказал: «Люди могут жить благодаря силе лошади. У меня кроме этих двух лошадей, нет других, которые устраивали бы меня, поэтому я не могу подарить обеих. Поскольку Вы являетесь моим дорогим гостем, выберите ту [лошадь], которая понравится Вам, а другую оставьте мне», и он описал каждую из них» (1966 г., стр. 352). В.В. Вельяминов-Зернов жылқыға қатысты «достоинства обеих» деген мәтінді күшейте түсетін сөз қолданады, ал өзбекстандық аудармашылар: «описал каждую из них» деп тәржімалаған. Осы тексті біз шығыстанушы ғалымның аудармасының мағыналық дәлдігін салыстыра түсу үшін келтірдік. Өйткені парсы тіліндегі бір тексті екі аудармашы да өз бетінше аударған, аудармашылар бірінің сөзін бірі қайталамайды.
Біз «Тарих-и Рашидидің» жаңа аудармасында осы көріністі былайша тәржімаладық: «Қасым хан сөзін одан әрі жалғастырып: «Түз (сахара) халқы – жылқының күш-қуатына қарай тіршілік етеді. Менде осы екі арғымақтан басқа өзіме лайық сенімді ат жоқ, сондықтан әдет-ғұрпымызға орай екеуін бірдей сізге тарту ете алмаймын. Ал енді сіз қадірлі қонағым болғандықтан, осы екеуінің бірін таңдап, қабыл алыңыз», – деді. Ол аттардың әрқайсысын жеке-жеке сипаттап шықты. [Саид] хан оның біреуін алды» (2015, 387-б.).
Сайд ханның Қасым ханмен кездесуі жөніндегі тарауды шығыстанушы ғалым әдемі аударған, М.Х. Дулатидің ойын шебер жеткізген, оқиғаның барысын сатылап, әңгіменің ішкі ырғағын, Қасым ханның қимыл-қозғалысын орыс тіліне жақсы аударған, аударманы тұшынып оқисыз. Сайд хан мен Қасым ханның арасындағы жас айырмашылық едәуір, Сайд хан отыздардағы жігіт болса, қазақ ханы жетпістерді алқымдап қалған, бірақ екеуінің арасындағы сұхбат сыйластық, құрмет көрсету, қазақы салт-дәстүрінде қонақ күту, достық жағдайында өтеді.
Дулати Қасым ханның «Түз халқы жылқының күш-қуатына қарай тіршілік етеді» деген өте терең мағыналы сөзін келтіреді, осы сөз қазақ халқының бүкіл болмыс-бітімінің, өмір салтының терең тұжырымы сынды.
В.В. Вельяминов-Зернов Қасым ханның Сайд ханды қымызбен сыйлайтын сәтін де орыс тіліне өте орамды етіп жеткізген: «Вместе с тем поднес он ему чашу превосходного крепкого кумыза, и сказал: «Позвольте мне угостить вас, если вы отведаете, то сделаете мне большое одолжение» (стр. 166). Қымызға қатысты аудармашы қолданған «превосходного крепкого» деген тіркес ұлттық сусынымыздың ерекше сапасын көтере түскен. Әдемі, сүйсініп оқитын жолдар ғой бұл. Қымыз десе қазақтың қаны қызбай ма? Аудармашы «шарап» деген сөзді де қолданбаған, бабына келтірілген қымызды орыс тіліне әдемі бейнелеп, тамаша-ақ жеткізген.
В.В. Вельяминов-Зернов өзі жұмысына пайдаланып отырған парсы, түркі, қашқар тілдеріндегі қолжазбаларды мұқият салыстырып, парсы тіліндегі мәтінді мейлінше мағыналық тұрғыдан аударған. Оның аудармасы жолма-жол аударма емес, текстологиялық ізденіске негізделген творчестволық тәржіма. Аудармасында орыс тілінің бай мүмкіндіктері пайдаланылған, баяндауы, сөйлемді еркін жеткізіп отыруы жағынан қаламы да ұшқыр, аударма мәтіндердің ортасында кіші шрифтпен, петитпен түсіндірме жасап отырады, оқырманға, ғылыми қауымға түсініктірек болу үшін. Оның бұл әдісі де орынды, себебі беттің төменгі жағына бұл түсіндірмелер сыймас та еді.
В.В. Вельяминов-Зернов ғалым, зерттеуші ғана емес, көп тілді еркін меңгерген, зерттеу жұмыстарына да, аудармасына да бойындағы ғалымдық қасиеті мен шығармашылық қабілетін шебер ұштастыра білген талантты тұлға. Ол еңбекқор, өз кәсібін, қолға алған шаруасын адал атқаратын объективті ғалым. Ол тіл арқылы шығыс мәдениетін бойына терең сіңірген ізденімпаз, өз ісіне жан-дүниесімен барынша берілген нағыз патриот, өнеге тұтатын ғұлама.
«Тарих-и Рашидиді» өз зерттеулеріне аударып пайдалана отырып, ғалым шығыс мәдениетіне, оның тарихына тереңдеп ден қойды. Оның аудармасы мен зерттеуінен Қазақ тарихына деген ерекше бір сүйіспеншілікті де сезінбеу мүмкін емес. Ш.Уәлихановтай дарынды ұлы даланың перзентіне достық, ғалымдық, азаматтық сүйіспеншілігі қандай биік болса, өзі құлай ұнатқан «Тарих-и Рашидидің» авторы Мұхаммед Хайдар мырзаға деген ұлы құрметі де айрықша болғанын оның тамаша зерттеуінен анық та айқын байқаймыз, сезінеміз де.
В.В. Вельяминов-Зернов өзінің төрт томнан тұратын белгілі зерттеу еңбегі арқылы қазақтың ұлы перзенті Мұхаммед Хайдарды Отанына, туған еліне қайта оралтты. Ол М.Х. Дулати мұрасын зерттеу, аудару арқылы Ресейдің ғылыми, зиялы қауымына Қазақ хандығының саяси аренаға қай жылы шыққанын айтты, қазақ мемлекеттілігінің тарихын жазып, көзі қарақты қауымның назарын аударды. Қазақ хандығының да өсу, өркендеу дәуірін, содан кейін құлдырау, әлсіреу кезеңдерін хронологиялық тұрғыдан терең пайымдады. Ол қазаққа отар, мәдени даму жағынан артта қалған халық деп қарамады, бір кездегі өркениеттің бастауында тұрған дәстүрі берік халық деп танып білді. Шын мәнінде, Мұхаммед Хайдар мырзаның ұлы еңбегі атақты шығыстанушы ғалымның рухын көтеріп, оның шығыс еліне деген көзқарасын түбегейлі өзгертіп жібергенін байқамау мүмкін емес. «Тарих-и Рашидиді» аудару үстінде оның іштей түлегені зерттеу жұмысының мазмұнынан байқалады.
Шығыс мәдениетін зерттеу оның бойында шығыс халықтарына, ең алдымен қазақ халқына деген сүйіспеншілігін еселей түсті.
Оның Ораз Мұхаммед сияқты Қасым хандығының талантты ханының өмірін зерттеу жолындағы ғылыми соқпағы Қадырғали Жалайырды терең зерттеуге алып келсе, ал Ораз Мұхаммедтің ата тегін зерттеу жұмысы «Тарих-и Рашиди» сынды ұлы мұрамен кезіктірді.
Бұл кітап В.В. Вельяминов-Зерновтың өміріндегі, бәлкім, алғашқы ұшырасқан көркем тіл, ақындық шабыт, ғалымдық жүйелілікпен терең негізделіп жазылған теңдессіз шығарма да еді деуге болады. Оған себеп XVI ғасырда жазылған мұндай кең тынысты, ұшан-теңіз тарихи құндылықтар, дүниені дүр сілкіндірген тарихи оқиғалар терең суреттеліп баяндалған көркем әдеби-мемуарлық шығарма Еуропа жерінде жоқ болатын. Екі-үш ғасырдай уақыт өткеннен кейін барып қана мұндай мұралар жазыла бастады.
Мұхаммед Хайдар мырза 1499 жылы дүниеге келген болса, орыстың ұлы ақыны А.С. Пушкиннің өзі 1799 жылы – үш ғасыр өткен соң туыпты.
Ал М.Х. Дулати одан үш ғасыр бұрын Ұлы Моғол империясының падишаһы З.Бабырмен шығыс елінде ұлы реформаны жүзеге асырып, қайта өрлеу дәуірінің негізін қалап жатты. Олар шығыс өркениетінің бастауында тұрған тұлға болды, адамзат баласының ақыл-ойы мен мәдениетін сарқылмас қазынамен байытты. «Бабырнаме» мен «Тарих-и Рашидиді» бойына сіңірген В.В. Вельяминов-Зернов бұл екі ұлы парасат иесіндей қайраткер тұлғалардың Шығыс пен Батыста да дүниеге әлі келе қоймағанын жақсы білді, сондықтан да ол «Тарих-и Рашиди» сынды мұраның барлығына қатты қуанды әрі мұндай рухани қазынаға тәнті де болды. Бұл туындының өз зерттеуіне қажетті тарауларын құлай беріліп, қызыға сүйсініп оқып, ерекше сүйіспеншілікпен құлшына аударуы да сол себептен еді.
В.В. Вельяминов-Зернов екінші аударған тарауды «О новой поездка хана (Султан Саида) в Моголистан, о том как он отвел назад монголов из Моголистана в Кашгар, и о некоторых событиях случившихся в то время» деп аударған. Бұл Ташкентте шыққан орыс тіліндегі басылымда 76-тарау деп алынған. Ташкенттік аудармада «Последняя поездка хана в Моголистан, переселение моголов из Моголистана в Кашгар и некоторые события, имевшие место в те дни». В.В. Вельяминов-Зернов аудармасында Рашид сұлтан 1525 жылы Моғолстанда болған еді, 1526 жылы Қашқарға келді деп жылын дәл көрсетіп аударса, өзбекстандық аудармада жылы көрсетілмеген. Осы тарауды В.В. Вельяминов-Зернов қазақтарға қатысты тарау болғандықтан аса мән беріп аударған, оның үстіне түсіндірме беріп, онда талдау жасайды. Оның бұл түсіндірмесі, жоғарыда айтқандай, кітабының ішінде текстен кейін петитпен теріліп берілген, оның бұл әдісі ойын дәлелдеу үшін өте дұрыс қолданылған, сонымен қатар өзі аударған текстің парсыша, қашқар (ұйғыр) тіліндегі нұсқасын да берген, мұнысы зерттеушілер үшін қажет болған жағдайда, пайдалансын деген мақсаттан туған.
Осы тарауда Таһир хан жағдайдың өзгеруіне байланысты Моғолстанға кетуге мәжбүр болғанын, содан ол Қашқарға келгенін, бұл жердегі қырғыздардың жартысы оған қосылып, мына жағдайдан Рашид сұлтан қорқып, қыс соңында Атбасыға қарай жылыстайды. Атбасыға жетпей Сайд хан баласы Рашид сұлтанмен кезігеді. Рашид сұлтанның жанындағы қырғыздар Моғолстанның шығыс жағына өзбектермен бірге кеткен қырғыздарға қосылмақ болады.
Сайд хан Қашқарға барып, қырғыздарды Атбасыға алып келеді де, өзі Қашқарға кетеді. Ал Мұхаммед Хайдарды Моғолстанға қалдырды. Сайд хан бейбіт келісімге келуге дәнекерші болсын деп немере әпкесі Сұлтан Нигар ханымды алып келгін деп тапсырма беріп, Мұхаммед Хайдар мырзаны Қашқарға жібереді. «Тарих-и Рашидидің» авторы қайта оралғанға дейін қырғыздардың өзбектерден бөлініп шыққанын есітіп, оларды өзіне қаратуды мақсат етеді де, жорыққа Ақсайдан шығады. Бір бекеттей жер жүргенде жолда Рашид сұлтан ауырып қалады. Сол жақта Қожа Нұра да жүрген екен, бұл белгілі кемел ғұлама болатын. Оның аты-жөнін өзбекстандық аудармашылар Қожа Нұран деп алған, ал В.В. Вельяминов-Зернов оны Қожа Нұра деп парсылық транскрипциядан түсірген, біз де «Тарих-и Рашидидің» душанбелік парсылық нұсқасы бойынша Қожа Нұра деп бердік. Осы Қожа Нұраның шипалы демінен Рашид Сұлтан үш күнде айығып кетті деп жазады Мұхаммед Хайдар мырза.
Қожа Нұраға кітаптың соңғы тарауларында М.Х. Дулати арнайы тоқталады – ол бөлек әңгіменің тақырыбы. Қожа Нұраның шипалы демін В.В. Вельяминов-Зернов: «Благодаря присутствию и молитвам святого болезнь в три дня совершенно прекратилась» (II часть, стр. 199). Ал өзбекстандық аудармада: «Когда его благословенная нога и оживляющее дыхание достигли того места, то болезнь в три дня сменилась выздоровлением», – деп тәржімаланған (1996 г., стр.476). Шығыстанушы ғалымның аудармасы түп нұсқаны дәл бере алған әрі ол шығыстық ем-домның ерекшелігі жөнінде жақсы білетіндігін байқаймыз, «Молитвам святого» деген сөйлемі Қожа Нұраның шипалық демін дәл беретін тіркес деп санаймыз, өзбекстандық аударма да жатық берілгенін атап өту керек.
Осы тарауда Таһир ханның жанында (бір миллиондай адамнан) екі жүз мыңдай адам қалған еді деп, жазады кітап авторы, ханның билігі құлдырай бастаған болатын. Ол өте қатыгез болғандықтан қасындағы адамдар кете бастаған еді. Жұрт оның қатыгездігіне себепші інісі Әбілқасым сұлтан деп санап, оны өлтірді де, содан бірден Таһир ханды тастап, бытырап кетті. Ол баласы екеуі жалғыз қалып, содан қырғыздарға барып қосылды. Бұл хабарды Сайд хан Қашқарда естиді. Моғолдар ханға енді Моғолстанда қалу қауіпті, себебі қырғыздар өзбектерге (қазақтарға) барып қосылды, олардың саны өте көп, қарсы шығу қиын деп үгіттей бастайды. В.В. Вельяминов-Зернов моғолдар дегенді монғолдар деп шатастырып аударады (стр.202). Хан содан кейін моғолдардың бәрін Рашид сұлтанмен бірге Қашқарға көшіртеді.
В.В. Вельяминов-Зернов қырғыз-қайсақ деп біздің жазып жүргеніміз Мұхаммед Хайдардың қазақтары болатын деп көрсетеді өзінің түсіндірмесінде. Ал қазақтар нағыз қырғыздармен ешқандай қатысы жоқ деп жазады, қазақтарды қырғыздармен шатастырмау керектігін айтады. Шығыстанушы ғалым «Тарих-и Рашидидің» екі бірдей қолжазба нұсқасын терең зерттегені сондай, аса маңызды деген мәселеге баса мән беріп, тіпті, «Тарих-и Рашидиде» нақтылап, ашығырақ баяндалмаған мәтіндерге дейін назар аударады. Ол түсіндірмесінде: «Если автор «Тарих-и Рашиди» пишет, что его Казаки около 940 (1533,4) году исчезли совершенно, то он выразился слишком резко. Его казаки не исчезли, а только на время сошли со сцены. Именно они, а не какие-либо другие Казаки-предки нынешных Казаков, или, что тоже, Киргиз-Кайсаков» (стр.228).
Міне, «Тарих-и Рашидиді» аударушының жасаған шынайы қорытындысы айна-қатесіз дұрыс болатын. Өйткені оның қырғыз-қайсақтардың бүгінгі қазақтар екеніне ешқандай күмәні болмады. Ол: «1456 жылдан 1537-38 жылдардың аралығында, осы сексен жылдағы Мұхаммед Хайдардың басты кейіпкерлері: Жошылық Керей мен Жәнібек, сірә, бауырлас, бірақ кімнің баласы екені белгісіз. 1456 жылдар шамасында өмір сүрген, Керейдің баласы Бұрындық, Жәнібектің балалары Әдік пен Қасым, Әдіктің баласы Таһир», – деп жазады шығыстанушы ғалым.
«Мұхаммед Хайдар жазған Жәнібек пен Әдік, Қасым хандығының бұрынғы қырғыз-қайсақ ханзадасы Ораз Мұхаммедтің ата тек шежіресінде айтылатын сол Барақтың баласы Жәдіктің өзі», – деп жазды В.В.Вельяминов-Зернов. Сөйтіп В.В. Вельяминов-Зернов Ораз Мұхаммедтің ата-бабаларының М.Х. Дулати жазып отырған Жәнібек пен Әдік екенін анықтайды да, бұған ешқандай күдік келтірмейді. Бұл шығыстанушы үшін үлкен жаңалық болды, «Тарих-и Рашиди» авторының шығармасына қалтқысыз сенуінің де негізінде өзі анықтаған осынау тарихи деректер жатқан еді.
Сонымен талантты ғалым, көрнекті шығыстанушы ғұлама В.В. Вельяминов-Зерновтың біз тоқталып отырған еңбегінің тарихи маңызы неде деген сұраққа тоқталып өтейік.
Біріншіден, В.В. Вельяминов-Зернов ең алғаш Ресей ғалымдарының ішінде «Тарих-и Рашидиге» назар аударып, өзінің іргелі зерттеу жұмысына ең сенімді дерек көзі ретінде пайдаланды.
Екіншіден, шығыстанушы ғалым «Тарих-и Рашидидің» қазақтар, қазақ хандары туралы баяндалатын тарауларын алғаш рет парсы тілінен – түпнұсқасынан орыс тіліне аударды. Сөйтіп, ол «Тарих-и Рашидиді» алғаш зерттеуші әрі оның тарауларын аударған ғалым ретінде ғылыми ортаға танылды.
Үшіншіден, В.В. Вельяминов-Зернов М.Х. Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты кітабына қатысты, бұл еңбекті өз зерттеу еңбектерінде пайдаланған, соған сүйенген шығыс ғалым-жазушыларының шығармаларына ізденісінің арналарын аша түсу үшін арнайы тоқталады, көптеген ғалымдардың еңбектерін атап өтеді, мұның «Тарих-и Рашидидің» тарихи маңызын көрсетуде зор маңызы бар еді.
Төртіншіден, В.В. Вельяминов-Зернов «Тарих-и Рашидиді» аудара отырып, М.Х. Дулатидің ата тегін, өмірі мен қызметін зерттеді, сонымен қатар Ресей мемлекетіндегі Қасым хандығының, оның ханы қазақ Ораз Мұхаммедтің ата тегін, шежіресін зерттеп, қазақтың ханзадасы хан тұқымынан таралғанын дәлелдей түсті. «Тарих-и Рашидиді» ол үшін ең маңызды тарихи шығарма, құнды тарихи дерек көзі болды, шын мәнінде шығыстанушы ғалым үшін бұл теңдессіз, баға жеткісіз еңбек еді.
В.В. Вельяминов-Зернов Қасым хандығын, оның ханы Ораз Мұхаммед өмірін зерттеу арқылы Қазақ хандарына қатысты көптеген дерек көздерін саралап, өте құнды мәліметтерді өз зерттеуінде келтірді, оның еңбегінде бізге беймәлім, тың дүниелер мол болатын. Сондықтан, ол «Тарих-и Рашидиді» аударушы ғана емес, оның авторының саяси, шығармашылық, тарихи өмірін зерттеуші ғалым да болды. В.В.Вельяминов-Зерновтың еңбегі арқылы орыс тілді ғалымдар, зерттеушілер қазақ жазушысы М.Х. Дулатидің тарихи еңбегін танып білді. Қазақтың белгілі тарихшылары М.Тынышбаев, С.Асфендиаров, Т.Рысқұлов өздерінің еңбектерінде В.В. Вельяминов-Зернов аударған «Тарих-и Рашидиде» айтылатын тарихи мәліметтерді пайдаланды. Ал жазушы-тарихшы М.Мағауиннің «Аласапыран» атты тарихи романына осы В.В. Вельяминов-Зерновтың еңбегі негізгі тарихи дерек көзі, оқиғалардың арқауы болды. Өкінішке қарай, осындай аса құнды еңбек осы уақытқа дейін қайта басылған емес, қозғаусыз қалып келеді.
В.В. Вельяминов-Зерновтың еңбегі шетелдік шығыстанушылар, ориенталистер үшін өте бағалы кітап болды. Ол алғашқы дулатитанушылардың бірі ретінде бағаланып, зерттелуге тиіс деп санаймыз. Оның М.Х. Дулати туралы зерттеулері мен «Тарих-и Рашидидің» қазақтарға қатысты бірнеше тарауларын парсы тілінен тікелей орыс тіліне жатық етіп аударып, зерттеп, насихаттауы бұл еңбекті ғылыми айналымға қосып, жоғары бағалауы зерттеушілер үшін өнегелі, тағылымды іс болып қала бермек.
Мұхтар Қазыбек,
жазушы, дулатитанушы