Жаңалықтар

Үздік білім – үлгілі ұстаздан

ашық дереккөзі

Үздік білім – үлгілі ұстаздан

Алматы қаласы – білім мен өркениеттің қаласы. Бүгінде білім алуға құштар жастардың көбі әсем шаһарға келуге ұмтылады. Себебі мұндағы білім сапасы болашақтың кілтіне деген сенімді қадам. Ал ертеңгі келешектің баспалдағы балабақша мен мектепте қаланатыны айтпаса да түсінікті. Осыдан бір ай бұрын Алматы қаласы Білім басқармасына жаңа басшы тағайындалған-ды. Жауапты қызметке кіріскен Гүлнар Мақайқызы мегаполистегі білім беру сапасын одан әрі қалай жақсарта түспек? Осы тұрғыда пікірін бөліскен жаңа басшы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Білім сапасын арттыру – қазіргі заман талабы» атты тақырыпта баспасөз конференциясын өткізді. Ол әуелі қазіргі қаладағы білім ұялары мен орта кәсіптік білім беретін колледждердің республика, тіпті халықаралық деңгейдегі жетістіктерімен бөлісті. 2015 жылы қала колледждері студенттері кәсіби шеберлік бойынша республикалық және халықаралық чемпионатқа қатысып, 3-орын алса, 2017 жылы жүлдегерлер саны 17-ге (5 алтын, 6 күміс, 6 қола) артқан. Былтыр Краснодар қаласында өткен халықаралық чемпиоантта Алматы колледж студенттері бір күміс, 3 қола медальға қол жеткізіпті. Сондай-ақ, Білім басқармасы басшысы техникалық мамандықтарға деген сұранысты қанағаттандыру барысында Алматы қаласының білім мекемелері дуальды білім беруге көшкенін жеткізді. «Бүгінде 36 колледжде енгізілген жүйе жемісін бере бастаған. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында цифрлық білім беру жүйесі енгізілді. Яғни, оқу және тәрбиелеу процесі де біртіндеп цифрландыруға көшуде. Бұған Алматы мектептері 2017 жылдың қыркүйек айынан бастап іске қосылған «Kundelik.kz» электронды күнделік пен журнал жүйесін айтуға болады», – деді Гүлнар Ходжабергенова. Мамандар жүйе жұмысын бастағалы бері оқушылардың үлгерім сапасы мен тәртібінде оң өзгерістер байқалғанын айтады. Мектептер мен мектептен тыс ұйымдарда іске қосылған робототехника және 3D модельдеу үйірмелері 2692 оқушыны қамтыған. Ағымдағы жылы Оқушылар сарайы базасында балалар мен жасөспірімдер күшімен инновациялық бизнес жобаларды енгізуге арналған бизнес-инкубатор құрылмақ. Алматы қалалық Білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенованың айтуынша, бұл балалардың ерте жастан зерттеушілік дағдысын қалыптастыруға және мектеп бітірушілердің болашақта әлемдік бәсекелестік ортада лайықты орын алуларына мүмкіндік бермек. Білім басқармасының басшысы аралас мектептерді қазақ тіліне көшіруге қалай қарайды? Білім ұяларында ақша жинау мәселесімен қалай күреспек? Біз бұл сауалды Гүлнар Ходжабергенова ханымның өзіне қойғанымызда, «Бұған дейін жұмыс жүйелі түрде жүріп келді. Менің мақсатым – сол жұмысты жандандыра түсу. Алматыда 203 мектептің 68-і қазақ тілінде, 62-сі орыс тілінде, 3 мектеп ұйғыр тілінде, қалғаны аралас мектеп. Жалпы қаладағы орта білім беру ұйымдарында 243 348 оқушы білім алады. Аралас мектепті қазақ тіліне көшіруді құптаймын. Жыл сайын орын жетіспеушілігі 10-15 мың орынға артуда. Ал қазір көрсеткіш 17 мыңнан асып жығылды. Себебі қазақ тілінде мектепке баратын балалардың саны артып келеді. Әуезов, Алатау ауданының кейбір мектептерінде бір сыныпта 35-40 баладан отыр. Бұл рас. Себебі ішкі көші-қон арқылы ауылдан қалаға келгендердің көбі осы ауданда тұрады. Біз мектептің аумағында тұрып жатқан тұрғындардың баласын қабылдауға тиіспіз. Соңғы 10 жылда ашылған 19 мектептің барлығы – қазақ тілінде. Заман талабы осы. Әлі де құрылысы жүріп жатқан мектептерді қазақ тілінде ашуды жоспарлап отырмыз. Қазір Алатау ауданында 600 орындық, Наурызбай ауданында 1200 орындық мектеп салынып жатыр. Сондай-ақ, бұдан өзге 4 мектеп салыну жоспарда тұр», – деп жауап берді. Сондай-ақ, Білім басқармасының басшылары заңсыз ақша жинаған мектеп басшыларын қызметтен босатуға дейін шара қолданатынын айтты. Бұл тұрғыда Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Әуезханқызы: «Білім ошақтарында бір тиын жинауға рұқсат жоқ. Ақша жинаумен ата-ана комитеті тікелей айналысады. Кейбір пысықай ата-аналар өздері бастама көтереді. Алатау ауданындағы мектепте әр оқушыдан мың теңгеден жинаған. Ата-аналардың көбі келісіп, тек біреуі ғана қарсы шығып, ол адам Білім басқармасына шағымданды. Комиссия шығып, факті расталғандықтан директорды орнынан алып тастадық. Ата-аналардың келісімі болғанмен, оқушылардан ақша жинағаны үшін мұғалім де жұмыстан қуылды. Ал жаңа оқу жылынан бастап БҒМ-нің Қамқоршылық кеңесін құру туралы бұйрығы бекітілді. Оған кез келген адам мүше болып, көмектесе алады», – деді. Алматыдағы білім жүйесінде 1078 білім беру ұйымы бар. Мектепке дейінгі мекемелер саны 700 болса, олардың 179-ы мемлекеттік, 316-сы жекеменшік балабақша, 205-і шағын орталық. Алматы қаласы биылдан бастап мектепке дейінгі мекемелердегі кезекті бірыңғай кезек түріне, яғни автоматтандырылған жүйеге көшірді. Бұл жүйе жаңа болғандықтан әлі де түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Ең алдымен, бұл арадағы басы ашық нәрсе сыбайлас жемқорлықтың болмайтындығы. Бүгінде 3 жас пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің 81,2 пайызы балабақшаға орналасып, орынмен қамтылған. «Жалпы, соңғы 2 жылда 10,4 мың орынға арналған 262 мектепке дейінгі мекеме ашылып отыр. Сонымен қатар, 180 коттедждегі жеке балабақшалардағы орын саны да кезектің қысқаруына ықпал етуде. Қаламыздағы мектептердегі оқушылар саны 243 мың 348», – деді Гүлнар Махайқызы. Білім саласындағы жылт еткен жаңалық Алматыдан бастау алып, басқа өңірлерге тарап жатады. Сондықтан Алматыдағы білім жүйесіндегі қандай да бір өзгешелікке қала тұрғындарының елеңдеп отыратыны рас. Олар ең әуелі мектептегі орын тапшылығы мәселесінің шешілуін күтеді.