Жаңалықтар

Алматы облысы: Қызыл су басқан аулалар саны 300-ге жетті

ашық дереккөзі

Алматы облысы: Қызыл су басқан аулалар саны 300-ге жетті

Алматы облысында  300-ге жуық ауланы еріген қар суы басты.  Жамбыл ауданына қарасты Ұзынағаш ауылындағы жағдай ерекше ушығып тұр. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 28 ақпан күні Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылындағы 120 аула су астында қалған. Ал өткен тәулікте 50 үйдің ауласы судың астында қалған Қайназар ауылында жағдай тұрақталды. Суды шығару жұмыстары қазір қалған 3 аулада жүргізілуде. Ал екінші орында Қарасай ауданы. Мұнда 82 жағдай тіркелген. Аулаларды су басу Қаскелең қаласында - 28, Батан ауылында - 34,  Қырғауылды -5, Абай  ауылында 15 жағдай тіркелген. Талғар ауданында да жағдай мәз емес. Мұнда 62 ауланы су басқан. Талғар қаласында - 9, Тұздыбастау ауылында - 27, Бесағаш -2, Қызылту -10, Панфилов елді-мекенінде осындай 14 жағдай орын алуда. Ал  Еңбекшіқазақ ауданындағы Байтерек ауылында  15 аула судың астында қалған. Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметінше, оқиға орындарында жергілікті орган, құтқарушылар, әскери қызметкерлер жұмыс істеп жатыр. Қазір су басқан елді-мекендерге  Алматы облысының әкімі Амандық Баталов барып, жағдаймен танысуда.