Атырауда концерт қойған белгілі әншінің кешіне небары 9 адам жиналды

Атырауда концерт қойған белгілі әншінің кешіне небары 9 адам жиналды

Атырауда концерт қойған белгілі әншінің кешіне небары 9 адам жиналды
ашық дереккөзі
Талантты әнші Бауыржан Исаев 20-21 ақпан күндері Атырауға гастрольдік сапармен барды. М. Өтемісұлы атындағы академиялық драма театрда концерт қойған әншінің кешіне небары 9 адам жиналған.  Өйткені оның келетіні жергілікті халыққа алдын-ала хабарланбаған көрінеді. Бұл туралы "Ақ Жайық" басылымы хабарлады.  Әншінің концертіне билеттер мекемелерге сатылған, сол себепті қалада хабарландырулар ілінбепті. Концерт басталар уақытта залға адам жиналмаған соң, жұрт кейінге қалдырылған шығар деп топшылап отырғанда әнші сахнаға шыққан. "Не деген көпсіздер!" деп сөзін бастаған Бауыржан Исаев 1998 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданындағы концертінде небары үш адам жиналғанына қарамастан концерт өткізгенін есіне алды. "Оның қасында тоғыз адам әжептәуір ғой" деп әзілдеп те қойды. Жалпы, концерт бойы әнімен ғана емес, әзілімен де көрермен көңілін көтеріп отырды. Өзі туралы да айтқан. 1979 жылы Шымкент облысында туған әнші кіші жүздің тама руынан екен. Бүгінде үш қыздың әкесі", — деп жазды басылым. Келесі күні концерт болардың алдында театр залында әнші сұхбат берді. Өзінің айтуынша, мінезі ауырлау болғандықтан продюсерсіз жұмыс істеп жүр екен. "Әкімшілерге менімен жұмыс істеу кішкене қиындық тудырады. Сол себепті мен әкімшінің, ұйымдастырушылардың жұмыстарын өзім атқарамын", — дейді ол. Әнші соңғы кездері теледидардан не себепті көрінбей кеткенін де түсіндіріп өтті. "Мен 2013 жылы Алматыда ең бірінші есеп беру концертімді қойғаннан кейін Астанаға көштім. Сонда қоныс аударғаныма бес жылдай болды. Астана ұнады, Астана мені жылы қабылдады. Болашақтың қаласы. Журналистердің жиі қоятын сұрағы сол – көрінбей кеттіңіз дейді. Мен бұл сұраққа жауап беруден шаршамаймын. Негізі уақытымың көбісі дәріс алу, тәжірибе жинаумен өтті. Шымкент қаласында музыка колледжінде оқыдым, одан кейін Алматы қаласында Құрманғазы атындағы консерваторияда, одан кейін аспирантурада оқыдым. Оның бәрі 10-12 жылға созылды. Бармын, сахнадамын. Тыңдармандарды, көрермендерді әлі де жақсы әндермен қуантамын деп ойлаймын", — дейді Бауыржан Исаев.