Мырзахметовтің есебінде не айтылды?
Мырзахметовтің есебінде не айтылды?
Жамбыл облысы әкімі Асқар Мырзахметов өңір тұрғындары алдында есеп берді. Жыл ішінде атқарылған жұмыстардың нәтижесі сараланған алқалы жиынға Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Еркін Базарханов, Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов қатысты.
Өңір басшысы есепті кезеңде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика сақталғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, Асқар Исабекұлы істі ілгері етуге кері әсерін тигізіп отырған салалардағы мәселелердің жан-жақты зерделеу қажеттілігіне де баса назар аударды.
– Есепті кезеңде 368 миллиард теңгеге өнеркәсіп өнімдері өндірілген. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 13 миллиард теңге инвестиция тартылған. Жалпы 10 жоба іске асырылып, 716 жұмыс орны құрылған. Әйтсе де кейбір көрсеткіштер бойынша өндіріс көлемінің төмендегені байқалады.
Кәсіпорындардың жұмысын тұрақтандыру үшін мына мәселелер зерделенуі тиіс: атап айтсақ, өндіріс орындарын қайта жаңғыртып, олардың қуаты мен жүктемесін көтеру бойынша нақты межеленген жоспарлар қабылдау қажет. Ал ол жоспар қатаң бақылауда болуы керек. Сол үшін мамандарды тарта отырып, Өнеркәсіп саласының аймақтық картасын әзірлеу қажеттілігі туындап отыр, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, өңір басшысы агроөнеркәсіп саласының да кешенді картасының әзірленіп жатқандығын атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстардағы басымдық өсімдік шаруашылығында өңірдің климаттық жағдайын ескеру, суармалы жерлерді тиімді пайдалану, пайдаланудан шығып қалған егістік жерлерді қайта айналымға қосуға беріледі. Мұнан өзге, тұқым сапасы мен агрохимия, су тапшылығы мәселелері де толыққанды зерделенбек.