Мырзахметовтің есебінде не айтылды?

Мырзахметовтің есебінде не айтылды?

Мырзахметовтің есебінде не айтылды?
ашық дереккөзі
Жамбыл облысы әкімі Асқар Мырзахметов өңір тұрғындары алдында есеп берді. Жыл ішінде атқарылған жұмыстардың нәтижесі сараланған алқалы жиынға Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Еркін Базарханов, Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов қатысты. Өңір басшысы есепті кезеңде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика сақталғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, Асқар Исабекұлы істі ілгері етуге кері әсерін тигізіп отырған салалардағы мәселелердің жан-жақты зерделеу қажеттілігіне де баса назар аударды. – Есепті кезеңде 368 миллиард теңгеге өнеркәсіп өнімдері өндірілген. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 13 миллиард теңге инвестиция тартылған. Жалпы 10 жоба іске асырылып, 716 жұмыс орны құрылған. Әйтсе де кейбір көрсеткіштер бойынша өндіріс көлемінің төмендегені байқалады.   Кәсіпорындардың жұмысын тұрақтандыру үшін мына мәселелер зерделенуі тиіс: атап айтсақ, өндіріс орындарын қайта жаңғыртып, олардың қуаты мен жүктемесін көтеру бойынша нақты межеленген жоспарлар қабылдау қажет. Ал ол жоспар қатаң бақылауда болуы керек. Сол үшін мамандарды тарта отырып, Өнеркәсіп саласының аймақтық картасын әзірлеу қажеттілігі туындап отыр, – деді облыс әкімі. Сондай-ақ, өңір басшысы  агроөнеркәсіп саласының да кешенді картасының әзірленіп жатқандығын атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстардағы басымдық өсімдік шаруашылығында өңірдің климаттық жағдайын ескеру,  суармалы жерлерді тиімді пайдалану, пайдаланудан шығып қалған егістік жерлерді қайта айналымға қосуға беріледі. Мұнан өзге, тұқым сапасы мен агрохимия, су тапшылығы мәселелері де толыққанды зерделенбек.  width= Жалпы, облыстағы статистикалық көрсеткіштерге көңіл толады. Мәселен, 2017 жылы облыс бюджетіне кірістер бойынша 241 миллиард теңге сомасында түсімдер түсіп, жоспар 101,3 пайызға орындалған.  Есепті жиында жасаған баяндамасында облыс әкімі соңғы үш жылдағы бюджеттік түсім көлеміне жан-жақты талдау жасалынып, қазына қаржысын мақсатты жұмсаудың тиімді жолдарын қарастыруға басымдық беріліп жатқандығын да атап өтті. Өткен жылы өңірде құрылыста қарқын алып 34 әлеуметтік, 25 инфрақұрылымдық нысан құрылысы жүргізілген. Түрлі қаржыландыру көздері арқылы  397,5  мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 2018 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 320 көп пәтерлі  4 үй, 505 бір типті жекеменшік тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Экономиканың күре тамыры саналатын жолдың жай-күйі де  жаман емес.  2020 жылға дейін облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдардың   82 пайызын жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізу жоспарланып отыр.  Облыс елді мекендерін таза ауыз сумен қамту ісінде де ілгерілеушілік байқалады. Бүгінгі күні облыстағы елді мекендердің 62,2 пайызы орталықтандырылған таза ауыз су жүйесімен қамтамасыз етілген. Облыс әкімінің есебінде әлеуметтік саладағы атқарылған және жоспарланып отырған жұмыстар жайында да баяндалды.  Сондай-ақ қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласында да көп жұмыстың жасалғанына баса назар аударды. Салаға бөлінген 6,2 миллиард теңгенің  1,3 миллиард теңгесі материалдық-техникалық жабдықтауға жұмсалған. Нәтижесінде жалпы қылмыстардың деңгейі 22 пайызға  төмендеген. Облыс әкімі рухани жаңғыру бағдарламасы аясында жоспарланған жұмыстарды да қозғады. – Тұтас қоғамның және әрбір қазақ­стан­дықтың санасын, рухани әлемін жаңғыртуға бағытталған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде өткен жылы өңірде жалпы құны 1,1 миллиард теңгеге жобалар мен іс-шаралар  ұйымдастырылды. Бүгін сіздерге өткен жылдың қорытындылары мен алдағы жоспарлардың бағытын баяндадым. Биылғы жұмысымыз Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттер мен бағдарламаларды іске асыруға бағытталады, – деді Асқар Исабекұлы. Жиында сөз алған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан туындаған міндеттердің мәні мен маңызын түсіндіруді мақсат тұтқан республикалық ақпараттық топтың жұмысы облыс әкімінің халық алдындағы есеп беру жиынымен тұспа-тұс келгенін айтып, бірқатар мәселелерді қозғады. Жолдау жүктеген 10 міндеттің әрқайсысының қалай жүзеге асырылып жатқанын баяндады. Мемлекет басшысы тапсырған 10 бағыт бойынша Жамбыл жерінде іске асатын жобаларға тоқталды. Есепті жиын соңында облыс тұрғындары өңір басшысына  сауалдарын жолдап, түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға ықпал етуін сұрады.