Жасыл желекке малынған жаңа қала
Жасыл желекке малынған жаңа қала
Қазақ «Орманы бардың – қорғаны бар» деп бекер айтпаса керек-ті. 1997 жылы «Жасыл белдеу» жобасын жүзеге асыруға пәрмен бергенде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халқымыздың осы сөзін басшылыққа алған еді. Алайда сол жылдары Сарыарқаның сары даласына орман өседі дегенге көпшілік күмәнмен қарады. Бірақ білім мен қажырлы еңбек бәрін де жеңді. Санаулы жылдар ішіндегі ит тұмсығы батпайтын ну орманға айналған аймақ баршаға жоқтан бар жасауға болатынын ұқтырды. Бүгінде қаланы желдің өтінен сақтап, оттегімен қамтамасыз етіп қана қоймай, ажарын ашып, көркін кіргізген жасыл белдеу – еңселі елорданың мақтанышы.
20 жыл ішінде жасыл белдеу аумағы 80 мың гектарға жетіп, Астананың іргесін бекіткен бейіш мекенге айналды. Арқаның аязына төзетін, сазды жерді жатсынбайтын тұқымдарды арнайы таңдап, сұрыптап алған мамандардың қажырлы еңбегі арқасында бұл аймақта 9,6 миллион ағаш пен 1,8 миллионға жуық бұталар өсіп-жетілуде. Бір кездері елдің сенімінен гөрі күдігін көбейткен жобаның өз мақсатына жетуіне Мемлекет басшысының ерек ықыласы себеп болса керек. Жыл сайын ормандарды аралайтын Елбасы жасыл белдеудің дамуын жіті бақылап келеді. Орман ішін жағалап, жасыл желек арасын саялауға барған сондай серуендерінің бірінде:
‒ Біз 1998 жылы елорданы дүниежүзіне жарияладық. Сол кезден бастап қаланың төңірегіне орман отырғызуды тапсырдым. Алматыдан жаңа көшіп келген кезде қаланы шаң басып кететін. «Астананың төңірегіндегі жер қолайсыз, орман өспейді» деп қарсы тұрғандар көп болды. Елорда болғаннан кейін төңіректе орман, бақ болмаса, ел қайда демалады? «Орманы бардың — қорғаны бар» деп қазақ бекер айтпаған. Бiз Астананы салып қана қоймай, оның маңында екiншi Бурабай жасадық. Өз басым осыған қуаныштымын. Әр адам елордаға ұшақпен жақындай бергенде орманды көредi. Олар орман қайдан келдi деп ойлайтын шығар. Бұрын бұның барлығы болған жоқ. Орман отырғызу ‒ қала салумен пара-пар үлкен жұмыс, ‒ деген еді.
Расында да, орман өсіру оңай іс емес. Әр ағашты балаша баптап, күту керек. Әсіресе, жоба қолға алынған алғашқы жылдары елорда климатының қыр-сырына қаныққанша еңбеккерлерге ауыр тиді. 1999-2004 жылдары негізінен жапырақты ағаштар егілді. Атап айтқанда, сүйелді қайың, ұсақ жапырақты шегіршін, ірі жапырақты шегіршін, кәдімгі қарағай, көде боз жиде, қазақстандық терек, алтын қарақат, ақ көріктал, бессея шиесі, татар бөріжидегі отырғызылды.
2012-2016 жылдары жобаның бірінші және екінші кезектерін іске асыру кезінде 1,8 миллионға жуық жабық тамыр жүйесімен 1 323,5 га жерге көшет, 452,1 га аумаққа көп жылғы шөптер (балды өсімдіктер) отырғызылды. Ал 2016 жылы «Астананың жасыл белдеуінің аумағында көшеттерді қалпына келтіру мен екінші қабылдаудағы орман жасау. 2-кезек» жобасы бойынша ауданы 291,1 гектар жерге тамыры жабық жүйемен 353 560 көшет егілді, оның 135 238-і – қылқан жапырақты ағаштар болса, 218 322-сі – жапырақты ағаштар.
Жасыл аймақ құру елорда төңiрегiнде жабайы жануарлардың көбеюiне ықпал еттi. Бүгiнде жасыл белдеу аумағында марал, түлкі, бұлан, елiк, суыр, дала қарсақтары, ондатр, қоян және кiшкентай тышқандар мекен етедi. Ал құстардан балқарағай торғайы, сұр шiл, сұр сандуғаш, көк қарға, жасымық, шиқылдақ, мәскеу торғайы мен қырғауыл бар. Алты жылдың ішінде 8 083 қырғауыл өсірілді. Аң-құстарды одан әрі көбейту және дамыту мақсатында жасыл белдеу аумағына 6 033 аң-құс жіберілген. Қазіргі кезде вольерде 210 аналық құс пен 1800 балапан бар. Қырғауылдар мекендейтін ареалдың мониторингі олардың жыл сайын жасыл белдеу аумағына таралып, табиғатта белсенді көбейіп жатқанын көрсетті.
Елбасы жүктеген ендігі міндет – жасыл белдеу аумағын 100 мың гектарға жеткізу. Жалпы 2020 жылға дейін «Жасыл белдеуде» үш негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізу жоспарланған. Оның ең біріншісі – жасыл белдеуді дамыту, яғни орман кеңістігінде егу жұмыстарын жалғастыру. Мәселен, елорданың жасыл белдеуінің 1 589,2 гектар аумағына 2,1 млн ағаш көшеттері отырғызылды. Алдағы 2018 және 2030 жылдар аралығында 5730 га жерге ағаш отырғызу жоспарланып отыр.
Екінші бағыт – қала аумағында 29 676 гектарға дейін бос жерлерде орман алқаптарын жасау. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында «үздіксіз көгалдандыру» үшін қосымша 14 849 гектар бос жер бөлінген. Үшінші бағыт – халықтың жаппай демалуы үшін жағымды рекреациялық жағдайларды құру. Бұл мәселені шешу үшін өткен жылы Қосшы мен Ильинка кенттері арасында жалпы ұзындығы 23 шақырымды құрайтын асфальтталған велосипед жолдары салынды. Алдағы уақытта қала әкімдігі Астана айналасындағы велосипед жолы желісін 258 шақырымға дейін ұзартпақ.
Астананы абаттандыру жобасы аясындағы қажырлы істердің тағы бір нәтижесі – ботаникалық бақ. Оның таныстырылымы биыл 1 шілдеде өтеді. Ботаникалық бақтың құрылысы 2012 жылы сәуір айында басталған болатын. Жалпықалалық сенбілікте Қазақстан Президенті бақтың құрылысы жүретін аумаққа емен ағашын отырғызып, дендрарий құрылысын бастап берген еді. Бастапқы жоспар бойынша ботаникалық бақтың құрылысы ЭКСПО көрмесіне дейін аяқталады деп жоспарланған. Алайда құрылыс жоспарына енгізілген бірқатар өзгерістерден кейін құрылыстың аяқталу мерзімі де кейінге шегерілді. Бүгінде жұмыстың 75 пайызы тәмам. Нәтижені көрер күн таяу.
Орман – іші-сырты бірдей сұлу бас қаламыздың «өкпесі». Ол – ұрпақ үшін жасалып отырған сый, мәңгілік мұра. Астанаға ұшақпен келіп қонған адам көкпен бой жарыстырған ғажап ғимараттардан бұрын қаланың жайқалған жасыл желегін көреді. Бұл – 20 жыл бұрын үлкен тәуекелмен қолға алған «Жасыл белдеу» жобасының жемісі. Президент айрықша көңіл бөлген жобаның ең бірінші мақсаты – елорданың экологиялық жағдайын жақсарту болса, екіншіден, елорда тұрғындары демалатын аймақ жасауды көздеген еді. Екі мақсат та орындалды. Қарап отырсақ, Елбасы идеясы Махамбет Өтемісұлының өлеңімен үндесіп жатқандай. Күрескер ақын:
Еділдің бойы ен тоғай,
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге,
Мал толтырсам деп едім, ‒ демеп пе еді?! Бір кездері жетімсірей ағатын Есілдің бойында бүгінде ел де, ен тоғай да бар. Енді оның игілігін көріп қана қоймай, аялай білсек, апат мен өрттен қорғай алсақ болғаны.