Жүрегі жұмсақ, жаны таза жан еді

Жүрегі жұмсақ, жаны таза жан еді

Жүрегі жұмсақ, жаны таза жан еді
ашық дереккөзі
Көрнекті жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Баққожа Мұқайды жақсы білетіндер, әдебиет пен мәдениеттің маңайындағылар, жәй ғана  көз  таныстары  да  ол  кісінің  сырбаздығын,  тазалықты  жаны  сүйетінін жиі  еске  алады. Бұл  адамға  ана  сүтімен,  бала  кезден  сіңетін  қасиет екені айқын. Әдетте, ер-азаматтарымыздың қоғамға, мемлекетке сіңірген қызметі мен еңбектері жайлы айтылып та, жазылып та жүреді, ал ғұмырында жан серігі болған, үйдегі тірлігінің басы-қасында жүріп, ұрпағын өмірге әкеліп жатқан асыл жарлары туралы біреу білсе, біреу білмей жататыны ақиқат. Әрбір адамның тірлігінің басы-қасында жүретін, қызметтен тыс уақытта қас-қабағына қарап, бабын жасап отыратын, әрине, үйдегі жұбайлары. Көбіне әйелдердің еңбегі еленбей қалатыны өкінішті. Марқұм Баққожа Мұқайдың жары Нұржамал Ахметова ханыммен де әңгіме жазушының жары қандай болмақ керектігі жөнінде өрбіді. – Қаламгермен қалай танысып едіңіз? Талай игі жақсылардың махаббаттарына куә болған Алматыдай әсем қалада Баққожа ағамызбен табысу кездейсоқтық па, әлде заңдылық па еді? – Көптеген жастар мәдениет пен өнердің, әдебиеттің орталығы Алматыға асығады ғой. Оның үстіне жоғары оқу орындарының көпшілігі осы қалада. Ал біздің ауыл қаладан онша қашық емес, Жамбыл ауданының Талап деген ауылы. Өзім он жылдықты Алматыдағы №12 мектепте бітіріп, 1965 жылы Қазақ мемлекеттік университетіне құжаттар тапсырдым. Мектепті жақсы бітіргенім бар, бірден биология факультетінің студенті болып шыға келдім. Ал ағаларың университеттің журналистика факультетіне оқуға түсіпті. Қатар оқыдық. Студенттік жылдардың қызығы мен шыжығын қатар көріп, біліммен қатар сусындадық. Жастық шақ студенттік жылдар дегеніңіз керемет кезең ғой. Алғашқы жылдарғы «оқудан шығып қалмасақ екен» деген қорқыныш жыл өткен сайын, курс жоғарылаған сайын жеңілдеп, бойыңды бір еркіндік билейтіні бар. Студенттер бас қосқан жиындарға да уақыт тауып үлгересің. Осындай бір ортақ жиында кездесіп, танысып қалдық. Сымбатты. Ұзын бойлы. Әңгімені де сабырлы, байыпты айтады. Білімді. Сырт келбеті мен жан-сарайы үйлесім тапқан оның журналистігі, шешендігі де емес, бір қарағанда тәкаппар көрінетін болмысы ұнады. Асықпайтын. Жәй қомпаю емес, маңғаз. Әйтеуір, бойындағы осы бір бекзаттық баурап алды. Жетпісінші жылдың көктемінде қол ұстасып, шаңырақ құрдық. Шағын ғана дәмханада тойымыз болды. Сөйтіп, жұптасқан жұбайлық ғұмырымыз барша зиялы қауым өкілдері сияқты сүйікті қаламыздың түкпір-түкпірінен пәтер жалдаумен жалғасып жатты. Сымбатына сай мінезі де жұмсақ. Тазалықты өте жақсы көретін. Сұлулыққа жаны құмар. Менен де соны талап ететіндей көрінетін және өзім де соған икемделіп, ол қалаған, оның көңілінен шығатын түрлі көріністерге қызыға, бірге тамашалайтынбыз. Үйдегі тірлігімнің бәрі, әйелге жүктелген міндеттерімнің де әдемі, сәнді болғанын қалап тұратын. Оны дауыстап айтпаса да, көзқарасынан, тіпті, қабағынан біліп, сезетінмін. Сондықтан да, Бәкеңе лайықты жар болдым ғой деп ойлаймын. Әттең... Нұржамал апайдың жанарына келіп, іркіліп қалған мөлдір моншақтар сәл болмаса үзіліп түсердей мөлтеңдеп, шарадай көзінің қиығында тұрып қалды. Біздің есімізге, таяуда ғана бір газетке берген сұхбатында: «Сен маған сағыныш боп жабысқансың» деп Мұқағали ағамыз қалай тауып айтқан? Баққожа біз үшін де, мен үшін де сарқылмайтын сағыныш...» дегені оралды. Әрине, орны толмайтын сағыныш! Әсіресе, жұбайлық ғұмырларында бір-бірінен көңілдері қалмаған, шәй деспеген жұптардың бір-бірін жоғалтуы, әрине, өте ауыр қайғы болар, сірә!? – Небәрі 37 жыл бірге өмір сүрдім, – деді көкірегі қарс айырылған жазушының жары. – 37 жыл отыз жеті минуттай өте шықты. Шүкірлік жасайтын, сабырға шақыратыны – артындағы ұрпағы мен қалың оқырманы ғана. Ағаларың алаңсыз шығармашылықпен айналыссын деп, бүкіл ғұмырымды соның қас-қабағына қараумен, жағдайын жасауға арнаған әйелмін. Еліміздегі педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында қызмет істеп, сол жерден зейнеткерлікке шықтым да, жазушының «жәрдемшісі» қызметіне ауысып, отағасының хатшысы болып кеттім – шығармаларын жазу машинкасына басамын, көркем дүниелерінің корректоры да, алғашқы оқырманы да өзім болдым. – Шығарма жазарда қандай күй кешуші еді? – Көбіне жазуға түнде отыратын. Ол түні мен де ұйықтамаймын. Арагідік шәй-суын беріп, айналшықтап, жеңіл-желпі үй тірлігін жасап жүре беретінмін. Бірақ жазуға отыру үшін бірнеше айлар, бірнеше жылдар керек, әйтеуір, ұзақ толғатып барып, әбден толғағы жеткенде ғана жазу үстеліне жайғасушы еді. Үнемі қойын дәптері өзімен бірге, тіпті, киімін ауыстырғанда да алдымен сонысын төс қалтасына салып алатын-ды. Қойын дәптеріне маңайында, айналасында болған оқиғаларды, көріп-білгенін, көңіліне түйгендерін түртіп қоятын. Көкірегі ояу, көзі ашық, қырағы Бәкең өз пікірін, өз көзқарасын ашық білдіре алатын батылдығымен де сыйлы болды. Оның осы бір қасиетін жары ретінде ғана емес, шығармаларының жанашыры, тіпті, оқырманы ретінде де қатты қадірледім. Әсіресе, «Өмірзаясын» жазу кезінде бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Атам қазақтың қиын тағдыры, көкейіндегі айта алмайтын, көкірегінде өксік боп қатқан «бітеулі жараның» аузын тырнап ашып, ащы шындықты қағаз бетіне түсіру де қиынға соқты. Қалың ойдың құшағында ұзақ жүрді. Іштегі толқын запыран болып, жан-дүниесін ашытса да, күйдірсе де, шығармасы тарихтан алшақтамайтын жол іздеп, қайда бармады?! Ол бір еркіндікке тұзақ салынған, әсіресе, нағыз жүректілер болмаса қазақ халқының тарихына тереңдеп бара бермейтін, «барғызбасы» жібермейтін кеңестік кезең. Ұлттық намыс, ұлттық болмыс дегеніңіз түгіл, ұлт деген сөзді айтудың өзі қиямет қайым болды. Ұлттар теңсіздігі үстемдік құрып тұрған кезде осындай дүние жазып шығу... батырлық емей немене?.. «Өмірзаясын» жазу барысында еліміздегі тағылымды тарихшылармен, ғалымдармен де көп пікірлесті. Түрмелердің табалдырығын тоздырды. Сарыжаздағы жүйке ауруханасында, жындыханаларда да талай болды. Қолжазба талай жазылып, талай мәрте өңделді. Алты-жеті жылдай осы бір ғана шығармасымен арпалысты. Әбден пісіп-жетілген кезде ғана жазу машинкасына отырды. Менің де жаным күйзелді, үйдің бар тіршілігін жиып қойып, машинкаға отыратынмын. Сергіп, дем алсын деймін ғой. Жо-жоқ. Үйдің ішінде ары-бері бой жазып жүргені болмаса, айналып келіп шығармасына үңіледі. Екеуміз кезек-кезек отырамыз. Сөйтіп жүріп, бабалар аңсаған тәуелсіздікке, егемендікке де қол жетті-ау. Тоқсан бесінші жылдың жазына таман нүктесі қойылды да, 1998 жылы «Жалын» баспасынан басылып шықты. Еңбегі зая кеткен жоқ, өз тұстастары да, оқырмандары да жақсы қабылдады. Әділ бағасын да алды – Мемлекеттік сыйлық та осы шығармаға берілді. Бәкеңнің иығынан осылай ауыр жүк түскендей болды. Жеңілдеп қалды. Көңілі де жайланғандай. Роман жазылу үстіндегі менің тарапымнан болған қолдауға іштей риза болып, сыртқа шығара бермейтін шынайы сезімін де жеткізіп: «Құдайдың сені кездестіргеніне рахмет»,– деп жылы жымиып, иығымнан құшақтап қоятын. Енді ше?!. Қаншама жылдар ойын онға, санасын санға бөліп жүріп, көңіліне түйгендерін қағазға жазып, одан баспаға дайындау аса қиын тірлік. Айтуға оңай болғанымен, талай ұйқысыздық, мазасыздық жанына да, жүрегіне де салмақ салмай қоймайды екен, денсаулығы да сыр бере бастады... – Жазушыны білетіндер үнемі таза жүретін «кірпияздығын» жиі айтады. Киімдерін бірге таңдайтын ба едіңіз? Қандай ас-суды ұнатушы еді? – Иә, ұқыптылығында шек жоқ. Үйде де, түзде де өте таза, әдемі жүріп-тұрғанды жаны қалап тұратын. Өте мейірімді әке болды. Үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірдік. Шығармашылық адамы болғанымен, балаларын үнемі көңілінен де, көзінен де таса қылған емес. Балажан болатын. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, әкелерінің бойындағы адамгершілік, жинақылық, адалдық, кісімен араласуынан, айтқан ғибратты әңгімелерінен сабақ алған балаларымыз жаман өскен жоқ. Оларды баласынбай, ақылдасып, ұсыныстарымен санасып, көзқарастарын біліп, сұрап отыратын. Тіпті, қолы босай қалса, бәрімізді ертіп алып Көктөбеге, Медеу, Шымбұлаққа, тау шатқалдарына демалуға, серуендеуге алып шығатыны бар-ды. Балалармен балаша ойнап, олардың мәз болған қылықтарына сүйсініп, өзі де арқа-жарқа қуанатын. Балаларымның талғамы жақсы деп, киім-кешек сатып алуға да ертіп жүретін. Астанадағы Ерлан, Жанар, Гауһарға күніне бірнеше рет телефон шалып, хабарласпаса ас батпаушы еді. Әсіресе, кенжеміз Маржанды ерекше жақсы көрді. Кішкентайынан өзі ертіп жүретін, мектепке апарып-әкелу, одан қала берсе студент жылдарында да үнемі тосып алып, апарып тастауды әдетіне айналдырды. Немерелері дүниеге келе бастады. Сол күндері Бәкеңнің қуанышы қойнына сыймай, өзі де өмірге жаңа келгендей шаттанып жүрді ғой. Балаларына деген әкелік махаббаты аталық махаббатқа ұласып, оларға қарап еміренгенде, сырттай қарап отырып, жаным жадырайтын... Ал тамақты мұқият таңдайтын. Әрине, бұл денсаулығына байланысты еді. Соңғы жылдары сусамыр деген дерт жабысты да, ас-суды таңдап ішуге, аздап, бірақ жиі тамақтануға көшті. Біраз ас мәзірінен шеттеп қалды. Таза ауада серуендегенді қалап тұратын. Қаланы қақ бөліп ағып жататын Үлкен Алматы каналының бойымен жаяу жүру күндегі әдеті. Осылай жанын күтіп, денсаулығына қарай бастағанымен, ажал алмай қоймайды екен ғой... – Балаларының, немерелерінің ішінде ата жолын қуғандары бар ма? Қазақтың талай марқасқаларының балаларының тілдері орысша шыққандары үнемі айтылып та, жазылып та келеді. Баққожа Мұқайдың әулеті қай тілде оқып, білім алды? – Оның рас. Біздің қатарластарымыздың үй болып, отау тіккен, одан кейін балалы-шағалы болған тұстары – кеңестік дәуірдің үстемдігі жүріп тұрған кез. Алматыда қазақ мектептері жоқтың қасы, қала тұрғындарының басым көпшілігі басқа ұлт өкілдері болды. Өзіміз секілді білім қуып келіп, тұрмыстың қиындығына қарамай, мәдениет пен өнердің қайнаған ортасы деп, Алматыны қия алмай қалып қойғандар нағыз жансебілдер еді. Сондықтан қалада бар-жоғы екі-ақ қазақ мектебі болды. Балаларымыздың бәрінің де тілдері ана тілдерінде – қазақша шықты. Әкесінің ұлтжандылығы сонша, жүгіріп жүріп қазақтілді мектепке орналастырды. Ес біле бастағаннан-ақ балалардың сабақтан тыс кездерінде әдеби кітаптар оқуын қадағалап отыратын. Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасын бәрі дерлік толық оқып, тіпті көп беттерін жаттап алды. «Әдеби шығарма – көркем ойлап, көркем сөйлеуге машықтандырады, тілдерің жатық болады» дейтін. Қолы қалт етсе, балаларының сабақтарына көмектесетін, өзі түсінбесе ерінбей сол пәннің мұғалімдерінен жәрдем сұрайтын. Сондықтан да болар, мектепті өте жақсы бітіріп, ұл-қыздарымыз өз күштерімен жоғары оқу орындарына түсіп, дипломға қолдары жетті. Ерлан мен Жанар өз салалары бойынша кандидаттық диссертациялар қорғады. Ерлан – кәсіпкер, физика-математика ғылымдарының, ал Жанар – медицина ғылымдарының кандидаты. Гауһар – дипломат, Белоруссиядағы Қазақстан елшілігінде консульдық қызметте. Немереміздің үлкені Жәмила Астанадағы Нұрорда халықаралық мектебінде оқиды. Заманауи талапқа сай, онда ағылшын тілін тереңдетіп оқытады. Былтырғы жазда бүкіл әлем көз тігіп қарап, Елордамызда өткен халықаралық ЭКСПО-да ағылшын тілінде жазған шығармасы жүлделі орынға ие болып, лауреат атанды. Жәмиланың нағашылары да тегін жұрт емес, қазақтан шыққан жазушы-ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері – Кәкімжан Қазыбаев. Екі әулеттің ортасынан шыққан бала жазу-сызуға бейім. Өзі бүкіл болмысы, сөйлеу мәнері, жүріс-тұрысы, тіпті ұйқтағаны да атасынан, Бәкеңнен аумайды. – Қаламгердің араласқан дос-жарандары туралы бірер сөз айтсаңыз... – Жалпы, Бәкеңнің ортасы шығармашылық орта болды ғой. Оның үстіне Телқожа мен Тельман ағалары да шығармашылықтан қашық емес. Телқожа ағасы – филолог, ол кісі де Мемлекеттік сыйлықтың иегері, бір әулеттен екі азаматтың еліміздің жоғары сыйлығын алуы екінің біріне бұйырмаған нәсіп. Әкім Тарази, Шерхан Мұртаза, марқұм Қалихан Ысқақ, Сейдахмет Бердіқұлов, Райымбек Сейтіметов, Герольд Бельгер, Қалтай Мұхамеджановпен сыйлас-аралас болдық. Курстас достары С.Балғабаев, Ж.Дәуренбеков, С.Елубай, Д.Сейсенов осы уақытқа дейін хабарласып тұрады. Бәкең жаратылысынан сайқымазақ адам еді. Мінезі де, қалжыңы да жарасып тұратын. Әсіресе, қатарластарының даусын салып, әлдекімдерге телефон шалып, әзілдегенді жақсы көретін. Тура айнытпай салатыны сонша, хабарласып тұрған кісі сенетін, телефонның ар жағынан елпілдеп, жаны қалмай жатушы еді. Өзінің осы қылығына балаша қуанып, мәз болып жүретін. – Жазушының мерейлі жетпіс жылдығы ойдағыдай аталып өтті ме? Әлде «көзден кетсе, көңілден кетеді» болып тұра ма? – Уақыт шіркіннің жүйріктігінде шек жоқ, сағыныштан көз жасымды құрғата алмай жүргенде, Бәкеңнің мерейлі жетпісі де келіп қалыпты. Дәл туған күнінде Жазушылар одағы Астана бөлімшесінің төрағасы Несіпбек Айтовтың тікелей басшылығымен, Ұлттық кітапхана ұжымының қолдауымен еске алу кеші ұйымдастырылды. Республикалық қазақтілді басылымдарда мақалалар жарияланып, сонымен қатар, осы кеш ұлттық телеарналардан көрсетіліп жатты. Негізі, мерейтойға байланысты шараларды ұйымдастыруға ұйытқы болып жүрген, Бәкең жақсы көрген, адамгершілігі мен шығармашылығын қатты қадірлеген әріптес інісі – Жанболат Аупбайға алғысым шексіз. Ұлымыз Ерланның ұйымдастыруымен «Аспантаудың ақиғы» атты естеліктер жинағы да осы Жанболаттың алғысөзімен жарыққа шықты. Ойда жүрген іс-шаралар бар. Бірақ ол Қазақстан Жазушылар одағы мен Алматы облысының әкімшілігіне байланысты болып тұр. Ол енді, алдағы уақыттың еншісінде. – Әңгімеңізге рахмет, Нұржамал апай!  

Сұхбаттасқан

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ