Жаңалықтар

Қатал тәртіпті бұзбайтын кәріс қыздары

ашық дереккөзі

Қатал тәртіпті бұзбайтын кәріс қыздары

Төрт жылдықтың айтулы додасы – Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындары үш күннен соң аяқталады. 92 елдің спортшылары бақ сынап жатқан бұл Олимпиада тосын оқиғаларға толы болды. Оңтүстік Корея қонақтарының үрейін ұшырған жер сілкінісі, жергілікті жұрт арасында тарап, кейін шетелдік спортшыларға жұққан норовирус инфекциясы,  жарыс басталмай тұрып допингпен ұсталған жапон шорт-трекшісінен бөлек, дүбірлі додаға көз тіккен жаһанның назары солтүстіккореялық жанкүйерлерге айрықша ауды. Бірдей киініп, бірізді қимылдайтын, бір дауыспен ән салып,  бір қалыппен жүріп-тұратын қиық көз арулардан көз алмаған көрермендер стадиондағы жарыстың шешуші сәттерін өткізіп алып жатты. 

65 жылдан кейінгі мейман

Пхенчхан Олимпиадасына солтүстіккореялық спортшылардың қатысуы спорт шежіресінде ғана емес, дипломатия тарихында да айтулы оқиға болғаны сөзсіз. Пхеньян бұған дейінгі ақ Олимпиадалардың көпшілігіне қатысудан бас тартып келген. Солтүстік Корея 1988 жылы Сеулда өткен додаға да қатысқан жоқ. КХДР-дың бұл жолғы ойындарға қатысуы да күмәнді болатын. 2017 жылдың желтоқсанында Пхенчхан олимпиадасына қатысуға қарсы екенін жариялаған Ким Чен Ын 1 қаңтарда бұл сөзінен айнып, спортшыларын Оңтүстік Кореяға жіберуге дайын екенін мәлімдеді. Десе де, Ким Чен Ынның сөз арасында «қолында ядролық түйме бар екенін, бүкіл АҚШ аумағын алақанында ұстап отырғанын» қыстыра кетуі Вашингтонның ашуына тиді. АҚШ президенті Дональд Трамп твиттердегі парақшасында өз қолында да ядролық түйме бар екенін екенін ескертті. Ал республикашыл сенатор Линдси Грэхэм қаңтардың басында мәлімдеме жасап, КХДР Олимпиадаға қатысқан жағдайда АҚШ бұл додаға спортшыларын жібермеуі мүмкін екенін айтты. Алайда америкалық атлеттер ақпан айының басында Пхенчханға ың-шыңсыз келіп жайғасты. Солтүстік Корея атынан Пхенчханға 22 спортшы келді. Спортшылардан бөлек, Пхеньян Оңтүстік Кореяға жоғары лауазымды шенеуніктерін, журналистер және жанкүйерлер тобын жіберді. Жалпы саны 424 адамнан тұратын Солтүстік Корея делегациясының барлық шығынын Сеул өз мойнына алды. Олардың жатар орны мен Пхенчхан аумағында жүріп-тұруына Оңтүстік Корея бюджетінен 2,64 млн доллар бөлінген. Алайда бұл қаржыға Олимпиада ойындарының ашылу салтанатына арнайы келіп қатысқан КХДР басшысы Ким Чен Ынның қарындасы, насихат бөлімі басшысының орынбасары Ким Ё Чжон бастаған ресми делегацияны күтіп алу шығыны кірмеген еді. Солтүстік Корея билігі Оңтүстік Кореяға ресми сапармен соңғы рет 1953 жылы Корей соғысынан кейін ғана келген болатын. Ким Ё Чжон – 65 жылдан соң ат басын бұрған алғашқы мәртебелі мейман. Ол Солтүстік Кореядағы ең ықпалды мемлекеттік қайраткерлердің бірі. КХДР-дың бұған дейінгі билеушісі, атақты көшбасшы Ким Чен Ир қызын мұрагерлерінің ішіндегі ең ақылдысы деп білген, алайда әйел адамның ел билеуіне жол бере алмаған. Жанкүйер қыздарға қол соғуға, ұрандарды, патриоттық әндерді дауыстап айтуға белгі беріп тұратын топ басшылары бар. Олар стадионда өздерінен басқа ешкім жоқтай бейтарап отырады. Мәселен, әйелдер арасындағы хоккейде жапон командасымен кездесу кезінде КХДР көшбасшысы Ким Чен Ын образындағы сайқымазақ стадионға атып шыққанда солтүстіккореялық жанкүйерлер шапалақты кілт тоқтатып, ештеңе аңғармағандай кейіп танытты. Әлгі сайқымазақ көзден таса болғанда хоккейшілерге қолдау көрсетуді жалғастырып, дуылдатып қол соғып, айқайлап ұрандатуға кірісті. New York Times газетіне сұхбат берген 35 жастағы солтүстіккореялық қашқын, бұрын спорттық жарыстарда жанкүйерлік еткен әйелдің айтуынша, жанкүйерлер тобына қабылданатын қыздар спорт және өнер үйірмелерінен таңдап алынады. Талап бойынша олардың бойы 160 сантиметрден төмен болмауы шарт, ал жастары 20-25 жас аралығында болуы міндетті. Спортшыларды қолдау тобына солтүстіккореялық режімге адалдығын көрсеткен, патриоттық тәрбиені жақсы сіңіргендер ғана алынады. Олар бірнеше ай бойы дайындалады, жүріс-тұрыс ережелерін меңгереді, әндерді, ұрандарды жаттайды. Алайда қызметтері үшін бір вона (Солтүстік Кореяның ұлттық ақша бірлігі) да алмайды. Бұған ешбірі наразылық танытпайды. Тәртіп солай. Көнесің, әйтпесе...