Жол кептелістерінен Алматы экономикасы қанша шығынға батты?
Жол кептелістерінен Алматы экономикасы қанша шығынға батты?
Кептелістердің кесірінен Алматы экономикасына 600 млн теңге шығын келеді. Бұл туралы халық алдында есеп беру кезінде шаһар басшысы Бауыржан Байбек айтты.
«Бірінші кезекте Алматыны тұрғындарға ыңғайлы қала ету үшін инвестициялық тартымдылығы мен инновациялық жаңғыруын қамтамасыз етуіміз керек. Өздеріңіз білесіздер қаланың ауа бассейнін кептелісте тұрған көліктер ластап жатыр. Қым-қуыт сәттерде 700 мың көлік сағатына 19 шақырым жүреді екен. Ал Будапештте бұл көрсеткіш 1,5 есе жылдам. Алматы экономикасы кептелістердің кесірінен 600 млн теңге, немесе 2 млн доллар жоғалтып отыр», - деді Алматы әкімі.
Қала басшысы бұл мәселенің шешуі бір күннің жұмысы еместігін айтты. «Осы бағытта «Фалкон Евробас» компаниясы электробус шығару бойынша зауыт құрылысын бастамақ. Бұл заманауи көліктер Еуропада да жоқ. Мұндай электробустар шетелге экспортталатын болады. Сонымен қатар, биыл БРТ жолының 8,7 шақырымдық бірінші кезегін бастадық. 22 шақырым болатын толық дәліз 2020 жылы аяқталатын болады. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жеңіл рельсті көлік желісі салынады. Үлкен Алматы айналма жолының құрылысы биыл басталады. Биыл Абай көшесін созу жұмыстары қолға алынбақ. Соңғы 10 жылда 130 жолайрығы пайдалануға берілген. Осы жұмыстың барлығы қала көшелеріндегі көліктердің санын 40-60 мыңға азайтпақ»,-деді шаһар басшысы
. Сонымен қатар, шаһар басшысы биыл қала ішіндегі жеке сектордарғы үйлер толық, ал Алматы облысында 4000 үй көгілдір отынға қосылатынын айтты.