Жаңалықтар

Жұмыр доптан жүн қырыққан жемқорлар ФИФА-ны күйретіп тына жаздады

ашық дереккөзі

Жұмыр доптан жүн қырыққан жемқорлар ФИФА-ны күйретіп тына жаздады

Мамырдың 27-сі күні әлемнің назары ФИФА-ға ауды. Дәл осы күні аталмыш ұйымның тоғыз шенеунігі, төрт спорт менеджері «жемқорлыққа қатысы бар» деген айыппен Швейцарияның Цюрих қаласындағы бесжұлдызды «Baur au Lac» қонақ үйінде тұтқындалды. Айта кетейік, ФИФА шенеуніктері бұл жерге 29 мамырда өтетін ФИФА президенті сайлауына қатысу үшін жиналған болатын. Футбол функционерлері қолға түскеннен кейін АҚШ билігінің оларды «пара алды және алаяқтық әрекеттерге барып, ақшаның ізін жасырды» деп айыптағаны жария етілді.

Гари Линекер: «Жер бетінде ФИФА-дан жемқор ұйым жоқ»

Мәселе ұйымдағы соңғы жиырма жылдағы әлем чемпионаттары, маркетинг және тарату өтінімдері төңірегіндегі ауқымды сыбайлас жемқорлыққа байланысты болып тұр. ФИФА-ны айыптау ішінде алаяқтық, рэкет, ақшаны жылыс­тату қылмыстары да бар. 27 мамырда өткен баспасөз жиынында АҚШ-тың бас прокуроры Лоретта Линч ФИФА шенеуніктері 2010 жылғы футболдан әлем чемпионаты Оңтүстік Африка рес­публикасында өтуі үшін пара алған, 2011 жылы ФИФА президентін сайлау­да, 2016 жылы АҚШ-та өтетін Америка кубогына дайындық кезінде де жемқорлық әрекеттерге барған деген күдігін мәлімдеді.

Сондай-ақ, Швейцария Әділет департаменті мен полициясы 2018, 2022 жылғы әлем чемпионаттары өтетін елдерді іріктеу барысында да «қаржы жымқыру және қызметіне салақ қарағаны» үшін тергеу жұмыстарын бас­тап кетті. Әлем чемпионаты өтетін елге дауыс беру кезінде қатысқан атқарушы комитеттің бірнеше мүшесі пара алды деген болжамдар бұған дейін шетелдік баспасөз беттерінде жарияланғанымен, ФИФА-ның ішкі тергеуі нәтижесінде бұл ақпарат жоққа шығарылған. Енді бұл күдіктің рас-өтірігін Швейцарияның Әділет департаменті анықтайтын болады. Қазіргі уақытта департамент ФИФА-ның кеңсесінен тергеуге қатысты қажетті құжаттарды тәркілеп, таңдау жасауға қатысқан 10 адам Әділет министрлігіне түсініктеме береді деп отыр.

Әлем чемпионатын өткізетін елдерді таңдау барысында орын алған астыртын әрекеттерді тергеу ісі ағымдағы жылдың 10 наурызынан бері жалғасып келеді екен. АҚШ бас прокуратурасы қолға алған іс бойын­ша әзірге осы істерге қатысы бар 14 адам күдікке ілініп отыр. АҚШ ФИФА-ның сыбайлас жемқорлыққа қатысы болуы мүмкін екендігін бүгін ғана түсінген жоқ. Швейцария әділет бюросының мәліметіне сүйенсек, АҚШ прокуратурасы Нью-Йорктің Шығыс аудандық кеңесі қолға түскендерді 1990 жылдардың басынан бері осы күдік бойынша тексерген. The Guardian басылымының деректері бойынша, АҚШ прокуратурасы ФИФА шенеуніктерінің 24 жыл ішінде алған парасының құны 150 миллион АҚШ долларына жеткенін есептеп шығарған.

Прокурорлар тергеу ісін бастаған күні-ақ АҚШ әділет министрлігі ФИФА-ның төрт бірдей шенеунігі мен бүгінгі таңда ұйымда қызмет етпейтін екі адамның жемқорлық әрекеттерге қатысты кінәларын мойындағанын мәлімдеді. Ал CNC3 арнасы Twitter-дегі микроблогында күдіктілердің бірі, ФИФА-ның вице-президенті Джек Уорнердің Тринидад және Тобаго полициясына өз еркімен берілгендігін жазды. Полиция қызметкерлері қолға түсірген күдіктілер қатарында ФИФА вице-президенттері Джеффри Уэбб, Эухенио Фигередо, бұрынғы вице-президент Джек Уорнер, ФИФА-ның даму бойынша департаментінен Хулио Роча Лопес, Коста-Рикадағы жергілікті футбол федерациясының президенті Эдуардо Ли, КОНКАКАФ президенттігінің атташесі Кос­тас Таккас, Венесуэладағы жергілікті футбол федерациясының президенті Рафаэль Эскивель, Бразилиядағы жергілікті футбол федерациясының бұрынғы президенті Жозе Мария Марин, заңсыз төлемдер кезінде өзара делдал болды деп айыпталған Хосе Маргулис бар.

ФИФА халықаралық ұйымының жемқорлыққа қатысы бар деген күдіктің бұрыннан бар екені жасырын емес. Бұл туралы алғашқы деректер 2006 жылы шыққан еді. Америкалық басылымдардың бірі ФИФА-ның жымысқы әрекеттерін анықтап, дәлелдерін де ұсынғаны есте. Алайда Блаттерді журналистердің дәлелдері де қорқыта алмады. Ал биылғы жылы мамыр айының басында эфирге шыққан германиялық ARD арнасының «Сатылған футбол» фильмі де осының айғағы. Аталмыш фильмде 2018 және 2022 жылдары футболдан әлем чемпионатын өткізу бойынша конкурста Ресей мен Катардың жеңіске жетуіне байланыс­ты туындаған жемқорлыққа қатысты дауға баса мән берілген. Әлбетте, бұл фильм ФИФА ұйымының көңілінен шықпады. Сол себепті, ФИФА шенділері «Сатылған футболды» бірден сынға алған. Неміс фильмі туралы хабарлама таратқан ФИФА ұйымы фильм авторының фактілерді бұрмалап, кейбірін мүлдем алып тастағанын айтып, ақталды. Тіпті, фильмде Ресей еңбек заңнамасына қатысты қателіктер бар екенін тілге тиек етіп, фильм авторларының ұйым ұстанымдарын назардан тыс қалдырғанын да сынға алған.

«ФИФА-ның жемқорлық әрекет­тері» туралы әлемдік дауды дәл қазір еш­кім де назарынан тыс қалдырып жатқан жоқ. Футболшылар да бұл дау-дамайдан шет қалмады. Англия құрамасының аты аңызға айналған ойыншысы Гари Линекер: «Жер бетінде ФИФА-дан өткен жемқор ұйым жоқ. Картадан құрастырылған үй құлады. Өзгеріс уақыты келді», – деп жазды өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында. Ал Аргентина құрамасының бұрынғы шабуылшысы Диего Марадона ФИФА шенеуніктерінің тұтқындалғанын естіп, өзінің қуанышын жасыра алмағанын айтып жар салды. Марадонаның мұндай жаңалықты естігенде қуанатыны әу бастан-ақ белгілі еді. Өйткені тісқаққан ойын­шы бұған дейін де ФИФА-ның жымысқы әрекеттері туралы жиі айтатын. Ол ФИФА ұйымын 2022 жылғы әлем чемпионатын өткізу үшін Катардың таңдалуы кезінде де айыптаған. «ФИФА үшін пара алу – әдеттегі жағдай. Ал Блаттер үшін футбол – жай ғана бизнес», – деп мәлімдеме жасаған Диего Марадона.

Футбол әлемінде орын алған дау­дың ФИФА президенті сайлауы­ қарсаңында ушығуы жағдайды бір­шама күрделендіргені де рас. Бірақ бұл оқиға бесінші рет сайлауға түсіп жатқан Йозеф Блаттерді еш алаң­датпаған тәрізді. Оқиға орын алған күні ФИФА президенті Йозеф Блаттер: «Бұл футбол фанаттары үшін де, ФИФА үшін де қиын уақыт. Аталған жағдайдың әлемдік қоғамдастықтың ұйымға деген пікіріне әсер ететіндігін де білемін. Бірақ ұйым ішіндегі жемқорлықты жоюға белсенді түрде атсалысамын», – деп қана құтылды.

 Тағы да таққа таласқан Блаттер

Ірі көлемде пара алды деген айып­пен тұтқындалған күдіктілер қатарында ФИФА президенті Йозеф Блаттердің есімі аталмады. ВВС телеарнасының хабарлауынша, Блаттердің де аты-жөні жақын күндері күдіктілер қатарына қосылуы ықтимал. Алайда екі күннен кейін Блаттер еш алаңсыз президент сайлауына қатысты. Сайлауға дейін әлемдік баспасөз құралдарындағы ақпараттарға сүйене отырып, Блаттердің кандидатурасын қолдамайтындар қатарының көптігі байқалғандай болған. Сонда да, сарапшылар Блаттердің жеңіске жету мүмкіндігінің жоғары екендігін алға тартқан еді. Танымал тұлғалар Блаттерді ФИФА билігіне қайта жайғастыруға болмайтындығын айтып, дәлелдеуге тырысқанымен, 29 мамыр күні Йозеф Блаттер бесінші рет ФИФА президенті болып сайланды. Ал оның бесінші рет тағы да сайлауға түсуі мүмкін екендігін УЕФА президенті Мишель Платини 2014 жылдың қыркүйегінде-ақ мәлімдеген болатын. «Меніңше, ФИФА-да президент ауысатын уақыт жетті. ФИФА өз міндетін дұрыс атқарып жатқан жоқ. Сондықтан да футболдың дамуы артта қалуда. Егер мен білетін Блаттер болса, ол келесі жылғы сайлауға қатысады», – деген Платини сол кезде.

Сайлауға дейін жоғарыда айтып өткен «Сатылған футбол» деректі фильмінің авторы, германиялық журналист Роберт Кемпе аталмыш сайлау­да Йозеф Блаттер жеңеді деп болжам жасаған. «Ол ФИФА-ның даму бағдарламасын өзіне тиімді етіп жасап алған. Мәселен, Кариб аралдарына жыл сайын 250 миллион доллар аударады. Монсеррат сияқты бес мың тұрғыны бар аралға да ақша беріп отыр. Бұл елдер үшін ФИФА-дағы дау маңызды емес, оларға ФИФА-ның ақшасы керек. Ал олардың дауысы Германия немесе Ресеймен бірдей есептеледі. Блаттерге Еуропа мен Африка федерациялары да да-уыс береді. Мәселен, Африка футбол федерациясы басшысы оған 54 дауыс­ жинап беретінін уәде еткен. Блаттер ФИФА президенттігіне тағы сайлануы мүмкін», – деген болатын Роберт Кемпе.

Сондай-ақ, әйгілі футболшы Диего Марадона Блаттердің футбол әлемінде шексіз билігі болғанымен, оның ешқашан доп теуіп көрмегендігін айтып, үнемі наразылық танытатын еді. Ал оның бесінші рет президент тағына таласатынын естігенде: «Әлемдегі басты футбол ұйымы жемқорлық алаңына айналды. Блат­тер­дің басқаруымен ФИФА-ның әлем алдында қандай жағдайға түс­кенін бәріміз де байқадық. Оның бес мерзім бойы сайлауға түсуі БҰҰ принциптеріне сай келмейді, демократиялық елдерде мұндай болмауы тиіс. Бірақ бұл ФИФА үшін қалыпты жағдай сияқты. Ол біреулерді қолтығының астына алу арқылы, жақсылық жасау арқылы ғана қолдауға ие болып отыр. Бірақ оның футбол әлеміндегі басты ұйымның нағыз басшысы болуға лайықты жан екендігін ешкім де мойындап отырған жоқ. Ол әйелдер арасындағы футболды дамытуға күш салатынын айтты. Осы орайда менде бір сұрақ туындап отыр. Ол осы уақытқа дейін неге айтқанын жүзеге асырмады? Оның жауабы да белгілі. Блаттер тек футболдың арқасында қалтасының қамын ойлаған алаяқтарды жанына жинаумен ғана айналысты», – деді Диего Марадона.

29-шы мамырда Цюрихте өткен президент сайлауында Блаттермен қатар Иордания ханзадасы Әли бин әл-Хусейн сынға түскен. Ал бұрынғы португалдық ойыншы Луиш Фигу мен Голландия футбол федерациясының президенті Михаэль ван Прааг үміткерліктен сайлауға дейін бас тартты. Айта кетейік, Луиш Фигу ФИФА-дағы Йозеф Блаттердің «диктатурасына» бойкот ретінде сайлауға түсуден бас тартса, Михаэль ван Прааг Иордания ханзадасын қолдайтындығын айтқан еді. Жемқорлыққа байланысты даулы мәселе орын алғаннан кейін Еуропа футбол қауымдастығы (УЕФА) Варшавада жиын өткізіп, әлем назары ауған ФИФА сайлауын кейінге шегеруді ұсынды. Жемқорлық жанжалынан кейін ФИФА-ның сайлау өткізуін қажетсіз деп таныған мамандар қатары да көп болған. Алайда ФИФА бұл ұсынысқа қатысты ешқандай пікір білдіре қойған жоқ. Блаттер тек қана ұйымның тергеу ісіне көмек көрсетіп жатқандығы туралы мәлімдеме жасады. Сайлауға дейінгі екі күн ішінде халық арасында «Блаттер ФИФА президенттігіне бесінші рет сайлана ма?» деген сауал қызу талқыланды. Осы сәтте УЕФА президенті Мишель Платини: «Блаттер 2011 жылы сайланғанда оның «соңғы мерзімі» деп ойлағанбыз. Бірақ оның осы сайлауда да жеңіске жетуі мүмкін. Блаттер футболды дамыту үшін емес, ФИФА-ны басқарған 17 жылда жасаған былықтары ашылып қалмауы үшін қам жасап жатыр», – деген мәлімдеме жасады. Англия футбол ассоциациясының басшысы Грег Дайк те бұл сайлауға қатысты ойымен бөлісті. Грег Дайк Блаттер президенттікке қайта сайланса, УЕФА әлем чемпионатына бойкот жариялауы қажеттігін айтты. «Егер әлем чемпионатына Англия ғана бойкот жариялап, басқалары ойнаса, оның ешқандай мәні болмайды. Сол себепті, бұған УЕФА-да қосылуы керек. Сонда ғана бұл бойкоттың ықпалы тиеді. Америкалықтардың қолындағы жемқорлық әрекеттеріне қатысты дәлел де үлкен күшке ие. Блаттер осы аптаны өткергенімен, алдағы уақытта жеңіліске ұшырайтыны анық», – деген ой білдірді Грег Дайк.

Йозеф Блаттер әлем федерация­сының президенттігіне 1998 жылы жайғасқаны әмбеге аян. Оның ФИФА-ны басқарып отырғанына биыл 17 жыл толып отыр. Блаттерге Азия, Африка, Латын Америкасындағы делегациялар үлкен қолдау көрсетуде. Ал оның қарсыласы Иордания ханзадасы футбол федерациясында аса үлкен беделге ие емес, алайда оның үміткерлігін Еуропа елдерінің көпшілігі қолдаған еді. Бірақ екінші турда Әли бин әл-Хусейн үміткерліктен бас тартты. Осылайша, Еуропа елдерінің Әли ханзаданы қолдауына, жемқорлыққа байланысты шуға қарамастан 79 жастағы Йозеф Блаттер бесінші рет ФИФА президенті болып сайланды. Блаттердің жеңісінен кейін Португалия құрамасының бұрынғы ойын­шысы Луиш Фигу 29 мамырды футбол әлеміндегі «мұңды күн» деп бағалады. «ФИФА жеңілді, бәрінен бұрын футбол мен оның маңыздылығын ұғынатындар жеңілді. Егер Блаттердің адамгершілігі болса, жақын күндері ол отставкаға кетуі керек», – деп Блаттердің жеңісін сынға алды Луиш Фигу.

Ал Қазақстан футбол федерация­сы­ның алғашқы президенті, ардагер футболшы Құралбек Ордабаев «Азаттық» тілшілеріне берген сұхбатында Блаттер жеңісінің Қазақстан үшін тиімді екендігін айтыпты. Йозеф Блаттер біздің елге ең алғаш 2001 жылы келгені есте. 2009 жылы Елбасы Блаттерді «Достық» орденімен марапаттап, өз кезегінде ФИФА президенті Қазақстан футболын дамытуға көмек көрсететінін айтып уәде берген. «ФИФА – бай ұйым. Мен федерацияны басқарғанда ФИФА Қазақстанға бірнеше рет қаржы бөлген. Қазір де Қазақстан футболына қаржы бөліп келеді. Қазақстанға Блаттер көзқарасы жақсы, бізге оның қайта сайланғаны тиімді», – дейді Құралбек Ордабаев.

Жеңіске жеткеннен кейін Блаттер еш қымсынбастан жемқорлық әре­кетке қатысты дау үшін жауап­кер­­шілік алатындығын айтты. «Маған тағы да 4 жыл қалуға рұқсат берген­деріңізге рахмет айтамын. Мен ФИФА атты кемені басқаратын боламын және біз оны қайта жағаға шығарамыз. Сіздер маған ФИФА-ны қайтардыңыздар. Өз дауыстарын Әли ханзадаға бергендердің барлығын құттықтаймын. Бірақ қазір мен әрқайсысының президентімін, мен – ФИФА президентімін», – деп мәлімдеді жеңіс дәмін бесінші рет татқан басшы. Жаңа ФИФА президенті 2018 және 2022 жылдары Ресей мен Катарда өтетін әлем чемпионаты ФИФА үшін үлкен мәселеге айналғанын да мойындады. Бірақ бұл мәселелерге қарамастан әлемдік футбол федерациясы 2016 жылы Ресейдегі әлем чемпионатын ұйымдастыру жұмыстарына 185 миллион доллар бөлмек.

Әлем чемпионатын өткізу құқығы қаншаға бағаланды?

Йозеф Блаттерге қолдау көрсетіп отырғандардың бірі – Ресей футбол федерациясы. Сайлауға дейін Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин ФИФА-да орын алған жағдайды АҚШ-тың құзыретін өзге елдерге таратуға және 2018 жылы Ресейде өтетін әлем чемпионатының алдында Йозеф Блаттердің қайта сайлануына кедергі келтіруге тырысып жатқандығымен байланыстырған. Тіпті, Ресей президенті 2018 жылғы әлем чемпионатын Ресейде өткізуден бас тарту үшін Блаттер мырзаға қысым көрсетіліп жатқандығын білетіндігін де хабарлады. Владимир Путин: «ФИФА шенеуніктерінің бірі қандай да бір заңбұзушылықтарға баруы мүмкін. Бірақ оған АҚШ-тың еш қатысы жоқ. Шенеуніктер АҚШ азаматы емес», – деді.

Жалпы, ФИФА-ға қатысты орын алған дауға ресейліктердің де қатысы болуы мүмкін екендігі айтылған. 2018 жылғы әлем чемпионатын Ресейде емес, өзге елде өткізу қажеттігі туралы да көп сөз болды. Өйткені Ресей әлем чемпионатын өткізу үшін ФИФА басшыларына пара берді деген сөз желдей есіп жүр. Бірақ бұл ресми түрде дәлелденген ақпарат емес. Ресей спорт министрі Виталий Мутко мұндай ақпарат құлағына тиісімен, өздерінің тек қана заң аясында жұмыс істегендігін айтып, мәлімдеме жасады. Ал ФИФА президенті Йозеф жемқорлық туралы қылмыстың қорытындыларына қарамастан Ресей мен Катар әлем чемпионатын өткізу құқығын сақтап қалатындығын ескертті. Блаттердің ешқандай қарсылықтарға қарамастан Ресей мен Катарда әлем чемпионатын өткізуді қолдауына не себеп екендігі беймәлім. Ресейдің спорт министрі Виталий Мутко: «Әлем чемпионатын өткізу құқығынан айрылып қалу қаупі жоқ. Блаттер Ресейді қолдады, біз әлем чемпионатын өткізу құқығына оның қолдауының нәтижесінде қол жеткіздік. Өйткені ол Оңтүстік Африка Республикасы мен Ресей секілді елдердегі футболды дамытуды көздеді. Біз осыны ұғынып, өз өтінішімізді жолдадық», – деген болатын.

Айта кетейік, соңғы жылдары Ресейді әлем чемпионатын өткізу құқығынан айыру қажеттігін талап еткен саясаткерлер қатары көбейе түскені рас. Ресейге мұндай турнирді өткізуге мүмкіндік берудің дұрыс еместігін мәлімдегендер қатарында Ұлыбританияның бұрынғы вице-премьері Ник Клегг, Украина ішкі істер министрі Арсен Аваков бар. Ұлыбританияның бұрынғы вице-премьері Ник Клегг Украинаның шығысындағы сепаратистерді қолдағаны үшін Ресейді турнирді өткізу құқығынан айыру туралы ұсыныс білдірді. Ол Еуропа Одағы тарапынан Ресейге салынған санкциялар қатарында Мәскеуді әлем чемпионатын өткізу құқығынан айыру шарасы да болуы қажеттігін айтқан. Ник Клегг: «Ресейден әлем чемпионатын тартып алу таза саяси санкция болуы қажет. Менің ойымша, дәл қазір Владимир Путин өзінің абыройын ойлап жатыр. Егер дәл осындай жағдайда біз Ресейде әлем чемпионатын өткізетін болсақ, біз Ресейдің алдында бүкіл әлемнің әлсіз екенін көрсетеміз. Ресейдің Украинаға жасаған солақай саясатын көре тұра бұл елде мұндай шараны өткізу әділетсіздік болады», – деген еді. Клеггтің сөзін америкалық сенаторлар Марк Кирк, Дэн Коатс та қолдады. Тіпті, олар ФИФА-ға Ресейді өз құрамынан шығарып, онда әлемдік турнирді өткізбеу туралы талаптары жазылған ресми хат та жолдаған. Алайда америкалық сенаторлардың хатына ешқандай жауап болған жоқ. Ресейді турнир өткізу құқығынан айыруды Нидерланды футбол құрамасының бұрынғы бапкері Джон вант Схип, Германия консерваторлар блогының басшысы Михаэль Фукс та қолдап, бойкот жариялауды талап етті. Тіпті, Еуроодақ Ресейді ФИФА мен УЕФА қатарынан шығарғысы келетіндігі туралы да ақпарат тараған. Егер футбол шенеуніктері мұндай қадамға баратын болса, Ресей екі ұйымның аясында өтетін әлем чемпионатына, Еуропа чемпионатына, Чемпиондар лигасына, Еуропа лигасына қатыса алмайды және 2018 жылғы чемпионат өткізу құқығынан айрылатын еді.

Алайда ФИФА президенті Йозеф Блаттер Ресейде әлем чемпионатын өткізуді мықтап қолға алған тәрізді. Блаттер Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуі барысында Ресейде әлемдік турнирді өткізуге қарсылық танытушыларға берер жауа­бы дайын екендігін де айтты. «Егер кейбір саясаткерлер футболдан кезекті әлем чемпионатын өткізу үшін Ресейге аттанатынымызға оншалықты разы емес екендерін білдіріп жатса, менің ондайларға беретін жа-уабым да дайын: Олай болса, несіне әуре боласыңдар, тып-тыныш өз үйлеріңде отыра беріңдер, ал біз Ресейде әлемдегі ең үлкен чемпионатты табанынан тұрғызатын боламыз», – деді Блаттер.

Саясатты футбол ісіне аралас­тыруға болмайды деген әлемдік феде­рация басшылары Ресейді қолдай­тындықтарын жеткізді. Блаттердің ешқандай жағдайға қарамастан, Ресейге қолдау көрсетуі әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болу үшін ФИФА-ға пара берді деген көптің күдігін растай түсетіндей. Орайы келгенде айта кеткеннің еш әбестігі жоқ болар. Ресей әлемдік деңгейдегі шараларда өздерін көрсету үшін мұндай қадамға баруы ықтимал екендігі бұған дейін де талай айтылғаны есте. Мәселен, 2008 жылы Белград қаласында өткен «Евровидение» байқауында Ресей әншісі Дима Биланның бірінші орынды «сатып алуы мүмкін» деп баспасөз құралдары жарыса жазған. Тіпті, еуропалықтар «Евровидениедегі» жеңісті «орыс мафиясының» сатып алғанына еш шүбәсіз сенгені де сөз болды. Ал ресейлік «Тату» тобы алдыңғы жылдары өздерінің продюсерлеріне жеңіске жету үшін саудаласуға ұсыныс жасалғандығын айтып, одан әрі отқа май құйған еді. Ал бұл байқауда Дима Биланнан кейін ресейлік әншілер биіктен көріне алмады және «Билан биігінің» сыры да белгісіз күйде қалды. Әлем чемпионатын өткізу құқығына Ресей осындай жолмен қол жеткізді деген күдік рас болуы да ықтимал. Бұл әзірге бізге беймәлім жайт. Британдық Sunday Times газеті Катар 2022 жылғы әлем чемпионатын өткізу құқығына қол жеткізу үшін ФИФА-ның қалтасына 5 миллион доллар салды деген ақпарат таратқан. Тіпті, аталмыш басылым ФИФА басшылығына нақты дәлелдер де ұсынған болатын.

Қалай десек те, әлем чемпионатын өткізуге қатысты түйткілдің түйіні әлі толықтай тарқатылмады. Ал ФИФА президенті Йозеф Блаттер шешімін өзгертпейтіндей сыңай танытуда. Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды. Жұмыр доп айналасындағы мұндай дау-дамай әлі де жалғаса беретін сұры бар...

P.S. Материал басылымға әзірленіп жатқанда Халықаралық футбол федерациясына қатысты жаңа ақпарат шұғыл таратылды. ФИФА президенттігіне қайта сайланғанына 4 күн өткенде Йозеф Блаттер өзінің отставкаға кететіндігін мәлімдеген. Арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, жақын уақытта ұйымның жаңа басшысын сайлайтын конгресс өтетінін жария етті. Блаттер жаңа басшыны сайлау конгресін 2015 жылдың желтоқсаны мен 2016 жылдың наурызына дейінгі аралықта өткізуді ұсынып отыр. Ал оған дейін Йозеф Блаттер ФИФА президенті болып қала бермек.

Әсел ӘНУАРБЕК