Жаңалықтар

Қансонарға қызыққан ағылшындар

ашық дереккөзі

Қансонарға қызыққан ағылшындар

Ұлыбританияның беделді басымдарының бірі «The Guardian» 6 ақпанда қазақ бүркітшілері жайлы фоторепортаж жариялады. Бүркітшілер сайысынан түсірілген суреттер сайттың бірінші бетінің ажарын кіргізді: Бірақ «Қазақ бүркітшілері фестивалі – суреттер сөйлейді» атты репортаждың Қазақстанға қатысы шамалы екені өкінішті. Бұл сайыс Батыс Қытайда өткен қазақ бүркітшілерінің жарысы туралы. Фоторепортажға берілген аннотацияда қысқа-нұсқа түрде: «Қазақстан, Ресей мен Моңғолия шекаралары түйіскен тұстағы таулы аймақта өткен бұл фестиваль дәстүрлі аңшылық тәжірибесін насихаттау шараларының бірі. Құстарды баулу, оларды бағып-қағу ежелден келе жатқан қағидаларға сай жүзеге асады, бұл қағидаларды қазақ аңшылары болашақ ұрпақтар үшін сақтап келе жатыр» делінген. Бірнеше сурет «Қытайлық қазақ бүркітшісі Ермахан Бейсенбайдың фес­тивальге дайындығын» бейнелейді. Одан соң сайыстың барысы, жарысты тамашалауға келген көрермендер, тамаша табиғат бейнеленген. Әлбетте, қансонар біз үшін қанымызға сіңген салт болғанымен, ағылшын оқырмандары үшін таңсық жайт. Сондықтан материалдың өзінен гөрі суреттерге берілген оқырман пікірлері назар аударуға тұрарлық. (Ғаламторда пікір жазушылар көбіне лақап атты пайдаланатындықтан, олардың аттарын сол күйінше жаздық). Мысалы, Andu68 деген оқырман: «Жақсы суреттер... бірақ не материалда, не суреттерде бұл бүркіттердің қандай аң аулайтыны айтылмайды» деп қынжылыс білдіріпті. Ал arabeska деген лақап атты оқырман: «Әйелдер қайда?», – деп сұрайды. Бұл сұраққа бірнеше оқырман бірінен соң бірі жауап табуға тырысқан. Nurakhmet Kalizhanov: «Олар үйде отыр», – деп жауап қатса, Andu68 өзінше түсіндіруге тырысады: «Соңғы суреттердің бірінде бірнеше әйелдің бейнесі байқалады... Қалай дегенмен, дәстүрге берік қоғамда еркек пен әйелдің орны әлдеқашан анықталған, сондықтан әйелдердің көзден тасалау тұрғаны түсінікті», – дейді. SmallCoot: «Ғажап дәстүр, бірақ суреттер негізінен қарабайыр» деп пікір білдірсе, theharper лақап атты оқырман іле-шала: «...Аң аулауға шыққан жігіттің жүзінен шаттық, мақтаныш пен саятқұмарлық байқалады. Әйткенмен, сүйектен өтер суық, жылдам қозғалыс, оның үстіне айнала аппақ қар көзді қарықтыратын шығар?», – депті. Boz Diklich деген оқырман болса: «Бұл құстарды қашан көрсем, тамсанамын...Сауд Арабиясында жүргенде көргенмін... таңғажайып!!!», – деп сүйініш білдіріпті. JackNimrod былай деп пікір айтады: «Бір суретте Бейсенбайдың отбасы мүшелері үйден шығып, пони атқа мініп кетіп бара жатқаны бейнеленген. Жол таңдамайтын көлік көзге шалынбайды. Сенбеймін». Ал Beeswaxbob фотосуреттердегі мәліметтерге ырза емес: «Бұл бүркіттердің қайдан екені айтылмаған? Жабайы ма? Қолға үйретілген бе? Қазақтардың жақсы дәстүрі бар екен, бірақ бүркіттер үшін бұл жақсы ма?», – деп сұрақ қойыпты. Осылайша, ағылшын оқыр­мандары қазақ саяткерлігі жайлы көбірек білгісі келеді. Оның да сәті түсер...

Гүлбиғаш Омар, Ұлыбритания