Түймебаев халық алдында есеп берді
Түймебаев халық алдында есеп берді
Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Шымкент қаласындағы «Түркістан» сарайында өткен жылды қорытындылап, халық алдында есеп берді. онда әкім 2017 жылы өңірдің экономикалық және әлеуметтік салаларында атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жылда іске асырылатын жұмыс жоспарлары туралы баяндады.
Есепті кездесуге жергілікті тұрғындармен қатар, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев пен ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Мұрат Имандосов және «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ғабидолла Әбдірахымов, ҚР Премьер-Министр Кеңсесінің бас иснпекторы Марат Жексембин қатысты. Жалпы есепті жиынға қатысқан бір мыңнан астам тұрғыннан бөлек, өңір жұртшылығы аймақ басшысының есебін облыс әкімдігінің ресми сайты мен әлеуметтік желідегі facebook парақшасында жүрген тікелей эфир арқылы да тыңдады.
Өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталған өңір басшысы өнеркәсіп саласында 858,5 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 2016 жылмен салыстырғанда 69,5 млрд. теңгеге өскенін айтты. Ал өңдеу өнеркәсібі өндірісінің өсімі өткен жылмен салыстырғанда бірқатар салаларда артқан. Сонымен 2017 жылы индустрияландыру картасы аясында 36,4 млрд. теңгеге 1 мыңға жуық жұмыс орнын құрайтын 18 жоба іске қосылған. Қазіргі таңда 11 индустриялдық аймақтың 9-ы толыққанды жұмысқа көшкен. Бүгінде аймақтарда іске асырылған жобалар саны 78-ге жетіп, 35,9 млрд. теңге инвестиция тартылды. Осының нәтижесінде 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
«Облысқа тартылған инвестицияға келетін болсақ, бұл бойынша облыс экономикасына 482 млрд. теңге инвестиция бағытталып, 2016 жылмен салыстырғанда 20,2%-ға артты. Бұл көрсеткішпен облыс республикада алдыңғы орында. Яғни, осы өңірге инвестиция тарту мақсатында өткен жылы шетел инвесторларымен 40-тан аса іскерлік кездесулер өткізілген. Нәтижесінде, Ресеймен кіші гидроэлектрстанциясының құрылысы, Қытаймен – биоэтанол мен фосфор тыңайтқышы зауыттары, күн сәулесінен электр қуатын өндіретін электрстансасының құрылыстарын жүргізу жөнінде келісімдер жасалды. Инвестиция тарту жұмыстарын күшейту және шетелдік инвесторлармен жұмысты ұйымдастыру мақсатында 2017 жылдың маусым айынан бастап облыста «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ өңірлік өкілдігі ашылды. Жалпы өткізілген инвестициялық форумдар мен іс-шаралардың нәтижесінде, өткен жылы сырттан тартылған инвестиция көлемі 94,6 млрд. теңгені құрап, өсім 48%-ға жетті»,-деді Ж.Түймебаев.
Аграрлы аймақтың агроөнеркәсіп саласында атқарылған жұмыстарына тоқталған әкім мемлекеттік қолдаудың арқасында 522 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 2 пайызға артқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл көрсеткішпен облыс республикадағы үлесі бойынша 2-ші орыннан көрінген. Ауыл шаруашылығына тартылған инвестициялардың көлемі 38,1 млрд. теңгені құрап, 3,4 есеге артқан. Осының нәтижесінде егіс көлемі 29 300 га ұлғайып, 818 мың гектарға, тамшылатып суғару әдісі қосымша 8 100 га ендіріліп, жалпы көлемі 59 100 га жеткен. Бұдан бөлек, облыс басшысы жылыжайлар қосымша 202 га салынып, жалпы 1 325 га жеткенін, республикалық үлесі 80 пайызды құрағанын мәлім етті. Есепті жылы салаға 24,9 млрд. теңге субсидия бөлініп, 40 мыңға жуық шаруаға қолдау көрсетілген.
Ал құрылыс жұмыстарының көлемі 5,3 пайызға өсіп, жыл басынан 721,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ол 2016 жылмен салыстырғанда 36,2 пайызға көбейген. Осылайша өткен жылы 7 482 отбасы баспанамен қамтамасыз етілген.
Жиын барысында аймақ басшысы атқарылған жұмыстар туралы қысқаша баяндама жасап, өңір тұрғындарының ұсыныс пікірлері мен сауалдарына жауап беретін болады.