Жаңалықтар

 Ғаббас Қабышұлының«Көңіл көгінде» атты эсселер жинағы түрік тілінде жарық көрді

ашық дереккөзі

 Ғаббас Қабышұлының«Көңіл көгінде» атты эсселер жинағы түрік тілінде жарық көрді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, көрнекті қаламгер Ғаббас Қабышұлының түрік тіліне аударылған «Көңіл көгінде» атты эсселер жинағының тұсаукесер рəсімі өтті. Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлының қолдауымен, жазушы Якуб Омароғлы төрағалық ететін Еуразия Жазушылар қауымдастығына қарасты «Бенгу» баспасынан жарық көрген кітаптың кіріспе  сөзін елші Абзал Сапарбекұлы мен Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуб Омароғлы жазса, алғысөз орнына Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Әзілхан Нұршайықовтың жылы лебізі беріліпті. Кітапты түрік тіліне аударған Эльмира Қалжанова, редакторы – Азизе Кая. Топтамаға жазушының 90-нан астам зиялы қауым өкілі туралы әр жылдары жазған естеліктері мен эссе-әңгімелері енген. Атап айтсақ, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Жамбыл Жабаев, Ғали Орманов, Бауыржан Момышұлы, Асқар Тоқмағамбетов, Ілияс Есенберлин, Әнуар Әлімжанов, Қасым Қайсенов, Әзілхан Нұршайықов, Тахауи Ахтанов, Ғафу Қайырбеков, Оспанхан Әубәкіров, Шона Смаханұлы, Балғабек Қыдырбекұлы, Әнуарбек Дүйсенбиев, Мариям Хакімжанова, Сәкен Жүнісов, Мұқағали Мақатаев жайында естеліктер орын алған. Тұсаукесер рәсіміне Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің дипломаты, жазушы-аудармашы Мəлік Отарбаев арнайы келді. Ал жазушы, «Ан арыс» баспасының директоры Кәдірбек Құныпияұлы Ғаббас Қабышұлының «Көңіл көгінде» кітабы туралы 2015 жылы Мәлік Отарбаевқа айтып, алғаш рет Түркияда қазақ тілінде жарық көруіне мұрындық болғанын атап өтті. Сонымен қатар Ғаббас Қабышұлының Әзиз Несиннен аударған «Нау емене?»  әңгімелер жинағының қатар шыққанына тоқталып, «Көңіл көгінде» кітабының енді түрік тілінде басылғанына қуанышын білдірді.