Жаңалықтар

Айнұр Жақапбаева: Ұлттық ойынға шетелдіктердің көңілі алабөтен

ашық дереккөзі

Айнұр Жақапбаева: Ұлттық ойынға шетелдіктердің көңілі алабөтен

Кез келген ұлт мәдениетінің құрамдас бөлігі ретінде тән саулығы, дене тәрбиесі, спорттық және зияткерлік ойындардың өзіндік орны бар. Сол сияқты қазақ халқының ежелгі ұлттық спортының бірі – тоғызқұмалақ. Зерттеушілердің пайымдауынша, бұл ойынның пайда болуы шамамен 4 мың жылдық кезеңді қамтиды. Ал елімізде тоғызқұмалақтан алғашқы Республика біріншілігі 1974 жылы өтсе, 2008 жылы Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы құрылды. Біз төл ұлттық спорттық ойын жайында Азия чемпионы, спорт шебері, тоғызқұмалақтан мемлекеттік жаттықтырушы Айнұр Жақапбаеваны әңгімеге тартқан едік. – Тоғызқұмалақ ойыны елімізде ғана емес, Еуропаның кейбір мемлекеттерінде де кеңінен танымал. Тіпті, оны интеллектуалды ойындар қатарына енгізіп жатқандары да бар екен... – Жалпы, шетелдіктер зияткерлік ойындарына айтарлықтай мән береді. Әсіресе, бұл ойын жастардың ой-өрісін дамытып, шапшаңдыққа баулиды. Тоғызқұмалақ – ойлау, есте сақтау қабілетін жақсартады. Тіпті, бала өсе келе өмірлік жағдайда да тез шешім қабылдай алатын қасиетке ие болады. Себебі ойын кезінде алдын ала, үш-төрт жүріс бұрын есептеп отыруға бейімделеді. Спорт үздіктері жайында статистикалық мәліметтерді есептеп отырсақ, жылына жоқ дегенде 7-8 бала тоғызқұмалаққа келеді. Бүгінде олар – бірінші дәрежедегі спорт шеберлері, «Алтын белгі» иегерлері, мемлекеттік грантқа қол жеткізгендер. Бір айта кетерлігі, мемлекет пен демеушілердің қолдауының нәтижесінде ұлттық ойын бұқаралық сипат алып, өрісі кеңейіп, қарыштап дамуда. Бұл игі істерде ардагерлеріміз бен жаттықтырушылардың, ойыншылар мен төрешілердің еңбегі ерекше. Қазір елімізде тоғызқұмалақпен айналысатындар саны 200 мыңнан асты, оның 9 мыңдайы кәсіби спортшылар. Жыл сайынғы ұлттық деңгейдегі додаларға екі мыңнан астам, аймақтардағы жарыстарға тоғыз мыңға жуық кәсіби спортшы қатысады. Қуаныштысы сол, тоғызқұмалаққа ден қойғандардың басым бөлігі – жастар. Ресми деректер бойынша, мектеп жасындағы 190 мыңнан артық бала тоғызқұмалақ ойнайды. Білуімше, білім ошақтарында 10 мыңнан астам үйірме бар. Спорт мектептеріндегі 127 тоғызқұмалақ бөлімшесінде 300-ден астам жаттықтырушы жұмыс істейді. Міне, тоғызқұмалақ ойыны осындай деңгейге жетті. – Тоғызқұмалақ ойынының тарихы тереңде жатыр. Бірақ «кейінгі жылдары тоғызқұмалақ көп ойналмай қалды» деген де пікір бар. Есесіне, басқа елдердің қызығушылығы әлдеқайда артқан сияқты ма, қалай? – Кеңестік кезеңде ұлттық құндылықтарды жоғалтуға сәл-ақ қалдық қой. Бәлкім, сол кезде ұлттық ойындардың насихатталуына мемлекет тарапынан немкетті қаралды ма, кім білсін?! Дегенмен тәуелсіздік алғаннан кейін көзқарас өзгерді. Қазір ұлттық ойынды дамытуға Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы үлес қосуда. Әлем чемпионаты ұйымдастырылып, оған төрт құрлықтан 25 мемлекеттің спортшылары қатысты. Қырғызстанда екі рет өткен көшпенділер ойынында Қазақстан құрамасы екі мәрте жеңіске жетті. Бұл елімізде тоғызқұмалаққа деген көзқарастың едәуір жақсарғанын көрсетеді. Жоғары оқу орындарында, мектептерде тоғызқұмалақ үйірмесі кеңінен насихатталып, жұмыс істеуде. Жалпы, соңғы он жылда тоғызқұмалақтан Еуропа, Азия және Америка елдері кіретін 20-ға жуық мемлекетте халықаралық семинарлар мен жарыстар өткізілді. Былтыр оннан астам  мемлекет спортшылары Швайнфуртта (Германия) Еуропа чемпионатына қатысты. Ұлттық ойын Ұлыбританиядағы, Чехиядағы дүниежүзілік зияткерлік ойындар олимпиадалары бағдарламаларына енді. 2009 жылдан бастап Азия чемпионаттары ұйымдастырылды. Алғашқы әлем чемпионаты 2010 жылы 16 мемлекеттің қатысуымен Астанада өтті. Жыл өткен сайын әлемдік додаға жаңа мемлекеттердің қатысуы тоғызқұмалақтың әлемдік зияткерлік ойынға айнала бастағанын аңғартса керек. Тіпті, Мангала ойындары деген федерация ашылып, тоғызқұмалақтан жарыс ұйымдастырылды. Чехияның Пардубице қаласында өтетін фестивальге бір мезетте 2-3 мың адам қатысқанын көріп, таңғалдым. Кең сарайда орналастырылған арнайы тақталар арасында танымдық семинар өткізуге атсалыстық. Насихат жүргізудің нәтижесінде бүгінде сол мемлекеттерде тоғызқұмалақты өткізетін түрлі ұйымдар пайда болды. Сонымен қатар, олар командаларды іріктеп, бізде өткен Әлем, Азия чемпионатына жіберді.  – Ол ол ма, Қытайда екі жылдан бері тоғызқұмалақ қосымша пән ретінде оқытыла бастаса, былтырдан бері Түркия тоғызқұмалақты қосымша берілетін сабақтар қатарына қосты дегенді естідік... – Мұның бәрі рас. Шыңжаң Ұйғыр автономиялы ауданындағы 100-ге жуық мектепте жастар мен жасөспірімдер арасында тоғызқұмалақ ойналады. Бұл – тоғызқұмалақ спорты дамуының жаңа деңгейге шыққанының айғағы. Тоғызқұмалақ дүниежүзілік федерациясы 2008 жылы құрылғаннан бері шетелдегі қазақтардың ғана емес, Ұлыбритания, Швейцария, Франция, Германия, Испания, Түркия, Чехия және тағы басқа мемлекеттерде жергілікті халықтардың ұлттық ойынымызға ықыласы артуда. Колумбиялық Оскар Фахардо, германиялық Юрий Нольд және чехиялық Хана Котинова сияқты спортшылар қазақтың ұлттық ойынын Америка мен Еуропада таралуы үшін еңбек етуде. Шынында да Қытайда екі жылдан бері тоғызқұмалақ қосымша пән ретінде оқытыла бастаса, Түркия тоғызқұмалақты қосымша берілетін сабақтар қатарына қосты. Моңғолия  мектептерінде тоғызқұмалақ үйірмелері ашылып, мектепаралық, жоғары оқу орындары арасында жарыстар, олимпиадалар өткізілуде. Ресейдің Қосағаш ауданында тоғызқұмалақ үйірмесі жұмыс істейді. Дәлірек айтсақ, тоғызқұмалақ ойыны тынысын ашты десе болғандай. – Десек те, жат елдің спортшылары тоғызқұмалақты қалай және қайдан үйреніп жүр? – Бүгінде тоғызқұмалақ ойынының әлемде әртүрлі үлгілері бар. Мәселен, Египетте осыған ұқсас ойынды «калах» деп атаса, Шри-Ланкада «олинда калия», қырғыздарда «тогузкоргоол», африкалықтарда «манкала», «габата», «абапа», «нам-нам», «бао», «тамподуо», «омвесо», «маработ» деп аталады екен. Сол сияқты америкалықтарда да тоғызқұмалақтың өз үлгілері бар. Олар оны «аджи-бото» немесе «варри роунд» деп атайды. Тоғызқұмалақ әуесқойлары мен мамандарына көмек ретінде кітаптар мен еңбектер елімізде ғана емес, шетелдерде жариялануда. Мәселен, Ә. Ақшораевтың «Тоғызқұмалақтың 60 сабағы» кітабы, М. Шотаевтың «Тоғызқұмалақ әліппесі» федерацияның демеушілігімен Қытайда, «Тоғызқұмалақ есептері мен этюдтері» ағылшын, итальян тілдерінде Астана мен Миланда жарық көрді. Тоғызқұмалақ ойынын көпшілікке кеңірек таныстыру мақсатында федерация қолдауымен 2013 жылы  теледидарлық  жоба да жасалды.  Бұл 30 сабақ 2013 жылы «Қазспорт» телеарнасында қазақ және орыс тілдерінде көрсетілді. Қазір де интернеттен немесе телеарнаның мұрағат қорынан бұл сабақтарды тамашалауға болады. Жоба тек Қазақстанда ғана емес, көршілес Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Ресейде үлкен сұраныспен қайтадан көрсетілуде. Сондықтан ұлттық ойынымызды үйренгісі келетіндерге мүмкіндік мол. – Ұлттық ойынның өз елімізде насихатталуы қалай? Қазіргі таңда тоғызқұмалақ еліміздің қай өңірінде кең тараған? – Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облысы көш басында тұр. Оған дәлел ретінде ІV әлем чемпионатында қызылордалық Хакімжан Елеусінов үш дүркін әлем чемпионы атанып, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері дәрежесін иемденді. Оңтүстікқазақстандық Әсел Далиева төрт әлем чемпионатында ойынның екі түрі бойынша ұтып, сегіз дүркін әлем чемпионы болды. Сондай-ақ, тоғызқұмалақтан Қазақстан құрамасының мүшесі Серік Ақтаев үш дүркін әлем чемпионы атағын қанжығасына байласа, ақтөбелік Нұрбек Қалиев пен Диана Кенина тоғызқұмалақтың арқасында отбасын құрып, бүгінде екеуі де әлем чемпионы атанды. Екі бала тәрбиелеп, жоғары деңгейде ойын көрсетіп жүрген жұп.  – Тоғызқұмалақ ойнауды меңгеру үшін балаға ең қажетті нәрсе не? Есепке жүйріктік пе? – Негізі әлем чемпионаты 7 минуттық шапшаң, 20 минуттық рапид, 2 сағаттық классика ойындарынан тұрады. Мұндай бәсекелі жарыста топ жару, жеңіске жету оңай емес. Бәрі де күнделікті жаттығу арқылы келеді. Адамға керегі – төзімділік. Екінің бірінің төрт сағат тағат тауып отыруға шыдамы жетпейді. Төрт сағат ішінде тақтаның үстінде отырып, жүрістерді есептеп, қарсыластың жүрісін алдын ала бағып отыру керек. Кейбір балалар шапшаң ойынға бейімделіп алады. Олар жылдам ойлап, жылдам шешім қабылдайтындар тобы. Ал енді біреулерге 2 сағат та жетпей жатады. Яғни, бұл баланың темпераментіне де байланысты. – Интернет кеңістікте ойын алаңы ашылғанынан хабардар едік. Жоба жемісін беріп жатыр ма? – Тоғызқұмалақ ойынын заман талабына сай деңгейде насихаттау үшін оны компьютерге енгізу де қиын емес екен. Компьютерге отырып алып, футбол және басқа да ойындар ойнайтындар көп қой. Дәл осылай тоғызқұмалақты да ойнауға болады. 2009 жылдың 15 қыркүйегінен бастап әлемдік ғаламторда тоғызқұмалақ зияткерлік ойын ретінде тіркеліп, www.iggamecenter.com сайтында тоғызқұмалақтың онлайн жүйесінде ойнайтын бағдарламасы жасалды. Бұл жоба канадалық Арти Сандлер, германиялық Ральф Геринг және қазақстандық Серік Ақтаевтың бастамасымен жүзеге асты. Оған кез келген мемлекеттен тіркеліп, қажетті тілді таңдаса, ойын ережелері шығады. Сол арқылы үйреніп, интернет арқылы да тәжірибе алмасып, ойынды игеруге болады. Тіпті, төрткүл дүниенің мықты ой шеберлерімен электрондық бағдарламада тоғызқұмалақ ойнауға мүмкіндік бар. Тоғызқұмалақ осы сайттағы зияткерлік ойындар арасында танымалдығы жағынан алғашқы ондықтан түсіп көрген жоқ. Сондай-ақ, 2009 жылдың 1 наурызынан бастап ақпараттық кеңістікте тоғызқұмалақты насихаттау үшін жаңа www.9kumalak.kz сайты халықтың назарына ұсынылды. Сонымен бірге тоғызқұмалақтан қазақ, чех, ағылшын, орыс, түрік тілдерінде сайттар ашылды. Ал 2010 жылы бағдарламашы Ернар Шамбаев спорт шеберлері Серік Ақтаев, Диана Кенинамен бірігіп, тоғызқұмалақтың Қазақ­стандағы жетілген компьютерлік бағдарламасын дайындады. Оған қоса Қытайдағы қазақ студенттері тоғызқұмалақтың жаңа электронды нұсқасын әзірлепті. Мұның бәрі біздің ұлттық ойынға деген қызығушылықтан туындап отыр. – Өзіңіз тоғызқұмалақ ойынын алғаш ойнаған кезіңізді еске түсіріңізші... – Қызылорда облысы, Тереңөзек ауылында өмірге келдім. Мектепте жүргенде денешынықтыру пәнінен беретін мұғалім бізді секеңдетіп қоймай, тоғызқұмалақ ойынын үйретуге баулыды. Сол үшін де ұстазыма алғысым шексіз. 1984-85 жылдары оқушы боп жүріп, жарыстарға қатыстым. Ол заманда қазіргідей жиі ұйымдастырылатын жарыс та аз. Жылына бір мәрте болатын ойын бәсекесіне қатысып, жүлдегер атанғанымызға мәз болатын едік. Ал 1990 жылдан бастап ресми жаттықтырушы болдым. Халық­аралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақ­станның бес дүркін чемпионы атандым. Қазір Қазақстан құрама командасының бас жаттықтырушысымын. Бүгінде балаларды халықаралық жарыстарға дайындауға белсене кірістік. Нәтижесі көңіл қуантады. Тоғызқұмалақтың бала тәрбиесіндегі рөлін арттыру үшін мектептерге факультативтік сабақ ретінде енгізу қажет деп ойлаймын. – Әңгімеңізге рахмет!  

Әңгімелескен

Динара Мыңжасарқызы