Отандық өндірістің өрісі кеңейеді
Отандық өндірістің өрісі кеңейеді
«Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалында Кәсіпкерлікті қолдау бойынша кеңестің отырысы өткізіліп, оған Алматы қаласы мәслихатының депутаттық фракция мүшелері, кеңес мүшелері және мемлекеттік орган өкілдері қатысты.
Отырысты кәсіпкерлікті қолдау бойынша қоғамдық кеңес төрағасы Сергей Козлов ашып, сөз сөйледі.
– Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған Мемлекеттік индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы, отандық өндірушілерге Қазақстанның Бірыңғай экономикалық кеңістікке және Дүниежүзілік сауда ұйымында мүше болуы бәсекелестікке уақтылы дайындалу жағдайына мүмкіндік береді. Өз кезегінде, еліміздің экономикалық ұйымдарға қатысты болуы, қазақстандық кәсіпорындардың көрші елдердің де, алыс шетелдердің де нарығына шығуға мүмкіндік береді, – деді С.Козлов.
Отырыс барысында Алматы қаласы Кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ғанибет Әубәкіров, Алматы қаласы мәслихатының депутаты, «Ерке-Нұр» ЖШС бас директоры Фарида Мерхамитқызы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының заң аясындағы директор-орынбасары Ильяс Қасымбаев және Red Dragon ЖШС бас директоры, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Константин Авершин сөз сөйледі.
Қоғамдық кеңестің қорытындысы бойынша кеңес мүшелері бірқатар ұсыныстар жасады. Мысалы, қаладағы сауда үйлеріндегі ретейлерлерге мониторинг жүргізу бойынша жұмыс тобын құру.
Өз кезегінде Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры, мәслихат депутаты Ерлан Стамбеков сыртқы нарыққа қазақстандық өнімдерді экспорттауда субсидиялауды ұсынды.
«Заңғар» АҚ директорының кеңесшісі Сабина Амангелді отандық бренд тауарларының сапасына қатысты мониторинг жұмыстарын жүргізуді ұсынды.
Отырыс барысында айтылған ұсыныстардың барлығы партияның Орталық аппаратына, жергілікті атқарушы органдарға жолданатын болады.
Отандық өндірістің өрісін, шағын және орта кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту мақсатында нұротандықтар қолға алған тағы бір маңызды бастама – «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдауды алу мәселелеріне байланысты азаматтарды бірыңғай қабылдау күні» республикалық акциясы. Алматы қалалық филиалында өткен осынау шараны ұйымдастыруға және өткізуге Орталық аппараттың қабылдау бөлмесі, аймақтық және аумақтық филиалдардың қабылдау бөлмелері, Кәсіпкерлікті дамыту департаменттері, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Атамекен» кәсіпкерлікті дамыту қоры және екінші деңгейдегі банктер мұрындық болды.
Акция барысында «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды қамтамасыз ететін мемлекеттік органдар мен даму институттары өкілдері тарапынан азаматтарға, шағын және орта бизнес өкілдеріне түрлі кеңестер берілді. Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру тетіктері мен шарттары түсіндіріліп, азаматтардың сұрақтарына құзырлы орындардан келген мамандар жауап берді.
2015-2016 жылдары аталмыш бағдарламаның тетіктері мен шарттарын жетілдіру бойынша өзгерістер енгізілгені белгілі. Онда несиелерді кепілдендірудің жаңа жүйесі, екінші деңгейлі банктер беретін несиелердің пайыздық мөлшерлемесін төмендету, ауылдық жерде, шағын қалаларда кәсіпкерлердің бизнес бастамаларын кеңейту, бизнес жоспарларын жасау және өзінің кәсібін ашу үшін тиісті оқытулар ұйымдастыру, жедел кепілдемелер ұсына отырып, жаңадан ісін қолға алған кәсіпкерлерді қолдау және кепілді қаржыландыру, осы сала бойынша кәсіпкерлер әлеуметтік қатысушы бола алатын басым салалардың тізімін кеңейту қарастырылған.
Алматылықтар ұйымдастырған акцияға «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Алмажан Бақтыоразова, Алматы қалалық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасы жеке кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту бөлімінің бас маманы Айнұр Жанқоразова, Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының өкілі Динара Асылова және басқалар қатысты.
– «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға ұдайы зор мән беріліп келеді. Сондықтан республикалық акцияға алматылықтар да қосылып, қаладағы шағын және орта бизнес өкілдерін қабылдауды, оларға жан-жақты кеңес беруді ұйғардық. Бұл мүмкіндіктерді алматылық азаматтар да құр жібермеуді ұйғарғанына шын қуаныштымыз, – дейді «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Алмажан Бақтыоразова.
Соңғы жылдары бизнеске бет бұрғандар мен кәсібін қаржыландыру жолдарын іздейтіндер қатары көбейді. Алайда азаматтардың бір бөлігі заңдарға енгізілген толықтырулардан, кәсіпкерлік саладағы жаңалықтардан толық хабардар емес. Сондықтан шараға қатысқан Алматы қалалық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасы жеке кәсіпкерлікті қолдау мен дамыту бөлімінің бас маманы Айнұр Жанқоразова кездесуге келген жұртшылыққа саладағы өзгерістерді түсіндірді.
Көпшілікті алаңдатқан сұрақтарға толыққанды жауап берген маман кәсіпкерлікпен айналысатын және ісін бастауға қызығушылық танытуға бел буғандарға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту бөлімдерінде тегін кеңестер берілетіндігін хабарлады. Тіпті, шара барысында кәсіпкерлікті қанша жастан бастауға болатындығын, мүгедектерге қандай жеңілдіктер жасалатындығын да сұрағандар болды. Мамандар оларға да нақты жауап беріп, түрлі қиындықтарға тап болған жағдайда жоғарыда аталған құзырлы орындардың қызметкерлері тегін кеңес беретінін құлаққағыс етті.