Жалақысыз жұмыс: 2 ай бойы ашқұрсақ жүрген құрылысшылар құрылысты тоқтатты
Жалақысыз жұмыс: 2 ай бойы ашқұрсақ жүрген құрылысшылар құрылысты тоқтатты
Алматыда №46 мектеп-гимназиясына қайта жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан жұмысшылар екі айдан бері тегін жұмыс істеген. Айлықтарын ала алмай жүрген құрылысшылар әрі қарай жұмыс істеуден бас тартты. Ratel.kz тілшісінің хабарлауынша, сексенге жуық жұмысшылардың көбі Оңтүстік Қазақстан облысынан келген.
– Екі ай болды менің келігеніме. Ақша қолымызға тимей жатыр. Бастапқыда 10 000 берді аванс ретінде. Осы мектептің ішінде түнеп жұмыс жасап жатырмыз. Тіпті моншаға баратын ақшамыз жоқ. Жалақыларыңды береміз деген уәдеге тойып біттік. Ондай сөзді күнде естиміз, - дейді Бақытжан САПАРОВ есімді жұмысшы.
Оқушысы жоқ қаңыраған ғимаратта ағаштан төсек жасап алған жұмысшылар қара су мен қара нанды талғажау етіп отыр. Үш қабатты мектептің бір бөлмесін бараққа айналдырған мындағы жұрт әуелде күніне 5000 мың теңгеге келісіпті.
Алайда қолдарына көк тиында тимегендер енді ақша алмайынша жұмысқа шықпаймыз дейді. Төзімі таусылып үйлеріне кетіп қалғандары да бар екен. Ал шыдап баққандар адам төзгісіз жағдайда әзірге құрлыстың басын тегін күзетіп күнелтпек.
– Басында бұл мектепте сексенге жуық жұмысшы болдық. Қолды бір сілтеп кетіп қалғандар бар. Қайтсін? Бала-шағаны асырау керек. Орташа есеппен біздің 12-14 миллион алашағымыз бар, - дейді Ғабит БАУЫРЖАНҰЛЫ.
№46 мектеп гимназиясының күрделі жөндеуден өткізуге тендер 2014 жылы жарияланыпты. Алты жүз миллион теңгені ұтып алған мердігер компания «КазМоналит Групп».
Тапсырыс беруші – Алматы құрылыс басқармасы. Мемлекеттік конкурсты ұтқан мердігер кінә бізден емес, тиісті қаражатты «ИП» арқылы жұмыс жасап жатқан бригадирге беріп қойғанбыз дейді.
Жұмысшылардың жетекшісі қаражаттың түскенін растайды. Елу алты жұмысшыға алты миллион қарыз екенін де жасырмайды. Тек құрылыс жұмыстары алғашқы келіскен соммадан артық болып жаңылысыпты.
- Бізге аударған ақша қаңтардың авансына кетті. Бір миллион жеті жүз мың. Бұл қосымша қаржы. Енді бізде қайта есептеу жұмыстары жүріп жатыр. Яғни бір аптаның көлемінде түгел ақшаларды береміз. Бүкіл бригада ақшасыз отырған жоқ. кешіктіру тек құжаттарға байланысты туындады, - дейді шағымданушы жұмысшылардың бригадирі Александр ГАЙФУЛИН.
Бүгінде жөндеу жұмыстарының жетпіс пайыз аяқталған. Нысан келісім шарт бойынша сәуір айында өткізілуі керек. Межелі уақытта жөндеу жұмысы бітер-бітпесі белгісіз. Құрылысшылардың еңбек ақыларының қашан алатыны да беймәлім. Себебі құрылысшылар ешқандай да еңбек шартына отырмаған.