Елбасы: Хрущевкаларды сүріп, жаңа үйлер салу керек

Елбасы: Хрущевкаларды сүріп, жаңа үйлер салу керек

Елбасы: Хрущевкаларды сүріп, жаңа үйлер салу керек
ашық дереккөзі
Қала орталықтарындағы ескі хрущевкаларды сүріп, орнына жаңадан үйлер салу керек. Бұл туралы бүгін Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Біз мынау ескі үйлерді құлатып, жаңадан үй салатын бағдарлама жасаған едік. Сол тоқтап қалды ма, не болды?», - деп сұрады Қазақстан Президенті. Бұл сауалға жауап берген Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Мамин: «Нұрсұлтан Әбішұлы, апатты үйлер сүріледі. Бағдарлама барлық облыстарда бар», - деп жауап берді. «Біз қолжетімді баспана жайында айтып отырмыз. Адамдар қоныстануы үшін саламыз. Ал адамдар ескі үйлерде тұруын жалғастырып, жаңасын пайда табу үшін жалға беріп қояды. Адами тұрғыдан бұл дұрыс та шығар. Бірақ, бізге ескі үйлерді құлату керек қой, қашанға дейін тұра береді», - деді Елбасы. Осы ретте Мемлекет басшысы ескі үйлерді сүріп оның орнына жаңа баспана тұрғызу ісі мемлекеттік-жекешелік серіктестік арқылы жүргізілуі қажет екендігін баса айтты. «Мәселен, 4 қабатты хрущевка тұр. Мен жақсы білемін, 40-шы жылдары салынған болатын. Қазір олардың тұрғанына 60-70 жыл болды. Үй саламын деген бизнеске біз кредит арқылы қолдау көрсетеміз ғой. Екі-үш үй тұрған жерге рұқсат бергізіп үй салғызып, ана үйлердегілердің бәрін сонда кіргізу керек. Ал ескі үйлердің орынын бизнеске беру қажет, бұл тиімді», - деді Мемлекет басшысы. Елбасының атап өтуінше, бұл мемлекетке де, халыққа да, бизнеске де тиімді. «Бәріміз осымен шұғылданайық, жер қараңдар. Біріншіден, бұл қаланың келбетін әсемдеуге мүмкіншілік береді. Екіншіден халықтың жақсы үйге көшуіне жағдай жасайды. Бұл халықтың денсаулығына, көңіл-күйіне де қатысты жайт», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.