Жаңалықтар

ХХIII Қысқы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылуы басталды

ашық дереккөзі

ХХIII Қысқы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылуы басталды

Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында ХХIII қысқы Олимпиада ойындары ресми түрде ашылды. Дүниежүзінің назары бүгін Азияның шығысы - Оңтүстік Корея еліне ауып отыр. ХХIII Қысқы Олимпиада ойындарын өткізу 2018 жылы осы елдің еншісіне бұйырды. Жалпы, бірегей спорттық шараның ашылу салтанаты спортшылардың шерумен жүріп өтуі, ресми өкілдердің сөз сөйлеуі - бәрін қосқанда шамамен 2 сағатқа созылады. Ұйымдастырушылар бұған дейін хабарлағандай, аталған мерекенің даярлық жұмысына 300-ге жуық адам қатысады. Ал ашылу салтанатының арнайы қойылымына 2 мыңға жуық актер атсалыспақ. Шарадағы біз үшін айтулы оқиғалардың бірі - спортшылардың шеруі. Қазақстанның көк Туы біздің делегацияны бастап шығатын шорт-трекші Абзал Әжіғалиевтың қолында болады. Айта кетсек, Олимпиадаға Қазақстаннан 49 спортшы 57 жолдама жеңіп алған болатын. Олар спорттың 9 түрінен сынға түседі. Олимпиадада жалпы 15 спорт түрінен 102 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Атап айтқанда, биатлоннан - 11, бобслейден - 3, скелетоннан - 2, кёрлингтен - 3, конькимен жүгіруден - 14, мәнерлеп сырғанау - 5, шорт-трек - 8, тау шаңғысы - 11, шаңғы қоссайысынан - 3, шаңғы жарысы - 12, шаңғымен трамплиннен секіруден - 4, фристайл - 10, сноуборд - 10, шана спорты - 4, шайбалы хоккейден - 2 медаль ойнатылады. Еске сала кетсек, Пхёнчхан Олимпиадасының ашылу рәсімін тікелей эфирден Хабар, Qazaqstan мен Qazsport телеарналары көрсетеді.