Ұлттық қор: өзге жұрт пен біздің елдің тәжірибесі
Ұлттық қор: өзге жұрт пен біздің елдің тәжірибесі
Соңғы он жеті жыл бойы, яғни Ұлттық қор құрылған кезден бері «Мұнай-газ саласынан түскен табыс барша қазақстандықтарға теңдей бөлініп берілуі тиіс» деген ой саяси ортада ара-тұра айтылып қалады. Тіпті, біраз жыл бұрын белгілі саяси партияның басшылығы осындай ұсынысты ұрандатып шыққанда, оны келекеге айналдырғандар көп болған. Егер есебімізден жаңылмасақ, қазіргі Ұлттық қордың ақшасын барша қазақстандықтарға пышақ үстінен үлестірсе, әрқайсымызға 3276 доллардан келеді екен. Әлбетте, мұндай «шүлен таратудан» мемлекет те, жекелеген адамдар да көп ұта қоймасы анық. Бірақ дәл осы ұсыныс қоғамда «Ұлттық қордағы ақшаға шын мәнінде кім ие? Оның игілігін халық қалай көруі тиіс?» деген пікірталасты жандандырды. Расында, бұл тақырыптың қызуы басылған емес...
Ақша тарату демекші, осы тақырыпта талай болжам-долбар бар. Мысалы, әлемдік байлықтың 80 пайызына жуығы жер бетіндегі тұрғындардың 10-20 пайызының иелігінде екені белгілі. Ал әлемдік байлықтың тең жартысы жер тұрғындарының тек 1 пайызының үлесінде екен. Мұны айтып-жазып жүрміз. Ал енді осы бөліністі әділетсіз деп, бар дәулетті ақшаға айналдырып, жер тұрғындарына теңдей бөліп, таратып берсе, арада бір жыл өтпей, экономикалық теңсіздік қайтадан бұрынғы қалпына келетін көрінеді. Яғни, бар ақша байлардың қолына жинақталып, ал қаратабандардың тұрмысы бұрынғысынша жадағайланып шыға келеді деседі. Яки экономистердің айтуынша, мол табыс табудан гөрі оны ұстап тұру қиын. Ал қолдағы қаражатты көбейтіп, оны еселей арттыру үшін инвестиция, қаржы, банк салымдары, менеджмент, маркетинг т.б. салаларда кәсіби деңгейдегі білім керек. Бұдан шығатын қорытынды, егер Ұлттық қордың ақшасын дәл қазір барлық қазақстандықтарға үлестіріп беретін болса, оны бизнес ашуға, кәсіп бастауға, білім алуға жұмсайтындар қатары сирек болмақ. Ал оңай олжаны тұрмыстық қажеттіліктерге жұмсап, аз уақыттан соң тағы жер сипап қалатындар әлдеқайда көп болатыны экономикалық заңдылық көрінеді. Сондықтан Ұлттық қордағы мол қаражат білікті менеджерлер мен кәсіби экономистерді жалдауға құзыреті жететін мемлекеттік бақылауда болуы тиіс.
Екінші жағынан, Ұлттық қор әу баста болашақ ұрпақтардың несібесін ойлаған игі ниетпен ашылғаны белгілі. Қазақтың жер қойнауынан шығып жатқан тегін байлық – мұнай мен газ сатудан түскен пайдада бүгінгілердің ғана емес, ертеңгі буынның да үлесі бар екені даусыз. Бірақ олардың несібесі қалай сақталып, оларға қандай деңгейде жетеді? Бар кілтипан осында. Яғни, Ұлттық қордағы көл-көсір ақшаны ретсіз жұмсалудан, ысырап болудан, талан-таражға ұшыраудан сақтау керектігі, мүмкіндігінше оны тек ұлттық экономиканы күшейтуге, ел қуатын арттыруға жұмсауға болатыны – аксиома.
Халықтың байлығын ысырап етпей, шақтап жұмсап, келешекке сақтау көптеген мемлекеттер тәжірибесінде бар. Атауы мен ашылу мақсаты әрқилы, қаражат жинау көздері де әр басқа. Әйтсе де атауында «Ұлттық» деген сөз қолданылған қорлар белгілі бір дәрежеде сол елдің дамуына, өсуіне, кейде тіпті, мемлекет болып құрылып, қалыптасуына сеп болғанын көріп отырмыз. Осы орайда, халықаралық тәжірибедегі ұлттық қорлардың бірқатарын сипаттап өткенді жөн көрдік.
Ресей Резервтік қорды жапты
Қазақстанның Ұлттық қорына сипаты ұқсас Ресей Резервтік қоры 2008 жылы 1 ақпанда құрылған еді. Ресей Тұрақтандыру қоры сол кезде Ұлттық әл-ауқат қоры мен Резервтік қор деп екіге бөлінді. Тура он жылдан соң Ресей Резервтік қоры жабылып, ондағы азғана қаражат Ұлттық әл-ауқат қорына аударылды. Қорды жабуға қатысты заңды Мемлекеттік дума осыдан жарты жыл бұрын қабылдаған болатын. Себеп біреу – қор түсімінің нашарлауы. Тіпті Ұлттық әл-ауқат қорындағы қаражаттың желтоқсан айында 151,82 миллиард рубльге азайғаны мәлім болды. Ресей қаржы министрлігі таратқан дерекке жүгінсек, желтоқсан айында Резервтік қордағы соңғы ақша – 7,62 миллиард доллар, 6,71 миллиард еуро мен 1,1 миллиард фунт стерлинг түгел бюджет дефицитін жабуға жұмсалған. Осылайша, қорда соқыр тиын қалмаған. Соңғы он жылда Резервтік қордың екі қайнар көзі болды: федералды бюджеттің мұнай-газ саласынан түскен кірісі және Резервтік қордағы қаржыны басқарудан түскен табыс. Басқаша айтқанда, бұл қор «қой аман, қасқыр тоқ» кезеңде мұнай-газ компанияларынан түсетін қаржы аударымдарының «қаймағын сылып» жинап отырды. Ал оның түсімі азайып, түбі тесілгені шикізатқа тәуелді ресейлік экономиканың қаншалықты мүшкіл халге түскенін көрсетеді. Ал Ресей ұлттық әл-ауқат қоры әу баста ресейліктердің ұзақ мерзімді зейнетақы жүйесін сақтандыру үшін құрылған болатын. Резервтік қор жабылған соң, мұнай-газ саласынан түсетін табыс енді тікелей осы қорға құйылатын болады. Қазіргі таңда Ресей Ұлттық әл-ауқат қорында 3 729,71 миллиард рубль (шамамен 66,26 миллиард доллар) бар. 2008-2009 жылдардағы экономикалық дағдарыс кезінде осы қордың біраз септігі тигені де рас. Бұл қордағы қаражаттың бір бөлігі ұзақ мерзімді жобаларға жұмсалған. Мысалы, Сочидегі олимпиадалық ғимараттар мен спорт кешендерін салуға қажетті қаражат осы қордан алынған екен.Америкалықтарда ақша көп
АҚШ-та екі бірдей «ұлттық» қор бар: Ұлттық ғылыми қор және Демократия ұлттық қоры. Толық аты National Science Foundation деп аталатын ғылыми қор 1950 жылы тәуелсіз федералды агенттік ретінде АҚШ Конгресінің қолдауымен құрылған. Жылдық бюджеті 7,5 миллиард доллар шамасында. Америкалық колледждер мен университеттердегі математика, компьютер және ақпараттық ғылымдар, әлеуметтік ғылымдар саласындағы барлық ғылыми жобалардың 24 пайызын осы қор қаржыландырады. Бұл қордың АҚШ ғылымы мен экономикасына тигізетін пайдасын мына деректен-ақ көруге болады: оның грантын жеңіп алған зерттеушілер арасынан 223 Нобель сыйлығының иегері шыққан! (Толық ақпарат алғыңыз келсе: https://www.nsf.gov/about/glance.jsp). Ал екіншісі, яғни National Endowment for Democracy (Демократия ұлттық қоры) 1983 жылы АҚШ Конгресінің қолдауымен «жер бетінде демократия мен бостандық орнатуға көмек беру үшін» құрылды. АҚШ халықаралық даму агенттігінің бюджетінен қаржыландырылатын қор көптеген елдердегі демократия мен адам құқығы саласындағы зерттеулерге гранттар береді. Ұйымның ғаламтордағы сайтындағы ақпаратқа қарағанда, бұл қор жыл сайын 90 мемлекеттегі зерттеушілерге 1700 грант береді екен. (Толық мәлімет: https://www.ned.org/about/). Бұған қоса «Journal of Democracy» атты басылым шығарады. Ұраны адам құқығы мен демократияны қорғау болғанымен, бұл ұйымның шет елдердегі іс-әрекетіне сын айтушылар көп. Тіпті, АҚШ Орталық барлау басқармасымен астыртын байланысы бар деген сыбыс айтылып қалады. Бұл қордың саяси ықпалының күштілігі сонда, 2015 жылы Ресей Бас прокуратурасы бұл қордың осы елде жұмыс істеуін «қажетсіз» деп таныды, осыдан соң Ресей Әділет министрлігі бұл ұйымды «қара тізімге» қосқан еді.Еврей ұлттық қорының арқасында мемлекет құрылды
Ивритше Керен Каемет ле-Исраэль («Еврей ұлттық қоры») деп аталған қордың тарихы бір ғасырдан асады. Қазіргі Израиль мемлекетінің құрылуына бірден-бір септігі тиген қаржылық құрылым. 1901 жылы сионистердің бесінші конгресінде құрылған қор Палестинадан жер сатып алып, онда еврей елді мекендерін қоныстандыру істерімен шұғылданды (Қордың ғаламтордағы сайты: http://www.kkl.org.il). Қорға жер бетіндегі еврей ұлтының өкілдері тайлы-таяғына дейін ақша аударып тұрған. Израиль тәуелсіздік алғанға дейін бұл қор жер сатып алу, оны жалға берумен айналысса, соңғы жетпіс жылда өз иелігіндегі жерлерді қоныстандыру, көгалдандыру, ағаш отырғызу, су жүргізу, жол салу, т.с.с. сияқты шаруаларға қаражат бөледі. Қазіргі таңда қордың үлесіндегі жер көлемі Израиль мемлекеті аумағының 13 пайызын құрайды, ал жер сату мен оны жалға беруден түсетін жылдық пайдасы 3 миллиард долларға жетеді. Былтыр JTA, яғни Еврей телеграф агенттігі осы қор жайында егжей-тегжейлі жазған еді. Осы агенттіктің дерегіне қарағанда, қазіргі Израиль үкіметі Еврей ұлттық қорындағы миллиардтаған қаржыдан қомақты үлес алудан дәмелі. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху өткен қараша айында өткен үкіметтің бір отырысында: «Еврей ұлттық қоры жыл сайын жер сатып, миллиардтаған шекелді санап алып жатыр. Бұл қаражаттың Израиль мемлекетінің мұқтаждықтарына жұмсалуы өте маңызды» деген болатын. Әу баста қоғамдық негізде құрылғандықтан, бұл қор мемлекеттік ұйым санатында емес, бірақ Израиль үкіметі оның қаржысын игеруге араласып отырған кездері де болған. Енді Израиль үкіметі қордың жылдық түсімінің 65 пайызын Қаржы министрлігіне аударып отыруды талап ететін заң жобасын дайындап отыр. (Сілтемесі: https://www.jta.org/2017/11/09/news-opinion/israel-middle-east/israel-wants-a-big-cut-from-the-nonprofit-behind-those-blue-tzedakah-boxes). Ақша жүрген жерде дау жүретіні белгілі. Әзірге Еврей ұлттық қорының басшылығы Израиль мемлекетінің өсіп-өркендеуі үшін түрлі жобаларды қаржыландырып жатқанын айтып, қарсы шықты.Британдық ұлттық қор жер қориды
Ұлыбританияда ұлттық қордың түрі көп. Соның ішінде ең ірісі National Trust for Places of Historic Interest or Natural Beauty, яғни «Тарихи маңызға немесе табиғи сұлулыққа ие мекендердің ұлттық қоры» деп аталады. 1895 жылы мемлекеттік емес және коммерциялық емес ұйым ретінде құрылған. Англия, Уэльс, Солтүстік Ирландиядағы тарихи нысандар мен көрікті жерлерді қорғауды көздейді, ал Шотландияда осы тектес мақсатта жұмыс істейтін Шотланд ұлттық қоры бар. Бір ғажабы, британдық қордың иелігінде біраз жер аймақтары болғанымен, оның көбісін қор сатып алмаған. Яғни, ағылшын ақсүйек отбасылары түрлі жағдайда кедейленіп, өз иеліктеріндегі сарайлар мен ғимараттарды ұстап тұра алмайтын болғандықтан, кейбірін Ұлттық қорға өткізетін болған. Ұлттық қордың иелігінде Фаунтин аббаттығы, Саттон-Ху археологиялық аймағы, Корфе қамалы, Таттершел қамалы сияқты тарихи жерлер көп. Бұдан басқа Англияның оңтүстігіндегі Браунси және Линдисфарн сияқты аралдар мен солтүстік жағалау осы қордың қорғауында. Кейінгі кезде қор атақты адамдардың үйлерін сатып алуға көшкен, мысалы, Ливерпульдағы Джон Леннон мен Пол Маккартни дүниеге келген үйлер қазір осы қордың меншігінде екен.Әрқайсысына – 190 мың доллар
Қазақстан 2000 жылы ұлттық экономиканы сыртқы қауіп-қатерден сақтандыру және болашақ ұрпақтардың несібесін қамтамасыз ету үшін Ұлттық қорды құрғанда ең әуелі Норвегияның өнегесіне жүгінген болатын. Бұл ел 1990 жылы The Government Pension Fund Global, яғни Мемлекеттік зейнетақы қорын құрды. Оны бұрынғы атауымен көбіне «Норвегия мұнай қоры» деп те атайды. Себебі аты айтып тұрғандай, бұл қор қара алтынға бай мемлекеттің мұнай сатудан түскен пайдасының бір бөлігін болашақ ұрпақ үшін сақтауға арналған. Обалы нешік, Норвегия үкіметі бұл қордағы қаражатқа 2016 жылға дейін тиіскен жоқ, шашау шығармай жинаумен болды. Басқаша айтқанда, болашақ ұрпақтардың несібесі саналған ақшаны жұмсауды екі жыл бұрын ғана бастады. Есесіне, былтыр қыркүйек айында Норвегия зейнетақы қорындағы қаражат көлемі 1 триллион маркіге жеткенін сүйіншілей хабарлады. Қарабайыр есепке салсақ, Норвегияның халық саны 5,2 миллион, ендеше олардың бәріне шүлен таратқандай етіп бөлетін болса, әрқайсысына 190 мың доллардан келеді деген сөз. Осылайша, норвеждіктер басқа жер тұрғындарынан 190 мың долларға «байып» шыға келді деген сөз. Бұл қордың түсімі мол болатын жөні бар: 77 мемлекеттегі 9000 компанияға инвестиция құйған екен. Оның ішінде, баршаға белгілі Apple, Nestle, Microsoft компанияларының акцияларына ие. Ең бастысы, ширек ғасыр бойы тек жинақтаумен, үстемелеумен, көбейтумен ғана шұғылданып, бір тиынына тиіспей жинақтаса, ондағы қаражат бір триллионнан асып жығылмағанда қайтеді? Қазіргі таңда мұнайдан түскен қаржыны жинақтайтын инвестициялық қоры бар елдердің ішінде Норвегия оқ бойы озық тұр. (Оқыңыз: https://www.cnbc.com/2015/07/17/the-worlds-biggest-sovereign-wealth-funds.html#slide=11). Екінші орында – Біріккен Араб Әмірлігінің Abu Dhabi Investment Authority қоры, оның көлемі 828 миллиард доллар. Ал 814 миллиард доллар жинақтаған China Investment Corporation, яғни Қытай инвестициялық корпорациясы – үшінші орында. Жалпы, Қытайда мемлекет басқаруындағы төрт бірдей инвестициялық қор бар. Соның бірі – Ұлттық әлеуметтік қауіпсіздік қорының иелігінде 295 миллиард доллар жинақталған. Әлбетте, осы тектес инвестициялық қорлар мұнайға бай Кувейт, Катар, Сауд Арабиясы елдерінде әлдеқайда ертеректе құрылған. Сингапурдың өзінде «болашақ ұрпақ үшін шетелдегі ресурстарды сақтау» мақсатымен табиғи қорлардан түсетін табысты жинақтайтын ірі инвестициялық қор жұмыс істейді. Атауында «ұлттық» анықтамасы болмағанымен, Норвегия Мемлекеттік зейнетақы қорынан басталатын осы топта аттары аталған қорлардың бәрі толық мемлекеттің басқаруында.Ұлттық қорға көз сүзген кім?
Қазақстан Ұлттық қоры – «болашақ ұрпақтардың несібесі үшін», «ұлттық экономиканы тұрақты дамыту үшін» құрылған, Қазақстан үкіметінің Ұлттық банктегі есепшотында жинақталған барлық қаржылық активтерінің жалпы атауы. Келер ұрпақтың еншісі делінгенімен, оның бір бөлігі қазіргі жағдайдағы экономикалық қиыншылықтарды еңсеру үшін пайдаланылады. Ұлттық қорда 2000 жылдан бері елдің мұнай-газ саласындағы компаниялардан жиналған салық, ауылшаруашылық жерлерін сатудан тапқан қаржы, республикалық меншіктегі және ұлттық холдингтер мен компания активтерін жекешелендіруден түскен табыс жинақталып келеді. Бұған қоса, басқа елдердегі инвестициялық қорлар сияқты оның қаржысы шет елдердегі түрлі компаниялардың акциясын сатып алуға пайдаланылуы, депозиттерге салынуы мүмкін. Яғни, экономиканың заңдылығына сәйкес, капитал ұдайы қозғалыста болып, табыс әкелуі тиіс. Алғашқы бес-алты жылда Ұлттық қордағы ақшаға ешкім тиіскен жоқ, бірақ 2007 жылдан бері қордың тұрақтандыру портфелінен жыл сайын ақша алынып келеді. Осы орайда, экономист Рақым Ошақбаев соңғы жылдарда Ұлттық қордан алынатын қаржы бюджеттің кіріс бөлігінің тең жартысын құрайтынын айтып жүр. Оның үстіне, Қазақстан үкіметі әзірге Норвегия үкіметі сияқты тиімді жобаларды дөп басып тануда ісқаяқтық таныта алмай келеді. Ұзақ уақыт бойы бұл қордағы қаражаттың 75 пайызы дамыған елдердің мемлекеттік облигацияларына салынған екен, ал бұл қағаздардан түсетін инвестициялық табыс шамалы екені түсінікті. Үкімет дамушы елдердегі активтерді зерттеуге кіріскелі көп болған жоқ. Әзірге Ұлттық қордағы қаражаттың шетелдік активтерден тапқан пайдасынан гөрі оның көрген құқайлары жайлы «жаңалықтарды» жиірек естиміз. Өткен желтоқсан айында Ұлттық қордың 22 миллиард долларға пара-пар активтерінің тұтқындалғаны жайлы әлемдік ақпарат құралдары жарыса хабарлады. Егер 2014 жылы Ұлттық қорда бас-аяғы 77,2 миллиард доллар жинақталғанын (қор тарихындағы ең ірі қаражат) ескерсек, онда шудың неліктен туғаны түсінікті. Қазір оның көлемі 58,3 миллиард доллар, яғни шетелде «тұтқындалған» қаражат барлық қорымыздың 40 пайызы деген сөз. Абырой болғанда, қаңтардың соңғы күндері Амстердам округтік соты Қазақстан Ұлттық банкі мен Әділет министрлігінің шағымын қарап, New York Mellon банкіндегі Ұлттық қордың қаржысын бұғаттан босату туралы шешім шығарды. Сот шешімінде «Ұлтық қордағы қаражатқа ешкімнің тиісуге қақысы жоқ» екені тайға таңба басқандай жазылған. Мұның бәрі молдавиялық кәсіпкер Анатолий Статимен арадағы соттасу кикілжіңдерінің әлегі. Бірнеше жылдан бері сағыздай созылып келе жатқан сот процестері біраз елдің сот жүйесін адақтап шықты. Бұған дейін Ұлыбритания мен АҚШ сотында болған Стати енді Швеция, Бельгия, Нидерланды соттарына да Қазақстан үкіметінің үстінен шағым түсірген. Бұл істердің бүге-шігесіне дейін жария болуына Ұлттық қордың 22 миллиард доллары бұғатталуы себеп еді. Енді Қазақстан үкіметі өз тарапынан Лондон сотына Статидің үстінен шағымданды... Осылайша, Қазақстан халықаралық деңгейде «болашақ ұрпақтардың несібесін» қорғауға кірісті. Әйтсе де, мұндай халықаралық жанжалдардың ақыры немен бітері белгісіз. Сіз бен біз Ұлттық қордағы ақшаны санап, әрқайсымызға қаншадан тиетінін қиялдап жүргенде, оны оңай олжа көріп, сырттан көзін сүзгендер бар...