Қалың орманы аз Қазақстан қағаз тапшылығын тартуы мүмкін

Қалың орманы аз Қазақстан қағаз тапшылығын тартуы мүмкін

Қалың орманы аз Қазақстан қағаз тапшылығын тартуы мүмкін
ашық дереккөзі
Қазақстандағы қағаз қалдықтарын қайта өңдейтін кәсіпорындарда шикізат тапшы. Еліміздегі макулатураның басым бөлігі көрші елдерге – Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей нарығына жол тартатындықтан, шикізаттан таршылық көріп отырған отандық компанияларға жабылу қаупі төніп тұр. Әупірімдеп күн көріп отырған кәсіпорындардың ендігі үміті – үкіметте. Министрлер кабинеті мемлекетаралық деңгейде сыртқы сауда саясатын қайта қарап, қағаз қалдықтарын шетелге шығаруға тыйым салса дейді. «Қазіргі таңда біздің мекемеде 14-15 сағатқа ғана жететін шикізат қалды. Егер тапшылық мәселесі шешілмесе, зауыт жұмысының тоқтау қаупі бар. Бұл – зауытта істейтін 600-ден астам адам жұмыссыз қалады деген сөз», ‒ дейді Kagazy Recycling картон және қағаз шығару зауытының департамент директоры Талғат Әжібеков. Мұндай қиын кезеңді Kazakhstan Waste Recycling зауыты да бастан өткеруде. Кәсіп­-оры­нының шикізат жинау департаментінің директоры Ержан Әлмұхамедовтің айтуынша, шикізат жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін бірінші кезекте макулатураның шетелге шығарылуына тыйым салу керек. Содан кейін қоқысты сұрыптап жинау жүйесін енгізу керек. «Сонда қайта өңделуі қажет қалдықтар қоқыс полигонына көміле салмайды. Қоқыстарды бөлек-бөлек жинайтын болсақ, 3-4 жылдан кейін шекараны ашсақ та біз өз-өзімізді шикізатпен қамтамасыз ете аламыз», ‒ дейді кәсіпорын өкілі.

Шетелдіктер Қазақстан макулатурасына құмар

Отандық нарықта қағаз өндірушілердің саны саусақпен санарлық. Қағаз өнімдерінің адам өмірі үшін қажеттілігі артпаса, кемімейді. Сондықтан өндірушілерді қолдау мәселесі күн тәртібінен түспеуі тиіс. 2016 жылы Қазақстанда қағаз қалдықтарын шетелге шығаруға алты айға тыйым салынған болатын. Соның арқасында қағаз өндірісі 34 пайызға дамып, жаңа жұмыс орындары ашылған еді. Үш зауыт жаңа құрылғылар сатып алып, жұмыс өнімділігін арттыра түсті. Алайда тыйым уақыты өткен соң, шекара ашылып, макулатура көрші елдің нарығына кете бастады. Целлюлоза-қағаз өнеркәсібі шикізат тапшылығын тартып отырғаны ҚР Инвестициялар және даму министрлігіне де, Энергетика министрлігіне де аян. Қазақстан қаптаушылар одағы бұл мәселені көтеріп, екі ведомствоның де есігін қаққан. «Макулатураның шетелге жіберілуін шектеу бастамасы көтерілгеннен бастап шетелдік компаниялар және қоқыс жинайтын кәсіпорындар тарапынан наразылық туындады. Шектеу қойылмаса, қағаз қалдықтарын өңдейтін кәсіпорындар тығырықтан шыға алмайды. Біз отандық кәсіпкерлерді қолдауымыз керек. Қазақстандық макулатураны Ресей өңдейді, ал жергілікті кәсіпорындар жұмыссыз тұр. Еліміздің осы саладағы мүддесі мемлекеттік органдар тарапынан, заң тұрғысынан қорғалу керек», ‒ деген еді сол кезде Қазақстанның қаптаушылар қауымдастығының басқарма төрағасы Батырбек Әубәкіров. Қауымдастық төрағасының айтуынша, макулатура – отандық қағаз және қатырма қағаз өндірушілері үшін негізгі шикізат көзі. «Целлюлоза-қағаз өнеркәсібі шикізатының 90 пайызы – макулатура. Қазақстанда ағаш целлюлозасын өндіру жолға қойылмаған. Өйткені елімізде орман қоры аз. Орман-тоғайлар ел аумағының небары 3,8 пайызын алып жатыр. Ал целлюлоза – қағаз өндірісінің негізгі құрамдас бөлігі. Сондықтан зауыттардың макулатура үшін күресуі заңдылық», ‒ дейді ол. Сарапшылардың дерегінше, соңғы үш жылда ЕАЭО нарығында макулатура бағасы 30-40 пайызға өскен. Алайда одаққа мүше елдер оны сыртқа шығаруға асықпайды. Ішті сұранысты өтеу үшін ЕАЭО елдері макулатура экспортын уақытша шектеу шараларын жиі енгізіп тұрады. Мәселен, Беларусь 2011 жылы тыйым салып, ол әлі күнге дейін ұзартылып келеді. Ал Ресей макулатура экспортына 2015 жылдың желтоқсанынан 2016 жылдың сәуіріне дейін шектеу қойды. ЕАЭО нарығында Ресей макулатурасына қызығушылық зор. Шикізат ретінде ресейлік қағаз өндірушілері 80 пайыз макулатура, 20 пайыз тауарлық целлюлоза қолданады. Сала мамандарының айтуынша, Ресей өндірушілеріне шикізатты Қазақстаннан сатып алған анағұрлым тиімді. Өйткені валюта бағамындағы айырмашылықтың арқасында олар қазақ-стандық макулатураны арзан бағаға ала алады. «Отандық макулатураны тасымалдаушылар көбіне «сұр аймақта» жұмыс істейді, яғни, салық төлемейді. Оларға шикізатты қолма-қол ақшаға сатып, табысқа тез қол жеткізген тиімді. Көршілес Қырғызстан және Өзбекстан елдері тауарлық целлюлоза өндірмейді, олар да өздерінің жеміс-көкөніс және тамақ өнеркәсібі үшін қазақстандық макулатураны сатып алады. Нәтижесінде отандық кәсіпорындар шикізатсыз қалады. Мәселен, қазіргі таңда гофроқорап өндірушілердің жұмысбастылық көрсеткіші 50 пайызға да жетпейді», ‒ дейді Батырбек Әубәкіров. Ішкі нарықтағы макулатура тапшылығы шикізат бағасының шарықтауына, ал бұл өз кезегінде дайын өнім бағасының көтерілуіне әкеп соғады. Тұтынушылар үшін отандық өндірушілердің өнімін тұтынғаннан гөрі бағасы анағұрлым арзан экспорттық өнім сатып алған тиімді екені айтпаса да белгілі. Демек, бұл тапшылықтың ақыры еліміздегі қағаз өндірісінің біржола тұралауына әкеп соқтырмақ. Қазақстанның қаптаушылар қауымдастығының макулатура экспортына уақытша шектеу қою керек деп шырылдап жүргені сондықтан.

               Энергетика министрлігі неге қарсы?

ЕАЭО ережесі бойынша, шикізат экспортына шектеу алты ай мерзімге енгізіледі, егер қажеттілік туса, оны ұзартып отыруға болады. Алайда макулатураны сыртқы нарыққа шығаруды шектесек, отандық қағаз өндірісінің көші ілгерілеп кете ме? Энергетика министрлігінің күдігін көбейткен – осы сауал. Ведомство қатырма қағаздың ел аумағынан шығарылуына шектеу қоюды қолдайды. Алайда министрлік өкілдері макулатура экспортын шектеуге қарсы. Қалдықтарды басқару департаменті мамандарының айтуынша, макулатура экспортына тыйым салу қайта өңделетін шикізат бағасының төмендеуіне, салдарынан қалдық жинау көлемінің күрт қысқаруына әкеп соғады. Энергетика министрлігі жүргізген статистикалық зерттеулердің қорытындысына сүйенсек, еліміздегі қоқыстың негізгі қорын тауар қаптамалары құрайды. Қазақстан жыл сайын 200 мың тоннадан астам қатырма қағаз, 100 мың тоннаға жуық қағаз және полиграфиялық өнімдерді экспорттайды екен. Бұл – сырттан тасымалданатын өнімдердің қағаз және қатырма қағаздан жасалған қаптамаларын есепке алмағандағы көрсеткіш. Тағам өнімдерінің, сусындар, тұрмыстық техника мен құрылыс материалдары, ойыншықтар, аяқ киім, косметикалық заттардың сыртындағы қораптарын қоса есептесе, өзге мемлекеттерден жеткізілетін қағаз көлемі 300 мың тоннадан бірнеше есе асып жығыларына көз жеткізер едік, Бұдан бөлек, отандық кәсіпорындар жыл сайын 20 мың тоннадан астам қағаз және қатырма қағаз, 70 мың тоннаға жуық қорап, жәшіктер мен қағаз сөмкелер жасап шығарады. Оның тек 12-16 мың тоннасы ғана сыртқы нарыққа шығарылады. Халықаралық ұйымдар жүргізген зерттеулердің нәтижесі бойынша, әрбір ірі қаладағы қатты қалдықтар үйінділері мен қоқыс полигондарына жыл сайын тасталатын макулатура, қағаз және қатырма қағаз қалдықтарының көлемі 60 мың тоннаға дейін жетеді. 2016 жылы Қазақстанда жиналған макулатура мен қағаз қалдықтар көлемі 93,9 мың тоннаны құраған, ел аумағында оның 66,9 мың тоннасы ғана өңделген. «Еліміздің негізгі қағаз өңдеуші кәсіпорындары – «Kazakhstan Waste Recycling» ЖШС, «Қарағанды целлюлоза-қағаз комбинаты» ЖШС, «ЛисБум.kz» ЖШС және «БумПром» ЖШС жылына 100-110 мың тонна қатырма қағаз өңдей алады. Тауар қаптамаларын есепке алмағанда, бұл жинақталған қатырма қағаздың небары 40 пайызы. Регенерацияланатын қағаз тек «Карина Trading» зауытында өңделеді. 2016 жылы кәсіпорын өңдеген өнім көлемі 9 мың тоннаны құрады. Бұл – импортталған қағаз және полиграфиялық өнімдердің 10 пайызы. Қалған 290 мың тонна өнім ел аумағынан тысқары шығарылады немесе қоқыс үйінділерінде шіриді», ‒ дейді Энергетика министрлігінің өкілі. Ел аумағында жыл сайын жиналатын қатты қалдықтардың жалпы көлемінің 20-25 пайызы – қағаз және қатты қағаз қалдықтары. Оның 4,8 пайызы ғана отандық кәсіпорындарда өңделеді екен. Бұл деректер макулатура экспортына тыйым салу саланың дамуына кедергі келтіріп тұрған бар мәселенің шешімі бола алмайтынын ұқтырады.

Қалдық сұрыптау мәдениеті қалыптаспаған

Елімізде өрт тудыру қаупі бар әрі жұқпалы аурулардың ошағы саналатын қатты қалдықтар үйінділері мен қоқыс полигондарының аумағы жылдан-жылға ұлғайып барады. Қазақстанда жыл сайын 5 млн тоннадан астам қалдық шығарылады. Бір ғана Алматының өзінде қоқыстың жылдық көлемі 1 миллион тоннаға жуық. Ал елордада өндірістік және тұрмыстық қалдықтардың жылдық көлемі 300 мың тонна болса, тәуліктік шығарылымы 800 тоннаны құрайды. Күн сайын қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару үшін «Астана Тазарту» ЖШС екі ауысыммен жұмыс істейді. Бірінші ауысымда жұмысқа 47 арнайы техника, ал екінші ауысымда 23 техника жұмылдырылады. Қалдықтар барар жеріне жеткенімен, бірден жойылып кетпейді. Заңнамаға сүйенсек, экологиялық кодекстің 288-бабының 3-бөлімінде қауіпсіз жағдайда сақтауға арналған орындарда тұрмыстық қалдықтар үш жыл ғана сақталуы тиіс деп көрсетілген. Осы мерзім ішінде қайта өңдеуден өткізілуі немесе жерге көмілуі қажет. Қала ішінен тонналап шыққан қалдықтардың жүйелі түрде өңделуі немесе толығымен жойылып кетуі заң талаптарына сай 3 жылдың ішінде жүзеге асырылады десек, шындықтан алшақ кетер едік. Өйткені кей полигонның жалпы пайдалану мерзімі 18 жылды құрап отыр. Бейресми дереккөздердің мәліметі бойынша ел аумағында 43 млрд тоннаға жуық өндірістік және тұрмыстық қалдықтар жинақталған. Сорақысы сол, оның тек 5 пайызы ғана қайта өңдеуге жіберіледі. Елімізде қоқыс көп бола тұра, қоқыс өңдейтін зауыттар өндіріске жарамды шикізат таппай отыр дегенге сену қиын. Бірақ бұл шындық. Елімізде қалдықтарды сұрыптап жинау мәдениетінің жолға қойылмауы экологиялық һәм экономикалық ахуалға кері ықпалын тигізуде. Еліміздің ірі қалаларында тұрмыстық қалдықтарды бөлек-бөлек жинайтын жәшіктер орнатылғанымен, үйдегі қоқыстың бәрін бір дорбаға салып шығаруға дағдыланған тұрғындар қалдықтарды іріктеп тастауға әлі күнге енжарлық танытып келеді. Десе де, жер-жерде өткізіліп жатқан «Макулатураны – контейнерге» атты акциясы нәтижесіз емес. Тұрғындар қала экологиясының жақсаруына өз үлесін қосып, тіпті одан табыс таба алады. Мәселен, алматылықтар арнайы пункттерге керек емес қағаз, пластик және полиэтилен сияқты қалдықтарын өткізіп, қоқыстың әр келісі үшін белгіленген сомада ақша алады. Жалпы 1 ағаш – 60 киллограмм макулатураға татыса, қалада айына шамамен мың жарым тоннадан астам қағаз қалдықтары жиналады екен. Алматылық Пірзада Сейдуәлиқызы қоқыстарды күнара үй маңындағы арнайы пунктке өткізуді әдетке айналдырып алған. Үйде жарамсыз болып қалған қағаздар мен босаған пластик бөтелкелерді сонда тасиды. Тіпті көлемді макулатура өткізіп табыс тапқан кездері де болыпты. Бірақ қалта кірісінен гөрі, табиғатқа тигізер пайдасын көбірек ойлайды. «Үйіндіге апарып тастап, түтін қылып, қоршаған ортаға зиян келтіргенше, арнайы орындарға өткізген дұрыс. Бір жағынан жолпұлыңызға жарайтын табыс тапсаңыз, екіншіден, өзіміз демалатын ауа ластанбайды», – дейді табиғат жанашыры. Ал алматылық студенттер арнайы мобильді қосымша ойлап тапты. Бағдарламаға тіркеліп, пункттерге макулатура өткізген тұрғындардың есебіне түрлі бонустар түсіп отырады. Кім неғұрлым көп қағаз қалдықтарын өткізсе, оның мобильді мәртебесі жоғарылап, түрлі ойын-сауық билеттеріне ие бола алады. «Мысалы, сіз 1 келі қағаз қалдықтарын тапсырсаңыз, бір бонус аласыз. 25 бонусқа жеткен кезде сізге бір билет алуға мүмкіндік туады. «Медеуге» немесе кинотеатрға тегін бара аласыз. Сондай-ақ, мобильді қосымша арқылы қанша ағаш, қанша су, электроэнергиясын сақтап қалғаныңызды көре аласыз», – деді қосымша авторы Айбек Рахым. Қазір қалада қалдық қабылдайтын алты бекет жұмыс істейді. Әр пункттен күніне 60-70 келіге дейін макулатура жинақталады екен. Жұп-жұмыр боп жиылған қағаздар қайта өңдеуге зауыттарға жіберіледі. Мамандардың сөзінше, тұрмыстық қоқыстардың 70-80 пайызын қайта өңдеп, халық игілігіне жарамды түрлі заттар шығаруға болады. Басты кедергі – қоқыстардың сұрыпталмай жиналуы. Егер тұрғындар тұрмыстық қалдықтарды іріктеп жинау мәдениетіне бейімделсе, тонналаған қоқыс арасынан өңдеуге жарамдысын таппай отырған зауыттар шикізат тапшылығынан арылар еді.