Цифрландыру: жоспар мен бағдар үйлессе

 Цифрландыру: жоспар мен бағдар үйлессе

 Цифрландыру:  жоспар мен бағдар үйлессе
ашық дереккөзі
  Елбасы Н.Назарбаев осыдан бір жыл бұрын Үкіметке «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасын қабылдауды тапсырған болатын. Бұл мәселе биылғы Жолдауда да кеңінен көрініс тапты. Себебі төртінші өнеркәсіптік революция дегеніміздің өзі – өмір сүруді жеңілдету, жаңа жаһандық өзгерістерге бейімделу. Өткен аптаның жұма күні Алматы қаласы алқалы басқосудың төріне айналды. 2 ақпанда Елбасының бастамасымен өткен «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» халықаралық форумы цифрландыру жүйесінің біз білмейтін қыр-сырын талқыға салумен қатар, оны жеделдетудің мән-жайына терең үңілді. Елбасы дәл осы тектес форум өткізу идеясын былтыр қазан айында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы барысында ұсынғаны есте. Бұл күн тәртібіндегі өзекті мәселе болғандықтан, идея көптің қолдауына ие болған-ды. Тіпті, алқалы шарада сөз алған Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінің үкімет басшылары мен әлем елдерінің IT саласындағы жетекші мамандары форумға тәжірибе алмасудың ортақ алаңы деген баға берді. Себебі бүгінде әлемнің жетекші мемлекеттері төртінші өнеркәсіптік революция технологияларын қолдану мен цифрлық салаларды дамытуға елеулі ресурстарын салуда. Форумды өткізудегі мақсат та сол – өзіндік цифрлық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыра отырып, оларды дамытуды жеделдететін бірлескен шаралар әзірлеу, сондай-ақ, елдік артықшылықтар және өңірлік интеграциялық трансформациялау негізінде келесі дивидендтерді алу жолдарын әзірлеу. Әуелі Қазақстан Үкіметінің басшысы Бақытжан Сағынтаев жиынға қатысушы қонақтарға алғысын білдіріп, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың форум қатысушыларына жолдаған ыстық лебізін жеткізді. «Əлемде жылдам əрі түбегейлі өзгерістер дəуірі басталды. Тиімді цифрландыру шаралары ұлттық экономиканың қарқынды дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі факторына айналуда. Əлемнің озық елдері, G-20 жəне Еуропалық одақ өздерінің цифрландыру бойынша стратегиялық құжаттарын қабылдады. Біздің Еуразиялық экономикалық одақ та 2025 жылға дейінгі цифрлы күн тəртібін қабылдады. Бүгінгі форум – аталған күн тəртібін іске асырудың маңызды қадамы. Ортақ нарықтың болуы цифрландыру мəселелерінде бірлескен тəсілдер мен шараларды əзірлеуді талап етеді. Күштерді жұмылдыру Еуразиялық экономикалық одақтың тұтастай жəне əр елдің жекелей дамуы үшін синергетикалық тиімділікті қамтамасыз етеді. Бұл іс-шара қажетті шешімдерді əзірлеуге жəне ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін. Форумның қатысушыларына жемісті еңбек жəне алға қойған мақсаттарына қол жеткізуді тілеймін», – делінген Елбасының жолдау хатында. Шын мәнінде, төртінші өнеркәсіптік технологияларды қолдану және цирлы салаларды дамыту мәселесінің көтерілгені күні бүгін емес. Бұған дейін оның тетіктері мен үрдістері жайында мәліметке қанық болған үкімет басшылары өз еліндегі даму тәжірибесі жайымен бөлісті. Мәселен, Армения премьер-министрі Карен Карапетян өз елі LTE бағдарламасын алғаш қосқан мемлекеттердің бірі екеніне тоқталды. «ТМД елдерінде LTE бағдарламасын алғаш енгізген ел ретінде айтар болсақ, қазір Арменияда бұл жүйе бойынша алты стратегиялық бағыт бар. Біз мектеп бағдарламасына шахматты пəн сабағы ретінде міндеттедік, шахматты бала жастан меңгерген кез келген маман технологиялық өзгерістерге бейім болады», – деді К.Карапетян. Ал Беларусь үкіметінің басшысы Андрей Кобяков бұрын арман болған технологиялық мүмкіндіктің арқасында соның құлағында ойнайтын мамандардың пайда болғанына екпін түсірді. Кобяковтің пікірінше, IT кластерге басымдық беру алғашқы орында тұруға тиіс жəне ол үшін ЕАЭО-ға мүше елдердің даму ерекшеліктері ескерілген ортақ бағдарлама керек. Ал басқа үкімет басшыларымен салыстырғанда цифрландыру жайынан мәліметі мол екенін аңғартқан Қырғызстанның премьер-министрі Сапар Исақов қырғыз елінде «Таза қоғам» атты мемлекеттік бағдарлама қабылданып, жұмысқа кіріскенін жеткізді. Оның сөзіне сенсек, қырғыз елі бұл шараны алдымен мемлекеттік қызметтің қауіпсіздігін қорғаудан бастаған көрінеді. Ол үшін ақпараттық база да орталықтандыруға көше бастапты. «Қазір ЕАЭО ауқымында цифрлы экономиканы жүзеге асыру үшін салық жеңілдіктерін барынша жеңілдету мүмкіндіктері қарастырылуда. Сондай-ақ, ақылды қала бағдарламасы да жүзеге аса бастады. Алдағы екі-үш жылда мұның да нәтижесін көретін боламыз», – деп түйіндеді ол пікірін. Сол сияқты Ресей үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведев: «Дамыған елдердің өзі цифрлы экономиканы бірден алға жылжыту оңай шаруа емес екенін мойындайды. Цифрлы экономика қалыптасқан, қатып қалған шекараларды ашады. Ендігі мəселе, біздің сол өзгерістерге бейімделе алатынымызда болып тұр. Себебі біздің мемлекеттеріміздің даму деңгейі əртүрлі, бұл жағын қосымша талқылап алуға тура келеді. Цифрлы экономика дамыған кезде біраз мемлекеттер өзінің шекараларын жоятын шығар. Бүгін-ертең емес, бірақ түптің түбінде осыған баруға тура келеді. Бұл ақпараттық шабуылдарға бірігіп тойтарыс беруге мүмкіндік береді. Цифрлы экономиканы жүзеге асыру көп қаражатты қажет етеді. Бұл міндетті жүзеге асыру оңай емес. Сондықтан біраз мəселеде бірігіп, күш жұмсауымыз керек. Біз бір-бірімізге барынша ашық болсақ, кез келген қиындықты оңай еңсереміз», – деді Д.Медведев. Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов та қалыс қалған жоқ. Бүгінде өзбек елінде цифрлы экономиканы қолға алу барысында үш жылдық бағдарлама қабылдану үстінде екен. Оның айтуынша, бұл экспорттық өнімдердің шамамен 5 пайызға ұлғаюына мүмкіндік бермек. «Ал іске қосылған ашық деректер порталы жəне ТКШ, нормативтік құқықтық актілердің жобалары жəне электронды платформалар қауіпсіздік, сыртқы қауіп-қатерге төтеп беру мəселесінде таптырмайтын дүние», – деп ағынан жарылды ол. Тəжікстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Махмадтоир Зоир Зокирзода жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қазақстан Үкіметіне ризашылығын білдіріп, форумда талқыланған əр мəселе цифрландыру саласының дамуына серпін беретінін айтты. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің, сондай-ақ, ТМД кеңістігіндегі мемлекеттердің бұл тұрғыдағы бірқатар жетістіктерін сараласақ, Әзірбайжан онлайн қызметтер мен инфрақұрылымды дамыту бойынша жақсы көрсеткіштер көрсетуде, ал Беларусь Республикасында адами капитал индексі неғұрлым жоғары бағаланады. Сондай-ақ, Қырғызстан 2016 жылдан бастап онлайн қызметтер мен адами капитал бойынша көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартып, Ресей Федерациясы өз халқы үшін технологиялардың қолжетімділігін қамтамасыз етіп, электрондық қызмет пен сервиске көңіл бөлді. Ал ТМД бойынша «Электронды үкімет» бірыңғай порталында электронды мемлекеттік қызметтерді енгізуді тұңғыш болып енгізген Қазақстан тарапы бұл жобаның жемісін көріп келеді. Мәселен, БҰҰ 2016 жылғы рейтингісінде «Электронды үкіметтің» даму деңгейі бойынша Қазақстан әлемнің 193 елінің арасында 3-орынға ие.   «Цифрлы Қазақстанға» – 310 млрд теңге   Ал цифрландыру түйткілін Қазақстан қалай еңсеруде? ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Отанымыз биыл екінші жыл цифрлы технологияларды енгізуге күш салып жатқанын, онда тек экономика ғана емес, электронды үкімет, агросектор, көлік, энергетика, білім, кəсіпкерлік жəне өзге де жүйелер қамтылғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, Қазақстан алдағы төрт жылда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға 310 млрд теңге жұмсамақ. Ол соманың 169 млрд теңгесі квазимемлекеттік субьектілердің есебінен алынса, 141 млрд теңге республикалық бюджеттен бөлінеді. Егер жоба жоспардағыдай іске асса, 2025 жылға қарай салық түсімін 1,7-2,2 трлн теңгеге жеткізіп, 300 мың адамды жұмыспен қамтуға жол ашылмақ. Бағдарламаға салынған қаржы 2025 жылға қарай 4,8-6,4 есе инвестиция есебінде қайтады деген жоспар бар. Сондай-ақ, бағдарлама нәтижесінде 2025 жылдан бастап ІЖӨ-нің 30 пайызы цифрландыру жобаларынан тұруы керек. «Цифрлы Қазақстан» экономикасын жедел технологиялық жаңғыртуды қамтамасыз ету бағытында цифрлық трансформациялау бойынша кешенді бағдарлама қабылданды. Бағдарламада 2 негізгі мақсат айқындалған. Бірінші, экономика салаларын цифрландыру, цифрлық мемлекетке өту және «Цифрлық Жібек жолын» дамыту арқылы экономиканы дамыту және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту қарқынын айтарлықтай үдету. Екінші, адам капиталын дамыту және ұзақ мерзімді перспективада инновациялық экожүйені құру арқылы Қазақстан экономикасының жаңа даму траекториясына өту міндеті тұр. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының бес бағыты – экономика саласын цифрландыру, цифрлы мемлекетке көшу, цифрлы Жібек жолын іске асыру, адами капиталды дамыту инновациялық экожүйені құрумен қатар атқарылатын болды. Бүгінде еліміздің 89 жоғары оқу орнында ақпараттық технология мамандары оқытылады. 2013-2017 жылдар аралығында осы салада еңбек етуі тиіс 109 557 маман даярланды. Ақпарат жəне коммуникациялар министрлігінің мəліметінше, 2021 жылы елімізде аудан, қала орталықтарынан шалғайда орналасқан 1 249 елді мекенді жоғары сапалы интернетпен қамтамасыз ету жоспарланған. Бұл алыстағы ауыл тұрғындарына мемлекеттік, дəрігерлік қызмет көрсетуге оңтайлы жағдай тудырып, бизнес-жобаларды бастауға, жаңа технологияларды үйренуге үлкен мүмкіндік беретіні мәлім. Ал әлемдік экономикалық форум есебінің жүйелік даярлығы индексі бойынша 2016 жылдың қорытындысына сәйкес, еліміз 139 мемлекеттің ішінде 39-орынға ие болған. Осыған орай IT мамандардың сапасын арттыру, спутниктік технологияларды толықтай игеру жұмыстары әрдайым басты назарда. Ең алдымен, бұл бәсеке сенімділікті қажет етеді. Цифрлы әлем экономикалық, әлеуметтік кедергілерді жойып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Басқосудың салалық сессиясында сөз сөйлеген Премьер-министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев цифрландыру және инновацияларды енгізу – ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен халықтың өмір сапасын жақсартудың басты шарты екенін айтты. Сондай-ақ, форумның тақырыптық сессиясында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Еуразиялық экономикалық одақ елдерін кешенді цифрландыру осы жиыннан бастау алатынын қадап айтты. Себебі форумда қабылданған мәмілелер мен цифрландыру бойынша қолға алынған жұмыстар 2025 жылға қарай өз жемісін беруі тиіс.

«Цифрлы Қазақстан» көздеген мақсат қандай?

Технологиялық жаңғыртуды жедел қамтамасыз етуге, цифрлық трансформациялауды қолға алуға арналған «Цифрлық Қазақстан» кешендік бағдарламасы мынандай мақсаттар бойынша жұмыс істейді. Бірінші. Экономика салаларын цифрландыру, цифрлық мемлекетке өту және «Цифрлық Жібек жолын» дамыту арқылы экономиканы дамыту және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту қарқынын айтарлықтай үдету. Екінші. Адами капиталды дамыту және ұзақ мерзімді перспективада инновациялық экожүйені құру арқылы ұзақ мерзімді ілгерілеуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан экономикасының негізінен жаңа даму траекториясына өтуі. Алға қойған мақсатты іске асыру үшін бағдарлама келесі бағыттар бойынша дамытуды көздейді: Бірінші. Экономикалық өсудің үлкен әлеуеті бар экономика салаларын цифрландыру. Оларға агроөнеркәсіптік кешен, энергетика, тау-кен өндіру және мұнай-газ салалары, сондай-ақ, көлік пен логистика жатады. Қазақстан экономикасының нақты осы салалары цифрландырумен бірінші кезекте қамтылатын болады. Екінші. Үкімет өзгерістердің бастауы болып, цифрлық мемлекетке өту жолында өзгелерге үлгі болады. Үшінші. Цифрлық инфақұрылым мен платформаларды құру ЕАЭО Цифрлық күн тәртібінде де, біздің цифрландыру бағдарламамызда да цифрлық экономиканың негізгі компоненті болып табылады. Төртінші. Жаңғыртудың басты негізі адами капиталды дамыту болып табылады, сондықтан бағдарламада неғұрлым озық және еңбектерін машиналар алмастыратын адамдарды жаңа жағдайларға бейімдейтін процестер ойлап табуға қабілетті кадрлар даярлау қарастырылған. Бесінші. Коллаборативтік инновациялар. Мемлекеттің, бизнестің және білім беру синергиясы экономикалық тұрғыдан неғұрлым тиімді шаралардың бірі болуы мүмкін. Сондықтан кез келген шаралар инновациялық болуы тиіс. Цифрлық трансформациялау бағдарламасы азаматтардың өмірін жақсартуда басты рөл атқарып, Қазақстан экономикасының дамуына және елдің технологиялық тұрғыдан интеллектуалды ұлтқа айналуына ықпал етуі тиіс. Осыған орай форум қонақтарының пікірін білген едік. Игорь Дроздов, «Сколково» қоры басқармасының төрағасы: – Қазақстандық IT-нарық әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілігі айтарлықтай қарымды деуге болады. «Сколково» компаниялары Қазақстан нарығына айрықша көз тігіп, бақылап отыр. Еуразиялық одақ, оның ішінде, Қазақстан нарығында бірқатар стартап-турлар өткіздік. Сонда байқағанымыз, Қазақстанда қызықты жобалар көп екен. Соған қуандық. Сондықтан қазақстандық компаниялар әлеуетіне жақсы деген баға беруге болар еді. Келешегі зор «Индустрия 4.0» элементтері, оның ішінде, интернет-бұйымдар, құрал-жабдықтарға деген тәуелділікті азайтып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік беретін бағыт деуге болады. «Сколково» қоры тек ресейлік қана емес, ТМД аумағындағы, Ресей нарығына кіруге талпынған Қазақстандағы стартаптарға қолдау білдіріп отырады. Егер қандай да бір қазақстандық компания Ресейде заңды тұлға құрса және ол жүз пайыз қазақстандық компания саналса да, біз шағын және орта бизнестегі ондай компаниялардың Ресей нарығына кіруіне барынша жәрдем етеміз. Бүгінгі күні «Сколково» ақпараттық технология алаңына орналасқан қазақстандық компаниялар саны ауыз толтырып айтарлықтай көп болмаса да, алдағы уақытта арта түсетіні анық. Біздің қорымыз құқықтық экономиканы дамытуға барынша күш салып, сарапшыларымыз құқықтық экономикаға бейімделу мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізуге талпынып жатқандықтан, мен үшін Еуразиялық одақ аумағындағы көрші елдерде не болып жатқанын, олардың қандай шешімдер шығаратынын бақылап отырудың маңызы зор. Ақпараттық технология саласында қатар жүріп келе жатырмыз дегенімізбен, бұл кеңістіктегі әр елдің түрлі бағдарлар мен әдістерге жүгінетіні рас. Мәселен, Беларусьтегі, Қазақстандағы, Армениядағы әріптестеріміздің криптовалюта айналымын ырықтандыруға қатысты аяқ алысы, олардың бастан өткерген тәжірибелері бізге барынша қызықты болмақ. Сондай-ақ, өзге елдердің цифрлық сенім орталарын қалыптастыру ұмтылыстарына, сәйкестендірудің жалпы жүйесінің жаңа әдістерін енгізу істеріне, мемлекеттік қызметтер сапасын арттыруға қатысты жаңалықтарына әрқашан құлақ түріп, көрші елдерден алған оң тәжірибелерді өзімізде қолдануға тырысамыз. Бұл ретте қазақ елі басшысының бүгінгі бастамасы, яғни цифрлық күн тәртібіне қатысты халықаралық форумның да ақпараттық технология саласындағы әрбір ұйымға, жекелей тұлғаларға берер жаңалығы мен алар тәжірибесі зор екені анық. Джо СУИ ВОН, «POSCOICT» компаниясының маркетинг бойынша жетекшісі: – Меніңше, Қазақстан цифрлы жүйеге көшуде дұрыс жолды таңдады. Бүгінгі күні өзекті тұрған бұл мәселеде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы мен стратегиясын қолдаймын. Индустрияландыру, инновациялық жобаларға серпін беру деген соның дәлелі. Цифрландыру барлық қызмет түрін автоматтандырып, халықтың тұрмысын жақсартады. Инновациялық технологияларды енгізу – бұл жаңа мамандықтарға деген сұраныс. Өндірістік революция зауыт-фабрикаларды автоматтандырып қана қоймайды, ол адам еңбегін жеңілдетеді. Демек, қазір адамдар заманауи компьютерлердің көмекшісі болуы керек. Эрик ВЕРНХЕЗ, «IDEMIA» компаниясының вице-президенті: – Бүгінгі басқосу маған өте пайдалы болды. Сан түрлі пікір мен идеялар тоғысына қанықтым. Мұның бәрі де цифрландыруды жедел дамытудың қамы. Жаңа технология әлемді өзгертіп жатыр. Өндірістің тиімділігін арттыруға бағытталған әдістерге тың серпіліс керек. Қазіргі кезде барлық жерде адамдардың жекелеген белгілерін анықтауда ақпараттық технология кеңінен қолданылады. Әсіресе, банктер мен телекоммуникация, қауіпсіздік саласында рөлі ерекше. Қуантарлығы сол, Қазақстанда да цифрлы жүйе қалыптастыруда жаңа жобалар қолға алынуда. ТМД елдері ішінде бұл мәселе бойынша форум өткізіп, түйткілді жан-жақты талқылау үшін пікір алаңын ұсынған Қазақстан мемлекетіне ризашылығымды білдіремін.