Орамал дауы: Ақтөбелік ата-аналар балаларын Ресейде оқытпақшы
Орамал дауы: Ақтөбелік ата-аналар балаларын Ресейде оқытпақшы
Орамал таққаны үшін екі айдан бері сабаққа қатыса алмай жүрген Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласындағы №2 мектептің оқушыларын ата-аналары Ресейде оқытпақшы. Алайда мектеп басшылығы оларға балаларының құжаттарын бермей отырғанын айтады. Аудандық оқу бөлімі «бұл мәселені шешеміз» десе, мектеп директоры білім министрлігіне сілтейді, деп хабарлайды Азаттық.
Қазақстандағы «орамал дауы» кезінде Ресей мектептері жаңа оқушылармен толыққалы жатыр. Ақтөбе облысының ата-аналары ұзаққа созылған теке-тірестен шаршап, екі айдан бері діни себеппен орамал таққаны үшін мектепке кіре алмай жүрген балаларын Мәскеудегі ақылы қашықтан оқытатын мектептерге бермекші. Мұндай оқудың бір жылдық бағасы – 200 мың теңге (620 АҚШ доллары).
Ақтөбе облысындағы Шұбарқұдық кентінің тумасы Қасым Жаңбыршин бірнеше жылдан бері Қандыағашта тұрады. Тұрақты жұмысы жоқ жігіт отбасын такси айдап асырап жүргенін айтады. Қасым Жаңбыршин Қандыағаштағы №2 орта мектептің 4- және 1-сыныбында оқитын екі қызының 9 қаңтардан бері сабақ оқымай отырғанына қапалы.
“Қыздарым 8 қаңтар күні сабаққа барды. Ал 9 қаңтардан бастап мектеп директоры «орамалмен кіргізбеу туралы бұйрық» түскенін айтып мектепке кіргізбеді. Содан бері бір апта бойы апардым, ақыры кіргізбеген соң қыздарымды Ресейден оқытуды ұйғардым”, – дейді ол Азаттыққа.
Оның сөзінше, балаларын Ресейдегі қашықтан дәріс беретін орта мектепте оқытып жатқан ата-аналар аз емес. Жаңбыршиннің сөзінше, ол Мәскеудегі «Первая школа» мектебі туралы естіп, өзі де хабарласқан, бүкіл құжатын тапсырған жағдайда қыздарының қабылданатыны туралы анықтама да алған. Ол бұл мектепте оқудың ақылы – бір айға 3 800 рубль немесе 21 800 теңге екенін, бірақ өзінің осыған шараcыздықтан көніп отырғанын айтты.
“Мен Мәскеу мектебінен анықтама алып келдім. Бірақ қыздарымның құжаттарын [Қандыағаштағы] мектеп директоры бермей отыр. Ол аудандық оқу бөлімінен сұра десе, ондағылар нотариусқа барып қолхат әкел дейді. Ал нотариус өз баламның құжатын алу үшін ешқандай қолхаттың қажет еместігін айтты”, – дейді ол.