10 ата-анаға айыппұл салынды

10 ата-анаға айыппұл салынды

10 ата-анаға айыппұл салынды
ашық дереккөзі
Ақтөбе облысында «орамал дауына» орай балалары мектепке бармай отырған он ата-ананың әрқайсына 12 025 теңгеден айыппұл салынды. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаментінің директоры Жанна Қайшығұлова мәлім еткен. Оның сөзінше, айыппұл салу үшін тағы екі ата-ананың құжаттары әзірленіп жатыр. «Он адамға бес айлық есептік көрсеткішке (АЕК – ред.) тең айыппұл салынды. Олар Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 409-бабының 2-тармағында көрсетілген («Ата-аналардың немесе өзге де заңды өкілдердің білім беру заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы немесе тиісінше орындамауы») заңнаманы бұзды деп айыпталып отыр. Ата-аналар «иә, біз мектеп формасын бұзғанымызды мойындаймыз, баланы сабаққа жібереміз» дегенде ескертумен шектелген болар едік. Бірақ олар айтқандарынан қайтпай қойды. Енді олар бір ай аралығында айыппұлды төлеуге міндетті. Енді бір жыл ішінде бұл жағдай қайталанар болса, екінші рет 20 АЕК-ке тең (48100 тг) айыппұл салынады», – дейді Жанна Қайшығұлова. Ақтөбе облысының білім саласындағы бақылау департаментінің дерегінше, әкімшілік жауапқа тартылған он ата-ананың үшеуі Шалқар қаласында тұрады. Шалқарлық балалар оқу жылының екінші тоқсанынан бері мектепке бармаған. Олардың ата-аналарына айыппұл биыл 19 қаңтар күні салынып, 30 қаңтар күні заңды күшіне енген. Шалқарлықтардан кейін айыппұл салынған үш ата-ана Қарғалы ауданының Петропавловка ауылында, төртеуі Хромтау қаласында тұрады. Білім беру заңнамасында көзделген міндеттерді орындамады деп айыпталып, құжаттары әзірленіп жатқан екі ақтөбеліктің балалары облыс орталығындағы №52 және 55 мектептің оқушылары. Baq.kz