«Жұмыла көтерген жүк жеңіл»
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл»
Қазақстан халқы Елбасының жыл сайынғы Жолдауын асыға, тағатсыздана күтеді. Солай болатын жөні де бар. Өйткені әр Жолдауда тәуелсіз еліміздің одан әрі өсіп-өркендеп, халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту мақсатында нақты міндеттер мен талаптар алға қойылып, оны жүзеге асырудың жолдары мен мүмкіндіктері қарастырылады.
Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабын да қазақстандықтар жылы қабылдады. Бұл ‒ еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жылнамасы. Құнды еңбек.
«Нұр Отан» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Қазақстан халқы Ассамблеясы және ғылыми интеллигенция өкілдері Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын және Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабын талқылау барысында осындай ойларды ортаға салды.
Бұл басқосуда жолдаудағы тапсырмалардың мүлтіксіз орындалуы үшін тек «Нұр Отан» партиясының мүшелері ғана емес, барша жұрттың жұмыла жұмыс істеуі қажет екені айтылды. Ол үшін жолдаудың халыққа толық жетуін қадағалаған ләзім. «Нұр Отан» партиясының Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығы жүргізген талдауға қарағанда, жолдау жарияланғаннан бергі 10 күннің ішінде қазақстандықтардың 84 пайыздан астамы жолдаумен танысқан.
Алқалы жиынды жүргізген «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев Елбасының халыққа жолдауын насихаттау мен түсіндіру жұмыстары жер-жерде жан-жақты жүргізіліп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, Елбасының биылғы жолдауынан кейін партияның 2018 жылдың бірінші жарты жылдығына арналған іс-шаралары қайта қаралған. Республикалық ғана емес, аймақтық құрылымдар да осылай жасаған. Қазіргі уақытта «Нұр Отанның» партиялық барлық іс-шараларының 41 пайызы жолдауды түсіндіруге бағытталған.
‒ Жолдауды түсіндіру мақсатында бес мыңнан астам шара өткізіліп, оған 500 мыңға жуық адам қатысты. Сонымен қатар, жолдауға қолдау көрсету мақсатында 800-ден астам адамды қамтыған Демократиялық күштердің, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының республикалық және аймақтық отырыстары өткізіліп, азаматтарды жолдауды талқылауға белсенді қатысуға шақырған Үндеу қабылданды, ‒ деді Қаныбек Жұмашев.
«Нұр Отан» партиясының Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығы Елбасының биылғы Жолдауы бойынша ақпараттық әдістемелік материалдар жиынтығын әзірлеген. Бұл туралы осы орталық директорының орынбасары Серік Қошкенов айтты.
‒ Бұл аймақтарда ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін өте қажет. Осыны ескере отырып, әдістемелік еңбек «Нұр Отан» партиясының аймақтық филиалдарына, республикалық және аймақтық қоғамдық қабылдау бөлімдеріне жіберіле бастады. Бұл жиынтық еңбекте Жолдаудағы 10 тапсырмаға байланысты статистикалық мәліметтер мен әлеуметтік зерттеулер, анықтамалық материалдар бар, ‒ деді С.Қошкенов.
Елбасының жаңа Жолдауында күнделікті өмірде көп қолдана бермейтін терминдер де бар. Мәселен, «Smart City – Ақылды қала», «Экономиканы цифрландыру», «блокчейн» деген терминдер көп адамға таңсық.
‒ Сөздік қорымызды толықтырған, көп адамдар әлі түсіне қоймайтын осындай терминдер туралы халыққа толыққанды ақпарат беруіміз қажет, ‒ деген пікір білдірді Серік Қошкенов.
Алқалы жиында Алматы қаласы мен облыстардың өкілдері де бейнебайланысқа шығып, ой-пікірлерімен бөлісті. Жолдаудағы басым бағыттардың бірі – адам капиталы, білім саласы екені белгілі. Еңбек Ері, Білім беру ісінің Құрметті қызметкері Аягүл Миразова осы мәселеге байланысты ой бөлісті.
‒ Жолдауда адами капиталды құраушы салаларды одан әрі жандандыру жұмыстары жан-жақты қамтылған. Соның бірі – білім жүйесі. Бұл саланың көкейкесті мәселелері жетерлік. Оны шешу барысында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны әмбеге аян. Бірақ әлі де көп тірлік жасауға тура келеді. Өйткені тәуелсіз еліміздің келешегі – кемел білімде. Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып келеді. Бұл туралы Жолдауда жақсы айтылған.
Қазақстандық оқушылардың жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары. Ал экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне қарағанда орта есеппен 3,1 еседен көп. Елбасы оны төмендету керектігін айтты. Осы үшін Елбасыға ұстаздар атынан мың алғыс айтамын, ‒ деді А.Миразова.
Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы қазақстандықтар үшін маңызды әрі айтулы оқиға. Бұл егемен еліміздің тәуелсіздік жылдарында жүріп өткен қиын-қыстау күндері мен жарқын сәттерін көз алдыңызға айна-қатесіз әкелетін елеулі еңбек. Сондықтан оны оқу бағдарламасына енгізсе де артық болмайды. Жиынға қатысушылар осындай пікірлерін де бүкпесіз айтып қалды.
‒ Бұл кітап – уақыт құжаты, өміріміздің энциклопедиясы. Онда жазылғанның бәрін Нұрсұлтан Әбішұлы ой елегінен ыждағаттап өткізіп алып, қағазға түсірген. Бәрі шынайы. Сонау тоқсаныншы жылдары Елбасымен бірге қызмет жасау бақыты бұйырды. Сол кезде байқағаным, ол кісінің жұмыс стилі бөлек. Әскери бөлімдерге, полигонға өзі келіп, әскерилермен бірге оқу-жаттығуларға қатысатын. Қазақстаннның Қарулы күштерін құру оңай болған жоқ. Соның бәрі «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында нақты жазылған, ‒ деді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов.
Ғалым ОРЫНБАСАРҰЛЫ