ДАВОС-2018: Шоғырдай топтың уысындағы шексіз байлық
ДАВОС-2018: Шоғырдай топтың уысындағы шексіз байлық
Әлемдік элитаның басқосуында биыл ерекше көңіл-күй байқалды. Оның себебі анық – АҚШ президенті Дональд Трамп Швейцариядағы курортты қалаға арнайы ат басын бұрды. Бұл – президенттігінің алғашқы жылын аяқтаған Трамптың тұңғыш сапары екенін былай қойғанда, оған дейінгі президенттер Джордж Буш пен Барак Обама бұл форумды онша менсіне қоймағаны белгілі. Сондықтан Трамптың келісі әрі оның ығай мен сығайға сөз арнауы Давостағы басты оқиғалардың бірі болды десек, жаңылыс емес. Қалай дегенмен де, көпполярлы әлем әлі де АҚШ-қа жалтақтап, оның басшысының аузына қарап отырғаны осыдан-ақ көрінді. Ал Трамп тісқаққан бизнесмен болғандықтан, кілең жақсы мен жайсаң бас қосқан жиыннан қалайша қалыс қалсын?
Әлемді уысында ұстаған бір пайыз
Давос форумдарының нақты нәтижесі туралы ешкім тап басып айта алмас. Себебі әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған мемлекет басшылары, бизнесмендер, саясаткерлер, сарапшылар мен журналистер көбіне-көп белгілі бір тақырыптар аясында сөз қозғап, пікір алмасып, екіжақты, көпжақты кездесулерде келісімдер жасасып, болашақ әріптестік туралы уағдаласып... қазақша айтқанда, дәмдес-тұздас болысып, тамыр атануға таптырмас орын. Нақты іс-әрекеттен гөрі сөз жарысы, ой таласы, талғам бәйгесі... Кім қандай көлікпен келді, кім қандай мейрамханада тамақ ішті, кім қандай қонақүйге түсті, тіпті кім қандай етік киді деген мәселенің бәрі талқыға түсетін, жердің бетінде дәл қазір кімнің асығы алшысынан түсіп тұр дегенді тап басып анықтап беретін лакмус қағазы. Мысалы, мықтының мықтысы Давосқа ұшақпен келіп, тәулігі он мың доллар тұратын жұмақ-жайға түседі. Ал тұрмысы қоңыр төбел қонақтар курортты қалаға пойызбен жетеді. Адамзаттық деңгейде байлар мен кедейлер, қолында билігі барлар мен бағынушылар, жұмыс берушілер мен жұмысшылар, тағысын тағы, жік пен тапқа бөлініс Давосты айналып өтпеген. Бір ғана айырмашылық – мұндағы мерейі үстемдер өз уысына билікті де, байлықты да жинаған алпауыттар, ал төменгі сатыдағылардың өзі былайғы өмірде ірі мегаполистерде бір-бір пентхаусы бар ауқаттылар. Сонда форумға қатысушылардың ішінде қаражаяуы жоқ деуге болады. «Oxfam» халықаралық қайырымдылық қоры жыл сайын ғаламдық кедейшілік туралы деректерді жариялайды. Бұл ұйымның кезекті есебі Давос форумының дәл қарсаңында жариялануын дәстүрге балауға болар. Осы есепке жүгінсек, бүгінгі таңда әлемдік байлықтың 82 пайызы жер тұрғындарының бар болғаны 1 пайызының еншісіне тиетін көрінеді. Егер осы дерек рас болса, онда дәл осы 1 пайыздың ішінде Швейцария курортында оңаша бас қосып, әлемдік саясат пен ғаламдық экономика мәселелерін талдайтын шоғырдай топ та бар. Ал енді осы кілең үлде мен бүлдеге оранған, ішкені алдында, ішпегені артында болған топтың әлемдік деңгейдегі кедейшілік, тіпті аштық мәселелерін талқылап, оны жоюдың амалдарын ойластырып жатқанын елестетіп көріңіз. Әлбетте, әлемдік деңгейдегі жақсы мен жайсаңның кәсіби біліктілігін жоққа шығарудан аулақпыз, бірақ жер бетіндегі ең көрікті жердегі швейцариялық қымбат мейрамханада құстың сүтімен тамақтанып отырған адамдар дәл сол сәтте Африкада не басқа бір құрлықта аштықтан, жоқшылықтан не соғыс зардабынан көз жұмып жатқан адамдардың басындағы халді сезініп, толық түйсіне қояды дегенге сену қиын.Ұстамды Трамп, қостілді Макрон, ақылгөй Меркель
Біз байқаған бір жайт – ғаламдық көшбасшыларда бұрынғыдай бірауыздылық аз. Әр мемлекеттің басшысы өз елінің мүддесі тұрғысынан сөз қозғауы қалыпты жайт, бірақ сонда да белгілі бір мәселелерде, мысалы әлемдік экономиканың бағыты, халықаралық саясаттағы басымдықтар, демократиялық құндылықтар, ғаламдық қауіпсіздік, аймақтық кикілжіңдерді шешу, т.б. тақырыптарда ортақ пікірге ойысушы еді. Бәрі бірдей айтылған сөздің үдесінен шықпаса да, алма-кезек тақырыптардағы жарыссөздердің жалпы ауаны адамзаттық ортақ құндылықтарға, біртұтас ғаламдық үйлесімге үндейтін сарын аңғарылатын. Бұл жолы жеке-дара жол салудың алғышарттарын көрдік. Халықаралық саясат аренасына шыққанына көп болмаған Франция президенті Эммануэль Макронның да бұған қосқан үлесі мол. Ол Трампша «Ең адымен Америка!» деген мазмұнда ұрандамаса да, еуропалық калейдоскопта Франция жетекші әрі бірінші орында тұрғанын, ендігі жерде француз саясаты соған ұмтылатынын сыпайылап жеткізді. Давоста Дональд Трамптың баяндамасын тыңдауға келгендер залға сыймай қалған. Оның «твиттердегі» не телекамералар алдында айтқан екі сөзінің бірі жанжалға ұласатынына қарамастан, Ақ үй басшысының үнін естуге құмартушылар өте көп. Расында, қазіргі АҚШ президентін қолдайтындардан гөрі оның іс-әрекетін теріске шығаратындар, тіпті ашықтан-ашық жек көрушілердің қарасы қалың. Америкалық әлеуметтанушылар жақында жүргізген сауалнамаларда Трамптың рейтингісі 30 пайыздан түсіп кеткені жария болды. Бұл ілгері-кейінгі АҚШ президенттерінің рейтингісі ішіндегі ең төмен көрсеткіш саналады. Яғни, дәл қазір сайлау бола қалса, Трамптың жеңіске жетуге еш үміті болмауы тиіс деген сөз.