Киноның "жыры" қандай-ды...
Киноның "жыры" қандай-ды...
Жалпы, адам болған жерде көзқарастар қайшылығы болмай тұрмайды. Сондықтан кейде өнер туындыларына қатысты айтыс-тартыстарда артық кетіп, кем түсіп жатсақ – ол тартысушы жақтардың өнерге қояр талабының әр түрлілігін танытатын фактор. Және сол арқылы қоғамның өнерге көзқарасы мен өнер дамуындағы даулы тұстарды байқауға болады. Сондай жағдайдың бірі телеэкраннан көрсетілгеніне көп уақыт өте қоймаған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сериалына қатысты пікірлер қақтығысында көрінді.
Дау неден туындады?
Сөз жоқ, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры – қазақ халқының ең көркем де танымал лиро-эпостық жырларының бірі. Содан болар, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» киноға айналып, теледидарда көрсетіледі дегенде халықтың есіне бәрімізге мектеп кезінен таныс махаббат трагедиясы келгені анық. Былайша айтқанда, бәріміздің ойымызда жырдағы Қозы мен Баянның қамырдан қыл суырғандай мінсіз бейнелері тұрды. Өйткені Қозы Көрпеш, Баян сұлу, Ай, Таңсық, Айбас образдары ойымызға солай орныққан. Демек, бұл орайда қарапайым қалың көрерменнің жаңа кинотуындыдан күткені – жырдағы оқиға, жырдағы образ, жырдағы сюжет еді. Алайда «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жұрт күткендей бола қоймады. Себебі ең алдымен жаңа туынды әдеттегідей көркем фильм емес, сериал жанрында түсірілген, сондықтан одан көркем фильмге тән шарттылықтарды іздей алмаймыз. Сол секілді біз «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сериалынан жырдағы кейіпкерлердің іс-әрекеттерінің кинода өзгертіліп берілгенін қабылдай алмай қалдық. Сериалдағы образдар да кейбір тұстарда «Қозы Көрпеш – Баян сұлудың» эпостық вариантынан (бәрімізге таныс – орта мектептен таныс нұсқасы деп түсініңіз) алшақтау тұрғандай болды. Мысалы, жырда Қодар дүлей күш иесі ретінде бейнеленсе, сериалда – қарақшылардың басшысы, Баянға батыл, Қарабайға өктем сөйлейтін сұсты қалыпта көрінеді. Ал жырдағы ақылына көркі сай, мінезі жібектей деп суреттелетін Баян сериалда батыл, ер мінезді, қаталдау кейіпте көрінді т.с.с. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» атты сериалын 2017 жылы «Қазақстан» РТРК АҚ» тапсырысы бойынша Shine Production компаниясы түсірген. Бас продюсер Баян Мақсатқызы. Басты рөлдерде Гүлзада Тұрлаш (Баян сұлу), Ержан Мұқатаев (Қозы Көрпеш), Марат Абай-Ділда (Қодар) ойнаған. Қоюшы режиссер Дархан Сәркенов, сценарий авторлары Рашид Сүлейменов, Әннәс Бағдат. 6 сериядан тұратын сериал екі айда түсірілген. Түсірілім Алматы облысының Асы жайлауында, Еңбекшіқазақ ауданы және Алматы қаласында өткен. Кинотуындыға «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанының бүгінге дейін сақталған 17 нұсқасының арасынан Жанақ ақын жырлаған нұсқа негіз болған секілді. Сценарий авторлары сериалда кино өнеріне тән көркемдік тәсілдер қолдана отырып, жырдың негізгі сюжеттік желісін сақтаған. Айта кету керек, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры бұдан бұрын театр, кино сахналарында көрсетілген. Осы жырдың негізінде 1939 жылы көрнекті қазақ жазушысы Ғабит Мүсірепов «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» пьесасын жазып, ол алғаш рет Қазақ академиялық драма театрының режиссері М.Г. Насоновтың сахналауымен 1940 жылдың 29 сәуірінде Қазақ академиялық драма театрында қойылған. 1954 жылы тағы да Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры негізінде жазған сценарийімен «Махаббат туралы поэма» фильмі түсірілді. Сол секілді 1992 жылы Асанәлі Әшімов «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» кинофильмін түсірген-ді. Демек аталған жырды қазақ халқы киноэкранда Баян Мақсатқызы жасаған туындыдан бұрын да көрген. Ендеше өткен жылы көрсетілген «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сериалына біраз жұрттың үрке қарап, басталмай жатып сынның астына алуына не себеп? Бірінші себебі, жоғарыда айтып өткеніміздей дастанның елге танымал сюжеттік желісі сериалда өзгертіліңкіреп көрінген. Ә дегенде халық оны қабылдай алмай қалды. Екінші себебі, тарихи мелодрамадағы актерлардың кәсібилігі, шеберлігі жұрттың көңілінен шықпады. Үшінші себебі, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сериалының продюсері Баян Мақсатқызының жеке басының имиджіне қатысты болды. Шулы оқиғаларымен жұрттың көзіне түсіңкіреп жүрген продюсердің аталмыш туындыны түсіруге басшылық жасауы – әлеуметтік желілер мен сайттарда сериалға пікір айтушылардың кемшілікті баса көрсетуіне әсер еткендей. Ал төртінші себепке келсек, ол – елімізде кино өнері туралы жан-жақты сараптама жасап, жарық көрген кинотуындылардың жетістігі қайсы, кемшілігі неде деген сұрақтарға толық жауап бере алатын кәсіби киносыншылардың тым аз екенінен дер едік. Себебі қайбір сала болсын, оны кәсіби түрде талдап-таразылап отыратын маман тапшы болса, сол сала туралы былайғы жұрттың таным-талғамы қалыптаспайды. Біз продюсерлердің кино болсын, басқа сала болсын түрлі жобаларды іске асырып, жұмысты орындап беретін тұлға екенін біле бермейміз. Себебі белгілі бір киноның продюсері сол киноны түсіруге қаражат табады және істі белгіленген мерзімде аяқтауға күш салады. Ал киноның көркемдігіне сценарий авторы мен режиссер жауапты. Сол секілді кинода рөлдерді сомдайтын актерларды таңдауға, олардың киімі мен бет-бейнесін жасауға жауапты адамдар бар. Мәселен, «Қозы Көрпеш – Баян сұлуда» басты кейіпкерлерді сомдаған қыз-жігіттердің бейнесі, шеберлігі жұрттың көңілінен шықпай ма, онда оны осы киноның кастинг директоры Меруерт Есеннен, киімдері ұнамаса костюм жөніндегі суретші Дамира Телбаевадан, түр-әлпеті жарасымсыз көрінсе оны гримм жөніндегі суретші Айнұр Рысбековадан талап ету керек. Әрине, сериал кемшіліктен кенде емес. Ол туралы кейбір тұлғалар лайықты мәлімдеме жасады да. Мәселен «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Қайнар Олжай сериалдың тілінде кеткен кемшіліктер жөнінде ult.kz порталында жариялаған «Баян сұлудың» басты сабақтары» атты материалында (мына сілтемеден оқи аласыздар: http://ult.kz/post/kaynar-olzhay-bayan-suludyn-basty-sabaktary) орынды айтып өтті. Бұл орайда танымал телемаманның жоғарыда көрсетілген жарияланымындағы кейбір пікірлерін ықшамдап бере кетуді жөн көріп отырмыз: «Бұл сериалдың шыға сала жұртшылықтың жаппай сын тезіне түсуі неден? Баянның түсіруінен бе? Қарин басқарған корпорацияның тапсырыс беруінен бе? Жоқ. Заңнан. Қазіргі тәртіптен. ...Басты, бірінші қателік – асығыстықта. Екі жақ та «мемлекеттік тапсырыс» атты қалыптасқан жүйенің құрбаны болып кетті». Қайнар Олжайдың бұл жазбасынан сапасы сынның астында қалған сериалдың кемшілігінде оны жасаушыларға қатыссыз бірталай обьективті себептер болғаны байқалып-ақ тұр. Демек кейбіреулер ойлағандай, киноның бүкіл кемшілігіне «продюсердің біліксіздігі» кінәлі емес көрінеді. Дегенмен аталған кинотуындының кемшілігін ақтауға болмайды. Және ол кемшіліктер кеше-бүгін байқалған кемшіліктер емес. Қазақ сериалдары өмірге келе бастағаннан ілесіп келе жатқан олқылықтар мен келеңсіздіктердің әлі күнге жойылмай келе жатқаны бізді ойландыруы тиіс. Бізде мықты киноактерлер де, қиялы ұшқыр сценаристер де, шебер режиссерлер да, танымы терең киносыншылар да аз. Осыларды жетілдіруді қолға алмасақ – жуық арада киномыз, әсіресе сериалдарымыз ешкімнің көңілінен шықпайтын дүбәра бірдеңе бола беретіні анық. Данияр САЛАМАТ, драматург, кинорежиссер:Сериалдар Ұлт бейнесінің айнасы болуы керек!
Қазақстанда сериалдар телеөнім ретінде шыға бастағанына жиырма жылдан асып қалыпты. 1996 жылы ағылшын кино-сериал мамандары «Хабар» арнасының шақыртуымен келіп, «көбік сериалдың» ошағын орнатып, отын жағып кеткені есімізде. Соның нәтижесінде «Перекресток» келді өмірге. Алғашқы ұласпалы телеөнімнің «орысша іңгәләп» дүниеге келгеніне ешкім ренжіп-таңғалған жоқ, керісінше, тайлы-таяғымен көңіл бесігіне аппақ қылып орап, тербете жөнелісті. Аталмыш сериалда Бикен Римова, Қасым Жәкібаев, Бақытжан Әлпейісов, Ғазиза Әбдінәбиева секілді қазақ театр өнерінің майталмандары тілдерін бұрап, өзге тілде ұрсысып, өзге тілде табысып жүргені ешкімді таңдандырған жоқ, керісінше, қилы қылықтары тамсандырды, солай болуға тиістідей-ақ қабылданды. Ол сериалдан кейін оның егізіндей «Саранча» келді салып ұрып. Оның екпіні зор болғанымен, жұрт жапырлай экранға үңілген кезең болды деп айта алмас едік. Ол да орыс тілінде еді. Бұл дұрыс емес еді. Бұл – қателік еді. Қазақ еліндегі алғашқы қазақ сериалы қазақ тілінде болуға тиісті еді. Түрі – қазақ, тілі – орыс дүние – дүбәралық бейне көріністері еді. Дүбәра жұрттың тірлігі мәдениет ретінде көркем дүниеге өзек болуға тиісті емес еді. Алғашқы қазақ романы қайсы еді десеңіз: «Қалың мал» дейміз. Алғашқы қазақ драматургиясы десек: «Алтын сақина» мен «Еңлік-Кебекті» жарыстыра ұсынамыз. Алғашқы қазақ көркемсурет өнерін Ә.Қастеевтің шығармаларымен байланыстырамыз. Ал алғашқы қазақ сериалы қайсы десе, не жауап қайтарамыз? «Перекресток» дейміз бе? Жоқ, «Тоғысқан тағдырлар» деп, үстіне жыртық шапанымызды бүркей қоямыз ба? Екімыңыншы жылдардан бері қарай сериалдар саны артты, бірақ мұң сейілген жоқ. А.Сатаевтың «Қара шаңырақ» сериалы бір жылы леп әкелгендей болған. Бірақ... Бірақ сериалдағы кемпір-шалдар қазақша сөйлейді де, жастар (біздің ертеңіміз, болашағымыз, елдің ертеңгі тіректері) орысша сөйлейді. Енді... өздеріңіз бағамдай беріңіз, тілді «тіл дегеніміз – Ұлт» түбірімен архаизмге ысыру емес пе бұл? Соңғы жылдары сериалдар – қарақұрым. Дерттен арылған жоқпыз әлі. Сериалдардың дені орысша жазылып, диалогтары балаң редактордың қаламымен аударылып, түсірілімге жол тартады. Режиссер де қазақ тілін шала ұғады, сол балаң редакторға жүгінуге мәжбүр. Сериалдар шығып жатыр. Қазақша сияқты. Қазақша сөйлейді әйтеуір. Аударма тілі екені бетке ұрып тұрады. Қазақ бейнесінің сүлдері бар, жаны жоқ, қауқиған діңі бар, тамыры жоқ. Не істейміз? Көркемдік кеңес керек! «Қазақстан» ұлттық арнасында жасақталып жатыр деп естіп жатырмыз. Қуана құптарлық іс. Қалған телеарналар да осы істі жалғастырып әкетсе шіркін деп армандаймыз...