Жаңалықтар

Көлденең көк атты түсірсе де...

ашық дереккөзі

Көлденең көк атты түсірсе де...

Өнерде шекара жоқ. Өнер ұлтқа, тілге, дінге, ділге бөлінбейді. Мейлі, ол музыка, кино, театр немесе бейнелеу өнері болсын, бір ел  туындысының екінші елге жаттығы жоқ. Алайда соңғы уақытта әлемдік мәдениетте болып жатқан оқиғаларға қарап, өнерді шекарамен шектеп, қалыпқа сап өлшеп, жарамды мен жарамсызға жіктеу қалыпты құбылысқа айналып бара жатқан жоқ па деген ойға қаласың. «Сталиннің өлімі» фильмінің Ресей кинопрокатынан алынып тасталуы да өнердің тілі ортақ деген түсініктің көмескі тартқанын аңғартқандай. Өткен бейсенбіде Ресей кинотеатрларында ұлыбританиялық режиссер Армандо Ианнуччидің «Сталиннің өлімі» атты фильмінің көрсетілімі басталуы тиіс еді. Алайда елдің бір топ мәдениет қайраткерлерінің ықпалымен Мәдениет министрлігі фильмге берілген прокаттық куәлікті қайтарып алды. Сөйтіп ағылшын картинасын көрсету құқығына ие болған кинотеатрлар кестесін өзгертуіне тура келді. Тыйым салу әрекетін министрлік «Бұл – цензура емес, заңды орындау!» деп түсіндірді. «Сталиннің өлімі» фильмінің алғашқы жабық көрсетілімі 18 желтоқсанда Мәскеудегі «Атриум» сауда үйінде орналасқан «Каро» кинотеатрында өтті. Ол уақытта фильмдегі көріністер ешкімге оғаш көрінбеген, көрермендер тарапынан қарсылық тумаған. Дау 22 қаңтарда Ресейдің Мәдениет министрлігінде өткен киноның арнайы көрсетілімінен кейін туды. Көрсетілімге белгілі кинорежиссер Никита Михалков, продюсер Леонид Верещагин, Госдуманың мәдениет жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Елена Драпеко бастаған мәдениет қайраткерлері қатысқан. Сол күннің ертеңіне олар мәдениет министрі Владимир Мединскийдің атына хат жазып, «Сталиннің өлімін» отандық кинопрокатқа жібермеуді талап етті. Режиссерлер Михалков пен Владимир Бортко, жазушы Юрий Поляков және өзге қайраткерлер хатта ағылшын картинасын «фашизмді жеңген атпал азаматтардың атына күйе жаққан, кекті әрі қисынсыз «комедиясымақ» деп атады. Іле-шала ресейлік заңгерлер тобы да Ианнуччидің фильміне қарсылық білдіріп, «Вольга» компаниясына берілген прокаттық куәліктің күшін жоюды талап етті. Олар Сталиннің өлімінен кейінгі билікке таласты суреттейтін картинаны «экстремизмнің көрінісі» деп бағалады. «Сталиннің өлімі» фильмі өшпенділік пен жауыздық тудырып, кеңес адамының қадір-қасиетін жоюға, әлеуметтік және ұлттық ерекшеліктеріне қарай адамның кемшілігін насихаттауға бағытталған, бұл – экстремизмнің белгісі», – делінген олардың мәлімдемесінде. Қоғам қайраткерлерінен құралған сарапшылық кеңес мүшелері де фильмнің қауіптілік деңгейіне баға берді. Күдік тудырған фильмді мұқият көріп шыққан Павел Пожигайлоның пікірінше, кинода ресейлік заңнама өрескел бұзылған. «Фильмде біздің тарихи символдарымыз – кеңес гимні, ордендері мен медальдары мазаққа айналған. Маршал Жуков нақұрыс адам ретінде суреттелген. Сондай-ақ, кинода зорлық-зомбылық көріністері әсіреленген. Мұның бәрі фильмге прокаттық куәлік беру талаптарына қайшы», – дейді қоғам қайраткері. Ресейдің Мәдениет министрлігі жанындағы кеңес мүшелері өткен жылдың қыркүйегінде-ақ «Сталиннің өлімі» фильміне айрықша назар аударылатынын ескерткен болатын. Соған қарамастан, кино ресейлік киноэкрандарға жолдама алған. Фильмге прокаттық куәлік берген Мәдениет министрлігінің мамандары экстремизм белгілерін неге бұған дейін аңғармағанын ведомство өкілдері түсіндірген жоқ. Министрлік сайтында тек Мединскийдің мәлімдемесі жарияланды. «Жоғарғы буынның көптеген өкілдері, тіпті өзге көрермендер де бұл фильмді тарихымыздың кеңестік кезеңіне, фашизмді жеңген мемлекетке күйе жағып, күлкіге айналдыру деп қабылдайды», – делінген онда. Ведомство басшысы сөзінің соңын «Бізде цензура жоқ», – деп түйіндепті. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та өткен бейсенбіде дау тудырған фильмге қатысты пікір білдіріп, Кремль «Сталиннің өлімі» фильміне берілген прокаттық куәліктің қайтарылуын цензураның көрінісі деп есептемейтінін жеткізді. Министрлік «Сталиннің өлімі» фильмін ресейлік экрандардан біржола шеттетпесе де, премьераны жарты жылға шегеруге ниетті. Ондағы мақсат – Сталинград үшін шайқастың мерейтойына, сондай-ақ, президенттік сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына кедергі келтірмеу.

        «Матильданың» кебін киді

«Сталиннің өлімі» ‒ Иосиф Сталиннің өлімінен кейін кеңес билігі үшін таласты суреттейтін сатиралық комедия. Фильм Фабьен Нури мен Тьерри Робиннің аттас романының желісі бойынша түсірілген. Комедия тарихи шындықты мазмұндауды мақсат тұтпағанын, әсірелеуге, қиялға көбірек орын берілгенін режиссер Армандо Ианнуччи о баста-ақ айтқан. Алайда фильмде дәуір шындығын дөп басқан детальдар көп екенін аңғармау мүмкін емес. Өз туындысын «диктатура және ұжымдық тәртіп синдромы жайлы фильм» деп айдарлаған Ианнуччи мырза «Сталиннің өлімі» бүккен сыр АҚШ-тағы президент сайлауымен де сабақтасып жатқанын жасырған жоқ. Фильмнің ең басты құндылығы – актерлік ойын. Хрущевті ойнаған Стив Бушемидің де, Берияны сомдаған Саймон Рассел Билдың да жұмысы мінсіз. Атақты «Монти Пайтон» арқылы танылған Майкл Пейлинге де Молотовтың рөлі «құйып қойғандай». Джейсон Айзекс сомдаған маршал Жуковтың образы да жұп-жұмыр. Бірақ актерлік ойын қаншалықты мінсіз болса да, фильмнің Ресей экрандарына жол тартуына табанды қарсылық көрсеткен қоғам қайраткерлерінің пікіріне әсер ете қоймады. «Сталиннің өлімі» фильмінің көрсетілімін тоқтатуға түрткі болғандар түрлі уәж келтіргенімен, бәрінің түпкі ойы бір: «Көлденең көк атты келіп, біздің өткенімізді қазбалауға қандай хақысы бар?». Ресей баспасөзінде жарияланған алуан түрлі пікірлерді, «Сталиннің өліміне» қарсы шыққандар мен қолдау білдіргендердің ойын оқығаннан кейін ұққанымыз – Ианнуччидің фильмі де «Матильданың» кебін киіп отыр. Өткен жылдың күзінде Алексей Учительдің фильмі төңірегінде де дәл осындай дау туып, кинотеатрлар не көрсетерін, не көрсетпесін білмей, екі оттың ортасында қалған. Фильмнің бірі коммунистік көсем, екіншісі монарх туралы болса да, қарсылықтың себебі біреу: билік дербес. «Огонек» журналының мәдениет бөлімінің меңгерушісі, белгілі журналист Андрей Архангельскийдің пікірінше, «Сталиннің өлімін» көру мүмкіндігінен айырылса, ресейлік көрерменнің жоғалтары көп. «Ресей бұқарасының көзқарасы осы тақырыптағы сериалдардың мол қоры арқылы қалыптасқан. Біздегі әрбір екінші сериал 1930-1950 жылдардағы оқиғалар туралы. Бұл сериалдардың саны мен сапасы қоғамдық көзқарастың бұрмалануына әкелді. Өйткені олардың барлығы да продюсерлік тілмен айтқанда, «дәуірге деген құрметпен» түсірілген. Киногерлер ол дәуір туралы ерекше ықыласпен, таңданыс-тамсаныспен, сақтықпен әңгімелеу керегін біледі. Әйтпесе айлар, жылдар бойғы еңбектің бәрі еш кетуі мүмкін», ‒ дейді журналист.

«Пионерді» не күтіп тұр?

Премьераға екі күн қалғанда прокаттық куәліктің кері қайтарылғанына қарамастан, Мәскеудегі «Пионер» кинотеатры «Сталиннің өлімін» көрсетілім кестесінен алған жоқ. Ұлыбританиялық режиссердің фильмі алдын-ала белгіленген уақытта, яғни 25 қаңтар күні сағат 16:50-де көрсетілді. Көрсетілімге қатысқан Би-би-си телеарнасының орыс қызметі тілшісінің айтуынша, көрермендер фильмді бастан-аяқ у-шусыз тамашалаған, мәдениет қайраткерлері «қауіпті» деп тапқан көріністер ешкімнің наразылығын тудырмаған. «Сталиншінің өзі бұл фильмнен келемеждеу белгісін таппайды» депті фильмнен шыққан егде тартқан көрермен. Бір қызығы, көрермендердің көпшілігі көрсетілімге тыйым салынды дегенді естігеннен кейін фильмді көруге асыққан. «Тыйым салды деген сөз – киноны міндетті түрде көру керек дегенді білдіреді, сондықтан арнайы келдім», – дейді «Сталиннің өлімін» тамашалаған ер кісі. Прокаттық куәлік – Ресей кинотеатрларына қандай да бір фильмді көрсету құқығын беретін құжат. Онсыз фильм көрсеткен кинотеатр жауапкершілікке тартылады. Заңсыз әрекетке барғанын біле тұра, «Пионердің» «Сталиннің өліміне» билет сату себебін ресейлік тілшілер кинотеатрдың қожайыны, миллиардер Александр Мамуттан сұрапты. Ол: «Мен кинотеатрдың директоры емеспін», ‒ деп жауап беруден бас тартқан. Өз кезегінде фильмді прокатқа шығару құқығына ие болған «Вольга» компаниясы «Барлық кинотеатрларға прокаттық куәліктің кері қайтарылғанын бірден ескерттік» деп ақталып, «Пионердің» ісі үшін жауапкершілік арқалаудан ат тонын ала қашты. «Вольга» мұндай түйткілмен алғаш рет бетпе-бет келіп отырған жоқ. Бұған дейін министрлік «Паддингтон-2» фильмінің көрсетілімін кейінге шегергенде де осы компания тығырыққа тірелген болатын. Айтпақшы, Google іздеу жүйесіндегі киносеанстар агрегаторынан «Сталиннің өлімі» фильмінің сеанстарын «Синема Стар» компаниясының екі кинотеатры – «Войковская» және «Южная» метро станцияларының маңындағы сауда орталықтарындағы нүктелерінен табуға болады. Алайда «Синема Стардың» баспасөз хатшысы Александра Артамонова мұны техникалық қате деп атады. Оның айтуынша, дау тудырған фильмнің барлық сеанстары 23 қаңтар күні-ақ көрсетілім кестесінен алынған. Ал «Пионер» кинотеатрының басына қара бұлт төнгелі тұр. Кинотеатрда «Сталиннің өлімі» көрсетіліп жатқанын естіген мәдениет министрлігінің өкілдері БАҚ-тағы хабарламалар тексеріліп, фильмнің прокаттық куәліксіз көрсетілгені расталса, «Пионердің» үстінен әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалатынын айтты. Ресейдегі оқиғалардың бәріне қанығып отырған Ианнуччи мырза ресейліктер «Сталиннің өлімін» дәл қазір болмаса да, әйтеуір бір күні көретініне сенімді. «Фильмді көріп үлгерген орыстардың барлығы, оның ішінде БАҚ өкілдері де кино көңілдерінен шыққанын жеткізді. Олар екі нәрсені баса айтты: фильм өте күлкілі, бірақ шыншыл. Киноның Ресей кинотеатрларында көрсетілуі үшін барымызды саламыз. Мақсатымызға жететінімізге сенімдімін», ‒ дейді режиссер. Еңбектің еш кетпеуі үшін күресу – заңдылық. Бірақ онымен күресетін ортаның өз заңдылықтары бар.