Жаңалықтар

Қазақ Пен-клубының келелі жиыны

Қазақ Пен-клубының келелі жиыны

Осы аптаның басында Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасының мәжіліс залында Қазақ ПЕН-клубының жиналысы өтті. Жиынды ашқан ПЕН-клуб президенті Бигелді Ғабдуллин ұйымның істеп жатқан істері жайында айтып, ПЕН-клубтың бастамасымен Лондонда ағылшын тілінде жарық көрген кітаптарды таныстырды.

Одан соң Қазақ ПЕН-клубы мүшелерінің қазақ тілінде шыққан кітаптары мен мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған шығармалары жайында ақын Мақпал Жұмабай, орыс тілінде жарық көрген шығармалар туралы прозашы Үміт Тәжікенова баяндама жасады. Сондай-ақ, ПЕН-клубтың қаржылық жағдайы да сөз болып, ұйымның есеп бөлімінің өкілі өткен жылы қаражаттардың қалай жұмсалғаны жайында есеп берді. Жарыссөзде белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабек қазақ қаламгерлерінің шығармаларын әлемге таныту жолында не істелуі қажет деген сауалға жауап іздеу керектігі жайында өз пікірін айта келе: – Мен Лондондағы атақты Британ кітапханасында болдым. Онда әлемнің барлық елдерінен шыққан жазушылардың кітаптарын мәңгілік сақтауға алу үрдісі бар екен. Ол үшін әр елден шыққан талантты жазушының кітабын Ұлыбританияның белгілі аудармашыларының бірі аударып, Лондонда ағылшын тілінде жарық көруі шарт екен. Бұл орайда айтпағым, бүкіл қазақ қаламгерлерінен әзірге менің екі кітабым ғана Британ кітапханасында сақталу мәртебесіне ие болыпты. Бұл жағдай мені пенде ретінде қуандырғанмен, талай-талай мықты ақын-жазушысы бар қазақ елінің кітаптарын атақты кітапханадан кездестірмегеніме өкіндім. Елімізді, әдебиетімізді танытамыз десек, қазақтың ұлы ақын-жазушыларының кітабын ағылшын тіліне өте сапалы дәрежеде аудартып, Лондонда бастырып шығуымыз керек, – деді. Жиынның соңына қарай, ұйымның биылғы жүлдегері, ақын Иранбек Оразбаевқа Қазақ ПЕН-клубының Мағжан Жұмабаев атындағы сыйлығы табысталды. Сыйлық иесі өз кезегінде ПЕН-клуб басқармасына алғыс айтып, биылғы ит жылы туралы өлеңін оқыды. Халықаралық ПЕН-клубы – әлемнің көрнекті ақындары мен жазушыларының және журналистерінің басын қосатын ұйым. Ұйымды 1921 жылы ағылшын жазушысы Джон Голсуорси құрған. Аталған халықаралық ұйым бір ғасырға жуық уақыттан бері өз қызметін тоқтаусыз жүргізіп келеді. ПЕН-клубқа 120 елдің жазушылары мүше. Әр жылда бір рет әлем елдерінің бірінің астанасында ПЕН-клубтың конгресі өтеді. Оған 20 жылдан аса уақыттан бері қазақ жазушылары да қатысып келеді. Конгресте әлемнің түрлі елдерінен келген жазушыларға өз елінің әдебиеті, тілі туралы сөйлеуге мүмкіндік беріледі.