Теріскейдің түйткілі толық шешіле ме?

Теріскейдің түйткілі толық шешіле ме?

Теріскейдің түйткілі  толық шешіле ме?
ашық дереккөзі
«Халық айтса, қалп айтпайды» деген бар. «Көші-қон мәселесінің қолға алынуына не түрткі болды?» және «көші-қон квотасын бөлу қалай жүзеге асып жатыр?» деген сұраққа жауап іздеу барысында бірқатар түсініксіз жайтқа тап болдық. Қарабалық аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Жанат Ескендірова мен Өрнек ауылдық округінің әкімі Оразхан Қалдамановтың айтуынша, «қазіргі уақытта бұл шараның басты мақсаты – ауданымыздағы бос жұмыс орындарына қажетті жұмыс күшін тарту». Мәселен, аудандағы медициналық мекемелерге дәрігерлер, ал білім беру саласына тәрбиешілер мен мұғалімдер, жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен ауылшаруашылығы жеке кәсіпкеріне дәнекерлеуші, не механизатор қажет делік. Жұмыспен қамту орталығы аудан бойынша бос жұмыс орындары туралы мәліметтерді жинақтап, жұмыс берушілермен бірлесіп, оңтүстік аймақтардың бірінде «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін» өткізеді. Сөйтіп, мамандығы бойынша Қостанай облысының Қарабалық ауданында жұмыс істеуге ниетті азаматтарға квота бойынша көшіп келу тәртібі егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Квотамен көшіп келудің тағы бір жолы бар. Мысалы, оңтүстік тұрғыны солтүстікке облыстық жұмыспен қамту орталықтарына хабарласып, бос жұмыс орны бар-жоғын сұрастырып, түйіндемесін (резюме) факс арқылы немесе электрондық пошта арқылы жібереді. Оның түйіндемесі аудан, ауыл әкімдіктеріне, кәсіпорындарға, кәсіпкерлерге таратылады. Іздеген мамандығына сәйкес жұмыс табылған жағдайда әлгі азаматқа хабарланады, оның отбасына «көші-қон» квотасы бөлінеді. Бұл – екі мысалда да жұмыс іздеуші өз отбасымен бұрын-соңды көрмеген бейтаныс, беймәлім ортаға тәуекел етіп көшіп барады. 2018 жылы Қостанай облысы бойынша 272 вакансияға квота бөлінген. Соның ішінде Қарабалық ауданындағы жұмыс берушілердің талап-тілегіне байланысты жұмыс күшін тарту мақсатында 11 отбасыға ғана квота тиесілі. Жұмыс күшін тарту – 1954 жылы тың игергендегі сияқты «топтап», «көптеп» шақыру емес, жай ғана, «ана ауылдағы», «мына ауылдағы» жеке кәсіпкерлерге, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге және аудан орталығындағы мемлекеттік мекемелерге қажет бос жұмыс орындары бойынша ғана сұрау салу көрінеді. Дәл осы жол еңбек ресурсына деген тапшылықты біршама шешетін шығар, бірақ бұл тәсілмен солтүстіктегі демографиялық ахуалды жақсарту мүмкін болмай тұр. Тіпті, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге де септігі тиеді деп айту қиын. Себебі көшіп келген отбасылы маман көшіп кеткен отбасылы маманның орнын ғана ауыстырады. «Басы артық» адам жоқ. Сондықтан «жұмыс бар, квота бөлінді, баспана өтемақысын алады, енді не керек?» деп кергіп, мәселені жылы жауып қоюға болмас. Ең әуелі, тәуекелге бел буып келген отбасы ауа райы өзгеше, табиғаты басқа аймаққа қоныс тебетінін ескеруге тиіспіз. Оның үстіне солтүстік аймақтарда ауылды жерлерде мемлекеттік тілде білім беретін мектеп жоқтың қасы. Тіпті, қазақтілді балабақша, не қазақ тобы ашылмаған ауылдар көп екендігін жасырып қайтеміз? Көшіп келгеніне өкініп, жерсінбей, қайта көшіп кету фактілері де жоқ емес. Көбінесе қазақы ортада тәрбиеленген отбасылар келетін болғандықтан қазақ мектебі мен ана тілінде тәрбие беретін балабақшаның болуы маңызды екенін ескеру керек емес пе?! «Не істеу керек?» деген дағдылы сұрақ көсе-көлденеңдейді тағы. Бұл жерде көші-қонға Үкіметтің оң көзқарас танытып отырғанын атап өткіміз келеді. Көші-қон мәселесі нәтижелі болуы үшін, атап айтқанда, демография жақсарып, мемлекеттік тіліміздің мәртебесі көтерілуі үшін нақты ұсыныстар бар. Мысалы, көшіп келушілерді тек «ана жердегі», «мына жердегі», «ана ауылдағы», «мына шаруашылықтағы» бос жұмыс орындарына «шашыратып» орналастыра бермей, бір-біріне демеу, бір-біріне қорған болатындай, бір ауылға топтап қоныстандыруды ойластыру қажет. Осы мақсатта әр ауданда бір-екі «көші-қон плацдармы» («Оңтүстіктің филиалы») болуы тиіс. «Оңтүстіктің филиалы» дегеніміз – көшіп келушілерді жұмыспен қамту мақсатында өз кәсібін ашу үшін оңтүстіктің қалталы азаматтары нақты бір ауылға инвестиция салып, өздерінің бұрынғы жерлестері, туыстары арқылы мал шаруашылығын, егін шаруашылығын, құс шаруашылығын, омарташылықты, балықшылықты дамытып, тіпті, санаторий, балалардың жазда демалатын лагерін ашуына мүмкіндік жасайтын құрылым. Бұл қосымша үйлер салып, жұмыс күшін шақыруға мүмкіндік туғызады. «Көші-қон плацдармы» болуға кандидат кем дегенде 10-15 отбасын қабылдай алатын ауыл болуы тиіс. Сөзіміз түсініктірек болуы үшін Қостанай облысы, Қарабалық ауданын мысалға алайық. Ауданымызда қазақы ауылдардан қалғаны осы – Өрнек ауылы «көші-қон плацдармы» болуға лайық болар еді. Біріншіден, мұндағы мектеп ғимараты жаңа десек те болады. Қазір бос тұр. Мектеп осыдан 30 жыл бұрын 200 балаға шақтап салынған. Мектеп қайта ашылса, бұл – орта мектеп мұғалімдеріне дайын тұрған бос жұмыс орындары. Екінші, ауылда әр түрлі жөндеуді қажет ететін 20-ға жуық баспана бос тұр. Бұл – мұғалімдердің отбасыларына баспана бола алатын үй-жайлар. Үшінші, табиғаты көркем. Аққайыңды орман, шөбі шүйгін, шие, жидек, саңырауқұлақ көп өседі. Жабайы аңдар мен құстар көп. Төртінші, емдік қасиетті тұзды көл бар. Ем-шара санаторийін ашуға болады. Бесінші, егістік алқаптары, шабындық, жайылымдық жерлер бар. Алтыншы, мал шаруашылығын дамытуға қолайлы жер. Жетінші, құс, омарта, балық шаруашылығын өркендетуге болады. Егер кем дегенде 3-4 баласы бар 15 отбасы көшіп келіп, оның ішінде мұғалім мамандығының иелері болса, тұрақты жұмыс істейтін азаматтар көбейер еді.   Кенжеғали Қонақбаев, Өрнек ауылының тұрғыны: – Оңтүстіктен солтүстікке келіп жатқан көштің өңір үшін де, жергілікті тұрғындар үшін де пайдасы көп. Біріншіден, бізде жұмыссыздық мәселесі қордаланған. Екіншіден, Солтүстік Қазақстан облысының кейбір елді мекендері орыстанып кетті. Егер бұл бағдарламаны дұрыс тетік бойынша қолға алсақ, өңірдің қазақылануына да септігі тиетін еді. «Көші-қон плацдармы» дегеніміз – көшіп келушілерді жұмыспен қамту. Ол үшін кейбір кәсіпкерлер сол ауылға инвестиция құйып, мал, егін, құс, омарташылық, балық шаруашылығын дамытып, қосымша үйлер салып, жұмыс күшін шақырса, бұдан асқан қолдау болмас еді. Солтүстіктегі демография ахуалын жақсарту және мемлекеттік тілді дамыту мәселелерін шешу – солтүстік аймақтың ғана емес, ел болашағының мәселесі, тәуелсіздікті нығайту шарасы екенін түсінуіміз керек. Оны шешу бойынша «әр аймақ қандай көмек көрсете алады?» деген мәселе көтеріп, халықтан ұсыныстар қабылдау қажет. Көші-қонның жандануына солтүстік аудан әкімдігі мен мәслихаты ақша бөліп немесе жергілікті кәсіпкерлермен тіл табыса отырып, бәлкім, «әлеуметтік жауапкершілік» аясында жоғарыда аталған 20-ға жуық баспананы жөндеп берсе, нұр үстіне нұр болар еді.  P.S. «Көші-қон нәтижелі болуы үшін мынадай-мынадай қадамдар жасауымыз керек!» деп, Қарабалық ауданы Жұмыспен қамту орталығының директоры Жанат Оразалықызы Ескендірова мен Оразхан Мұқтарұлы Қалдамановқа осы ұсынысымызды тәптіштеп айтып едік, олар: «Қолдаймыз! Аудан әкіміне айтып көрейік» деп қалды. Енді нәтижесін күтейік.    

Төлен РАМАЗАНҰЛЫ,

Қостанай облысы,

Қарабалық ауданы