Аязды күн, суық үй, қатыгез қоғам

Аязды күн, суық үй, қатыгез қоғам

Аязды күн, суық үй, қатыгез қоғам
ашық дереккөзі
Биылғы қыстың арыны қатты. Соңғы екі аптадан бері еліміздің барлық өңірін саршұнақ аяз қысты. Тіпті, теріскейдің кей өңірінде ауа температурасы -45, -50 градусты көрсетсе, бұрындары «кәрі құда» қыстың бұлай әлек салғанын көрмеген Алматы қаласының тұрғындары біраз әбігерге түсіп, бүрсеңдеп қалды.   Соңғы бір апта ішінде республикада 223 адамды үсік шалса, оның 73-і ауыр халде ауруханаға түскен. Әрине, табиғаттың тосын мінезіне қарсы тұрарлық қауқар жоқ. Дегенмен биылғы қыстың ел тұрғындарына әкелген «тосынсыйы» көп екен. Еліміздің солтүстік, шығыс өңірі халқы қыстың қаһарлы аязына бойы үйренген шығар. «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, отын-суын да ерте қамдауға дағдыланған. Алайда Алматы қаласының іргесіндегі елді мекендердің кейбір тұрғындары суық күнде үйін жылытатын көмір таба алмай, сенделіп жүр. Көмір тапшылығы мәселесі күз айларында білінген. Әсіресе, көмір кен орны шоғырланған Қарағанды облысының өзінде де қатты отынның бағасы 40 пайызға қымбаттағаны айтылды. Ең бастысы, еліміздің өңірлерінде сапалы деп танылған «Шұбаркөл» көмірі тапшы. Ал отынның бұл түрін ажырата білетіндер саудадағы «Қаражыра» көмірінің жылуы жоқ екенін айтады. Алматының шетінде орналасқан саяжай бірлестігіндегі 200 үйде газ қысымы төмендеп, тіпті, кейбірінде сөніп қалған. Көгілдір отыннан тарыққан тұрғындарға жылуға жауапты компаниялар «аяз сынбайынша, газ қысымының да көтерілмейтінін» ашық айтты. Халықтың әлеуметтік жағдайы бірдей емес. Бірі көмірді алдын ала тонналап сатып алса, енді бірі қаппен тасып үйренген. Қаланың сыртындағы жол бойында көмір сатуды да кәсіптің көзіне айналдырғандар аз емес. Осыдан екі апта бұрын бір қап көмірдің бағасы – 500 теңге болса, аязды күндері 700 теңгеге көтеріліп кетті. Тіпті, қазір көмірді қаппен сататын нүктелердің өзі «базада көмір жоқ» деп қол қусырып отыр. Екі бөлмелі құжыраны жалдап тұратын Арнұр Дүйсенбі күзде екі тонна көмір түсіргенін айтады. Оны айналасы екі айда жағып тастаған. Таңнан кешке дейін көмір іздеген ол жыларман күйде. «Қақаған аязда түнімен от жағып шығуға мәжбүр болдық. Екі балам да кішкентай. Қас қылғанда, аңырап аяз келгенде көмір де бітуге шақ қалды. Әншейінде қап-қап көмір сататын алыпсатарлар да «көмір жоқ» деп қасқайып тұр. Алматы облысы, Шамалған стансасындағы көмір базасына барсам, онда да көмір жоқ. Мен сияқты көмір іздеп, шарқ ұрып жүргендер көп екен. Енді не істеймін?! Өзімізде өндірілетін көмірге өзіміз зәруміз. Мұны қалай түсінуге болады? Күзде әр тоннасын 15 мыңға сатып алдым. Қазір 19-20 мыңға шығып кетіпті», – дейді ашынып. Алайда күзде «Шұбаркөл» көмірі базада 11 мың теңге ғана болған. Қазір бағаны қалай құбылтамын десең өз еркің. Алыпсатар мен делдалдың қолына түскен тауардың нарқы аспандап кетеді. Қолдан жасалған бағаға еті үйренген аңқау жұрт не істемек?! Десек те, көмірдің отаны саналған Қарағандыдағы кен орындары былтыр 23 млн тонна көмір өндірген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 12 пайызға артық. Ал Қазақстанда жылына 100 млн тоннадан астам көмір өндіріледі екен. Сонда бұл көмір ішкі нарықты қамтамасыз етуге жетпеді ме? Бағаны ауыздықтайтын мемлекеттік органдар қайда қарап отыр? Кейбір мәліметтерге сенсек, Шұбаркөлдің сапалы көмірі көрші Ресейге сатылып жатқанға ұқсайды. Жақында бұл мәліметті растаған ҚР Экономика министрі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов: «Нарық болған соң, «Шұбаркөл» көмірін Ресейге одан да қымбат бағамен сата аламыз. Сондықтан қордағы көмірдің біраз бөлігін Ресейге сатып жатырмыз», – деді жайдары жүзбен. Қазақстанның әр аймағына көмір сатумен айналысатын компания өкілінің айтуынша, отынды жеткізушілер «Шұбаркөл Көмір» АҚ-мен тікелей жұмыс істей алмағандықтан да үлкен мәселе туындап отыр. «Шұбаркөл Көмірдің» арнайы 3-4 дилері бар. Басқаларға аталған компаниямен тікелей жұмыс істеуге тыйым салынған. Олар бәрін аймақ бойынша бөліп алған. Ал біз тек дилерлерден алып, сата аламыз. Бізде таңдау жоқ, осылай жұмыс істеуге мәжбүрміз», – деп түсіндірді базадағы көмірді жеткізуші өкілдік. Бұдан бөлек, компания еліміздің кей аймақтарына, мәселен Ақтөбе облысына «Қазақстан темір жолы» АҚ-да вагонның жетіспеушілігінен көмірді жеткізе алмай отырған көрінеді. «Өкініштісі, осы салада бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан компаниялар жұмысты бір ай бұрын жоспарлап қояды. Яғни, көмірді қашан және кімге сататынын, жеткізуін алдын ала ойластырады. Сондықтан қазір кей тасымал компаниялары бізге ресейлік вагондармен жұмыс істеуді ұсынып отыр. Олардан 20 вагон алуға келісеміз, көмірдің бір бөлігін Ақтөбеге, екінші бөлігін Шиеліге, тағы бірнеше бөлігін Алматы облысына жібереміз», – деп түсіндірді компания өкілі. Алайда Алматы облысындағы көмір тапшылығы не себепті туындағаны түсініксіз күйде қалуда. Көмір базаларының қожайындары отынның жоқтығын «Қазақстан темір жолы» қызметкерлерінен көрсе, ал тасымалдаушылар, керісінше жүк вагондарының жетіспеушілігін жоққа шығарып, кінәні көмір сатушылардың өздеріне аударды. Ал қытымыр қыста отын іздеп қиналған жұрт екі ортада көмір таппай, теміржолдың бойында түнеуге мәжбүр. «Нұрсат» ЖК директоры Нұрлан Қожахметов: «Аптасына 2-3 вагон келеді. Әрине, халыққа жетпей жатыр. Таңертең екі вагон көмір келді, түсіріп үлгерген жоқ, екі сағатта жоқ болды. Келіп жатқан машиналарға 2-3 тоннадан бөліп жатырмыз. Себебі мұнда 1-2 күн бұрын келіп, күткен жұрт бар. Сондықтан алыстан келгендер бос қайтпасын деп шектеу жасап жатырмыз» деді. Ал база қожайындары көмір сұрап, кен орындарына хабарласқан. Айтуларынша, онда тапшылық жоқ. Сөйтсе, бар мәселе тасымалдаушыларда екен. Жүк вагондары жетіспейді деп сылтауратқандар Алматы облысына аптасына 2-3 вагон сүйреген бір пойыз ғана жіберетін көрінеді. «Вагон жетіспейді деп жатыр. Енді ақпанға дейін көмірге деген халықтың сұранысы көп болады. Үкімет тарапынан шешпесе білмеймін. Қазір бәрі жекеменшікке ауысып кеткен. Біз ақшасын аударамыз, олар өздері «Қазақстан темір жолымен» келісіп береді», – деп топшылады пікірін Нұрлан Қожахметов. Десе де, «Қазақстан темір жолы» жүк вагондарының жетіспеушілігін жоққа шығарды. Айтуларынша, отынды сұраған мөлшерінде жеткізген. Ал аяқасты пайда болған тапшылық алаяқтардың әрекеті болуы мүмкін екен. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» жылжымалы құрам департаментінің бастығы Данияр Қойшыбаев: «Вагон жетіспей жатыр деген бос сөз. Тәулігіне келіп жатқан көмір тасымалына өтініштерді толық орындаймыз. Мәселен, Алматы облысына қаңтар айында 95 мың тонна көмір жеткізілді. «Шұбаркөл» көмірінен – 43 мың тонна, «Қаражырадан» – 35 мың тонна. Көмір тапшылығын сатушылардың өздері жасауы мүмкін», – деді түйткілдің кілтипанын басқа арнаға бұрған ол.

Аяздан ақша жасағандар...

«Біреу тоңып, біреу тойып секіреді» деген бар. Осы мәтел соңғы күндері жиі ойға оралды. Қайбір жылы Оңтүстік Қазақстан облысынан Алматыға бағыт алған автобус «Шақпақ» асуында боранға қарсы жүре алмағанда, жолаушылар ішерге су, жеуге тамақ таппай әбіржіген-ді. Сол кезде жергілікті ауыл тұрғындары бір бөлке нанды 500 теңгеге сатқанын естіп, жағамызды ұстаған едік. «Құдай-ай, бораннан да ақша табатындар бар екен ғой» деп еріксіз бас шайқағанымыз есте. Әлгі жерде «қонақжай», «көпшіл» дейтін атқа лайық халық ағайынның басына ауыр жағдай түскенде, неге бұл қасиетінен жұрдай болып қалды екен?» деген заңды сұрақ та туындайды екен. Халықтың есінде біраз уақыт сақталатын бұл қыста да осындай кереғар жайттарға куә болдық. Астана қаласында аяздан ақша жасағандар көшеде жүрмей қалған көлікті 20 мың теңгеге оталдырған. Ал көлікті жылыту орнына айналған бұрынғы көлік жуу нүктелері жекеменшік көлікті қыздырғаны үшін 2 мың теңге қағып алған. Сондай-ақ, ұрымтал тұстан пайда көргісі келген таксистер де бағаны екі есе шарықтатып жіберген көрінеді. Ол ол ма, Өскеменде көмір орнына әлдебір тас сияқты заттар салып, жұртты алдағандардың сазайын кім тартқызады? Сонда көмек беруге деген құштарлық, адамға деген жылылық қайда қалды? Ақшаны ар, ұят, адамгершіліктен жоғары қоятынымыз қалай? Жақсылық пен жамандық егіз ұғым. Өмір болған соң, екеуінің де қатар жүруі заңдылық. «Күн суыса да, көңіл суымасын» демекші, адам баласы бір-біріне жақсылық жасаудан тартынбаса екен. Себебі қиналған жанға қол ұшын созғандар – бақытты! Қиыншылыққа төзіп, сабырмен күн кешіп жатқандар да жоқ емес. «Көшеде, қоғамдық көлікте, кез келген ортада жаны жабырқаған жанды көрсең, қолыңнан келгенше жұбатуға тырыс. Бір үзім нанға мұқтаж жанға қолыңда бар азықты ұсын. Мейірімге мұқтаж жандарды жылы сөздеріңмен баурап ал, киерге киімі жоқ жандарға өзіңнің артық киімдеріңді бер. Айналаңа қал-қадеріңше жақсылық жасауға тырыс. Өзгеге жақсылық ойлаған сайын жақсылық саған ойламаған жерден келеді» деген ата-анамыздың тәрбиесін қалайша ұмытпақпыз?! Астанада аяз күндері аялдамада қоғамдық көлікті ұзақ күтіп тұрғандарды діттеген жеріне тегін жеткізген көлік иелеріне алғыстан басқа айтар ештеңе жоқ. «Әзірет Сұлтан», «Нұр Астана» мешітінің қызметкерлері де көшедегі жұртты үйлеріне немесе жұмыс орындарына тегін тасыған. Сол сияқты мұндай қайырымды жандар Семей қаласынан да төбе көрсетті. Қалай десек те, жақсылық жасауға ұмтылатын жандардың бары көңілге демеу, жанға шуақ. Қыс та өтер. «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек: әуелі – надандық, екінші – еріншектік, үшінші – зұлымдық», – дейді хакім Абай. Бұл қоғам жаны жақсылыққа толы, көзі мейірімге толы адамға зәру. Бірақ олар арамызда көптеп жүрсе де, біреудің басына түскен қиындықтан ақша жасауға тырысатындардың жанында санаулы ғана. Сол ғой адамның нағыз қазақтың жанын қинайтыны. Қоғам неге қатыгезденіп барады?!