Жаңалықтар

Қала ауасын қалай тазартамыз?

ашық дереккөзі

Қала ауасын қалай тазартамыз?

Әлемнің алып шаһарларында ауаның ластануынан жылына 7 миллион адам ажал құшады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бұл. Ұйымның 2014 жылы жасаған зерттеу қорытындысында ауасы ластанған қалалар саны 1600 еді. Арада 3 жыл өткенде, 2017 жылы бұл көрсеткіш екі есеге артты. Бүгінде әлемнің 103 еліндегі 3 мыңнан астам қаланың тұрғындары лас ауамен тыныс алуда. Олардың арасында қазақстандықтар да бар. Жуырда Қазақстанның мемлекеттік метеоқызметі еліміздің 46 елді мекенінде мониторинг жүргізіп, ауаның ластану деңгейін анықтады. Зерттеу қорытындысы бойынша Алматы, Астана, Ақтөбе, Балқаш, Жезқазған, Теміртау, Қарағанды, Шымкент шаһарлары ауа ластануының жоғары деңгейдегі қалалар қатарына жатқызылды. Еліміздегі тұрғыны көп, көлік қозғалысы тығыз, өндіріс ошақтарының саны мол бұл қалаларда ауаға шығарылатын зиянды қалдықтар мөлшері жылдан-жылға көбейіп, таза ауамен тыныстау мұңға айналып барады. Соңғы уақытта мамандарды, әсіресе Теміртау қаласының экологиялық жағдайы қатты алаңдатып отыр. Жуырда жергілікті тұрғындар қалада түнде жауған қар таң ата қап-қара түске боялатынын айтып, дабыл қаққан еді. Апта басында теміртаулықтардың үрейін ұшырған экологиялық төтенше оқиғаның себеп-салдарын анықтау мақсатында құрылған жұмыс тобының кеңейтілген мәжілісі өтті. Облыс әкімі Ерлан Қошанов пен Энергетика вице-министрі Ғани Сәдібеков қатысқан жиында тәуелсіз экологтар, зертхана сарапшылары мен метеорологтар, қоғамдық бірлестіктер мен аймақтағы кәсіпорындардың өкілдері бас қосты. Теміртаудағы күйелеш қарға зертханалық зерттеу жүргізген «Экоэксперт» ЖШС-нің директоры Владимир Матониннің айтуынша, зерттеу нәтижесінде қардың құрамынан өте көп мөлшерде қара күйе және көмірсутегі табылған. Сынамаларда темір құрамының шамадан тыс көп болуы, сонымен қатар, титан, барий, ванадий секілді химиялық элементтердің болуы қатердің металлургиялық комбинаттан келгенін анық ұқтырғандай. Облыстық экология департаментінің дерегінше, өткен жылы Теміртау қаласында атмосфераға жайылған зиянды заттардың мөлшері 290 мың тоннаға жеткен. Мамандар ауаны ластаушы кәсіпорындардың үлесін де жіктеп-жіліктеп берді: «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның еншісінде – 77 пайыз, «Bassel Group LLS» ЖШС-нің үлесіне 6,8 пайыз тисе, ауадағы зиянды заттардың 3,9 пайызы – «Карцемент» зауытынікі. Автокөліктердің түтіні ауаға 8,7 пайыз зиян келтірсе, пешпен жылитын жер үйлердің үлесі небары 1 пайыз екен. Жиында қала экологиясын оңалтуға бағытталған іс-шараларды қолға алу мәселесі талқыланды. Өңір басшысы тиісті мекемелерге табиғатты қорғау шараларының жоспарын әзірлеуді тапсырды. Мәселен, тұрғылықты аумақта атмосферадағы ауаның тазалығын қадағалап отыратын бекеттердің санын арттыру қажет. Сонымен қатар, Теміртау қаласы әкіміне қоршаған ортаның жағдайы бойынша қоғамдық мониторинг ұйымдастыру міндеті жүктелді. Ал қаланың ластануына басты себепкер – «АрселлорМиттал Теміртау» компаниясы экологиялық бақылау қызметтері және қоғамдық ынталы топ мүшелері үшін ауаны ластау көздеріне орнатылған құрылғылардың көрсеткіштері бойынша ақпараттың қолжетімді болуын қамтамасыз етуге міндеттелді. Бұған қоса, қалада онкологиялық аурухана ашу мәселесінің өзектілігі артып тұр. Өйткені Теміртауда қатерлі ісік дертіне шалдыққандар саны көбейген. Тұрғындар дәрігерге қаралу үшін облыс орталығына баруға мәжбүр. Ауаның ластануынан ушыққан дертті дер кезінде ауыздықтамаса, науқастардың жағдайы қиындай бермек. Соңғы уақытта Ақтөбе қаласының экологиялық ахуалы да төмендеп кеткен. Оған облыс орталығының солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан ірі өнеркәсіп орындарынан шығарылатын өндірістік қалдықтар мен зиянды заттардың көбеюі себеп. Экологтардың айтуынша, атмосфералық ауаның басты ластаушылары қатарында аталған өнеркәсіп аумағындағы «Интергаз Орталық Азия», «Ақтөбе хром қосындылары зауыты» АҚ мен «Казхром трансұлттық компаниясы» АҚ-на қарасты Ақтөбе ферроқорытпа зауыты филиалы және «Ақтөбе жылу электр орталығы» АҚ, сондай-ақ, қаладағы бірқатар коммуналдық кәсіпорындар тұр. Алдағы жылдары мұндағы өнім өндіру көлемін одан әрі ұлғайту жөнінде іс-шаралар кешені белгіленіп қойылған. Бұл қоршаған ортаның одан әрі бүлінуіне әкеліп соғуы мүмкін деп алаңдайды экологтар. Мұндай қауіптің алдын алудың бірден-бір жолы – өндірістік кәсіпорындарда ауа мен қоршаған ортаның ластану мөлшері азаюына септігін тигізе алатын тазалау құрылғыларын орнату. Өкінішке қарай, бұған дейінгі жүргізілген экологиялық тексерулер барысы өңірде оның деңгейі әлі де төмен екенін көрсетеді. 45 шаруашылық субъектісінің 34-інде тиісті тазарту құрылғылары болмай шыққаны осының басты дәлелі. 11 кәсіпорында мұндай тетік орнатылғанымен тиісті нормативтік талапқа сай қолданылмаған. Сондықтан да Энергетика министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша экология департаменті тарапынан оны реттеу жөнінде нұсқаулар берілген. Сонымен бірге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 331-бабына сәйкес, әртүрлі мөлшерде әкімшілік айыппұлдар салынған. Дей тұрғанмен, мұның өзі тығырықтан шығудың басты жолы дей алмасақ керек-ті. Өйткені ауаны ластап жүрген бірқатар ірі кәсіпорындар үшін тазарту тетігін орнатқаннан гөрі болмашы мөлшердегі айыппұлды төлеп құтылу әлдеқайда тиімді екенін сарапшылар тобы жоққа шығармайды. Демек, мәселені шешудің өзге тәсілдерін қарастыру қажеттігі туып тұр. Бәлкім, айыппұл көлемін өсіретін уақыт жеткен шығар. Қайткенде де ауасы ластанған қалалардың экологиясын сауықтыру мәселесі күн тәртібінен түспеуі тиіс. Әйтпесе, көршісінен қалталап таза ауа сатып алған қытайлықтардың кебін кимесімізге кім кепіл?