Дәрігердің қателігі қылмыстық жауапкершілікке әкеледі

Дәрігердің қателігі қылмыстық жауапкершілікке әкеледі

Дәрігердің қателігі қылмыстық жауапкершілікке әкеледі
ашық дереккөзі
Қателік жіберген дәрігерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлік қателік жіберген медициналық қызметкерлерді қылмыстық жауапкершілікке тартпауды ұсынды. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісі Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа сілтеме жасай отырып хабарлайды. Елжан Біртановтың айтуынша, қазіргі қолданыстағы заңнамада дәрігерлік қателікке жол берген мамандардың қылмыстық жауапкершілігі қарастырылған. “Біздің министрлік осы жайттарды қайта қарау керек деп есептейді. Дәрігерлік қауымдастықтармен тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр”, — деді Біртанов журналистерге. Министрдің пайымынша, мұндай норма денсаулық сақтау саласын медициналық кадрлармен қамтамасыз етуге теріс ықпал етіп отыр. Салдарынан қауіп-қатері жоғары акушер-гинекология, реанимация секілді салаларда мамандар тапшылығы бар. “Біз денсаулыққа қасақана зиян келтірілмеген жағдайды назарға алуымыз керек. Дәрігерлік қателік үшін жазалауға болмайды, бұл біздің қатаң ұстанымымыз. Өйткені дәрігерлердің қателік жіберуге құқысы бар. Жүз пайыз науқастың диагнозды, емдеу жолын білу мүмкін емес”, — дейді Біртанов. Оның айтуынша, денсаулық сақтау жүйесі дамыған көптеген елде қателескен дәрігерлер жазаланбайды, есесіне қажетті шаралар қолға алынады. “Қателіктер қарастырылады, персоналды оқытуға бағытталған тиісті шаралар қолға алынады, бірақ дәрігерлер жазаланбайды. Егер біз дәрігерлік қателік үшін жазалай берсек, онда дәрігерсіз қалатынымыз анық. Өзім бұрынғы дәрігер-реаниматолог ретінде айтарым, адамдардың қателеспеуі мүмкін емес”, — дейді министр. “Мына жағдайларды нақты ажырата білу керек: дәрігердің медициналық көмекті дұрыс көрсетуге мүмкіндігі болды, бірақ ол салдыр-салақтық немесе немқұрайдылық танытып, саналы түрде өз мүмкіндіктерін пайдаланбады, екінші жағдайда дәрігер көмектесуге бар күшін салғанымен,  қателік жіберіп алды”, — деп түйді сөзін Біртанов.